Адам баласының аспанмен мұңдасуы Адам атадан басталған
12.05.2021
1681
7

 

Ата-бабаларымыз ықылым заманнан жұлдыздарға зер салып, табиғат құбылыстарына баса мән берген. Күннің сәулесіне қарап уақытты болжаған. Шығыстанушы, түрколог, астролог маман Айсара Айтманмен әңгімелесе отырып, ойландырмай қоймайтын мәліметтерге кез болдық. Заман ағымы мен уақыт тынысының, адам болмысының әр кезеңдегі өзгерістері  астрономиялық  құбылыстарға тікелей қатысты екен…  Сондай-ақ  келешекте қандай  қоғам орнап, нендей үдерістер болуы мүмкін екенін де  сұхбат барысынан біле аласыз.

 

Айсара АЙТМАН, түрколог, астролог


Астрологияның Аллаға қарсылығы жоқ

– Астрология қандай ілім? Оның ғылыми негіз­демесі бар ма? Балгерлік, құмалақшылық, жауырыншылыққа қандай қатысы бар?

Астрология – ең ежелгі ілім. Тіпті Тәурат пен Інжілде «жұлдызшылық» деп ен тағылып кеткен сала да – осы астрология. Астрология – көп пернелі ғылым болғандықтан, оны теріс түсінгендер де баршылық. Бір қуантарлығы, ғасырлар бойы «қуғындалып» келген бұл пән 21-жүзжылдықта кемеліне келіп, өз биігіне шықты. Адамзат мойындай бастады, тұғырына көтерілді. Астрологияның өміршеңдігін бірсы­пыра дереккөздерден байқаймыз. Ғылыми әдебиеттерді қаузап көрейік. Әлемдік күнтізбе­лер­дің көп парағын көзінің майын тауысып зерттеген кеңестік ғалым Мыңбай Ысқақов ғы­лыми ортаға танымал «Халық календары» деп аталатын кітабында: «Астрология ғылы­мы­ның бастауы Ежелгі Грекия, Ежелгі Египет, Ва­вилон, Үндістанда қолданылған», дей келе, «б.з.б. 2800 жылдар шамасында өмір сүрген Вавилон патшасы Саргон пайдаланған «Жору кітабында» сәуегейліктер айтылған. Мұндай «жору кітаптары» ежелгі еврейлер мен үнділерде де болған. Орта ғасырда астрология Еуропаға, араб елдеріне таралған. Ежелгі Египет пен Вавилонда 175 астрологиялық қолжазба кітап сақталып қалған. Ортағасырларда үнді, парсы және араб авторлары 340, еуропалықтар 1850 астрологиялық кітап жазған. Еуропалық астрологтардың атышулылары Генрих Агрип­па (1456-1535), Иоганн Порта (1538-1615), Им­мануил Сведенборг (1688-1772) т.б. болған. Галлес 17 том етіп кітап жазған, бұлардың бірсы­­пырасы астрологияға арналған», деп жал­ғастырыпты сөзін (М.Ысқақов. «Халық кален­дары». «Қазмембас» баспасы. 1963 жыл. 135-бет).

Астрология – жұмбағы мол тіршіліктің тие­гін ағытатын ілім. Өкініштісі, бұл ғылым ту­ралы қоғамда осы уақытқа дейін жаңсақ пікір қалыптасып келді. Діни ұстанымдағылар мұны «ширк» деп азар да безер болса, «көзі ашық» адамдар «псевдоғылым» деп ғылымдар классификаторына жолатпайды. Діни тұрғы­дан келетін болсақ, астрологияның Аллаға қарсы­лығы жоқ! Менің топшылауымша, астроло­гияның түп бастауы – Адам ата мен Хауа анаға тіреледі. Адам атамыз жәннаттан қуылғаннан кейін аспанға қарап, қылығына қатты өкініп, 300 жыл жылаған екен. Адам баласының аспанмен мұңдасып, тілдесуі сол кезден басталса керек. Енді ойлап көріңіз: айнала жым-жырт, өзіңнен басқа тірі жан, тісті бақа жоқ. Қашан таң ататынын, түн бататынын, қашан қыс түсетінін, жаз шығатынын білмейсің. Ауа-райы қашан жылиды, қашан суиды – бәрі жұмбақ. Хауа анадан айрылған жалғыз ілік Адам атамыз бір жерді шырқ айналып жүре бермей, жол табуы да – көп-көрім жұмыс болған. Міне, сол уақытта Түп Атамыз аспан әлеміне сүйенген деп айтар едім. Көктегі жұлдыздарға қарап, жол тапқан, өмір сүруге икемделген.

Кез келген ілімді жақсы-жаман мақсатта пайдалануға болады. «Сен наданға берме ғылым, Ол алар да оқ қылар, Обалына сен қаларсың. Қаруым дер, кісі атып жер, Ол ғылымды айла етер», – деп Шәкәрім атамыз айтпақшы, тіпті математиканы да кеудесі көрсоқыр адам өзінің нәмәрт ниетіне жұмсап, елге ылаң салса, бұдан математика нашар ғылым болып шыға ма?! Әрине олай емес. Математиканы теріс бағытқа қолданған адамның мойнына жазылады. Егер астролог сізге келіп «қай уақытта үйленіп, қай уақытта өлетініңді айтап берем» десе, оған күмәнмен қарау керек. Себебі астрология тағдырды болжамайды! Астрология тек мүмкіншіліктер мен ықтималдықтарды айтады. Әрі астрологияның ең керемет қыры – адамның талантын ашады. Сөзіміз айғақты болу үшін, өзінің Ғарышханасын (обсерватория) салдырған әйгілі астроном, әрі ақын, Шығыстың жеті шайырының бірі – Омар Хаямның «Наурызнама» кітабына жүгінейік. Онда адамның туған күні, айы, жылы – оның мінезіне әсер ететіні жазылған: «Егер Наурыз Тышқан жылы кірсе (2020 жыл – Тышқан жылы болды А.А), бұл жылдың қысы жұмсақ болады, бірақ жазда көп жауады, шаруаға жайлы болғандықтан, мал да, жан да жердің несібесіне кенеледі. Саудагерлердің айдарынан жел еседі. Бағзы жерлерде өлім-жітім көбейеді, жыл аяғында қауіп-қатер басылмайды. Жылдың басында дүниеге келген перзент зерек, ақкөңіл, дәулетті болып өседі», – деп келетін жолдар бар. (Омар Һайам «Наурызнама. Рисала». «Білім» баспасы, 2009 жыл. 149-бет).

«Әр адам баласы – тұнып тұрған мұхит» дер едім (кейбірін санамағанда). Сол мұхиттың бетін бір қозғап жіберсең болды, тауысып іше алмайсың. Астрология сол тұңғиықтан сыр шертеді. Әр адамның туған уақыты, минуты, секунды, геолокациясына қарай астрологиялық картасы жасалады. Сол жерден оның қай салаға қабілетті екенін анықтауға болады. Мәселен, бір адамның математикаға икемі болса да, оның энергиясы әдебиеттен күшеюі мүмкін. Оны адам өзі кейде мойындай бермейді. Осындай (өзін толық тани алмаған) кезде астрология оған пілте болады. Әр адамның астрологиялық картасы – сол туралы шексіз ақпараттың жиынтығы, яғни төлқұжаты дер едім. Бірақ ол төлқұжаттың құпиясын тәжірибелі астролог қана аша алады. Бір анадан туған сүйектес адамдардың да мінезі екі түрлі. Себебі 7 млрд адамның 7 млрд түрлі астрокартасы бар. Бір адам бір адамға ұқсамайды. Тоқетері, адам туралы көп сырдың ұшығы оның картасында жатыр. Осы ретте айтайын: сіз сұраған жауырыншылық, палшылық, көріпкелдік, құмалақшылыққа астрологияның он қайнаса сорпасы қосылмайды.

– Ал сіздің астрологияға қызығушылығыңыз қай кезден басталды? Бұл салаға деген ынта-ықыласыңыздың зор болуына не әсер етті?

– 2000 жылы Маңғыстауда «Үш Қиян» атты республикалық басылым тұрақты шығып тұрды. Өз заманының жүгін арқалай алған салмақты газет еді. Сол газеттің соңғы бетіне жауапты Асхат Төлеш деген арманшыл әріптес ағамыз қызмет етті. Жаны – жұмбақ, өте ынталы фантаст жазушы еді. Өзге ғаламшарлықтар, ғаршы, Күн жүйесі, жұлдыздар туралы фантастикалық романдар жазатын. Қаламынан шыққан шығармаларының қаяу тарт­­қан көңілді де көбелек қанат­тандыратындай сиқыры бар еді. Сол уақытта бас редактор қызметін атқарған майталман журналист Мырза­тай Болат ағамыз (қазір Жетібай кентінде тұрады) – өте сыншыл кісі, еш­кімнің шығармасын газет нөміріне оп-оңай, сол күйінде жібере салмайтын. Жас ақын-жазушылардың тұщы еттеріне ащы қамшысын сілтеп, жазған шимайларын түгел күзеп, қысқартып, қайта жаздыратын. Әйтеуір ол кісінің сынына ұшырамаған адам кем де кем. Бір қызығы, Мырзатай аға Асхат Төлештің шығармаларын мұртын бұзбастан жариялайтын. Ол Асхат ағамызды қазақ әдебиетінің тылсым жанрының болашағы деп білетін. Өкінішке қарай, Асхат Төлеш қыршын кетті: жол апатынан оқыс қайтыс болды да, арты іздеусіз, шығармалары сұраусыз қалды. Жаны жәннәтта болғай! Сол Асхат Төлеш – Маңғыстаудан шыққан батыс астрологиясымен шұғылданатын алғашқы астролог еді. Газеттің соңғы бетіне әр зодиак бойынша күннің, аптаның, айдың, жылдың болжамдарын (ықтималдылықтарды) жасайтын. Сол кезде құлағымда қалыпты: үлкен кісілер де Асхаттың болжамдарына құмар болатын. Оның растығына имандай иланатын. Ұзын сөздің қысқасы, Асхат ағамыздың тылсым тұлғасына қызыққан болуым керек, астрология туралы іздене бастадым. Әуелі орыстардың кітаптарын ақтарып шықтым. Одан кейін интернеттен оқыдым. Астрологияның тек күн мен айдың болжамдарын емес, әр адамның қабілет-қарымын, талант-танымын дәл анықтауға арналған ілім екенін түсіндім. Түсіндім де, жанымдағыларға «шүйліктім». Барлық туыс-тумалас, жақын-жұрағат, көрші-қоңсы, дос-жамағат, әйтеуір көзіме кім түссе, соның астрологиялық ерекшеліктерін жіпке тізіп айтып беретінмін. Ол кезде олар менің сөзіме көп мән бере қоймайтын. Тек миығынан күліп, менің көңілім үшін тыңдап отырады да, біраздан кейін, «рас екен» деп маған сенетін. Осылайша, жылдар бойы аузымды ашсам, астрологияны айтатын «ауаланған» хәлге түстім. Сөйтсем, бұл да менің түбінде осы салаға келетінімнің нышаны екен ғой. Бір қызығы, сол уақыттары тегін айтып берген сипаттамаларыма мән бере қоймаған туыстар қазір мен кәсіби жолға түскен соң, жапа-тармағай ағылып келе бастады.

– Осынау қиын да күрделі саланы меңгеру қиын болмады ма?

– 17 жылым кетті, әлі де үйренерім көп. Бірақ Астрология маған өзімнің кәсіби жолымды анықтап берді. Сондықтан болар, мен құныға-қызыға зерттедім. Сөйтсем, менің қолымнан аудармашы, журналист, астролог, психолог коуч, медитатор, режиссер, сценарист мамандықтары келеді екен. Қазір артыма қарасам, дәл солай болды: ойлаған салаларымды түгелдей игеріппін. Оқыған, қызмет еткен әр жұмысымнан ләззат алдым, әрқайсысынан өз биігіме шықтым деп санаймын. Ал сұрағыңызға оралсақ, бұл ілім – жаттап алатын пән емес. Менің астрология ілімінде әлі де шығар биігім, алар асуым көп. Астрологиядан күнде жаңалық ашам десем болады. Кез келген ілімнің қызығына түсіп кетсең, оның қиындығы сезілмейді.

– Бұл мамандыққа қызығушы жандарға қандай қағидаларды ескерген жөн?

– Өзінің тым кішілігін, әлемнің тым үлкендігін, білімнің тым тереңдігін, адамның тым тылсымдығын сезінуі керек. Бір-екі жыл оқып алып, «мен кереметпін» деп кеуде соғуға әсте болмайды. Әр астрокартаны жасаған сайын, жаңа затты үйренуге дайын болуы керек.

– Астрологияның қандай ғылымдармен байланысы бар? Әрі басты ерекшелігі неде?

– Астрология – астрономия, математика, геометрия, сызу, психология, тарих, астрофизика, космология және ең бастысы – футурология пәндерімен біте-қайнасып жатыр. Осылардың бәрін өн бойына тоғыстырған десем артық болмас. Бірақ олардан айырмашылығы – астрологияның негізгі зерттеу объектісі – адам. Яғни әлемдегі өзгерістердің адамға әсері, адамның таланттарын ашу, қабілеттерін тану, мүмкіндіктерін тап басу – астрологияның негізгі нысаны.

 – Демек, астрологиялық болжамдарға сенуге болады ғой?

– Негізі астрологияда болжам жоқ. Мұнда тек мүмкіншілік пен ықтималдылықты айтады. Мысалы, егер сіздің астрокартаңызда белгілі бір уақытта отбасы жағдайыңызға қауіп төнуі мүмкін десе (әсіресе Меркурий планетасы кері айналғанда (ретроград Меркурий), астрология содан сақтандырады. Қауіп кімнен немесе неден келуі ықтимал?! Ол алаяқтардан ба, туыстардан ба, өзіңнен бе?! Алла Тағаланың «сақтансаң, сақтармын» дегені – астрологияда шын көрініс табады. Ал газет-журнал, теледидардан берілетін күннің болжамдары жалпылама айтылады.

– Астрология арқылы, мысалы, тағы қандай құбылыстарды білуге болады?

– 2020 жыл – адамзат тарихындағы ең машақаты көп дүрбелең жылдардың бірі болды. Қазақша кібісе жыл (високосный) деп аталады. Астрологтар күнілгері ірі ғаламдық өзгерістер болатынын, адамдардың қынадай қырылатынын айтып дабыл қақты. Оны қалай білді? Сол астрологиялық құбылыстар арқылы жорыды. Мәселен, задында бір жылда әрі кетсе 4 рет ай мен күн тұтылады. Ал 2020 жылы бұл құбылыс 6 рет болды. Ата-бабамыз онсыз да тұтылуларды жақсылыққа баламайтынын білеміз. Астрологияда да бір жылда 6 тұтылу болса, жаппай қырылу немесе әлемдік тәртіптің өзгеретіндігін, саналардың сілкінетінін болжайды. Одан бөлек, сол жылы Меркурий планетасы жиі ретроград жүрді (яғни кері қозғалды), планеталар арасында өте ыңғайсыз аспектілер көбейді. Сонымен қатар 20 жылда бір қайталанатын ғаламат құбылыс болды. Алапаты асқардай Аңырқай планетасы (Сатурн) мен ең ірі планетамыз Есекқырған (Юпитер) бір-біріне жақындап, Суқұйғыш шоқжұлдызында кездесті. Бұл екеуі – өте мимырт (жайбасар) планеталар, анда-санда бір түйісіп қалады. Ал бұл қосылыс астрологияда қоғам мен әлемнің 20 жылдық өзгерісінен хабар береді. Мәселен, 2000 жылы екі алып Торпақ шоқжұлдызында кездесіп, адамзаттың «Торпақша» дүниеқорлау, материалистеу, ақшақұмарлау болуына әкелсе, 1980 жылы Егіздер шоқжұлдызына табан тіресіп, жеңілтектеу, желөкпелеу (1980 жылдардағы жыныстық революцияны еске алыңыз), тұрақсыздау қоғамды қалыптастырды. Ал биыл екеуі Суқұйғышта көрісіп, ерекшелеу, еркіндеу, эгоистеу қоғамның алғышарттарын жасап жатыр. Нақтыласақ, Суқұйғыш астрологияда ауа стихиясына жатады. Оған тән ерекшеліктер: салқынқандылық, эгоизм, теңдік, қарым-қатынасқа құмарлық, сұхбат, бизнес, ерекшелік, топтық жобалар, онлайн бизнес, технологиялар, интернет, роботтану, философиялық көзқарас, ғылымның дамуы, жылдамдық, еркіндік тағысын-тағы кете береді. Бұл біздің қоғамымызда қалай көрініс табады? Суқұйғыш шоқжұлдызының ерекшеліктерімен астастыра айтатын болсақ, алдағы 20 жылда қазақ қоғамын не күтіп тұр?

  1. Ерекше ғылымдардың дамуы. Осы уақытқа дейін әсіресе қазақ қоғамында нумерология, психология ғылымдарына қызығушылық бәсең болатын. Ал астрология жеті құлыптың ішінде жатқан құпия ілім еді. Бірақ 2020 жылдан бастап бұл жағдай күрт өзгерді. Адамдар жаппай өзін тануға ұмтыла бастады. Осы уақытқа дейінгі тұжырым-түсініктерінен жаппай бас тартты. Адамдар өздерін кенеттен «оянып кеткендей» сезінді. Алайда бұны шын ояныстың алдындағы тұяқ серіппе деп болжаймын. Өзін тануға ұмтылу ерекше, тылсым ілімдердің күшеюіне әкелді. Өкінішке қарай, бұл жалған, псевдоастрологтар мен психологтарды, нумерологтарды көбейтті (сұраныс ұсынысты тудырады).
  2. Технологияландыру, роботтандыру, IT салаларының бәсі артады. Алдағы 20 жылдықта әлем адам айтқысыз жылдамдықпен ақылға сыймайтын ғаламат дәрежеге жетеді. Оның іргетасы қаланды. Қазір интернеттен көріп-біліп жатырмыз: адамзат өзге ғаламшарларға ұшуды қолға алды.
  3. Демографияның күрт өзгеруі. Бір елдерде адам қалмаса, бір елдерде адам саны күрт көбейеді. Жер планетасының тұрғындары жақында 10 млрд адам болады деген болжам бар.
  4. Қол еңбегінің (адам еңбегінің) ығыстырылуы. Өкінішке қарай, адам еңбегі бірте-бірте қалмай­ды. Бәрін роботтар мен боттар, аппараттар алмастырады. Тіпті үй тірлігі жеңілдеп (қыз-келін­шек­терге алтын сырға), жұмыс сағаттары азаяды.
  5. Адам өмірінің ұзаруы және денсаулыққа мән беру басым болады. Қазіргі аурулардың көпшілігінің емі табылады (бірақ жаңа дерттер шықпайтынына кім кепіл?!). Мұның бәрі эгоизмнен туындайды. Яғни адамдар өзінің жайлы өмірін, денсаулығын көбірек ойлайды. Сондықтан да адам өмірін ұзартатын әдістердің бәрі ойлап табылады (бірақ жазмыштан озмыш жоқ).
  6. Әлемде 120 мамандық жойылып, орнына 120 жаңа мамандық шығады. Сондықтан Жоғары оқу орнына түсер кезде әбден ойлану керек. Оның болашағы бар-жоғын саралау керек!
  7. Байлыққа маңыз беріледі. Әлемде екінің бірі миллионерге айналады, ал долларлық триллионерлер жақын жылдары шығып, көбейеді. Сондықтан баспен жұмыс жасайтын адамдарға құлаққағыс, тіріліңіз! (Кім біледі, сол қатарда сіз де бар шығарсыз!)
  8. Оффлайн бизнестердің жаппай тоқырауы (кейбір қажетті салалардан өзгесі) болады. Оның орнына онлайн бизнестің құны артады. Сауда орталықтары азаяды (бұл үдерістің алғышарттарын қазіргі жастардан байқауға болады. Далаға шығып келгеннен гөрі, үйде отырып тапсырыс бере салу ұнайды оларға).
  9. Әлем энергия өндірудің өзге формаларына өтеді. Өтпесіне амал жоқ: қазіргі біздің «құлқынмен» мұнайымыз, болжам бойынша, 2068 жылы бітеді.
  10. Ғарыш жан-жақты игеріле бастады. Сондықтан баяғы «ғарышкер болам» деген пафос армандар шынайылыққа және қажеттілікке айналады (ата-аналарға балаларын ғарышкер болуға тәрбиелей берсе болады).
  11. Өкінішке қарай, жердегі жол апаттары әуе апаттарымен алмастырылады. Қазірдің өзінде жаппай дрон ұшырылып жатыр, алғашқы әуе көлігі ойлап табылды. Енді сол айналымға өтсе, «аспаннан түскендей» тіркесін тура мағынасында түсінетін боламыз (Құдай сақтасын!)
  12. Бизнесмендерге құлаққағыс: адамның жанына бағышталған бизнес модельдер алға шығады. Яғни тек клиентке бағытталған емес (клиентоориентированность), адамның эмоцияларына, тұлғасына, ерекшелігіне, табиғатына, оның қуанышы мен қайғысына ортақтаса алатын бизнес үлгілері қара үзіп шығады. Енді әр клиентке «ақшаның қабы» деп емес, «тұлға» ретінде қарау маңыз алады.
  13. Адамдар тек өзіне сенуіне тура келеді. Үкіметке де, мемлекетке де ауыз ашатын уақыт кетеді. Тіпті жәрдемақылар, өтемақылар, зейнетақылар тоқтатылады. Алысқа кетпей-ақ қояйық, бұл тәжірибе жүзеге асырылды: Корея мемлекетінде зейнетақы (пенсия) берілмейді. Сондықтан қазірден қор жинап, тас-түйін дайындалыңыз.

Тізбектей берсек, кете береді. Мен тек астрологиялық болжамдарға сүйеніп отырғаным жоқ, бұл – таза математикалық есептеулер жүргізілгеннен кейінгі жасалған гипотезалар. Сенбесеңіз, сайттардан қарап алсаңыз болады.

 – Сонда әлемдегі өзгерістер аспан денелерінің қозғалысымен тікелей байланысты болғаны ма? Адамзат аспан денелерінің құбылысы алдында дәрменсіз бе, әлде қалай?

– Иә, тікелей байланысты. Біз, адамзат, өзімізді кейде «құдай» санап, «Адамға табын, Жер, енді» деп көкірек ұрғанымызбен, шын мәнінде бізде алып бара жатқан ерік жоқ. Біздің еркіміз «алтын миллиардта» да емес. Масондарда да емес. Немесе басқа сырт топтарда емес. Сонда біздің еркіміз қайда?! Алақандай ғана Күн системамыздағы әр планета бір-бірімен көзге көрінбейтін тылсым күштің әсерімен матаулы тұр. Егер ондай гравитациялық байланыс болмаса, әрқайсысы допқа ұқсап бір-бірімен соқтығысып жүрер еді. Мәселен, Есекқырған (Юпитер) планетасының әр қозғалысы Жерге орасан ықпал етеді: ол шабысын күшейтсе, Жердегі уақыттың қысқарып кететіні белгілі. Мұны физиктер «приливная сила» деп атайды. Дәлел ретінде, 2020 жылы тәулік 0,5 секундқа азайып, тәулікте енді 23 сағат 999 секунд қалды. Және мұнымен тоқтамақ емес. Жыл өткен сайын Юпитер жылдамдай берсе, уақытымыз қысқара бермек. Егер планеталардың уақыты кеңістігімізге әсері осындай болса, ноосферамызға, эмоцияларымызға, көңіл күйімізге, мінезімізге, тіпті тағдырымызға әсері қандай екенін елестете беріңіз.

2014 жылы астрономдар тәжірибе жасап, Жер (Ай), Шолпан, Есекқырған, Күн планеталарының бір-біріне көбірек шарпуы тиетінін анықтады. Оны индекс JEV деген өлшеммен көрсеткен. Астрологияда да көп жағдайда адам мінезінің ерекшеліктерін осы 4 планетаға қарап айқындайды. Күн планетасы адамның «Менін» (әлеммен қарым-қатынасын), Ай – адамның эмоциясын (әсіресе әйел адамдар), Шолпан – махаббатын, Есекқырған (Юпитер) – байлық пен мансапқа ұмтылушылығы мен нәсібесін көрсетеді. Айдың адам жанына әсері туралы жүздеген жылдар бойы тынбай айтылып келеді. Айға қатысты халқымызда наным-сенім ұшан-теңіз. «Айға қарап ұйықтама, қолыңды шошайтпа, айды боқтама, даттама, айға қарап дәрет сындырма, сүйелің болса, айға көрсет, ай туғанда сәлем ет, толған айда пышаққа түспе» іспеттес ырымдар көп. Бұлар – негізсіз емес. Толған ай кезінде тірі ағзалардың миында мелатонин гармоны көп бөлінетіні дәлелденді. Онымен қоса, ақын-жазушыларымыздың (жалпы шығармашылық адамдары) неге толған ай кезінде шабыты күшейеді? Міне, планеталардың біздің өмірімізге тікелей қатысы бар екенін осылардан байқауға болады. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, адам баласында ерік жоқ. Біздің еркіміз – тек таңдауымызда: жақсылық жасаймыз ба, жоқ па?! Жасампаздықты таңдаймыз ба, жоқ па? Бірақ сол таңдауларымыз – біздің тағдырымызды анықтайды. Мұны заманауи тілмен «карма» деп атайды. Бұл жерде «адамзат дәрменсіз бе?» деген сұрақтан гөрі «аспан әлемінің дайындап қойған тосынсыйларына қалай төтеп бере алам?», «қалай адамдығымды жоғалтып алмаймын?!», «қалай жасампаздықпен өмір сүре аламын?!» деген сұрақтар өзектірек. Осыны көбірек ойласақ қана бір де бір планета біздің өмірімізді «ойрандай» алмайды. «Алла деген ауыз аш қалмайды» деген сөздің мағынасын осылай айшықтаймын өзімше.

Идея да – көшпелі

– Сіз жоғарыда айтқан өзгерістерге қарапайым адамдар тарапынан қандай дайындық керек?

– Ата-аналарға кеңесім, қиын уақытта қиыс кетпесі үшін қазірден бастап балаларыңыздың бойындағы қасиеттерін анықтаңыз, мүмкіндіктерін ашыңыз, қабілеттерін табыңыз. Одан кейін оларды тек сол бағытқа жолдаңыз (астрологияға жүгініңіз дер едім). Әр қосымшаға (секция) бір беріп, басын қатырудың қажеті жоқ. Келесі қадам – келешектің мамандықтарын бір саралап шығыңыз. Егер мүмкіндігіңіз болса, қалаңыздан жаңа мамандықтарды үйрететін орталықтарды іздеңіз. Болмаса, онлайн оқудың мүмкіндіктерін қарастырыңыз. Тапсаңыз, оның қаншалықты кәсіби маман екенін саралаңыз. Үнемі өз біліктілігіңізді арттырып отырыңыз: курстарға, шеберлік сағаттарына, тренингтерге (таза кәсіби тренинтерге) қатысыңыз. Ылғи шетелдік, қазақстандық басылымдардан болашақтың мамандықтары бойынша ілімденіп отырыңыз. Суқұйғыш 20 жылдығының ерекшелігі сол – неғұрлым тез ойланып, нәтиже шығарып, тез бастап кетіп, содан пайда көріп үлгергендер озады. Бұрынғыдай бір идеяны 10 жылдап пісіріп жүруге уақыт жоқ. Психологияда мынадай ұғым бар: бір адамға жақсы идея келсе, оны байыптап, саралап, сол бойда жүзеге асырмаса, ол басқаға көшіп кетеді. Яғни «менде ешкімде жоқ идея бар» деп малданып, бірақ іске асырмасаңыз, идеядан айрылып қаласыз. Сондықтан барынша ширақ, барынша тынымсыз, барынша жыбырлақ болатын уақыт қазір. Әр адам өз өмірінің кілтін өз қолына ала алатын кезең. Күлдікөмеш, күлдібадам тірлік емес, сапалы, саналы өмір сүретін дәуір келді. Айтпақшы, адамның жанын тоздырып жіберетін лықсыма ақпарат көп. Соны да електен өткізіп, тек өзіңізге қажеттісін алуды үйреніңіз. Бұл – болашақта таптырмайтын қабілет болмақ.

 – Қазақ тарихындағы соғыс жылдарының, ашаршылық кезеңдерінің астрологиялық құбылыстармен байланысы бар ма?

– Қазақта өзекті өртеген зұлмат көп болды. Бірақ осылардың ішінен Ақтабан-Шұбырынды кезіндегі аспан әлемінің астрокартасын ашып көрдім. Сөйтсем, 1723 жылы Қазақстан геолокациясында (геолокацияның өзіндік рөлі бар) планеталардың «қақтығысы» байқалады. Ең ыңғайсыз аспектілер – квадратура мен оппозиция және қосылыс. Сол жылы Қазақ даласының үстінде осы аталған аспектілердің бәрі орын алыпты. Соның бірі Марс-Уран планеталарының оппозициясы (яғни қарсыласуы). Астрология бойынша, Марс – агрессия мен соғыс және (еркектік) энергияның планетасы. Ал Уран – Күн жүйесіндегі Плутоннан кейінгі қорқыныштысы, өзгерістердің планетасы. Уранды Ақтабан-Шұбырынды оқиғасынан көп ұзамай 1781 жылы ағылшын астрономы тапқан. Енді ойланып көріңіз, агрессия планетасы Марс пен өзгерістер планетасы Уран қарсыласса, не болады? Астрологтар мұндай кезде экстремизм, қантөгіс, аяусыздық, қайғы-қасірет көбейеді деп болжайды. Одан бөлек, дәл сол жылы Сатурн – Плутон жұлдыздарының қарсы келуі болды. Ал бұл қаталдық, жауыздық, қантөгіс, соғыс, қайғы, диктаторлықтың күшейетінінен хабар береді. Бұған қоса, Ай мен Плутон (революцияларды басқаратын планета) қарсы келіп, конфликтінің артуын, тарихи өзгерістерді, жарақаттар мен соғыстың болатынын білдірсе, Шолпан мен Уран планеталары квадратқа түсіп, шаңырақтардың ортасына түсіп, отбасылардың ойран болуынан нышан берді. Расымен, ауыр жылдардағы аспан әлемін ашып келіп жіберсеңіз, өте көп қолайсыз аспектілерді және ай мен күннің тұтылуларын көре аласыз. Сондықтан менің де көп астрологтың бірі ретінде планеталардың тарихи процестерге әсерін мойындамасқа жолым жоқ.

 – Халықтың қаржылық әл-ауқатына астрологияның ықпалы бар ма? Қазақстанның әлеуметтік жағдайына сипаттама беріп көрсеңіз?

– Қырық құбылып, құйқылжыған уақытта астрологияның біліммен қарулануға көмегі зор. Мәселен, 2020 жыл – ауру-сырқау жылы болса, 2021 жыл – қаржылық тоқырау жылы деп айтылады. Бірақ бұл орайда, тоқырауды тура мағынасында түсінбеген жөн. Қазір ақша ағынының ауысуы жүріп жатыр. Біреулер аяқ астынан байып шыға келді, жылдар бойы мызғымастай көрінген алып компаниялар тізе бүгіп қалды. Мұны астрологтар «миллионер аспектісімен» түсіндіреді. Есекқырған (Юпитер) мен Плутон планеталары қосылып, ақшаның айналымын тосыннан өзгертті. Юпитер – молшылықтың, байлықтың планетасы, Плутон – революция мен тоқырау планетасы. Екеуі қосылғанда, логика бойынша, байлықтың революциясы болады дегенге саяды. Қазір байлықтың сипаты да өзгеруде: ол бұрынғыдай қиындықпен, тар жол, тайғақ кешумен немесе зорлық-зомбылық, айла-шарғы, ұрлап-тонаумен келмейді. Бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін қоймай, «жырып кетсем, сыпырып кетсем» деген кездер артта қалды. Ендігі қаржылар тек салқын бас, ыстық жүрекпен келеді! Өзіміздің сау ақыл, саф санамызға сүйенетін уақыт келді. Осыны миымызға қорғасындай құйып тастау керек.

– Ата-бабаларымыз аспан денелеріне, жұлдыздардың орналасуына байланысты болжамдар жасап, уақытты біліп, ауа-райын жорамалдап өмір сүрген. Соған орай тіршіліктерін икемдеп отырған. Ал бүгін уақыттың тығыздығынан табиғатқа зер салуды қойдық. Қазіргі кезде адамдардың қандай құбылыстарға мән беріп жүргені абзал?

– «Құдайдың күнінің бәрі жақсы» дегенмен, әр күннің өз қасиеті мен қуаты болады. Бір күндері ағзаңызға су қажет болуы мүмкін. Бір уақыттары қою тамақ қажет. Ал кейде суды да, тамақты да азайтқаныңыз абзал. Оны мен кұнбе күн өз парақшамда ескертіп айтып отырамын. Халқымыз қашан да күн тергеген. Ата-бабамыз әр істі «Бісмілләмен» бастап, сәрсенбінің сәтіне ұлы шаруаларды қалдырған. Ал сейсенбі күндері тырнақ, шаш алмай, сапарға шықпай, тек рухани кемелденумен айналысқан. Дүйсенбі, бейсенбі күндері де шаруашылықпен айналысып, жұма күндері рухани демалған. Ескерте кетер жайт, «бишенбіде» міндетті түрде май түтетіп, ата-баба рухына құран бағыштаған. Бұл «жұма ақшамға қарағанда рухтар босатылады» деген сенімнен туындайды. Сондай-ақ бала көтерудің де өз уақыттары болады. Оқырмандарыма осыны қатты ескерткім келеді. Ай толғанда бала көтермеген дұрыс. Одан бөлек, сейсенбіге, сенбіге қараған түндері көтерген бала – қаныпезер болады деген ырым бар. Бұл жайдан жай айтылған сөз емес. Кейде жап-жақсы ата-аналардың балаларының «қағынан безініп» жататын кездерін сәтсіз күні бойға біткендігімен түсіндіруге болады. Сондықтан, оқырмандар, болашақ аналар, осыны ескерсеңіздер!

Сұрағыңызға жауап ретінде, айдың тууы мен толуына мән беріңіз дер едім. Сол уақыттары өзіңізді әлсіз сезініп немесе керісінше агрессияның күшейгенін аңғарасыз. Ондай кезде өзіңізді ұстағаныңыз жөн. Тұтылуларға да зер салыңыз. Бұл – сіздің эмоцияларыңызға қатты ықпал етеді.

Маск неге Марс планетасын таңдап алды?..

– Илон Маск түрлі зерттеулер жүргізіп, Марста тіршілік көзін жандандыруды ойлап, қарекет қылып жүр. Бұл дұрыс па? Келешекте Марста да адамдардың өмір сүруі мүмкін нәрсе ме? Ондағы өмір қандай болады деп ойлайсыз?

– Илон Масктың астрологиялық картасын ашқанда, оның шет қалған Шағырмақ (Марс) планетасы Суқұйғышта екенін көрдім. Ал Марс адам энергиясын қайда жұмсағанда, қалай көбейетінін аңғартады. Суқұйғыш – ерекше технологиялар мен онлайн бизнес шоқжұлдызы. Маск неге Марс планетасын таңдап алды: Шолпан емес, Ай емес, Марсты?! Себебі оның Марсы Суқұйғышта және ол шетқақпай жатыр. Оны астрологияда «отшиб» деп атайды. Ал натив (адам) қай планетасы шетқақпай болса, соған көп күш жұмсайды. Бір сөзбен айтқанда, алдағы 20 жыл бойы (өмір берсе) Илон Маск Суқұйғыштағы Марсының «кесірінен» барлық энергиясын – Марсқа адамзатты көшіруге жұмсайды (Шолпан жұлдызын таңдап алмағанын қарашы?!).

Сондықтан қоғамның өзгерісіне тек жалпылама аспан денелері емес, осындай жекелеген адамдардың да планетасы әсер етеді. Мәселе – сол адамның «мықтылығында» және «жолының болғыштығында». Илон Маск – қазіргі қоғамға керек болды, сондықтан оны «пайдалануда». Егер Илон болмағанда, басқа бір Марсы Суқұйғышта шетқақпай жатқан жігітті тауып алар ма еді?! Мұны біз «дұрыс-бұрыс» деп айта алмаймыз. Бірақ Алла Тағаланың тәртібіне қарсы тұру – ешқашан жақсылық әкелмеген. Мысал ретінде, сол баяғы Бабыл мұнарасын, Нұх кемесін, Перғауын әскерін еске алып көрсеңіз болады. Адамзатқа Жерді мекен қылып жаратты. Барлық жағдайды жасады. Жердің бүткіл жемісін бізге берді. Осы себепті өзім Марста тұруға асық емеспін.

 – Сіздіңше, жатпланеталықтар бар ма?

– Жер ғаламшарымыздың белін орауға 12 742 шақырым жіп керек болар еді. Ал Күн планетасының ортасын кесіп өту үшін 1 400 000 шақырым жүруге тура келеді. Олардан басқа біздің системада Альдебаран (64 000 000 шақырым), Антарес (1 млрд шақырым), Нән төбет (Канис Майорис) планеталары (2 млрд шақырым) бар. Бұл тек ұлтарақтай ғана Құс жолында жүзіп жүрген ғаламшарлардың бірлі-жарымы ғана. Ал бізден басқа ғаламда осындай жүйелер миллиардтап саналады. Олардың ең жақынына жету үшін ең жүйрік ғарыш көліктері кемінде 4 млрд жарық жылдамдығымен жүріп отыруы керек. Біздің ақылымызға сыя қоймайтын осыншама алып кеңістікте тек қана адам баласы тұрады екен деу –менмендік болар. Өкініштісі, осындай алапат әлемнің ішінде қаншалықты дәрменсіз, қаншалықты болмашы екенімізді жиі ұмытып кетеміз.

 – Аспан әлемінде ашылмаған құпия бар ма? Тағы да жаңа планеталар ашылып қалуы мүмкін бе?

– Әрине, қазір өте қырағы телескоптар мен құрылғылар ойлап табылды. Олар біздің ғаламнан басқа да миллиардтаған ғаламшарлардың бар екенін анықтау үстінде. Жыл сайын, тіпті ай сайын жаңа планеталар мен жұлдыздар ашылып жатыр. Сондықтан шетсіз-шексіз аспан әлемінде бізді таңқалдырар жұмбақтар өте көп.

 – Ал астрологияда ашылмаған сыр бар ма?

– Мамандығын іздеп келген жандардың астрологиялық картасын оқығанда, мен күнде жаңалық ашамын. Бұл ғылымның тылсымы тау­сылмайды. Әр адамның жанын жеке-жеке түсінуге оның артықшылықтарын ашуға, кемшіліктерін кәдеге асыруға, өзгелермен тіл табысуға, түсінісуге, нәсібесін арттыруға, мінезін жақсартуға, тағдырын жұмсартуға арналған ілім болғандықтан, оның ашар құпиясы әлі алда деп ойлаймын.

Адамзат астрологияны Аллаға жалбарынумен бірге тани бастады деп бағамдаймын. Жұмырбас­тылар қашанда тылсымнан қол үзбеген. Көзбен көргеннен басқаның бәрі жалған деп айта алмай­мыз. Планеталардың әсерін бүгінгі ғылым дәделдеуге ықтиярсыз болса, ол «астрология жал­ған» дегенді білдірмесе керек. Лев Толстой, Абай, Шәкәрім, басқа да мыңдаған кемеңгерлердің «өлгенің­ше өл», «сенен сұрау алғанша, сұрал», «өз меніңді тап» деуі – адамзаттың өз мінін танып, мінезін көркейтіп, жасампаз болуын меңзейді. Өзін таныған адам міндетті түрде Алласын таниды. Себебі бәріміз – сол Нұрдың бөлшектеріміз. Ал астрология – адамның өзін тануының құралы. Сондықтан астрология дінге қарсы дегенге келісе алмаймын. Мұнда «жұлдызға табын, соларға ғана сен, келешегіңді алдын ала көріп ал» демейді. Керісінше, жамандықтардан сақтандырады, жақсылықтарға жетелейді, болашақтан үміт күттіреді, өмірден өз орныңды тауып, «кәміл» адам болуға қолғабыс етеді.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

 

ПІКІРЛЕР7
Аноним 12.05.2021 | 15:40

Керемет!

Аноним 12.05.2021 | 22:09

Жақсы сұхбат! Оқып отырып тынысың ашылады.

Аноним 13.05.2021 | 22:16

Керемет айтылған 👍👍👍 көп рахмет 🤗

Аноним 14.05.2021 | 09:45

Керемет! Қазақтың қызыдары осындай!

Аноним 14.05.2021 | 14:34

жаңа ғылым саласына тыңнан түрен салған екен. Көп ізденген. Әлі де жалғасын күтеміз.

Аноним 14.05.2021 | 14:36

Мөлдір Райымбековаға рахмет! Осындай тың тақырыптарды қозғау керек🙏🏻👍

Аноним 15.05.2021 | 10:30

Астрология — ілгі дәуірлерде туған ілім. Бірақ адам баласының ой-санасы дамыған сайын, аспан әлеміндегі әрбір құбылыстың себеп-салдары мен заңдылықтарын игеру барысында астрономия туып, екеуі бір-бірінен дараланған. Бірі — ғылыми таным, екіншісі — абстракциялық ұғым.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір