ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ТЕАТРЫ

0
328 қаралды

Гүлжиһан Нұрышева,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымының докторы, профессор


Елбасы Н.Ә.Назарбаев бастаған мемлекеттік делегация ескі жылдың қараша айында Минск қаласында болып, екі елдің арасындағы ынтымақтастық пен әріптестікті нығайта түсуге бағытталған жаңа келісімдерге қол жеткізгені белгілі. Бұл делегацияның құрамында еліміздің жоғары оқу орындарының көшбасшысы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің өкілдері де болды. Мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық байланыс­тарды дамыту мақсатындағы шаралар аясында өткен Беларусь және Қазақстан республикаларының жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының Ғылым және Білім консорциумының қызметін қадағалау комиссиясының
VI мәжілісінде ҚазҰУ ректоры, академик Ғ.М.Мұтановтың «4.0 Университет моделі» баяндамасы осы жиынға қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды. Әрқашан да тың идеялар ұсынып, қоғамдық сананың дамуынан бірнеше қадам алға жүретін ғалым басшының жаңа идеясы елді бұл жолы да, жылдың соңында Мәскеуге сапары барысында «Сколково» ғылыми-инновациялық Орталығында да елең еткізді.

Енді міне, бұл идея жетілдіріле түсіп, «4.0 Университет» моделінің не­гізіне айналды. «1.0 Университет» тек білім беруге, «2.0 Универси­тет» – білім беру мен зерттеулерге, «3.0 Университет» – білім беру, зерт­теулер және ком­мер­ция­лан­дыру­ға бағытталса, «4.0 Университет» білім беру, зерттеулер, коммер­ция­лан­дыру­мен қатар, уни­верситеттердің рухани-адамгерші­ліктік миссиясына назар аударып отыр. Ар-намыс пен ұжданды, көргендік пен тәр­биелілікті бәрінен жоғары қойған қа­зақ халқының ұлттық ұстаны­мы­мен, әл-Фарабидің ізгілік ілі­мі­мен ұштасқан бұл модельдің «Бо­ла­ш­аққа бағдар: рухани жаңғыру» мем­лекеттік жобасымен үндестігі айт­пасақ та түсінікті.
Испанияның көрнекті ақын-дра­матургі Федерико Гарсиа Лорка театр туралы: «Театр, сірә, елді қай­та өркендетудің ең мықты және се­німді құралы: театр, барометр се­кілді, ұлттың биіктеуін немесе құл­дырауын көрсетеді. Театр аз­да­ған жылдың ішінде тұтас халықтың сезім­дерінің бейнесін өзгертуге де, ұлтты аздырып, ұйқыға батыруға да қабілетті» деп өте дұрыс айт­қан.
Осы ойлардың ақиқаттығына қа­зақтың әкемтеатры атанған
М.Әуезов атындағы драма теат­ры­ның «Ақ­тастағы Ахико» қойы­лы­мын көргенде көзіміз жеткендей бол­ды. Қойылым жалпы алғанда жақ­сы шыққан. Постмодернистік мәнердегі әңгімелерімен, аздап әзілдеп айтсақ, жұртты шошындыратын жас жазушы Мәдина Омарова сапалы драматургия дайын­дап­ты. Режиссер Асхат Мае­мировтің қойы­лымында қазақ тағдырының көп­теген күрделі мәселелері қам­тылуы дұрыс деп ойлаймыз. Идео­логиялық мазмұны басым болып кет­кен жоқ па деген сыни пікірлерге айтарымыз: онсыз театр болмайды, қазақтың қасіреті туралы өнердің осын­дай түрлері арқылы айтылмаса, қайда айтылады және кім айтады? Театрға желтоқсанның басында барған жастарымыз қойылымнан жылап шығып, «Тәуелсіздік алға­ны­мыз қандай жақсы» деген көзқа­рас­тарын сол жерде, ешкім мәж­бүрлеп айтқызбай-ақ білдірді. Бұл – өнердің тәрбиелік-көзқарастық қызметінің нәтижесі.
Қойылымдағы мықты образ­дар­дың тағы бірі – актер Бекжан Тұ­рыс сомдаған Ақай Қасен. Ак­тер­­лік дарыны әлдеқашан-ақ мойындалған Дулыға Ақмолда Аки­хоның рөлінде өзін кемелденген сахна шебері еке­нін тағы бір рет дәлелдеді.
Көрермен екі сағатқа жуық уа­қыт­тың бір демде өте шыққанын бай­қамай да қалды. Тәуелсіз елдің теат­ры осындай болуы тиіс деген ой келді: тың тақырып, сапалы дра­матургия, шебер режиссер, ой­лы суретші (К.Құрманбекова), жақ­сы сазды көркемдеу (А.Мышбаев), өз ісіне шын берілген, өнерді сүйетін актер және осының бәрінің бір мақсатқа жету жолында бірігуі. Суретші ұсынған темір тор идеясы өте мықты, себебі сол заманның бү­кіл мазмұнын толық жеткізіп, тәуел­сіздік пен құлдықтың ара-жі­гін ашып көрсетіп тұр.
Қойылымда орыс театрының ізі­мен қалыптасқан айқай-шу көп. «Ақ­тастағы Ахиконы» сахнаға дайын­дауға Жапония елшілігінің ма­мандары да өз үлестерін қосып, кеңес беріп отырды деп естігенбіз. Мүмкін олар да ескерткен шығар, не­гізі жапон халқы эмоциясын ашық көрсетпейді. Мысалы, бар­қы­рап айқайлау түгілі, жай құшақ­тасу, бірі-бірінің арқасынан қағу жа­пондарға жат. Бірнеше жыл көр­меген анасымен көзімен ғана аман­дас­қан жапондықты да өмірде бай­қағанбыз. Екінші бір мәселе – Аки­хоның Қазақстанға қайта оралу себептері ашылыңқырамай қал­ған сияқты болып көрінді. Қа­ра­пайым қазақстандыққа ол түсі­нік­ті, бірақ қойылым мәтіні шетел­діктерге қазақтың кең мінезін, бауырмалдығын, мейірімділігін, үлкенге құрметі мен кішіге ізетін, биік адамгершілігін және т.б қа­сиеттерін сипаттайтын фило­со­фия­лық сөйлемдерді қажет етеді. Теат­р ұжымы осы спектакльді Жапонияда қойып, үлкен табыспен орал­ғаны белгілі, сол кезде өздері­нің отандастарының алыс Қазақ­стан­ды таңдау себептерін олар тү­сіне алды ма екен деген ой келді. Түсіне алған болса, тіпті жақсы!
Тағы бір ескертпе – театр мәде­ние­тіне байланысты. Театр киім іл­гіштен басталады демекші, қойы­лымнан аса қатты әсер алып, тол­қып шыққан балаларымыз киім­де­рін алып үлгермей жатып-ақ, фойе­дегі жарық тез сөндіріліп, абыр-сабыр басталды. Әрине, бұл дұрыс емес. Өнерді сағынып келген қонақтың бес-он минут асықпай киінуіне уақыт беру театр бюд­же­тіне аса көп зиян тигізе қоймас. Үне­мі қайталанатын осы әдеттен театр арылса екен тілек бар.

Пікір қосу