Ұстаз ұлағаты

0
113 қаралды
Кез келген адамның өмірінде, сол адамның өмір жолын, болашағының бағыт-бағдарын анықтайтын, мақсат-мүдделерінің айқындалуына ықпал ететін ерекше тұлғалар болады. Менің де өмір жолымның сараланып, ұстаз-ғалым болып қалыптасуыма үлкен дәрежеде ықпал еткен тұлға бар, ол – бүгінде жетпістің төріне шығып отырған дара тұлға – тарих ғылымының докторы, профессор, еліміздің бірқатар академияларының, соның ішінде, Әлеуметтік ғылымдар, Гуманитарлық ғылымдар Академияларының академигі, ҚР ҰҒА Құрметті академигі Қалқаман Тұрсынұлы Жұмағұлов екендігін мақтанышпен айтқым келеді.
1948 жылы жер жәннаты – Жетісу же­рін­де дүниеге келген Қалқаман Тұрсынұлы 1966-1972 ж.ж. аралығында қазақ білімінің қара шаңырағы – кезіндегі С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университеті (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) тарих факультетінің арнаулы бөлімінде білім алып, университетті «Шет тілін меңгерген тарих­шы» мамандығымен тәмамдады. Оқу орнын үздік бітірген жас маман жалпы тарих кафедрасына оқытушылыққа қалдырылды. Содан бері осы кафедрада 50 жылға таяу үздіксіз қызмет етіп келе жатқан Қалқаман Тұрсынұлының еңбек кітапшасында бір ғана жазба бар – ол ҚазҰУ деген сөз. Атал­мыш оқу орнында ассистенттен профессорға дейінгі кәсіби өсу жолынан өткен Қалқаман Тұрсынұлы университеттегі басқару-ұйымдастыру жұмыстарына да атсалысып, екі мәрте факультет деканы, 25 жыл бойына қатарынан кафедра меңгерушісі қызметтерін атқарды. 1983 жылы Мәскеуде, КСРО ҒА Жалпы тарих Институтында кандидаттық диссертациясын, ал 1997 жылы «Халықтар­дың Ұлы қоныс аударуына дейінгі герман қоғамы дамуының негізгі мәселелері» атты тақырыптағы докторлық диссертациясын табысты қорғады.
Қайта құру мен КСРО ыдырауына тұс­па-тұс келген өте бір күрделі өтпелі дәуірде, 1987-1992 жылдары Қ.Т. Жұмағұлов факуль­тет деканы ретінде оқу-тәрбие процесін жетілдіру мен факультеттің ғылыми-зерттеу жұмыстарын үйлестіру ісінде көп шаруа тындырды. Оның бастамасымен ҚазҰУ-дың тарих факультетінде алғаш рет жаңа маман­дықтар мен мамандану топтары ашылды (саясаттану, тарихшы-мұрағаттану­шы, мура­жайтану). 1989 жылы декан Қ.Т. Жұ­мағұлов бастамасымен алғаш рет ол кездегі бүкіл Орта Азия мен Қазақстан аумағындағы жалғыз жалпы тарих бойынша кандидаттық диссертация қорғау Ғылыми Кеңесі ашылды («КСРО тарихы» мамандығымен бірлескен Кеңес). Осы Кеңесте көршілес одақтас республикалардан да аспиранттар мен іздену­шілер келіп қорғайтын. Тарих фа­куль­те­тінің студенттер саны ол жылдары күндізгі және сырттай бөлімдер бойынша 1600-ге тарта болатын. Тарих факультеті көптеген көрсеткіштер бойынша университеттегі алдыңғы орындарда болды.
Қ.Т Жұмағұловтың декандық қызметінің екінші мерзімінде де 2000 жылдары көптеген шар­уалар жасалды, уақыт талабына жауап беретін жаңа пәнаралық мамандықтар бойынша кадр дайындау басталды. «Тарих­нама және деректану» мамандығы ашылды, магистранттар, аспиранттар мен стажерлар саны артып, докторантураға қабылдау өсті. Сонымен қатар, ең маңыздысы, факультет Германия, Түркия, Австрия, Франция, Дания, Швейцария, Қытай, АҚШ, Польша, Канада, Жапония, Иран және басқа да алыс-жақын шетелдердің бірқатар универ­си­тет­терімен, ұйымдарымен ғылыми байла­ныс орнатты.
Тәуелсіздік алғаннан кейін БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдарға кірген тәуелсіз Қазақстан Республикасының ал­дында тарих ғылымы мен тарихи білім берудің негізгі бағыттарының бірі – әлемдік тарих бойынша өзінің ғылыми-педагогика­лық кадрларын дайындау қажеттігі тұрды. Осы орайда Қ.Т. Жұмағұловтың жалпы тарих кафедрасының негізінде жаңа кафедра, атап айтқанда ерте дүние және орта ғасырлар тарихы кафедрасын ашу бағытындағы еңбегі ерекше маңызға ие болды. Қалқаман Тұр­сынұлы аталмыш кафедраның негізін қалап, оның тұңғыш меңгерушісі болды. Бұдан кейінгі уақытта ол осы жаңа, маман дайын­даушы кафедраның жұмыстарымен толықтай шұғылдануға ойысып кетті. Кафедра бүгінгі келбетіне ие болып, танымал болғанға дейін оған көптеген, күрделі жұмыстарды атқаруға тура келді.
Профессор Жұмағұловтың сан-салалы қызметінің ішінде білім беруді ұйымдастыру­мен қатар ғылымның дамуын жолға қою бағытын да ерекше бөліп көрсетуге болады. Ол бірқатар жылдар бойы әл-Фараби атын­дағы Қазақ Ұлттық университеті жанындағы Д 14А.01.32 Диссертациялық кеңесін 07.00.02 – Отандық тарих (Қазақстан Республикасы тарихы); 07.00.03 – Жалпы тарих; 07.00.09 – Тарихнама, деректану және тарихи зерттеу әдістері; 07.00.15 – Халықаралық қатынастар және сыртқы саясат тарихы мамандықтары бойынша басқарған кезінде республикамызда ғылым докторлары мен кандидаттарын, сондай-ақ, PhD докторларын дайындау ісіне зор үлес қосты. Профессор Қ.Т. Жұма­ғұлов дүние жүзі тарихы бойынша ғылыми мектеп қалыптастырды. Оның жетекші­лі­гімен 3 ғылым докторы, 16 ғылым кандидаты, 6 PhD докторы диссертацияларын қорға­ды.
Профессор Қ.Т.Жұмағұлов бірқатар жылдардан бері Болония үдерісі елдерімен белсенді әріптестік қызметін жалғастырып келеді. Оның бастамасымен дүние жүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасы, университетте алғашқылардың бірі болып Германия, Италия және т.б. елдердің университеттерімен тығыз бай­ла­ныста PhD докторларын дайындауды бастады. Білім беру ісін интер­нацио­на­лизация­лау және университет имиджін одан әрі көтеру бағытындағы аса маңызды же­тіс­тік әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен әлемнің белгілі университеттерінің бірі – Ла-Са­пиен­за университетімен қос диплом бойын­ша мамандар дайындау туралы Меморандумға қол қойылуы болды. Бұл келісім проф. Қ.Т. Жұмағұловтың Ла Сапиенза университетінің профессоры Фабио Грасси, университет проректоры Антонелло Биаджини және басқа да университет басшыларымен жүр­гіз­ген ұзаққа созылған, тыңғылықты жұ­мы­сының нәтижесі еді.
Профессор Қ.Т. Жұмағұловтың ғылыми-педагогикалық қызметінің үлкен бір бағыты ғылыми-зерттеу жұмыстарымен тереңінен айналысу болып табылады. Ол ерте орт­а­ғасырлар дәуіріндегі герман халықтарын­дағы қоғамдық қатынастар генезисінің теориялық аспектілерін зерттеуге зор үлес қосты, шет тіл­де­ріндегі жазба деректер мен қазіргі ар­хе­ол­огиялық деректер, этнология, антро­поло­гия, лингвистика, сондай-ақ бірқатар жара­тылыстану ғылымы мен
XX ғ. екінші жартысы – XXI ғ. басындағы пәнаралық ізденістер негізінде аталған мәселе­лерге кең талдау жасады. Сондықтан да профессор Жұмағұловты қазақтан шыққан тұңғыш медиевист-ғалым деп мақтанышпен айта аламыз. Жүргізген зерттеулерінің нәтижеле­рін профессор өз монографияла­рында, оқулықтарында, оқу құралдарында, оқу-әдістемелік басылымдары мен мақала­ларында жариялап отырады. Қазіргі таңда профес­сордың қаламынан шыққан 400-ден аса еңбек жарық көріп отыр.
2013 ж. бастап Қ.Т. Жұмағұлов Дүниежүзі тарихын зерттеу бойынша Республикалық ғылыми-зерттеу институтының директоры болып табылады. «Халық тарих толқынында» Мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2014-2015 жж. екі мәрте Римге Ватиканның Апостол кітапханасының қорлары мен бөлімдерінде және Ла-Сапиенза универси­теті­нің кітапханасында ғылыми іс-сапарда болған профессор Қ.Т. Жұмағұлов, Батыс және Шығыс, Ұлы Жібек жолы және Қазақ хандығының тарихына қатысты латын, көне герман тілдерінде жаңа деректік мәліметтер анықтады. Әлемдік тарихтың ғаламдық мәселелерін зерттей жүріп, профессор Еу­ропа мен Еуразия және Орталық Азия тарихы бойынша тарих ғылымының дамуына орасан зор үлес қосты.
Ғылым мен білім беру ісіндегі қомақты табыстары, кафедра меңгерушісі қызметінде 25 жыл бойы үздіксіз атқарған еңбегі үшін Ғылыми кеңес шешімімен 2016 жылы про­фессор Қ.Т. Жұмағұловқа «әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ-нің Құрметті кафедра мең­герушісі» деген атақ берілді.
Профессордың қажырлы еңбегі, сондай-ақ жоғарғы деңгейлі мемлекеттік марапат­тау­лармен де атап өтілді. ҚР Президенті
Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен профессор Қ.Т. Жұмағұлов «Құрмет» орденімен (2006), cондай-ақ бірқатар медальдармен, атап айтқанда «ҚР ғылымы дамуындағы еңбегі үшін», «Ы.Алтынсарин», әл-Фарабидің үлкен Күміс медалімен, А.Байтұрсынов атындағы қола медалімен марапатталды. Ол ҚР Білім беру ісінің құрметті жұмыскері, бірқатар шетелдік және отандық универси­теттердің Құрметті профессоры. «2006 жылғы ЖОО үздік оқытушысы» республикалық грантының жеңімпазы.
Жуырда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да профессордың 70-жылдық мерейтойына арналған Халықаралық ғылыми-теориялық конференция болып өтті. Конференция жұмысына еліміздің айтулы ғалымдарымен қатар алыс-жақын шетелдерден де қонақтар келіп қатысты. Мерекелік салтанатты жиын­да профессордың ғылыми-педагогикалық, қайраткерлік қызметтері жоғары бағаланып, бірқатар жоғары деңгейдегі марапаттарға ие болды. Солардың қатарында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың дамуына қосқан айрықша үлесі үшін әл-Фарабидің «Үлкен Алтын» медалімен, Қазақстан Республикасы ЖОО қауымдастығы еліміздің жоғары білім беру жүйесінің дамуына және жас буын мамандарды дайындауға қосқан зор үлесі үшін А. Байтұрсынов атындағы алтын медалімен, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті білім мен ғылымға қос­қан айрықша үлесі үшін «Күлтегін» медалі­мен, ҚР Ұлттық инженерлік Академиясы тарих ғылымының дамуына қосқан үлкен еңбегі үшін Қазақ ССР Ғылым академиясы­ның президенті академик Ш. Шокин атын­дағы медалімен марапаттады. Бұл марапат­таулар Қалқаман Тұрсынұлының жас ұрпақты тәрбиелеудегі, жоғары білікті мамандар даярлаудағы ұзақ жылдар бойғы қажырлы еңбегінің жемісі деп білеміз.
Көріп отырғанымыздай, Қалқаман Тұрсынұлы ұстаздық, ғалымдық пен ұйым­дастырушылық қызметтерін өзара ұштастыра білген бірегей тұлға. Ол кісінің мектебінен түлеп шыққан шәкірттері, біздер, ұстазымыз­дың осы ізгі қасиеттерін әрдайым үлгі тұтып, өз бойымызға сіңіруге тырысамыз.

 

Ерке Қартабаева,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті, т.ғ.к.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.