Тарихты тағылым тұтқан қаламгер

0
78 қаралды

Өмір жолы сан тарау. Біреулер сал­ғаннан самұрықша самғап бір­ден шырқау шыңға шығады. Екін­ші­лері қилы-қилы, бұралаң, бұл­тары­сы көп жол кешіп мақсатына же­теді.
Алыстағы Арал ауданының қиян шетіндегі асау Сыр өзенінің өтін­дегі Қаратерең елді мекенінде Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқ­тал­ған соң үш жылдан кейін, 1948 жы­л­ғы 15 сәуір­де жарық дүние есі­гін ашқан қы­зыл­ор­далық белгілі жазу­шы Бегімбай Ұзақбаев үсті­міз­дегі жылы 70 жас­тың жотасына шық­ты. Бұл мерей жас­­қа ол құра­лақан келген жоқ. Ал­­­ғашқы еңбек жо­лын туған ауы­лын­да жұмысшы, мек­тепте ұстаз бо­лып бастаған Бе­гімбай мұнан соң ком­сомол, пар­тия, кеңес орган­да­рын­да жауапты қыз­меттер атқарды. Сөйте жүріп, Арал­дағы Қазанғап атын­дағы халық ас­паптар оркест­рі­нің белсенді мү­ше­сі, күйші, танымал әнші атанды.
Сол уақыттары С.М.Киров (қа­зір­­гі әл-Фараби) атындағы Қазақ мем­лекеттік университетінің жур­на­листика факультетін және Ал­ма­ты жоғарғы партия мектебін тә­мам­даған болашақ жазушы бала жастан жү­регінде от тұтатқан мақсаттың же­тегімен облыс орталығына қоныс ау­дарады. Ол Қызылорда қаласында тұ­рып жатқан, «Қазақтың Ост­ровс­кийі» атанған талантты қаламгер Зей­нолла Шүкіровтың көзі тірі кезі. Бұл маңайдағы жазу-сызуға бейімі бар жастар балға үймелеген арадай үйі­ріліп ақынның А.Чехов көше­сін­дегі №29 үйінің пәтерінен шық­пай­ды. Естуінше Зекеңнің құшағы, үйі­­нің есігі талапты жастар үшін әр­­қа­шан айқара ашық көрінеді. Ен­де­ше не тұрыс бар.
Бір күні Бегімбай да тәуекелге бел байлап жазушы ағасының есігін жас­қаншақтана, жүрексіне қақты. Ар жағынан «бұл кім-ай?» деген ақын­­ның таныс дауысын естіген бұл аға­сының жанынан бір-ақ шы­ға­ды. Бұл келген шаруасын айтып құс тө­секте жаралы қырандай жам­бас­таған Зейнолла Шүкіровке тыр­на­қалды туын­дысының қолжаз­ба­сын ұсы­на­ды. Бұл Бегімбайдың Қы­­зы­лорда қаласына қоныс ау­дарған 1973 жыл­дың тамылжыған та­мыз айы еді. Бұ­ған дейін де ау­дандық, облыстық га­зеттерде тұң­ғыш әңгіме-очерктері жа­рық кө­р­ген Бекеңнің көңілі көпке дейін алаң болған. Зейнолла Шү­кіров­тен әлгі «Ақ түн» деректі хикая­ты­ның ба­ғасын алғанша байыз тап­пай, пә­терінде қара телефонға қа­рауыл болғандай талай күн, талай түн көз іл­мегені күні кешегідей есін­де.
Аға қаламгер «Ақ түн» хикая­ты­на айтулы лебізін ауызша да, жаз­ба­ша да берген сәттегі жас жазу­шы­ның шаттыққа кернеген жүзін көр­сең… Көп ұзамай аталмыш шы­ғар­масы об­лыстық газеттің айқара бе­тіне ба­сылып, оқырманның ыс­тық ықы­ласына бөленген. Кейі­нірек «Ақ түн» хикаяты автордың бас­қа да әде­би дүниелерімен бірге «Тағдыр» де­ген атпен республи­ка­лық баспалар­дан кітап болып ба­сы­лып, жет­пі­сін­ші жылдардың бас ше­нінде жарық көр­ген. Сол жет­пі­сінші жылдардың ал­ғаш­қы ши­ре­гін­де емес пе, Бегімбай Ұзақ­­баев­тың алғашқы әңгімелері рес­­­пуб­ликалық «Ле­ниншіл жас» (қа­зіргі «Жас Алаш»), «Қазақстан пио­нері» (қа­зіргі «Ұлан») газеттерінің бетінде жа­рияланып, айды аспаннан шы­ғар­ған тұсы.
Жазу-сызу – өнер. Онымен аш құр­­сағыңды жұбата алмайсың. Оның үстіне алған азғантай қала­м­-
а­қың қара басыңнан артылмайды. Бе­гімбайдың шиеттей жеті перзенті бар. Соларды бір қараға жеткізу үшін қызметтен қол үзбеуі шарт. Ол сөйт­ті де. Кезінде облыстық партия ко­ми­тетінде нұсқаушы, КСРО ми­нистр­лер кеңесі Дін істерінің облыс бойынша уәкілі, Тәуелсіздік алғалы облыс әкімі аппаратында бөлім, сектор меңгерушісі, бас инспектор болып абыройлы қызмет атқарғаны қызылордалықтардың есінде.
Көркем прозада роман жанрын ке­шегі соғыс көрген майдангер, қа­ламгерлер ауыр артиллерияға теңей­тіні әсте тегін емес. Айтпаса да әдебиет ауылына келетін жас та­лап қаламгер әуелі өлеңнің есігін имене қағады, сонан соң әңгіме-новелла, сонан соң хикаят жанрына қарай қадам басатыны бәрімізге белгілі.
Сол сияқты теңіз жағалауын­да­ғы ауылда жүріп ақ қағазға алғашқы әңгіме, мақалаларын шимайлаған болашақ қаламгер келе-келе бір­­-
жо­ла әдебиет ауылына аттың басын бай­­лап, оқырмандарына 17 про­за­лық кітап ұсынып үлгерді. Оның 21 көркем және деректі по­вес­тер мен 67 әңгіме, хикаялар, 27 ерт­егі болып ерекшеленеді. Оның ішін­­де «Тағдыр», «Қилы-қилы за­ман-ай», «Сырлы сезім», «Бұтақтан өр­­ген бәйтерек» және басқа повес­тері мен әңгімелері топтастырылған кітап­тары кезінде қалың оқырман кө­зайымына айналғанын білеміз. Бұған қоса Бекең бір мезгіл өзі қау­зап жүрген дін тақырыбында сал­ма­ғы атан түйеге жүк боларлық­тай са­лиқалы ғылыми мақалалар­дың тіз­бегін туындатуды да ұмыт қал­дыр­­ған жоқ.
Анау бір жылдардан бастап жазу­шы Бегімбай Ұзақбаев Тәуел­сіз­дік жылдары тарихи тұлғаларға тұ­ғыр болған тарихи тақырыпты да ай­налып өткен жоқ. Кеңестік кезең­дерде Қазақ про­за­шылары қа­тарында бұл тақырыпқа түрен салған Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш», «Қаһар», Әбіш Ке­кіл­баев­тың «Үркер», Мұхтар Ма­ғауиннің «Аласапыран» романдары қызыл империяның қыл тұзағында қыл­ғынған қазақ оқырмандары үшін айды аспанға шығарғандай тың жаңалық болды десек, бұл асы­ра айт­қанымыз емес. Бірыңғай кеңес­тік жетістіктерді жіпке тізген жі­бек­тей кестелеген көркем фи­льм­дерді тамашалап, көркем әдебиет кө­лең­кесін паналаған басқалар сияқ­ты сол тұстағы қазақ оқыр­ман­дары да өт­кенін білуге құмартып өс­кендер қа­тарынан болатын.
Қазақ прозасына лайықты олжа сал­ған жоғарыдағы тарихи роман­дар­дың авторы, Арал теңізінің құяр сағасына қоныс тепкен Қаратерең ауылындағы көптеген оқырман­да­рының Бегімбай ағамыз қашаннан ар­дақтысы атанған жан. Себебі, бұл ауылдағы оқырмандары үшін жер­лес жазушының «Жалаңтөс баһа­дүр», «Сар­тай батыр», «Байқазақ», «Ма­рал баба», «Қара бура», «Сопы Әзиз пір», «Байқазақ», «Алдаспан­дар ру­хы» атты тарихи романдары тап­тыр­мас рухани азық болғалы қа­шан.
Осы арада кезінде оқыр­ман­да­рының ыстық ықыласына, көркем­дік кестесімен көзайымына айнал­ған автордың «Жалаңтөс баһадүр» ро­маны жайында азды-көпті тоқ­тала кеткен жөн болар. Бұл роман­ның алғысөзін аса көрнекті қалам­гер, мемлекет және қоғам қай­рат­кері, Қазақстанның Халық жазушысы, Еңбек Ері Әбіш Кекіл­баев жазғаны оқырман қауымға кеңінен аян бол­са керек. Әбіш ағаның әдемі ба­та­сын меншіктеген, мемлекеттік тап­­сырыс аясында «Отырар кітап­ха­насы» сериясымен жарық көрген атал­мыш романның төрт мәрте ба­сылып шық­қаны қаламгер қары­мын біраз бай­қатса керек.
«Жалаңтөс баһадүр» рома­ны­ның жазылу формасы тарихи де­ректі шығарманың табиғатына кө­бірек келіңкірейтіндігіне ешкімнің дауы бол­мас. Бас кейіпкері тарихта өзін­дік қолтаңбасы бар қаһарман қол­басшы, Самарқан аймағының әкі­мі Жалаңтөс Сейітқұлұлы. Ата­мекені Алаш даласы, Сыр бойын­дағы Қаза­лы өңірі. Қазіргі Өзбек­стан Респуб­ликасының Нұр Ата өңі­рінде өсіп-өнген. Ұрпақтары да сол аймақта өмір кешіп жатқан кө­рі­неді.
Жазушы заманында айнала­сын­да­ғы үлкенді-кішілі хандықтар тү­гілі, Парсы, Үнді, Алтын Орда пат­­­шалықтарына есімі мәшһүр бол­ған Жалаңтөс баһадүрдің батырлық бей­несі мен адами келбетін көркем тіл­мен кестелей біледі. Тілі қара­пайым, қаламгерлік қолтаңбасы ай­­қын. Оны мына төмендегі шы­ғар­ма­ның шырайлы, шұрайлы жол­да­рынан әбден айқын аңғаруға бо­лады.
…Жалаңтөстің назарында қоң­тайшы мен қалмақ әскерлері қатар жү­реді. Күн өткен сайын күшейе түс­кен бұл қос үкімет бір күні тұт­қиы­л­дан тиіп, қазақ пен қырғыз біт­­кен­ге қырғидай шүйілетінін аң­ға­рады.
Мұның алдында қалмақ елшісі Бах­тый келіп кеткен. Сықи көздің түл­кі жанары қадалғанда көкіректен өтіп ішкі жан сезімі нені аңғарып, жұмбақтай түйіп сыртқа шығармай отырған сырыңды оқып отырғандай үңі­леді.
Білімдарлығында шек жоқ. Осы өңірдің ғұлама ғалымы әрі ақыны да жазушы Ахмад әл-Мутанабби жай­лы мақтауын келістірді. Оны­мен еш­кім де үзеңгі қағыстырып, тең ке­ле алмайды, деген сыңай та­ныт­ты. Оның түпкі ойы нені мең­зеп, нені айтып арбап отырғаны бұ­ған мәлім…
Жазушы Жалаңтөс баһадүрдің ішкі ойы арқылы басты кейіп­ке­рі­міздің үлкен ақыл-парасат иесі еке­нін аңғартады. 1643 жылы әйгілі Жәң­гір хан ескі Жаркент қаласынан күн­шілік жердегі Қосқолаң тауы­ның арасында 600 сақадай сай­лан­ған сарбаздарымен Жоңғардың 50 мың әскерімен шайқасып жат­қан­да, Жәңгір ханның хабарына орай Самарханнан 20 мың әскерімен же­дел жетіп, жаудың төбесінде жай ой­натқан осы Жалаңтөс баһадүр бо­латын.
Қаламгер шығармашылығының ортасынан ойып орын алатын сал­мақ­ты романы «Сартай батырды» оқып шыққан кез келген оқырман мұның да басты кейіпкері жайлы жақ­сы білетіні анық. Себебі, ХVІІІ ға­сырда ғұмыр кешкен сол заманғы орыс-қазақ қатынастары құжатын­да аты бар Сартай батыр әйгілі «Мың бала» қозғалысы тарихынан бел­гілі бейне. Кейін осы батырдың не­гізінде «Жаужүрек мың бала» көр­кем фильмі дүниеге келгені қа­зақтың үлкен-кішісіне түгел мәлім бол­са керек.
Жазушы Бегімбай Ұзақбаев не­гізінен тарихи тұлғалар туралы та­қырыпқа бір табан бейім. Онысы сәтті шығып жүр десек, жаңыл­май­мыз. Мұны Бекеңнің қаламынан бүгінгі жетпіс жастың жотасына шыққанда туған жоғарыда біз атап өткен қос романнан басқа «Байқа­зақ», «Марал баба», «Қара бура», «Со­пы Әзиз пір», «Алдаспандар ру­хы» романдарынан көзіқарақты оқыр­ман жазбай, жатырқамай та­ни­ды деп ойлаймыз. Бұған біз жо­ғарыда атап өткен айтулы шығар­малары толықтай дәлел бола алады.
Жауапты мемлекеттік қызмет маңайында жүріп-ақ, кезінде ел жұртқа елеулі шығармалар ұсынған Тө­лен Әбдіков, Әбіш Кекілбаев, Ма­рал Ысқақбаев, Кәкімбек Салы­қов, Садықбек Хангелдин және басқалары сияқты Бегімбай ағамыз да талай татымды тәуір дүниелерінің тамырына атынан ат үркетін зәулім ғимараттың қырық қабат қабыр­ға­сында қан жүгірткеніне менің еш­қандай шүбәм жоқ. Шынайы қабі­лет-дарын иесі етпеттеп жатып-ақ есесін жібермейді. Тас қорғанның тас түнегінде де елді елең еткізетін елеулі шығармалар туындай береді. Бұған бірнеше жыр жинақтары жарық көргенге дейін көрпе үстінде көсіліп жатып тамаша өлеңдер жаз­ған кешегі Қадыр Мырза-Әлі, сегіз жасынан бастап елу екі жаста өмір­ден өткенше төсекке таңылған Зей­нолла Шүкіров, Қытай түр­ме­лерінде қы­рық жыл тұтқын болған Қа­жы­ғұмар Шәбденұлы, «Моабит дәп­тері» сияқты талантты дүние қал­дыр­ған татар ақыны Мұса Жә­лел тағ­дырлары дәлел болса керек.
Қазір базарлы нарық балақтан тар­тып, етектен елі қалмай жүрсе де, шын талант иелері қаламын кідірт­кен жоқ. Аш қарындарын өзі жазған шығарманың шырайымен-ақ жұ­батып, алдан барша қаламдас біт­кен­нің арманына айналған ақжа­рыл­қап мезгілді асыға күтеді. Әри­не, әрбір адал еңбектің өтеуі, мон­шақ­тап төгілген маңдай тердің қай­та­рымы болуы тиіс. Мұны қы­зылор­да­лық қаламгер Бегімбай Ұзақ­баев­тың да ұстанымы деген жөн болар.
Жалықпай жазып, жақаурат­қанға жалбақтамай мақсат тұтқан биі­гіне құласа да сүрінбей, сүрінсе де бүгілмей жететін талант иесі болу кез келген қаламгерге бұйыра бер­мейтін бақыт. Осы үдеден жазушы Б.Ұзақбаев қолтаңбасын көрсек дей­­міз. Бұған қаламгердің кез кел­ген тарихи романын бас алмай оқып, көңіл тезінен өткізген кез кел­ген оқыр­манының көзі жетеді.
Қазақстан Жазушылар одағы­ның жыл сайынғы әдеби жыл қоры­тындысында проза жанры бойынша қызылордалық қаламгер Бегімбай Ұзақбаевтың жаңа кітаптары жайлы жағымды пікірлер айтылып жүр­ге­нін білеміз. Бұл оның қабілет-қары­мының, еңбекқорлығының қай­та­рымы болса керек. Үстіміздегі жы­лы өткен Қазақстан жазушы­лары­ның ке­зекті ХV Құрылтайында Бегім­бай­дың жаңа кітабына проза жанры бойынша хабарлама жасаған белгілі жазушы Нұрдәулет Ақыш басқа да қалам иелерімен бірге өз лебізін біл­діргенін құлағымыз шал­ды. Демек, Бе­гімбай прозашының тарихи тақы­рып­қа түрен тартқан тың туынды­лары да оқырман аясы­нан табылады деген сөз бұл. Ендеше Бекең жетпіс жасқа құралақан келген жоқ. Барша саналы ғұмырын қазақ әдебиеті атты киелі шаңырақтың тарихи проза ар­насына таңдау жасаған Сыр бойын­дағы қалам иесі Б.Ұзақбаев­тың әлі де бергенінен берері мол екеніне күмәніміз жоқ. Тарихта жасаған тұл­ғалардың өмірінен көркем шығарма туғызу кез келген қаламгердің маң­дайына жазыла бермеген бақыт, та­лантына бұйыра бермеген талап. Сол салада қаламын – қайық, шабытын – желкен етіп әдебиеттің шалқар айдынында жүзіп жүрген Бегімбай Ұзақбаевтың ұзақ жылғы шығарма­шы­лық еңбегі жеміссіз, талабы та­быссыз емес.
Арал, Қазалы аудандарының Құр­метті азаматы, Қызылорда об­лысы әкімінің жыл сайынғы сала үз­діктеріне берілетін стипендия­сы­ның үш мәрте жүлдегері атанған ақиық қаламгер.
Тұлғаларды тарихи,
Талмай жазып өтті ісің.
Кейіпкерлерің сияқты,
Сен өзің де тектісің.
Туғызар сан роман,
Бар бойыңда көп күшің.
Құтты болсын ендеше,
Асқар таудай 70-ің!

Толыбай АБЫЛАЕВ.
Қызылорда.

Пікір қосу