Сегіз қырлы, бір сырлы адам еді…
04.05.2018
1586
0
Шора Шамғалиұы Сарыбаев – қазақ тіл ғылымының ақсақалы, тәуелсіздік алған кезеңдегі қазақ тіл бі­лімі саласындағы үш корифей академик­терінің бірі еді. Тәуелсіздік кезеңінде қазақ тіл ғылымын жаңа ұлттық бағытта дамуына үлес қосқан ғалым­дар­дың бірінен саналады. Сонау Кеңес үкіметінің тырнағы батып тұрған кездің өзінде Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерін тілтанымдық-библиографиялық көрсеткіштеріне қосқан батыл ғалым. Шора Сарыбаевтың Қазақ тілта­ным­­дық еңбектерінің библиогра­фия­лық көрсеткіштерінің жинағы ғалымдар зерттеулеріне үлкен кө­мекші болған, таптырмайтын құ­рал­дардың бірі. Шора Сарыбаев дегенде, ең алдымен осы библиогра­фиялық көрсеткіш еске оралады. Сондай-ақ, Шора ағайдың қазақ тіл ғылымындағы морфологиялық білімдер жүйесінің қалыптасуына қосқан үлесі зор. Ол кісі одағайлардың тіл табиғаты туралы үлкен еңбек­тер жазды. Сонымен бірге, Шора Са­ры­баевты қазіргі кез келген тілтанушы маман қазақ диалек­тологиясының атасы деп те таниды. Ең алғашқы қазақ диалектоло­гия­сының үлкен аймақтық сөздігінің шығуына мұрындық болған, жалпы редак­ция­сын басқарған. Қазақ тілінің бұ­рын­ғы диалектологиялық сөздіктерінің шығуына, ол сөздіктерге база болатын тілтанымдық материал­дың жинақталуына Шора ағай ерен еңбек сіңірді. Сол кездегі қазақ даласының түк­пір-түкпіріндегі көнекөз қария­лар­дың жадында сақталған диалек­тілік дүниелерді жинауға экспе­дициялар ұйымдастырып, экс­пе­­диция материалдарын жүйелеп, үлкен картотекалық базаның жинақ­талуына Шора ағай тікелей еңбек сіңір­ді. Бүгінгі күні тәуелсіздік алған заманда, қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде қалыптасып, оның ликси­ка­лық қоры­ның бай көздерінің бірі болып диалек­тілер танылған тұста, Шора ағайдың осы ерен еңбегі таптырмайтын базаға айнал­ды. Жаңа терминдер жасауда диалек­тілік сөздердің, көнерген тарихи сөздердің әлеуеті зор екенін бүгінгі күні көріп отырмыз.
Шора ағай көп қырлы адам еді. Ол тек қана тіл ғылымымен айналыс­қан жоқ. Сонымен бірге, Қа­зақ­стандағы монеталардың, тең­гелер­дің тарихи мұраларын сақтауға да өз үлесін қосты. Қазақтың атақты нумизматы болды. Ол кісінің коллекция­сын­да көне дүниелер көп. Шора ағай сонымен бірге әзіл-қалжыңның да коллекционері еді. Өзінен бұрынғы, тілтанудағы, қазақ ғылымындағы ақсақалдардың әдемі қалжыңдарын да жинақтады. Шора ағайдың басқа да қырларын бір ғана сөзбен айтып тауысу мүмкін емес. Ол кісі се­гіз қырлы, бір сырлы адам еді. Сон­дағы сегіз қырының басын қосып тұрған бір сыры – туған тіліне, хал­қына деген сүйіспеншілігі бола­тын.
Жаны жаннатта болсын! 

Анар Фазылжанова,
Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір