Ұстаз (аңыз-дастан)
03.12.2022
1224
0

Тілеуғазы БЕЙСЕМБЕК

Баласын ерте заманда
Медресеге ел беріпті.
Тапшы кезде маманға,
Жас мұғалім келіпті.

Білімді екен жан-жақты,
Білгірі сансыз саланың.
Білімімен шам жақты,
Көкірегіне баланың.

Балалардың талпынған
Зердесіне ой салды.
Алғыс алды халқынан,
Мінезімен байсалды.

Білдірді ел ырзалық,
Құрмет­теді ата-ана.
Үлкендерді ырза ғып,
Алып жүрді бата да.

Білім деген айдында,
Еркін жүзген балықтай.
Балалардың алдында,
Үйретуден жалықпай,

Сезіп өзін бақыт­ты,
Шытпапты бір қабағын.
Білгірлікпен оқыт­ты
Жағырапия сабағын.

Алгебра есебін,
Түсіндірген жайып кең.
Ұғынбадым десе кім,
Айтып берген байыппен.

Ойға терең бойлауды,
Талап еткен баладан.
Пәлсапалық ойлауды
Ниетімен қалаған.

Он саусағы күйге епті,
Думандат­ты той күні.
Балаларға үйрет­ті
Шахмат­ты, дойбыны.

Бал арадай гүліңнің,
Бал шырынын сімірген.
Шәкірт­тері білімнің,
Нәрін бойға сіңірген.

Медресеге баратын,
Кедей-кепшік баласы.
Нақты білім алатын,
Көп білуге таласып.

Осы топта алайда,
Ханның ұлы бар еді.
Үйренген кең сарайға,
Мектеп оған тар еді.

Оқытуға сарайда,
Жетеді хан құзыры.
Әлде әке қалай ма,
Түзелгенін бұзығы?

Көрсін дей ме көзімен
Кедейлердің тұрмысын?
Көрсін дей ме өзімен,
Салыстырып құрбысын?

Босқа өт­ті әр күні,
Түсінбеді ұл бірақ.
Күннен-күнге тәртібі,
Бара жат­ты құлдырап.

Ұлдарды өзі қатарлы
Кем санап, өзін зор тұт­ты.
Әйгілі ханның қаһарлы
Ұлымын деп қорқыт­ты.
Ұстазының сөзін де
Құлағына аспады.
Биік санап өзін де,
Әкесімен жасқады.

Мінезі де оңбады,
Айтқанынан қайтпады.
Мынау болды сондағы
Ұстазына айтқаны:

«Маған дауыс көтермей,
Жөн ғой ойланғаныңыз.
Мақсатыңыз өтелмей,
Қыршын кетер жаныңыз.

Сізге қанша айтамыз,
Бөлек біздің жолымыз.
«Екі» қойып байқаңыз,
Төртеу болса қолыңыз.

Аласарып өріңіз,
Домаласын тасыңыз.
Әкеме айтып көріңіз,
Екеу болса басыңыз».

Бала сөзін қоймады,
Ұстаз білді талғамын.
Көрейін деп ойлады,
Тағдыр басқа салғанын.

Кім түсінер бұл халін,
Басқа амалы қалды ма?
Шыдай алмай мұғалім,
Барды ханның алдына.

«Алдыңызда құлыңыз,
Кешіріңіз, тақсыр хан.
Оқымайды ұлыңыз,
Сабағымды тапсырған.

Бар ғой сіздей панасы,
Ерке демей не деймін.
Кем де емес санасы,
Баласынан кедейдің.

Білімге деген арыны,
Салқындаса не шара.
Жетіп тұрып қарымы,
Талпынбаса бишара.

Қамқорлық пен туғалы
Көргені тек сый-атақ.
Ал мінезі туралы
Айту тіпті ұят-ақ».

Ызалы ұстаз күйінген,
Сөздері ащы өрілді.
Қабағы ханның түйілген,
Қаһарлы болып көрінді.
Хан тұрғанда тағынан,
Қолында аса таяғы,
Адасып ұстаз бағынан,
Дірілдеп кет­ті аяғы.

Хан қасына келді де,
Еріндері жыбырлап,
Құлағына бірдеңе
Айтып жат­ты сыбырлап.

Ханның айтқан сөздері,
Бәлкім, шоқ боп маздады.
Шарасынан көздері,
Шығып кете жаздады.

Байғұс ұстаз шошыды:
«Сізді қалай алдаймын?
Кешіріңіз, осыны
Мен орындай алмаймын».

Білмей қалай басуды,
Толқып тұрған көңілін.
Хан айтыпты ашулы:
«Қымбат болса өмірің,
Мені тыңда енді сен,
Мен сөзіңді бөлмедім.
Хан болатын, сен білсең,
Мұрагерім ол менің.
Мейірімді, саналы
Болса менің бағыма,
Оның да бағы жанады,
Отырғызам тағыма.

Топас боп, алмай тілімді,
Мазағына талайдың
Қалмауы үшін білімді
Хан болғанын қалаймын.

Тани алмай жақынды,
Қарғысын да талайдың.
Алмауы үшін ақылды
Хан болғанын қалаймын».

Ұстаз сонда түсінді,
«Мақұл» депті мойындап.
«Орындай алсам ісімді»,
Деген күдік ойында.

Айту қиын бұл халін,
Тірі шықты, ал бірақ,
Хан-сарайдан мұғалім
Қайт­ты басы салбырап.

Бір күдікті ойынан
Десе-дағы қуайын,
Үрей кетпей бойынан,
Шырмап алды уайым.

Түнде ілінбей кірпігі,
Ұйқысы түнеп қабақта.
Жүргенде хан бір күні,
Кіріп келді сабаққа.

Ханды айтса болғаны,
Дүрсілдейтін жүрегі.
Осы күнді толғанып,
Көптен күтіп жүр еді.

Жүзіне салмай кірбің із,
Сөзді айт­ты хан тапсырған:
«Рұқсатсыз неге кірдіңіз?
Шығыңыз, кәні, тақсыр хан!»

Осыны айтып, жігіт­тің
Жүзін алау шарпыды.
Көрінді шеті үміт­тің,
Ханның сөзі арқылы.

Айт­ты ма хан есіркеп,
Болар, бәлкім, шын ұққан.
Хан иіліп, «кешір» деп,
Шығып кет­ті сыныптан.

Іс болды бір ғажайып,
Ұстаздың асып беделі,
Тәртіп бұзу азайып,
Ұстаздың болды дегені.

Хан ұлы ашпай қабағын,
Ойланды: «ханға зекіді,
Оқымасам сабағын,
Қоя салар «екіні».

Сүмірейіп екі алсаң,
Хан алдында тұрасың.
Білімсізге қатал хан
Қалдырмайды мұрасын».

Содан былай бәрі де,
Хан ұлы да өзгерді.
Мән беріп білім нәріне,
«Оқимын» деп сөз берді.

Орнады тәртіп, ептеп те,
Көтерілді үлгерім.
Балалар осы мектепте
Өткізді жарқын күндерін…

Тәлім берген қыс-жазы,
Ұстазыңдай жан бар ма?
Шәкірт түгіл ұстазды
Құрмет­теген хандар да.

Ұстазың болса дарынды,
Ол – мәуелі саябақ.
Балалар, ұстаздарыңды,
Қадірлеңдер аялап.

Жақсы болса, ол сенің
Ақылшың да, досың да.
Болашаққа мол сенім,
Ізгілік те осында.

Ұқсайтыны бар тіпті,
Пейілі аппақ дәкеге.
Ұстанған қатаң тәртіпті,
Бола алады әке де.

Білімді кім өшірер,
Сіңіп қалған санаңа.
Еркелетіп өсірер,
Бола алады ана да.

Құмарт білім нәріне,
Ерте деме, кеш деме.
Түсіндіріп бәріңе,
Дәметпейді ештеңе.

Еңбегі үшін талайғы,
Ұнатпайды сыйды кім?!
Ол құрмет­ті қалайды,
Керек емес сыйлығың.

Қылығыңа сүйініп,
Соған көңілі толады:
Көрген жерде иіліп,
Сәлем берсең болады.

Таза сақта арыңды,
Ар бар жерде – иман бар.
Балалар, ұстаздарыңды
Құрмет­теңдер, сыйлаңдар!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір