Ұстаз, қаламгер, ақылшы
Мен Қажығалым аға туралы естелігімді сәл шегініспен, кешегі қазақ халқының басына түскен зұлмат жылдардан бастағым келіп отыр. 1931-1933 жылғы аштықтан 2 миллион қазақ қырылып, қырық миллионнан астам мал саны төрт миллионға дейін құлдырапты. Аштықтан бұратылған ел Тарбағатайдың күнгейі арқылы Қытайға босыпты. Ұрпақты сақтап қалудың қамын ойлаған Мұқанның ұрпақтары да Қытай асып, Шағантоғайды мекендеген. 1938 жылы «Дөңгелек ши» деген жерде дүниеге сәби келді. Болашақта өзі қажы, өзі ғалым болсын деген көрегендікпен баланың атын ата-анасы Қажығалым деп қойды.
1958 жылы Қажығалым Мұқанов Шәуешек қаласындағы мұғалім даярлайтын гимназияға түсіп, бастауыш сынып мұғалімі маманы болып шығады. Сосын алты жыл ұстаздық қызмет атқарды. Осы алты жылда Қытай жеріндегі қазақ ұлтынын жай-күйін жоғары жаққа жеткіземін деп оңшыл, ұлтшыл деген атаққа қалып, істі болып кете жаздаған. Сол кездегі өзінің үзенгілес досы ақын Ерғазы Рахимовпен жай хат алысып тұрған. Ол кезде Ерғазы – Үрімжіде Шыңжан институтында студент. Екеуара жазысқан хаттарында атақты «Қылмыс» романының авторы, өмірінің қырық жылын түрмеде өткізген жазушы Қажығұмар Шабданұлының сол кездегі әрекеттері сөз болған. Осы хаттар «Ашылып сайрау» саяси науқанын жүргізетін активтерден құрылған топтың қолына түседі де, 1960 жылдың Жаңақалада аудан мектептерінің бас қосқан жиынында «Үкіметке қарсы астыртын ұйымыңды әшкереле, қылмысыңды мойныңа ал» деген тергеуде болады. Әдебиетке жастайынан жаны құмар Қажекең Үрімжіде шығатын «Шұғыла» журналына бірнеше мақала, әңгімелер жариялап тұрды. 1958 жылы «Ұлжалғас», «Батыр шопан» атты әңгімелері жарияланды.
1962 жылдың 24 сәуір күні совет-қытай шекарасы бір мезетке ашылғанда 22 жастағы жас жігіт жұбайы Фарида екеуі Қазақстанға – сол кездегі советтік Қазақстанға оралды. Түп атасы Бәйжігіт, бергі атасы Туматайдың ата қонысын аңсап келгені белгілі. Қытайда туса да, әкесінің туған жері, қыстауы, жайлауы барлығын айтып отыратыны есінде қалыпты. Барқытбелдің бауырындағы, кезіндегі ата-бабаларының жайлауы болған Көлденең, Көкөзек, Қаратұма, Салқынбел аталған жайлаулардың орнына Аксаковка, Кировка, Ириновка, Андреевка, Алексеевка, т.с.с. орысша аталған ауылдардың орнағанын көргенде, орыстанып кеткен Үржарын көргенде, Қажекең қатты қапаланған.
«Ата қоныс» кітабында ол: «Аксаковка кеңсесіндегі бастықтар түгел орыстар. Олар қазақтың төбесі көрінсе-ақ малға орналастырады. Қазақты мал баққаннан басқаға шамасы келмейтін жабайы халық деп ұғады. Бұл көзқарас Қытайдан біз келген соң тіпті күшейгендей көрінді. Ол кезде халықтың тұрмысы тіпті төмен. Бұл ауылдағы он шақты қазақ отбасы отыз екінші ашаршылық жылы Тарбағатайдың арғы бетінен астығы мол Үржарға шұбырып келіп, осында тұрақтап қалған. Ауылдағы орта мектеп орыс тілінде болғандықтан күзде мектеп жасындағы барлық балалар еріксіз орыс класында еріксіз оқыды. Арғы жақта араб әріпінде жазып оқыған балалар бір класс төмендетіліп, жасының үлкейіп қалғанына қарамай, бір ауыз тіл білмесе де, орыс тіліндегі пәндерді көздері жаутандап жетім баладай еріксіз тыңдауға мәжбүр болды. Мұғалімнің не айтып, не қойып жатқанын ешқайсысы ұғынып жатқан жоқ. Көпе-көрнеу қиянат көрді. Сол жылғы балалардың көбі-ақ кейіннен сиыршы, қойшы болып кетті», – деп жазады.
1963 жылдың 25 тамызында Қажығалым Мұқанов «Жаңа тілек» бастауыш мектебіне мұғалім болып орналасты. 1964 жылы 21 қыркүйегінен Карл Маркс атындағы бастауыш мектебінің меңгерушісі болып тағайындалды. 1965 жылы КазПИ-ге оқуға түсіп, 1969 жылы бітіріп шықты.
Жалпы, Мұқанов Қажығалым ағамыздың жүріп өткен өмір белестерін үш бағытта қарастырған жөн.
Біріншісі – ұстаздық жолы. Жарты ғасыр ерінбей, жалықпай ұстаздық ету екінің бірінің қолынан келе қоймас. Осы елу жыл ішінде ұстаз алдынан қаншама ұрпақ білім алып шықты. Ол үнемі шәкірттерімен тығыз қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына алаңдаған. «Ұстаз болу – өз уақытынды аямау, өзгенің уақытын аялау» деп француз ойшылы Жан-Жак Руссо айтпақшы, Қажығалым ағамыз – ғұмырының жартысынан астамын ұрпақ тәрбиелеуге арнаған адам.
Ол 1955 жылдан 2007 жылға дейін «Көлденең» орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді. 2000 жылдың тамыз айында сол уақыттағы Үржар аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Құсмилия Нұрқасымов мені осы мектептің директоры етіп тағайындап, Қажығалым ағамен таныстырып тұрып: «Қажеке, орыстанып кеткен орыс мектебіне қазақы ортада тәрбиеленген қазақылығы басымдау директорды тағайындадым. Көңіліңізден шығар деген ойдамын» деген. Менің бақытыма Қажекеңмен 8 жыл бірге жұмыс істеу бұйырыпты. Бірбеткей еді. Ұлықсың ба, төресің бе, бетің бар, жүзің бар демей айтып салатын. Бір басына жететін қырсықтығы да бар еді. Әсіресе жалғандыққа жаны төзбейтін. Тіл жанашыры еді. Біраз жыл аудандық «Қазақ тілі» қоғамын басқарғаны бар.
Екінші қыры – жазушылығы. Алғашқы әңгімелері Қазақстанда 1964 жылдан бастап республикалық газет-журналдарда жарияланған. «Бәйшешек» атты жинаққа «Үзілмеген гүл» әңгімесі енген. 1980 жылы «Соңғы қоңырау», 1984 жылы «Ақ бұршақ», 2005 жылы «Аққудың сағынышы», 2008 жылы «Ата қоңыс» кітабы жарық көрді. «Ата қоңыс» кітабында қазір Қытай жеріне айналып кеткен Еміл өзенінің бойы Мойынталдың қалың қопасы, шабындығы мол, кең өрісті Бөрнекей, Құлыстай бойы жақсы суреттеледі. Бұл жерлерді бабасы Қаракерей Қабанбай нағашысы мұрын елі ішіндегі мырзас руынан шыққан атақты би Боранбай бастатқан қазақ батырларының жоңғардан азат етіп исі Найманға, оның ішінде Бәйжігіт ұрпағы Мәмбетке ата қоңыс етіп бөліп берген. Кешегі орыс-қытай шекара бөлісінде Бәйжігіттің қыстауы беріде, жайлауы Қытайда қалған. Қайран Атақоңыс!
«Ата қоңыс» кітабының оқиғасы атасының немересі Олжасқа тарихи оқиғаларды баяндауы арқылы өрбіп отырады. 90-жылдардың ортасында атақты ақын Олжас Сүлейменов келгенде ырымдап, осы немересінің атын Олжас қойып еді. Жазушының «Аққудың сағынышы» атты кітабында кейінгі ұрпаққа тәрбиелік мәні бар бірнеше әңгімелері мен Қаракерей Қабанбай, Нарбота, Оспан, Орақбай, Ту түбінде тулап өткен Қазымбет және Би Боранбай батырлар жайындағы деректер еңгізілген. Адал махаббаттың символы «Аққудың сағынышы» новелласы өзінің жан жары, аяулы анамыз Фариза Әбішқызына арналған.
Өмірінің соңғы жылдарында 1995 жылдан 2007 жылға дейін «Көлденең» орта мектебінде қызмет істеді. 2005 жылы желтоқсан айында Меккеге тәу етіп, қажы атанып қайтты. 2007 жылдан бастап өмірінің соңы 2012 жылға дейін дін жолында мешітте шәкірт тәрбиелеп, ауыл имамының ақылшысы болды.
– Бұл өмірдің қызығы махаббатпен,
Көрге кірсең үлгілі жақсы атақпен.
Арттағыға сөзің мен ісің қалса,
Өлсең де өлмегенмен боласың тең, – деп тамаша айтқан.
Қажығалым Мұқанов – өлмеген адам. Артында өзі тәрбиелеген мыңдаған шәкірті менен оқырмандарына арнаған хаты қалған адам.
Кенжебай Жаңғұлы,
Үржар ауданы,
Абай облысы