Ұлт тілінің байлығын паш еткен
27.04.2018
1764
0
Жуырда Астанада белгілі терминолог ғалым Шерубай Құрманбайұлының «Көркем аудармадағы жаңа атаулар: жасалуы мен қолданысы» атты еңбегінің тұсаукесері болып өтті. Кітапта көркем аударманың қазақ тілінің нормалану үдерісіне ықпалы, бұқаралық ақпарат құралдары мен ғылым тіліндегі жаңа атаулардың көркем аудармадағы қолданысы жайында сөз болады. Ол үшін зерттеуші көркем аударма мәселесіне жан-жақты тоқталып, ХХ ғасырдың басындағы аударма «Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы еңбектерімен қатар Мұхтар Әуезов, Әбен Сатыбалдиев, Құрманбек Сағындықов, Ісләм Жарылғапов, Немат Келімбетов сынды ғалым, қазақ терминологиясының дамуында өзіндік орны бар тұлғалардың еңбектеріндегі, аудармаларындағы жаңа қолданыстарды, балама сөздерді, өзіндік ұстанымдарды нақты дәйектермен негіздейді. Сол арқылы көркем аударманың сөзжасам, терминжасам үдерісіндегі алатын орнын көрсетеді. Көркем аударманы кезең-кезең бойынша жіктей отырып, сол кезеңдегі қоғамдық-саяси ахуалға байланысты сөздердің қолданылуы, сөзжасамдағы ұстанымдар сараланып көрсетілген. Еңбектің ерекше құнды жағы ретінде көркем аудармадағы жаңа атаулар мен қолданыстар сөздігін атауға болады. Ол сөздікті негізге ала отырып, қажет сөздің баламасын тауып алуға, терминжасам ұстанымдары, жазушы, аудармашылардың ұстанымдары, сөз зергерлерінің шеберліктері, әдеби тілдің даму, толығу жолдары, сөздердің нормалану принциптері т.с.с. туралы мол ақпарат алуға болады.
Ш.Құрманбайұлының ХХ ға­сырдың басындағы Алаш зия­лы­ла­ры­ның көркем аудар­ма­ла­рын­да­ғы қолданыстарды, сөз жа­саудағы ұс­танымдарын, ше­бер­лік­терін жеке қа­растыруының өзіндік уә­жі де бар. Себебі қазақ ғылымының алтын ға­сыры саналатын осы кезеңде ау­дар­ма мәселесі өте өзекті болды. Әрине, қа­­зақ тіл білімінде аударма, термин мә­­селесі ХІХ ғасырда жарық көрген «Түр­­кістан уәлаятының газеті», «Дала уә­лаятының газеті», «Тәржіман», т.с.с. басылымдарда жарық көрген Д.Сұл­танғазиннің («Біздің қазақ тілі туралы 5-6 ауыз сөз», «Түркі лұ­­ғат­дары турада»), Ж.Көпеев, А.Құр­манбаев, Р.Дүйсенбаев, т.б. зия­лылардың мақалаларында сөз бол­ды. Ал ХХ ғасырдың басында ау­дарма ерекше жанданып, Ә.Бө­кей­хан, А.Байтұрсынұлы, Х.Дос­мұ­­хамедұлы, М.Дулатұлы, Е.Омар­­ұлы, Ж.Аймауытұлы, Қ.Ке­мең­гер­ұлы, А.Мамытұлы, т.с.с. Алаш зия­лыларының еңбектерінде ғылыми тұр­ғыдан негізделіп, өзіндік ұста­ным­дар қалыптасты. Ә.Бөкейхан ау­дарма, ұлттық терминология мә­селелеріне ерекше көңіл бөлген. Ғалым «Еңбекші қазақ» газетінің 4-бетінде «Кітап сыны» деген ай­дар­мен аударылған еңбектерге сын пікірін білдіріп отырған. Мәселен, Абдолла Байтасұлының профессор Ю.Вагнерден «Жануарлар туралы әңгімелер», профессор Гейкіден ау­дарған «Пізійкелік жағырапыйа» ат­ты кітабына, Мұхтар Әуезовтің Ю.Вагнерден «Жердің жаратылысы жайындағы әңгімелер», Қ.Ысма­ғұлұ­лы­ның профессор Вагнерден «Әуе тура­лы әңгіме», Ешмағамбетұлының М.Томскийден «Ресейде кесіпшілер қоз­ғалысы» деген аудармаларының ті­ліне, терминдердің қолданысына қа­тысты өзіндік пікірін білдіріп, ең­бектердің маңызы мен мазмұнын сөз еткен. Ғалым аударманың қара­пайым халықтың түсінуіне жеңіл болу жағына баса көңіл бөлу керек­ті­гін, түпнұсқадағы қалпында алу оқу­шыға түсініксіздеу болатынын ес­кертеді. Мәселен: суық жерде тұрған стаканның жылы жерге әкел­генде терлейтінін айтудың ор­нына қыстыгүні далада жатқан бал­таны жылы үйге әкелгенде терлеп қоя бе­ретінін мысал етіп келтіру, зы­рылдауықтың орнына допты мысалға кел­тіру, «резеңке доп» дегеннің ор­нына «үрген қуық» деп алу қазақ оқу­шысына әлдеқайда түсінікті бола­тынын айта келіп: «Орыстың кітабын қазаққа деп өзгерткенде Крыловтың басы­на тымақ кіигізген Ақыметті ұмыт­пау керек. Қазақ түсінбейтін же­рін, қалам тасырқап өткелден өткізе алмаса, тастап кету керек…», – дейді (Еңбекші қазақ. 1925, 22 сәуір).
А.Байтұрсынұлы бастаған ұлт зия­лылары жаңа атауларды ұлт ұғымына жанастырып, түсінікті етуге тырысты. Бұл орайда А.Байтұрсынұлы: «Өзі­міз­дің елімізді сақтау үшін бізге мә­дениетке, оқуға ұмтылу керек. Ол үшін, ең алдымен, әдебиет тілін өр­кендету керек. Өз алдына ел болуға өзі­нің тілі мен әдебиеті бар ел ғана жарай алатындығын біз ұмытпауға тиіспіз», – деп жазды.
Терминдердің қазақ түсінігіне жеңіл болуы, уәжділік ұстанымдарына А.Байтұрсынұлының ізбасарлары да ерекше мән берген. Оны Қ.Ке­меңгерұлының мына сөздерінен де байқауға болады: «… Терминдерді алу ту­ралы кейбіреу басқа елдер қалай ата­са, қазақшаға айналдырмай-ақ, біз де солай атайық десті. Бұл – тіп­ті, адасқан пікір. Күйіміз жетсе, ша­м­амыз жетсе, қазақшаландырып алуы­мыз керек. Мәселен, геометрияны қа­заққа геуметрие десең, көзіне түк елес­темейді. Ал пішіндеме десең, қа­заққа таныс, көзіне елестейді. Сон­дықтан терминдерді қазақша алуға дау­ласуға мән жоқ» (Еңбекші қазақ. 1927, 17‚ 19 маусым).
Бұл ұстанымды сол кездегі оқу­лық­тардың авторлары да басшылыққа алған. Мұрағат деректеріне зер салсақ, Ә.Бөкейхан география, Е.Омаров, Қ.Сәт­баев алгебра, М.Жұмабаев пе­да­гогика, Ж.Аймауытов дидактика, Ф.Ға­лымжанов физика‚ Б.Сәрсенов гео­метрия, И.Тұрғанбаев арифметика, Қ.Кемеңгерұлы жаратылыстану, хи­мия пәндері бойынша оқулықтарды қа­зақ тіліне аударған (Орталық мем­­лекеттік мұрағат. 81-қор, 1-ті­зім‚ 285-іс‚ 18-байлам. 11-12-б.). Қа­ныш Сәт­баевтың «Алгебра» атты оқу­лығынан бүгінде түпнұсқа күйін­де бе­рі­ліп жүрген көптеген тер­мин­дер­­дің баламасын табуға болады: фор­­мула – өрнек, теорема – түйін, чис­литель – жарнақ, диаметр – өре, ра­­циональная величина – өлшемді шама, иррациональная величина – өлшемсіз шама, квадратное урав­не­ние – шаршылық теңдеу, бик­вад­ратное уравнение – қос шар­шы­­лы теңдеу, сопряженные числа – түйін­дес сандар, прогрессия – дәуір­леу, коэф­фициент – сан өсіргіш, функция – берне, тождество – бір­дей­лік, приб­ли­женный корень – жуық­тас түбір, ко­рень с недостатком – олқы түбір, мни­мые числа – кү­мән­ді сандар, крат­ное – бөлінбе, пре­дыдущие члены – ілгері мүшелер т.с.с.
«Көркем аудармадағы жаңа атау­лар: жасалуы мен қолданысы» атты еңбегінде Шерубай Құрманбайұлы осын­дай ғылыми әдебиеттегі, га­зет беттеріндегі баламалардың көр­­кем әдебиетте қалай көрініс тап­қа­нын жан-жақты талдайды. ХХ ға­­сыр басында өзге тілдік сөздерді (тер­миндерді) қабылдауда нақты ұс­та­нымдар болғаны белгілі : а) жат атау­лардың мағынасын түсіндіргендей қа­зақ сөзін алу; ә) оған қолайлы қа­­зақ сөзі болмаса, түркі сөзін алу;
б) түркі сөзі де тура келмесе, қазақ ті­­лі­нің заңына үйлестіріп еуропа сө­­зін алу. Сол себепті «Қазақша-орыс­­ша тілмашта» (1925 жыл) жау­гер­ші­лік, жаугерлік – 1) военное вре­мя, 2) милитаризм; жауласпақ – 1) враждовать, 2) воевать; жау­ла­мақ – идти войной на кого; нарық – ры­ночная цена; несие – долг, кредит; кіріс – 1) доход‚ 2) вход; кері салық – регрессивный налог; ке­сіп капиталы – промышленный ка­пи­тал; әдіс ғылымы – технология; ақы­ның сапасы – реальная плата; әлем ғы­лымы – космография; әлеумет ғылымы – социология; айқасым – реакция (психологическая); білдіргіш – справочник; бекет – почтовая станция; тәжірибеқана – лаборатория; тән тіршілігі – физиология; тетік ілімі – механика; тетік күш – механическая сила т.б.; Н.Қаратышқанұлының құрастыруымен жарық көрген «Пән сөздігінде» (1927 жыл) баррикада – шеп; баркас – еспе кеме; бастион – қор­ған мұнарасы; батальон – қосын; ба­тарея – зеңбірек қосыны; битва (бой) – соғыс; блокада – қамау; блокгауз – ағаш қорған; боевая линия – әскер же­лісі; боевое столкновение – жау қа­ғысуы; боевой порядок – соғысқа дайындық; боевой участок – соғыс ау­даны; боковой – бүйір, жанама; бо­ковой отряд – жанама жасақ; бомба – бомбы; бомбардировка – зеңбірек ас­тына алу; борьба – тартыс, талас; бо­рьба за существование – тіршілік та­ласы; брантфахта – күзетші кеме; воен­нослужащий – әскерлік қызметші; военно–полевой суд – майдан со­ты т.с.с.; «Атаулар сөздігінде» (1931 жыл) авангард (войска) – ал­ғы әскер; аванпост – аванпост (ал­дағы күзетші әскер); авиация – ұшушылық (ұшқыштармен әуеде қалықтау); авиомаяк – әуе мәйегі; авионосец – ұшқышты кеме; аврора – 1) таң сәулесі, 2) көбелек; адмирал – адмирал; арбалет – жақ мылтық; ар­­­битражная комиссия – аралық кә­месие; арест – қамау (тұтқынға алу); арестанты – тұтқындар; ар­матура – арматыр (аспап); армия – әскер; военная конвенция – соғыс шар­ты; военная наука – соғыс ғылымы; воен­нослужащий – әскерлік қызметші; войс­ко – әскер (сап, шеру); войсковая час­ть – әскер бөлімі; гавань – ғауын (ке­ме ықтырмасы) т.с.с. атаулар бе­ріл­ген.
«Көркем аудармадағы жаңа атаулар: жасалуы мен қолда­ны­сы» атты еңбегінде Шерубай Құр­ман­байұлының кірме сөздердің қазақ тілінің дыбыстық ерекшеліктеріне сәйкестендірілуі туралы талдаулары сәт­ті шыққан. Ш.Құрманбайұлы:
«Кі­рме сөздерді қабылдау тари­хы­мызға сәл ғана көз жүгіртіп, үс­тірт шолып өткеннің өзінде мына құ­былысты байқауға болады. Мә­се­лен, ерте орта ғасыр мен орта ға­сырлардан бастап, ХХ ғасырдың басына дейін тілімізге енген араб, парсы, орыс, иран, моңғол, қытай сөз­дері тұтастай дерлік қазақтың айту мәнеріне сәйкестендіріліп, өзгертіліп отырғандығын көруге болады. Олар­дың қатарына әлем, әліпби, ғалым, ғы­лым, дәптер, кітап, қалам, мұғалім, әб­діре (ир.), әбзел (ир.), нөкер (моң.), өлке (моң.) сияқты жүздеген сөздер кі­реді. ХХ ғасыр басындағы оқу-ағарту ісімен айналысқан қазақ зиялылары, Алаш қайраткерлері де орыс тілі ар­қылы қабылданған кірме сөздердің де­­нін қазақ айтылымына икемдеп алып отырған», – дей келіп, Жүсіпбек Аймауытұлының аудармаларында кірме сөздердің барлығын дерлік қазақ айтылымына икемдеп жазғанын көрсетеді: тілипон (245), ділгірәм (245), әпесер (245), кемесер (246), ен­женер (246), сәбетші (246), сипр (247), бұрыққалтер (247) т.с.с.
1924 жылы Орынборда өткен қа­зақ білімпаздарының тұңғыш съезінде жа­саған баяндамасында Е.Омаров: «Қа­зақ тіліне жат сөздерді кіргізгенде, оның жат дыбыстарын бұзбай кіргізуге болмайды; жат дыбысқа жалпы бұ­қараның тілі келмейді де ішінде жат дыбыс бар жат сөз жалпыға жат бо­лып қала береді; сөйте келе қазақша әде­биет тілі бұқараның тілінен мүлде бас­қаланып, қат танитұн бұқара біз­дің жазған сөзімізге түсінбейтін бо­лады. Ол болмай, ойда жоқ бір ке­ремет себептер болып, бұқара оқы­ғандардан қалыспай, жат сөздерді жат дыбыстармен бұлжытпай айта алатұн болып кетсе, қазақтың тілі бұ­зылады. Мұның қайсысы болғанда да жақсы болмайды», – деген еді. Ш.Құрманбайұлының зерттеуі ХХ ғасырдың басындағы Алаш зия­лыларының ұстанымдарының нақты дәйе­гі бола алады.
Кітаптың үшінші бөліміндегі қа­зақша-орысша және орысша-қа­зақша сөздік ұсынған. Сол арқылы ға­лым сәтті баламаларды ғылыми айналымға енгізуді мақсат етеді. Бұл – өте құптарлық бастама. Сәтті, сәт­сіз баламалар, қате аудармалар жайында көп айтылып, жазылып жүр. Бұл мәселе қазіргі кезде ғана емес, өткен ғасырдың басында да жиі сөз болған. Мәселен, «Еңбекші қазақтың» 1930 жылғы 15 қаңтардағы №12 (1617) санында Әліб деген псевдоним иесі: «Осы күні қазақ газеттерінде «сұу асты кеме» деген бір атау қолданылыб жүр. Теқніикеге жақындаған сайын тіл өседі. Бірақ дайын тіл тұрғанда, тыңнан тіл тауыб алыу артық. Қазақ «сұу асты» демейді, «сүңгүуір» дейді. «Сүң­гүуір» ұғым жағынан да қолайлы. Бұл кеме сұудың түбіндегі жермен жо­ғарлаб жүрмейді. Сұуда сүңгіб жүреді. Олай болса, дайын тілді қолданыу керек. «Сұу асты кеме» емес, «сүңгүуір қайық» не «сүңгүуір кеме» деб алыу жақ­сы, – деп жазған.
Қазіргі кезде ғылыми айналымда жүр­ген «әлемнің (дүниенің, ғалам­ның) тілдік бейнесі», «тілдік тұлға» т.с.с. атаулар – орыстың «языковая кар­тина мира», «языковая личность» сияқты атауларының калька аудармасы. «Языковая картина мира» атауының баламасы А.Байтұрсынұлы ең­бектерінде «ғаламды сөзбен жет­кізу» деп берілген. Оның қазақы дү­­ниетанымға тән, дәл атау екеніне та­лас жоқ. Сол себепті осы атауды ғы­лыми айналымға енгізу қажет.
Калька аударманың салдарынан емес, бір аудармашының жауап­сыз­ды­ғы салдарынан тілімізде көпшілік қол­данып кеткен бірқатар атаулар бар. Мә­селен, «удостоверение личности» тір­кесінің баламасы «жеке куәлік» емес. «Жеке куәлік» дегенді қазақ ті­ліне аударсақ, личное удостоверение болады. Дұрысында, жеке куәлік көп. Кез келген куәлік (жүргізуші куә­лігі т.б.) иесінің өзіне ғана тиесілі, же­­ке құжаты. Ал «удостоверение лич­­­ности» дегеніміз – Қазақстан Республикасының азаматы екенін танытатын, 16 жасқа толғаннан кейін ғана берілетін, адамның же­ке басын куәландыратын құжат, пас­порттың бір түрі. Паспорт екіге бө­лінеді: ел ішінде қолданылатын жә­не шет мемлекеттерге шыққанда қол­данылатын құжат. Шетелге шыққанда қол­данылатын құжат кез келген жас­та беріле береді. Ал ел ішінде қол­данылатын құжат Қазақстан Республикасының азаматы 16 жасқа толғанда ғана беріледі. Жүңгө (Қытай) елінің қазақтары «удостоверение личности» тіркесінің баламасы ретінде «азаматтық куәлік» деп қолданып жүр. Шынтуайтына келгенде, бұл ба­­­лама құжаттың сипаттамасына дәлірек келеді. Алайда «азаматтық» сө­зінің орнына «азамат» деп қана алу­ға болады. Себебі қазақ тілінің та­биғатына сәйкес зат есім басқа зат есімнің алдынан келгенде ешқандай қо­сымша жалғанбай-ақ анық­тауыш­тық қызмет атқарады (алтын сағат, ағаш қасық т.с.с.). Оның үстіне «аза­мат» сөзін ер адамдарға ғана қа­тыс­ты қолданып, әйел адамдарды «азаматша» деп атау да қазақ тілінің табиғатына жат. Қазақ тілінде -ша/-ше жұрнағы кішірейту мәнді қосымшаға жатады (сандықша, көрпеше, қобдиша т.с.с.). Тілімізде ана, әйел, бәйбіше, қа­рындас, сіңлі т.с.с. әйел адамдарға ға­на қатысты қолданыстар болғанмен, ол жалпылық сипат ала бермейді. Сол себепті мәжіліс төрағасы, аға ғы­лы­ми қызметкер т.с.с. тіркестер қа­лып­тасқан. Осы тұрғыдан алғанда, «удос­товерение личности» тіркесінің баламасы ретінде «азамат куәлігі» деп ал­сақ, тіліміздің табиғатына да сәйкес ке­лер еді әрі құжатты дәл сипаттар еді.
Аударма, баламаға қатысты ма­қалалардың бәрі ескеріле бер­мей­ді. Себебі аудармашылар он­дай ма­қалалардың бірін оқыса, ен­ді бірі назардан тыс қалып жа­та­ды. Сондықтан Шерубай Құрман­бай­ұлы­ның көр­кем аудармадағы жаңа атаулар мен қолданыстар сөз­дігін ұсынуы әб­ден құптарлық. Сол арқылы сәтті баламаларды тауып, ғылыми айналымға енгізуге бо­лады. Нәтижесінде тіліміздің ішкі заң­дылықтарына сай дамуына жол ашы­лады.
Қазақ терминологиясының да­муына, терминдердің тұрақтануына елеу­лі үлес қосып жүрген ғалым, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, фи­лология ғылымының док­то­ры, профессор Шерубай Құр­ман­байұлы­ның кейінгі зерттеулерінің де табысты болуына тілектеспіз. Тал­даулары нақты тілдік дәйектерге не­гізделген, тіліміздің әлеуетін та­ны­татын, сәтті баламалардың ғы­лы­ми айналымға еніп, сөздік қо­рымыздың толыға түсуіне, қазақ ті­ліндегі нормалардың қалыптануына (ко­дификациялануына) негіз болатын ең­бектері көп болғай!Орынай Жұбаева,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институты
Грамматика бөлімінің меңгерушісі,
филология ғылымының докторы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір