Қазақстан – ЕАЭО-ға мүше, бірақ Тәуелсіз Ел
08.04.2022
2040
0

Ресми Киев пен Мәскеу келіссөзге ыңғайланғанымен, Ресейдің Украина жерінде арнайы әскери операциямен жүрген қарулы жасағы кері шегініп бара жатып та, соңын қызыл жоса қан қылуда. Киевке таяу маңдағы Буча қалашығында қолына қару алып көрмеген адамдар ажал құшты. Бучалықтарды орыс әскері аяусыз атып, асқан. Танк пен өзге де әскери техникалардың табанына салып таптаған. Әйелдерге балаларының көзінше, қыздарға ата-аналарының алдында зорлық жасап, қиянат қылған. Алайда бұл сұмдықты Кремль тән алмай отыр. Тән алмау (мойындау) былай тұрсын, Буча қаласының көшелерінде жатқан мүрделерді өтірік деп, «бұның бәрі әртістердің ойыны» деп, бетбақтырмай отыр.

Мысалы, РФ сыртқы істер минис­трі Сергей Лавров Бучадағы қанды қырғынды фейк шабуыл – жалған ақпарат деуден танар емес. Оның айтуынша, Буча қаласының көшелерінде қырылып жатқан адамдардың бәрі – «әртістер».
«Олар оққа ұшып, танктің шынжыр табанының астында тапталып, ажал құшқан жандардың кейпіне еніп, әлемді шулатуда», – дейді Лавров.

«Байқадыңыздар ма, суретке тартып, бейнетаспаға түсірген соң, «мүрделердің» біріне жан бітіп, тіріліп кетті», – дегенді беті бүлк етпей айтып отырған да осы Лавров.

Сөздің құдайшылдығына жүгінсек, Бучада «Варфоломей түнін» жасап аттанған басқыншылардың әрекетін «жалған ақпарат» деу жаннан кешкен адамның ғана аузынан шықса керек… «Сергей Лавров осы сөзі үшін Гаага трибунасында жауап беретін болады» дейді әлем жұртшылығы. Алайда бейбіт өмірді қалайтын дүниежүзі халықтарының қарсылығы мен санкцияларға қарамастан Путин орыс армиясын Украинаға айдап салуда.

Наурыздың 5-і күні Ресейге санкцияның бесінші толқыны келіп жетті. Бұл санкцияда да орыс жерінің қазба-байлығын сыртқа шығармау жөнінде қатаң тыйым бар. Ресей 10 миллиард еуро көлемінде Еуропа елдеріне көмір экспорттайтын. Енді орыстың көмірін кәрі құрлықтың жұрты тұтынбайтын болды. Ресейдің алтын қоры да құнсыздануда. Еске түседі, осындай үздіксіз санкциялардың салдарынан КСРО күйреп, тарап тынып еді… КСРО-ның ыдырауын катастрофаға (апатқа) теңеп сөйлейтін Путин болса, санкциялардың салқыны тиіп, Федерация құрамындағы республикалар бүлінеді-ау деп қыңбайды да. Бір есептен Путиннің санкциялардан сақсына қоймайтын да жөні бар. Орыстың мұнайы мен газын, көмірі мен өзге де табиғи ресурстарын Еуропа сатып алмағанымен, «соның бәрін маған бер» деп, қолын созып, алақанын жайып отырған елдер жетіп артылады. Соның бірі жан саны миллиардтан асып кеткен – Үндістан. Қытай да орыстың мұнайын қорқыратып сора беруге бейіл. Түркия санкцияларға қосылмайтынын әу баста әйгіледі. АҚШ ым-жымы бір Еуропа мен Шығыс Еуропа мемлекеттеріне болмаса, төрткүл дүниенің жұртын түгел Ресейге қарсы санкцияға айдап сала алмайды. Путин осыны ішінен жақсы біледі, білгендіктен де білегін түріп алып Украинаны қолдайтын мемлекеттердің тұмсығының астында жұдырығын түйіп майдан ашуда.

Санкциялардың толқыны Ресеймен экономикалық һәм әскери одақтас Қазақстанды да айналып өтпесі белгілі. Ал Қазақстан өз кезегінде Ресейді айналып өтіп, санкция толқындарының алдын тосу үшін тұңғыш рет тәуелсіз талпыныс жасады. Бұл талпынысқа біз ерекше мән беруіміз керек. Егер ескі билік жүйесінде болсақ, осы күндері Кремльдің жалдап саясаткерлерінің аузын бағып, ғазиз жаннан түңіліп, бұршақтан басын қорғалаған торғайдай болып отыра берер ме едік, қайтер едік.
28-29 наурызда президент әкімшілігінің бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов пен президент әкімшілігі басшысының орынбасары – президенттің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Ержан Қазыхан Брюссельге жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында Тимур Сүлейменов euractiv тәуелсіз жалпы еуропалық медиа жүйесінің аға редакторы Георгий Готевке берген сұхбатында былай деді:

– Әрине, Ресей біздің өз жағында болғанымызды қалайды. Бірақ Қазақстан Украинаның территориялық тұтастығын құрметтейді. Біз, Қырым мен Донбастың Украинадан бөлек ел атанғанын мойындамағанбыз, мойындамаймыз да. Өйткені оларды БҰҰ мойындаған жоқ. Біз тек БҰҰ деңгейіндегі шешімдерді ғана құрметтейміз.
Рас, Қазақстан еуразиялық экономикалық одақтың және ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының мүшесі. Сондықтан біз Ресеймен экономикалық, әскери одақта еншілеспіз. Бірақ келісімшарттар нақты қазіргі жағдайға жүрмейді.

Сүлейменов санкция туралы да айт­ты.

– Сапарымыздың басты мақсаты, – деді ол, – қазіргі геосаяси дағдарыс жағдайын талқылау, Украинадағы соғыс қимылдарын, Ресейдің экономикасы мен қаржы жүйесіне салынып жатқан санкциялардың Қазақстанға әсерін жұмсарту жолдарын қарастыру.

Біз – Ресей, Беларусь және басқа елдермен экономикалық одақта болсақ та, санциялардың тәртібін сақтаймыз. Біз тым болмағанда, АҚШ пен ЕО елдері Қазақстанға екінші дәрежелі санкциялар салса дейміз. Сондай-ақ ЕО мен қарым-қатынасты кеңейту мәселесін кеңесуге де келдік.
Қазақстанның қақтығысқа қатысы жоқ (Украина-Ресей соғысын айтып отыр – ред). Иә, Қазақ­стан еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі, бірақ біз Тәуелсіз елміз.
Аталған одақтың атасы кім екені естеріңізде шығар, алайда бұл одақ айналып келгенде байтақ Қазақстанды Ресейдің қорыс-қопасынан шығармаудың айласы ғана болып шықты. Амал кем… тіпті ЕАЭО-ны Ресейдің агрессиясын болдырмау үшін амалдай тұру мақсатында қолдану қажет дегеннің өзінде Қазақстан қазір өте күрделі саяси-экономикалық ахуалды бастан өткеруде. Ал Ресейдің жалдап саясаткерлері бізге күн өткен сайын қысым жасап: «Қазақстан одақтас ел емес екен», «Қазақстанмен Украинадағы әскери операция аяқталған соң жақсылап сөйлесу керек екен» деп, қоқан-лоққы жасап бағуда.

Ресей саясаткерлері осылай одыраңдағанымен, Ресей әскерінің әлі өзінен әлденеше аз Украина халқына жете алмай, жеңіліс табуда. Ал қазақ мұнайын, біраз уақыттық іркілістен кейін, Новороссийск арқылы алып танкерлер Еуропа елдеріне тасмалдай бастады. «Ит үреді, керуен көшеді» деген – осы.

Д.Қасенұлы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір