Жүрек жылуы
14.05.2021
2744
2

(үзік сыр)

Өткен жүзжылдықтың жетпісінші жылдарының басында, Политехникалық институттың студенті болып жүрген мені Шота Уәлиханов көкем Қазақстан Жазушылар одағына ертіп барып, Олжас досына   таныстырды:

– Міне, Олжас, бұл менің інішегім. Ол  болашақ инженер-металлург, бірақ жыр жазады.

Ал маған айтқаны:

– Бұл – Олжас. Біздің әдебиеттің  Титаны (Алыбы!)

– Титан деген су қайнатқыш құрал болады, – деп, өзіне ғана тән қалжыңмен әңгімені әдіптеп, бір күліп алды да, Олжекең сөзін ары қарай жалғады:

– Ал бұл жігіттің өлеңдерін мен білемін. Өзіме ұнады. Ақын Валерий Антонов айтып еді алғашында… Жақында ғана болып өткен жас ақындардың  жиынында да бұл бауырымыздың өлеңдері жайлы жақсы пікірлер  айтылды.

 

Осылай Шота, Олжас ағаларымның тап-таза тілектері менің тағдырымда түбегейлі  өзгерістер жасады… әрине, поэзияның пайдасына қарай!

 

***

Құдай қосқан қосағымның атасы, танымал жазушы һәм аудармашы Ғалым Хакімұлы Ахмедов алдыңғы ғасырдың елуінші жылдарының соңында Қазақстанның бір баспасын басқарып тұрған екен. Ол жерде бір  кездері Олжекеңнің анасы аяулы Фатима апамыз да еңбек   еткен-ді. Тоқсан алты жыл жасап, осы ғасырдың  басында ғана бақиға аттанған  атамыздың айтуынша, ол кісі бір күні Олжас ағаның анасының жылап тұрған  сәтінің үстінен түседі. Неге жылағанының  себебін сұрағанда, кейуана ҚазМУ-дың география факультетін бітірген үлкен ұлының оқуын тастап, өлең жазумен ғана айналысып жүргенін айтып, наласын жеткізіпті. Олжекеңнің өгей әкесі Әбдуәлі Қарағұлов пен Ғалым Ахмедов жақын дос әрі жерлес болатын (Екеуі де Ақтөбе өңірінен еді!). Оған дереу телефон соққан Ғалым ата Мәскеудегі Әдебиет институтына  қазақ студент жастарынан аудармашылар тобы жасақталып жатқандығын айтып, сол тізімге қазақ әдебиетінің келешек классигін де қосуды ұсынады. Ғалым  Ахмедов оның өлеңдерімен де, кейбір фельетондарымен де таныс-тұғын және жас ақынның таланты топтағылардың түгелінен биіктігін білетін. Бұл топқа бейресми «КОКП-нің ХХ съезінің балалары» атанған буынның өкілдері Болат Жансүгіров, Мереке Майлин, Иван Голубевтер кірген еді.

P.S. Олжекең Ғалым  атаға үнемі көмектесіп тұрды. Шипажайға жолдамасын, я, Мәскеу мен Орынбордың  мұрағаттарынан алғашқы қазақ интеллигенциясы  жайлы материалдар жинап жүрген қарияның жолкіресін өзі көтеріп алатын. Фатима апа болса, Олжекеңнің қарамағында істеп жүрген маған жиі телефон шалып: «Бақытжан, айналайын, Олжасты тапшы… Маған хабарлассын», –  деуші еді-ау. Олжекеңнің жүргізушісі Бекен екеуіміз ұялы телефон, айпад жоқ сол кездің өзінде ағамызды тауып алып,  апаның аманатын жеткізер едік. Олжекең телефон табатын да, үлкен бір перзенттік мейіріммен:

– Алло, апа-ау, мен ғой, – дейтін.

***

Павел Васильевтің 75 жылдық мерейтойына 1985 жылдың желтоқсан айында Олжас ағаның өзінің жеке қаражатынан екі жүз сом ақша бөлгенін  көпшілік біле қоймас. Осы ізгі іс, адами амалдың басы-қасында болған жан  ретінде айтып отырған бұл бір үзік сыр еді. Мен сол күндері іссапармен Мәскеуге ұшып бара жатқанмын. Ұстазыма кіріп, ол жақта Павел Васильевтің мерейтойы аталып өтуі мүмкін екендігін айттым. Олжекең жағдайды бірден түсініп, бұл шараға арнайы комиссияның құрылуы неғайбыл екендігін еске салды (әлі де заман басқа болатын!). Ақшаны шығарып, конвертке салды да, маған:

– Мұны ақынның жесірі Елена Вялова-Васильеваға бергенің дұрыс болар. Мен оның тірі екенін білемін. Мәскеудегі достарың арқылы ол кісіні іздестіріп, тауып ал. Бұл аманаттың қазақ ақындарының Павел Васильевтің мерейтойына қосқан шапаны екендігін де атап өт, – деді.

Мәскеуге келген соң достарыма қолқа салып («Совет жазушысы» баспасының бас редакторының орынбасары Михаил Числов пен ақын Валентин Сорокин), Елена Александровнаның мекен жайы мен телефон нөмірін анықтап алдым. «Третьяков» галереясының төңірегіндегі Лаврушкин қиылысындағы танымал үй еді бұл (осы үйді  Олжекең де «Аз и Я» кітабында бірнеше қайтара атап өтеді. Өйткені атақты жазушының ұлы, өзі де мықты  лингвист-ғалым Вячеслав Всеволодович Иванов та осы үйде тұрғандықтан, ол мұнда жиі келетін). Елена Александровнаның үйінде болып, өз қолынан шәй ішкен сапарым жайлы бұрын да баспасөз бетінде айтқан едім. Ақынның мерейтойына  арнаған «шапанды» салтанатты түрде табыстап, бұл ақын Олжас Сүлейменовтың аманаты екендігін баса айттым. Лагерьлердің тозағынан, «Итжеккеннің» айдауынан, Төрт әріптің тергеулерінен өткен Елена Александровнаның  әжім басқан жүзіне мөлтілдеп көз жасының тамшылары құлап жатты. Осы кездесу кезінде Павлодарлық бір бойжеткен журналист те болған-ды (есімі есте қалмапты). Қазір көзі тірі орыс ақыны Валентин Сорокин осы айтқандарымды ұмытпаған болса керек. Өйткені мен оған телефон шалып, ақынның жесіріне келуіміздің себебін айтқанымда:

– Рақмет, бауырлар! – деген-ді… Телефонның ар жағынан ақынның тынысы алғыс сезімін жеткізіп жатты…

 

***

Құрметті, Ұстаз! Олжас аға!

Мерейтойыңыз құтты  болсын! Ең ізгі тілектерімді, жүрегімнің шуағына суарған інілік ілтипатымды қабыл алыңыз… Жаратқан ұзақ ғұмыр нәсіп етсін өзіңіздей ғасырда бір туатын  қазақтың ғажап ұлына!

Ұққаным, сіздің есім-сойыңыз бен жүрек жылуы егіз ұғымдар екен…

Бақытжан ҚАНАПИЯНОВ,

ақын, прозаик, аудармашы,

Қазақстан Жазушылар одағының

Басқарма хатшысы,

Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері

ПІКІРЛЕР2
Аноним 17.05.2021 | 17:31

Жақсы мақала.

Аноним 02.06.2021 | 10:33

Олжасқа табын, адамзат!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір