Жақыпжан НҰРҒОЖАЕВ. ДАРХАН ЖҮРЕК
11.02.2022
3800
0

(Әңгіме)

Қоңыр күздің жанға жайлы, жаймашуақ болғанын әйгілеп қараша айының тағы бір таңы атты. Аспан бүгін шайдай ашық, көкте бір шөкім бұлт жоқ, күн де жылымық шуағын молынан төгіп-ақ тұр.

Вокзал басы – ығы-жығы халық. «Алматы – Москва» жүрдек пойызы ышқына айқайлап қойып, тұрған орнында дүрс етіп бір сілкінді де, теңселе қозғалып, баяу ғана бастаған жүрісін біртіндеп үдете жөнелді. Перрондағы жұрт пойызбен бірге жапырыла қозғалды. Шығарып салушылардың кейбіреулері вагондардың терезелерінен көз алмай, қатарласа жүре, жолаушылармен қол бұлғасып қоштасып жатса, кейбіреулері шығаберіске қарай гуілдесіп кетіп барады. Топ-тобымен де, жалғыз-жарым жүргендер де бар.

Мұқағали вагон терезесінің ар жағынан бұған күлімсірей қарап, басын қайта-қайта изеп қойып, қол бұлғап отырған Жұлдызға «жол болсын» дегенді ымдап көрсетті. Ол да әлденені айтып, бас бармағын көрсетіп қойды. «Тәңірім жарылқасын сені, балам», – деп күбірледі бұл жылдамдыққа барынша басып, алыстай түскен пойызды көзімен ұзатып тұрып.

Кері бұрыла бергені сол, анадай жерде өзіне бір кісінің қарап тұрғанын көзі шалып қалды. Анықтап зер салып, оның Кемел ағасы екенін таныды да, соған қарай қадам басып еді, ол да қарсы жүрді.

– Мұқаш, сен екенсің ғой. Алғашында шырамытсам да, екіұдай болып тұрғам. Әй, бәсе, Алпамыстай алып тұлғаңды өзіңнен басқа кімге ұқсата алушы едім? – деп күле амандасты Кемел.

– Өй, аға, көріспегелі көп болды ғой. Оның үстіне, осылайша вокзалда жолығысып қалатынымызды кім ойлаған? Мен баламды Гурьевке шығарып салуға келген едім. Ол ­­­­­сондағы прокуратурада стажировкада жүр, – деді Мұқағали қуанышты үнмен.

– Ә, солай ма? Мен де мерекелік демалыс күндерге келген бесінші курста оқитын ұлымды білім сапарына шығарып салған едім, – деп байыптап жауап берді Кемел. Сосын бұған қарап: – Мұқаш, Кәкімжан Қазыбаевты танисың ба? Ол КазТАГ-тың директоры болып тағайындалыпты ғой. Бірге құтты болсын айтып барайық, жолай әңгімелесерміз, – деді.

– Кәкеңді танығанда қандай! «Жетісу» газетінде редактордың орынбасары болып отырғанында талай өлеңімді шығарып берді ғой. Өзі сондай биязы жігіт, бәтшағар, – деп Кемел ағасының ұсынысын қуана қабылдады бұл.

Екеуі көшеде әңгімелесіп келе жатып, шағын саябақтың тұсынан шыға келгенін аңғармай да қалған. Кемел Мұқағалиға мойнын бұра қарап:

– Мұқаш, асығыс болмасаң, анабір оқшау тұрған сәкіге жайғасып, емен-жарқын отырып сөйлесейік, – деп ұсыныс жасады.

– Өй, аға, өзіңіз жолдан қалмасаңыз, менде асығыс шаруа жоқ. Қайта сізбен ұзағырақ дидарласқаныма шексіз ризамын, – деп қуанып кетті бұл.

Сәкіге жайғасарда, Кемел қарашаның адамды алдамшы шуағымен алдап қойып, байқатпай алып ұратын сызды салқыны тиіп қалмасын деп сақтанып, үстіндегі қоңыр плащын қымтана отырды.

– Мұқаш, сенің былтыр шыққан «Аққулар ұйықтағанда» атты кітабыңды оқыдым. Шағын болса да, шымыр, жып-жинақы дүние екен. Антуан де Сент-Экзюперидің «Совершенство достигнуто не тогда, когда нечего добавить, а тогда, когда нечего убрать» деген нақылға бергісіз бір ғажап сөзі бар. Мен тап осы ұстаныммен жұмыс істеуді шеберлікке жетудің шынайы үлгісі санаймын. Сенің шығармашылығың туралы осыны айтуға болады, – деді ол самайындағы бурыл тарта бастаған шашын сипап қойып.

– Ой, рахмет, аға, мына пікіріңіз мерейімді өсіріп отыр, – деп мәз болып, ризалығын білдірді бұл. – Шыны керек, ақын атанғалы жылы сөз естуге зармын.

– О неге? Сен Әбділдә ақсақалдың ақ батасын алған ақын емессің бе? – деп ықыластана сұрады  Кемел.

– Өзім де түсінбей далмын. Жастау кезімде Әбділдә ақсақалдың батасын алғаныммен, осы уақытқа дейін бірнеше жинақ шығарсам да, меңіреу дүниеге тап болғандай, атаусыз қалып жүрмін, – деп мұңая сөйледі Мұқағали. – Әлқиссасын айтсам, алғаш «Аппассионатамды» (ол «Ильич» атты топтамамның бір тармағы-тұғын) «Социалистік Қазақстан» газеті жарқ еткізіп шығарғанда, осымен маған даңғыл жол ашылды деп ойлап едім. Обалы не керек, сол жарияланым менің редакцияға қызметке қабылдануыма түрткі болған-ды. Сол кезде бөлім меңгерушісі Жекен Жұмаханов редакторатқа өз қолымен жазған ұсынысты көрсеткен. Сөйтсе-дағы, жинақтың баспадан басылып шығуын екі жыл бойы күттім ғой. Бірақ, ол елеусіз қалды. Одан кейінгі «Армысыңдар, достар» деген кітабыма да ешкім үн қатпады. Сол тұста маған бейне бір бәрі келісіп алғандай боп көрінді. Ауызды қу шөппен сүрте беруге де болмас, әрине. Әбіш Кекілбаевтың «Қарлығашым, келдің бе?» деген жинағымды талдаған тәп-тәуір мақаласы жарияланғанда бір қуанғаным бар. Ол жаңағы сіз цитата қылып келтірген Сент-Экзюперидің сөзіне ұқсас ойларды айтқан-ды. Бірақ, сыншылар армиясы ол мақаланы көзге де ілген жоқ. Есесіне, «Қазақ әдебиетіне» шыққан топтамама қырғидай тиіп, оның арты газет басшыларын қызметтен аластаумен тынды. Соның салдары ма, ұзақ уақыт бойы Жазушылар Одағына қабылдамай, қор қылды ғой. Не жаздым соншама? Кімнің алдын кесіп өттім?

Осындай күйкі тірліктен шаршағаным сонша, соңғы уақытта өмірім де, өнерім де мағынасыз болып көрініп кетті. Белгісіз бір дүлей күш қол-аяғымды матап, тіптен ойыма да құрсау салып тастағандай, не ойлап, не жазарымды білмей қалдым. Сенесіз бе, кейде апталар, кейде айлар бойы бір жол да ойыма келмейді. Қайбір жылы түнді ұйқысыз өткізіп, таң қылаң бергенде, мына бір күйреуік жыр жолдарын атом бомбасындай жарылғалы тұрған басымнан сығып алғандай болған едім, соны сізге оқып берейін, аға. Неге налып жүргенімді осыдан түсінерсіз.

Шаршадым білем,

Жантая кеткім келеді.

Миыңды жеген, құрысын бүйткен өлеңі!

Күйзеліп тапқан көңілімдегі көрікті ой,

Аузымнан түссе, адыра қала береді.

 

Өлеңі құрсын,

Таппадым одан миятты,

Жазбай-ақ қойдым,

Жазғаным енді ұят-ты.

Менсіз де мына ғаламат жырау-дүние,

Өзінен-өзі жырланып жатқан сияқты.

 

Өткізіп жылдар,

Өткізіп айлар,

Бекер күн,

Болғансып ақын,

Мұрнымды несін көтердім?!

Өлмей-ақ жүр ғой,

Өлең жазбаған адамдар,

Өлеңсіз мен де

Өмірді бірдеңе етермін.

 

Жанды да, жансыз,

Көрінген заттан сыр бағып,

Өлетін болдым,

Өзімнен өзім ұрланып.

Шаршадым білем,

Жатпасам енді болмас-ты,

Жұрт кетіп жатқан

Қара теңізге бір барып…

– Шынында да, түсінген адамға астарында талай сыр жасырулы мына өлеңіңнің салмағы зіл батпан екен, – деп басын шайқады Кемел. – Е-е, бауырым, мен қан майданды кешкен адаммын. Бірақ, майданның ең ауыры да, ең қауіптісі де – мына отырған екеуміз жанкешті жауынгері болып жүрген осы идеологиялық майдан. Қауіпті болатыны – кімнің жақ, кімнің жау екенін анық білмейсің. «Көзге көрінбейтін майдан» деп аталуы да осы себептен болса керек. Маған да тасада тұрып тас ататындар, қалтарыста жатып аяқтан шалатындар жетіп артылады. «Өмір деген – күрес» деп тегін айтылмаған ғой, сірә да. Тек ондайлардың күрес тәсілін қолданғың келмейді. Арың бармайды.

– Мен де ашық майданды, айқайлап келген дұшпанды өзіме қолай көремін, аға. Шіркін-ай десеңші, Калининград түбінде қаза тапқан әкем сияқты жаумен бетпе-бет келіп, көкжем болып армансыз арпалысып, жағаласып, жағасынан алып, ақ өліммен өлгенге не жетсін?!

– Қой, Мұқаш, соғыстың бетін әрі қылсын!

– Жоқ, аға, мен де соғысты қалап отырғаным жоқ. Ондай алапатты көзім көрмесе де, жүрегіммен сезіп, денем сұмдық түршігеді. Мен соғысты өзім үшін емес, өзгелер үшін, барша адамзат үшін, мына көгерген ағаш қурамасын, сарқырап аққан бұлақ суалмасын, жетім-жесірлер жыламасын деп жек көремін.

Кемел ұзақ-сонар әңгіме айтатындай жөткірініп қойды.

– Мұқаш, әдетте, мен соғысты сөз етуге әуес емеспін. Бірақ, туған бауырымдай көретін саған көп айтыла бермейтін бір сырды ашайын. Соғыстың кісі қызығарлықтай ешқандай бір романтикасы жоқ. Бірақ, соғыс майданының ішінде тағы бір майдан астыртын жүріп жатқанына өзім куә болдым. Ұлы Отан соғысының аяқталғанына ширек ғасырдан асса да, ол майдан әлі де жалғасуда. Мен саған ақ-қарасын өзің ажыратып аларлықтай оның бір ғана мысалын айтайын. Өмірдегі прототипі өзім Мұхаммед деген бас кейіпкерім мен оның досы Мейірманов туралы ойда жүрген романымның бір үзігі бұл.

Міне, жау самолеті жер бауырлап, құлдилап келеді. Мұхаммед ішін тартып, демін тоқтатып тұрып, атып қалды. Бұл оның жауға атқан алғашқы оғы еді. Сол  алғашқы оғының дарығанын байқады. Ұшқыш бір сәтке самолетті игере алмай, бұлталаңдап, шайқалып барып, шапшаң көтерілді. Ұшқыш өзін атқан нысананы анық байқаған секілді. Ызалана шүйлігіп, пулеметтен оқты боратып өтті. Мейірманов пен Мұхаммед те қатарласа үсті-үстіне атып жіберді. Ұшқыштың жарқыраған көзілдірігін қан жуып кетті.

Мұхаммед орнынан атып тұрып:

– Жарайсың, бауырым! Самолетті атып түсірдің! Нағыз батырсың! – деп досын құшақтай алды. Жау самолеті жүгері алаңынан асып барып, тоңқалаң асты. Жалын аралас қара түтін бұрқ етіп аспанға көтерілді. Власов жүгері арасынан қуана жүгіріп шықты.

– Жолдастар, мен жау самолетін қираттым. Атып түсірген мына мен! Мен! – деп тұмсығымен жер тірей тоңқалаң асқан самолетке мойындарын созып қарап қалған солдаттарды жағалай құшақтап айқайлап жүр. Бірақ, оның рас, өтірігін тексеріп, шындыққа көз жеткізуге ешкім ұмтылмады. Өйткені сарыжағалылардың өтірігі өрге жүзіп тұрған. Бәрі «сен нағыз геройсың!» деп Власовты жапа-тармағай дәріптеуге көшкен.

Алайда Мұхаммед бұл көпе-көрінеу әділетсіздікке төзбеді. Сол бойда Мейірманов пен Власовтың винтовкаларын тексертті. «Мә, қараңыз! – деп, затворын сарт еткізіп қайырып тастады. – Ствол таза, оқ атылмаған. Ал, мынау сержант Мейірмановтың винтовкасы. Дәрінің ізі де, иісі де бар. Сонда Власов самолетті несімен атып қиратып жүр?»

Өкінішке қарай, бұл оқиғаның арты Мейірманов үшін қайғылы аяқталды. Түсінде оған біреу келіп: «28 — октябрьде өлесің», – деді. Осының шындығына көз жеткізбекші болып, Мейірмановты қауіпсіз жерге оңаша қамап, сыртынан күзетсе де, дәл сол күні ол жұмбақ жағдайда қаза тапты. Неден өлгенін, кім өлтіргенін ешкім білмейді. Себебі, бұл кезде соғыс майданының ішінде тағы бір майдан астыртын жүріп жатқан.

Мұқағали үнсіз қалған Кемелдің жүзіне таңырқай қарады.

– Пәлі, аға, сіз романыңыз арқылы астыртын жүріп жатқан сол майданның сырын ашып отырсыз ба?

– Иә, Мұқаш. Бірақ, романым әлі шикілеу. Оны пісіру үшін белгілі бір уақыт керек. Ол уақыттың әлі тумағанын сеземін.

– Ірі дүниеге келгенде, менде де осындай сезім болады. Шығармашылық лаборатория деген қызық қой. Жасырын болмаса, сіз бір кітабыңызды неше уақыт жазасыз, аға?

– Детектив жанрындағы шығармаларымды жылдап емес, бiр-екi айдың iшiнде ғана жазып бiтiремiн. Бiрақ, ол үшiн шығарманың желiсiн – бастауын, орта кезiн, аяқталу шағын, кейiпкерлердiң мiнез-құлықтары мен iс-әрекеттерiн, кiтаптың тұтас құрылымын біраз уақыт ойымда жетiлдiрiп, пiсiрiп жүремiн де, сосын  барып жазуға  отырамын.

– Көзіңізге мақтағандай боп көрінбесін, аға. Сізді өз басым тыңға түрен салған саңлақ жазушы, детектив жанрының атасы санаймын. Байқауымша, сіздің «Түнде атылған оқ» повесіңізде өзгеше сарын бар. Шытырман оқиғалы шығарманың заңына қайшы келмейтіндей етіп, ширыққан сюжеттен саңылау тауып, мораль тақырыбына көбірек ойыса бастаған тәріздісіз бе, қалай?

– Оның рас, осы повесімде мен ұлы Абайдың «Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі бос» деген ойын алтын қазық етіп алып, оны одан әрі дамытуға тырыстым. Әлбетте, қай шығармам болсын, негізгі мақсатым – дарқан жүрек, таза, адал адамдардың ізгі қоғамға шынайы қызметін қалың оқырманға жеткізу. Болса да, детективті шығарманың шеңбері қылмыстың жасалуы мен әшкерелену шеңберінен аспауы тиіс.

– Аға, ілкіде Антуан де Сент-Экзюперидің сөзі аузыңызға бекер ілінген жоқ-ау. Соңғы кезде соны оқып жүрсіз бе?

– Иә, ұлым Москвадан жазушы Андре Моруаның досы Сент-Экзюпери жайлы жазған кітабын әкеп беріп еді. Соны оқи отырып, Сент-Экзюперидің шығармашылығына қызығушылығым оянғаны. Сөйтіп, оның бұрыннан таныс «Кішкентай ханзадасы» мен «Адамдар планетасына» қайта бас қойдым.

– Аудармаға қалайсыз, аға?

– Қызмет бабымен ресми құжаттарды аударатыным болмаса, көркем аудармамен айналысып көрмеппін.

– Ал, мен Дантенің «Құдіретті комедиясын» аударып едім.

– Иә, айтқандай, Мұқаш, қазір ғана есіме түсіп отыр. Сен тәржімалаған Шекспирдің «Сонеттерін» Тұрар жеңгең «бізге қажет дүние» деп, мәз болып кітап дүкенінен сатып әкелген. Жеңгеңнің айтуынша, тәуір-ақ аударыпсың. Ағылшын тілінің маманы ғой, институтында сабағына пайдаланып жүр. Ал, енді Дантенің «Құдіретті комедиясын» тәржімалау дегенің орасан зор еңбек қой. Менің ондайға жүрегім дауаламас еді.

Кенет Мұқағали салалы саусақтарымен шашын артқа қайырып тастап, өлең оқи жөнелді.

Бабаларым,

Рақмет сендерге!

Балаларым болмасын деп көр кеуде,

Қобызыңмен қосып ән мен тіл бердің,

Өмірге мен мылқау болып енгенде.

 

Бабаларым,

Рақмет сендерге!

Жыраулардың жазбай кеткен жырларын,

Арулардың айтпай кеткен сырларын,

Қорқытыңның қорқынышты мұң-зарын,

Қобызыңның шанағынан тыңдадым.

 

Құлазыған сенің құла түздерің,

He білмеген, не көрмеген ізгі елім.

Жазылмаған тарихымның жолдарын,

Ауызекі аңызыңнан іздедім.

 

Мен білмеймін.

Басыңа әлде орнап бақ,

Шаһар салып, жасадың ба жәннәт-бақ?

Әлдеқалай тасқа түскен таңбаны

Табынамын, тарихымдай ардақтап.

 

Сыр ашпайды сенің құла түздерің,

Сыр ашпайды тау-тастағы іздерің.

Сенің бүкіл болмысыңның тағдырын,

Домбыраңның пернесінен іздедім.

 

Іздедім де, сәттерімде түңілген,

Тастап кеткен аңызыңа жүгінгем.

Жүгінгем де, қайта туғам, тірілгем:

Тарихымды жазудамын бүгін мен,

Бабаларым, сенің Ана тіліңмен!

 

Менің мына қайта туған күнімде,

Сөйле, оркестр, дүрілде бір, дүрілде!

Сөйле, Моцарт, менің Ана тілімде,

Сөйле, Данте, менің Ана тілімде.

 – Енді қараңызшы, аға, біз Шекспир, Данте, Гёте, Пушкин сынды ақындарды, күллі әлем поэзиясының жауһарларын қазақ тілінде сайратып-ақ жатырмыз. Ал, біздің данышпан Абайды ше? Неге оны басқа халықтар өз тілдерінде сөйлете алмай отыр? Қазақтың бас ақынын әлем халқы таныса, таныр, бірақ, шындап келгенде, оны танытып отырған Әуезов емес пе?! Басқасын білмеймін, ұлы ақынның орысша тұщымды бір аудармасы жоқ. Бұл не сонда? Бойкүйездік пе, кертартпалық па, менсінбеушілік пе?! Әлде мен бірнәрсені түсінбеймін бе?

– Мұқаш-ау, менің де көкейімде көп сұрақ жүр. Соны кейде кітаптарымыз арқылы астарлап жеткізіп жүрген жоқпыз ба? Менің детектив жанрын таңдауымның бір сыры да осында ғой. Кейбір астарлап айтар ойыңды соның қалыбына сыйғызып жіберуге қолайлы-ақ. Цензура қанша қырағы болса да, кейде өресі жетпегеннен бе, кейде көзжұмбайлыққа сала ма, соны байқамай қалады. Бір «шикілік» барын сезе қалғанның өзінде, суда жүзген балықтай бұлтың-бұлтың етіп, құйрығыңды ұстата қоймайсың.

Кемел бұның иығына қолын салды.

– Сені жұбатқаным емес, Мұқаш. Қазақта «елу жылда – ел жаңа» деген сөз бар емес пе? Халқымыздың басқалармен терезесі теңелер күні бір туар. Тек сабырыңа сақ бол, бауырым. Ол күнді біз көрмесек, бізден кейінгі ұрпақ көрер. «Орнында бар – оңалар» дегендей, ұл-қыздарымыз бар емес пе?

Мұқағали басын изеп, әлдебір ойға түсіп, төмен қарап отырып қалды.

«Кемекеңе үлкен кісіге жазған хатым жайлы айтсам, қайтеді? Әлгіндегі әңгімесіне қарағанда, Кемекең қызмет бабымен оның қабылдауында болып тұратын тәрізді ғой. «Осындай бір інішек бар еді» десе, болды емес пе?.. Қой, бәтшағар, мұндай өтініш білдіруім ұят емес пе?! Әжептәуір көріп жүрген інісі жайлы жаман ойлап қалар. Бетіме басып айтпаса да, іштей «Мына өр мінезді Мұқағалиға не болған?» демей ме?! Үлкен кісіге хат жазарда араға кісі салмаймын деп өзіме серт беріп едім ғой. Енді келіп… жауап кешіккен сайын… Жарты жыл деген аз уақыт емес. Демек, енді қайыр күтудің мәнісі жоқ. Менікі «сасқан үйрек артымен жүзеді» дегеннің кері ғой, қызталақ!..». 

Басын көтеріп еді, Кемел ағасы келешекке көз тіккендей, алыс көкжиекке қадала қарап отыр екен. Осы сәтте бұл өзінен бар болғаны сегіз жас үлкендігі болса да, майдангер болғасын ба, соғыста қаза тапқан әкесіндей көретін кісімен әңгімеден кейін жаны жадырап, бойы жеңілдеп қалғанын сезінді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір