Тәуелсіздік әдебиеті тәуелсіз сананы қалыптастырады
02.07.2021
2557
0

Тәуелсіздіктің отыз жылдық белесінде білім саласында қандай өзгерістер болды? Қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың заманауи методикасы қалыптасты ма? Мемлекеттік тілдің дамуы үшін «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндерін оқытудың маңызы қандай? Осы сұрақтар төңірегінде Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының директоры, білікті педагог Роза Сексоновамен әңгімелескен едік.

 НЕГЕ ОРАЛХАН БӨКЕЙ «АПАСЫНЫҢ АСТАУЫН» ЖОҚТАЙДЫ?

Роза Бозымбайқызы, биыл Тәуелсіздік алға­нымызға 30 жыл толып отыр. Осындай мезетте «Тәуелсіздік бізге не бердідеген сұрақ­қа жауап іздеп, ой қорытудың артықтығы жоқ деп ойлаймын. Сіз бұл сұраққа қалай жауап берер едіңіз?

«Тәуелсіздік – тәу етер жалғыз кие» дейді Әбіш Кекілбаев. Неге? Себебі ба­ба­лардың қанымен, аналардың жасымен кел­ген еркіндік – қастерлі ұғым. Тәуелсіз болдық деген сөз – ұлт қана емес, сол ұлт­тың тілі де, діні де, ділі де, санасы да, та­ри­хы да, болашағы да тәуелсіз дегенді білдіреді. Тәуелсіздік, ең алдымен, еркін ойлы ұрпақты дүниеге әкелді дер едім. Мен 30 жылдан астам уақыт білім саласында қызмет етіп келемін. Әр кезеңде қаншама шәкірт тәрбиеледік, оқыттық. Байқағаным, тәуелсіздік тұсында, әсіресе, 2000 жылдан бері қарай дүниеге келген балалар ештеңеден қорықпайды, ойларын еркін айтады, өз құқықтарын біледі, болашақтарына жоспар құрып қана қоймай, нық қадамдар жасай алады және аса патриот. Әлемдік деңгейде өзге ұлттың ұрпақтарымен білім көкжиегінде иық теңестіре алатындарына сенеді және соны дәлелдеп те келеді. Екіншіден, тәуел­сіздік ана тілдің қадірін арттырды. Қол­да­ны­сын кеңейтті. Қазір ешкімге таңсық емес, балабақшаға баратын балалар мен немерелеріміз таза қазақша сөйлейді, тіпті кейбір сөздердің осындай да қазақша атауы бар екен ғой деп өзіміз таңқалып жататын жағдайлар кездеседі. Мен басшылық ететін Абай атындағы мектеп-интернаттың  қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мек­теп болып құрылуы да – тәуелсіздіктің же­місі. Тіліміз бен әдебиетімізді тереңдете оқыту арқылы ұмытылып қалған шешендік сөз­дерді, айтыс өнерін, тарихымызды ұрпақ санасында жаңғыртып келеміз. Мектеп-интернатты тәмамдаған әр шәкірт қазақ әдебиетінің жауһарлары болып саналатын 100 кітапты оқып, талдап шығады. Бүгінгі ұрпақ – ертеңгі болашақ қой. Демек, ана тілінде таза, шебер, шешен сөйлейтін, тарихы мен әдебиетін білетін, ұлтжанды ұрпақты – Мәңгілік қазақ елінің көшін сүйреушілерді тәрбиелеуге мүмкіндік беріп отырған да – тәуелсіздік.

Тәуелсіздікпен бірге ұлттық руханияттың түлеу дәуірі басталды. Тарихымыздағы ақтаң­дақ тақырыптар зерттеліп, әдебиетіміздегі ұлт­тық, түркілік түпбастаулар туралы ғы­лыми ізденістер көбейді. Отыз жыл ішінде қа­зақ әдебиетін мектепте оқытудың жаңа мето­дикасы қалыптасты ма? Тәуелсіздік тұсындағы әдебиетті оқыту мәселесі қалай жүріп жатыр?

Әрине, «тарихын таңба етіп тасқа қашаған» рухы мықты ұлттың ұрпақтарымыз. Мұхтар Мағауин «Қасқыр – Бөрі» әңгімесінде көкбөріден тараған көкжал ұлт екенімізді ұмытып бара жатқанымызға қынжылатын еді. Бүгінде тәуелсіздіктің арқасында рухани жаңғырудамыз. Ұрпақ санасын рухани жаңғыртудың бірден бір жолы – әдебиет. Тәулсіздік тұсындағы әдебит тәулсіз сананы қалыптастыруға зор ықпал етеді. Әдебиетті оқыту кеңестік кезеңмен салыстырғанда әлдеқайда өзгерді, дамыды деп толық айта аламын. Қазіргі таңда әдебиетті дәуірлеу кезеңдері бойынша оқытуды қайта жолға қоюдамыз. Сонау көне түркі дәуірінен бастап, әр кезеңдегі ең тұшымды деген туындыларды оқыту арқылы тарихи сананы да жаңғыртамыз. Көркем шығармаларды оқушылар тек оқып, мазмұнын айтып бере салмайды немесе поэзияны жатқа айтуымен шектелмейді. Әр көркем шығарманы оқығанда оған міндетті түрде мәнмәтіндік талдау жасайды. Сол шығарма дүниеге келген сәттегі қоғамдық жағдай, әр кейіпкердің рөлі, авторлық идея және бүгінгі күнмен байланыс талданады. Мысалы, неге Күлтегін «күндіз отырмай, түнде ұйықтамай» елін қорғады? Неге жыраулар поэзиясы әлеуметтік мәселе­лер­ді толғады? Неге Махамбет өршіл, рухты поэзияны қалыптастырды? Неге Ыбырай, Абай, Шоқандар ағартушылыққа баса мән берді? Неге Алаштықтар «Маса» боп ызыңдап, «Оян, қазақ!» деп шырылдады? Неге Оралхан Бөкей «Апасының астауын» жоқтайды? Бұл сұрақтардың жауабы қазақ тарихын қозғары сөзсіз. Екінші сұрағыңызға келер болсам, тәуелсіздік тұсындағы әдебиеттің  жет­кілік­ті деңгейде оқытылмай келгені рас. Бұл ол­қылықтың орнын толтыру мақсатында Абай мектеп-интернатының ұстаздары мен ЖОО ғалымдары бірлесе отырып, Абай мектеп­тері желісінің 5-11 сыныптарына арнап жаңар­тылған мазмұндағы тереңдетілген «Қазақ әдебиеті» бағдарламасын әзірледі. Бұл бағдарлама бойынша әр сыныпта оқушылар 1 тоқсан көлемінде (әр 4-тоқсан) тек тәуелсіздік кезеңіндегі әдебиетті оқитын болады. Сынып бойынша оқытылатын шығармалар М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдарымен ақылдаса отырып іріктелді.

ПАНДЕМИЯ ҰСТАЗДАР ЕҢБЕГІН БАҒАЛАУДЫ ҮЙРЕТТІ

Ұстаз мәртебесі туралы заң қабылданды. Мектептерде қағазбастылық жойылды. Мек­теп мұғалімдерінің жалақысы да жылдан жыл­ға көтеріліп келеді. Десе де, ұстаздардың біліктілігіне сын айтушылар аз емес. Атаана өзіне жүктелген міндетті орындамастан, барлық жауапкершілікті мектепке итергісі келетін пи­ғыл басым секілді. Осы үрдіс жайында пікі­ріңіз­ді білсек деп едік.

Мұғалімнің мәртебесі қай мемлекетте, қай ғасырда болсын қашанда жоғары болуы керек. Менің бұл пікірімді Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаевтың «Алты Алаштың баласы қосылса, төр мұғалімдікі» деген қанатты сөзі қуат­тай түседі. Тәуелсіз еліміздегі бүгінгі мек­теп­тің бас­ты міндеті – оқушыны оқуға, ой­ла­нуға, болашақ тағдырын жете танып, білуге үйрету екендігі айқын. Қазіргі таңда мұғалімнің мәртебесіне рухани жағынан, Заң жүзінде де ерекше көңіл бөлінуде. Әрі мұғалімге жүктелген талап та жоғары. Өскелең ұрпақты тәрбиелеп, білім беретін маманға өркениетті елдер аса құрметпен қарайды. Мұндай көзқарасқа біз де қол жеткізуіміз қа­жет. «Мұғалім мәртебесі туралы» Заңның 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында педагогтің ерекше мәртебесі танылады, бұл оның кәсіптік қызметін жүзеге асыруы үшін жағдайды қамтамасыз етеді. Заңда педагогтің әдебі, кәсіптік қызметін жүзеге асыру кезін­дегі құқықтары, педагогті материалдық және материалдық емес қамтамасыз ету, т.б. мә­селелер қамтылған. Меніңше, қазір ата-аналар да мұғалім мәртебесінің артқанын түсінеді, әсіресе, пандемия кезінде ұстаздың еңбегі ата-ана тарапынан бағаланды. Себебі қиын жағдайға қарамай, таңнан кешке дейін бар білімін сарп еткен мұғалімдердің жан­кешті еңбегін көрмей қалу мүмкін емес еді. Мұ­ғалімдер болашақта да осы мәртебелі төрі­нен түспей, ұстаз деген атқа лайық болса деймін.

Абай атындағы мамандандырылған мек­тепинтернатының негізінде әр облыстан желілес Абай мектептерін ашу туралы сөз бол­ғанын естіп едік. Ол жұмыс қалай жүріп жатыр?

Әрине, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының Абай мектебі туралы айтқан пікірі көңілімізге демеу бітіріп, жұмы­сымызға шабыт сыйлады десек,  артық айт­қандық емес. Қазіргі таңда еліміздің 12 облысы (Қостанай және Ақтөбе облыстарында жұмыс­тар жүргізілуде) мен 3 басты қаласында Абай мектептері ашылды. ҚР Білім және ғылым министрлігі хакім Абайдың 175 жылдығына орай республиканың әр өңірінде гуманитарлық бағыттағы мамандандырылған Абай мектептері желісін ашу ісін қолға алған сәттен бастап, біз әдістемелік көмек, қолдау көрсету бағытындағы жұмыстарымызды бастап кеттік. Атап айтар болсақ, ең алдымен, бұрын бейіндік пән ретінде оқытылып келген Абайтану пәнін инварианттық пән ретінде оқытуды мақсат тұттық. Осыған орай, мек­теп-интернаттың қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері ЖОО ғалымдарымен, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі инс­титу­­ты, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қызметкерлерімен бірлесе отырып, 5-11 сыныптарға арналған жаңар­тылған мазмұндағы тереңдетілген «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» және «Абайтану» пән­дерінің оқу бағдарламаларын әзірледі. Бұл бағдарламалар бірнеше рет талқылаудан өтіп, қазір ҚР БҒМ бекітті. Сонымен қатар, желілік Абай мектептеріне арналған оқу жоспары да жасалып, бекітілді. Былтырғы жылдың 23 желтоқсанында «Білім берудегі 4К моделі: теория мен әдістеме» тақырыбындағы конференция аясында Абай мектептерінің алғашқы бас қосуы болды. Содан бері оқу-тәрбиелік және шығармашылық бағытта тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасаудамыз.

ОҚУШЫ ҮНІН ЕСТИ АЛАТЫН ПЕДАГОГ КЕРЕК

Мемлекеттік тілді дамыту үшін мектеп­тердегі «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінен сабақ беретін мұғалімдердің біліктілігі, жаңашылдығы, сабаққа баланы қызықтыру тактикасы аса маңызды екені шын. Сіз басқарып отырған білім ордасы Республикаға үлгі боларлық потен­циалы бар бірден бір мекеме десек болады. Тә­жіри­белі, жоғары санатты ұстаздар көп. Өзге мектептерге үлгі ретінде тәжірибелеріңіз бен ғылыми тұжырымдамаларыңызды ұсынасыз­дар ма?

Иә, биылғы жылдың өзінде Абай мектептері желісінің ұстаздарына арнап Республика көлемінде «Абай мектептерінде «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті», «Абайтану» пәндерін оқытудың ерекшеліктері», «Абай мектептерінде бейіндік пәндердің оқытылу ерекшеліктері», «Оқушылардың оқу сауат­тылығын қалыптастырудың тиімді жолдары» тақырыптарында 72 сағаттық онлайн курстар, вебинарлар өткіздік. Сонымен қатар, былтыр арнайы Шығыс Қазақстан облысының мұғалімдеріне арнап «Абай шығармаларын оқыту арқылы оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру» тақырыбында коучинг-семинар өткізген болатынбыз. Жалпы, еліміздің әр өңірінен эссе жазу, оқу сауаттылығына дайындау, көркем шы­ғар­ма талдау бойынша курстар, ве­би­нар, семинарлар өткізсеңіздер деген ұсы­ныс­тар жиі түседі. Біз мүмкіндігінше осы ұсыныстарды қанағаттандыруға тырысу­дамыз.

Әр баланың өзіне тән бейімі, дарыны болады. Оны педагог пен атаана бірлестігі дер уақытында көре білуі керек деп жатамыз. Баланың қабілетін, дарынын ұштау үшін атаана мен педагогтарға қандай кеңес берер едіңіз?

«Мектеп – оқушы – ата-ана» үштағаны үнемі бірлесе, бір бағытта жұмыс жасауға  тиіс. Мектеп үшін «Оқушы үні» ең маңызды мәселе болуы қажет. Әр мектепте сол «Оқушы үнін» ести алатын, тыңдай алатын мамандар жұмыс жасауы керек. Қабілет пен дарын дегенді тек ән айту, өлең шығару немесе сурет салу деп қабылдамау қажет. Бір бала техниканың тілін меңгеруге қабілетті болуы мүмкін, біреуі дизайнды керемет жасауы мүмкін, келесі бала түрлі видеолар, монтаждар жасауға немесе робот жасауға қабілетті шығар. Бала­­ның дарынын бақылағанда оның жан-жақты­лығын ескерген жөн. Ал ата-аналар «біз әуле­тімізбен дәрігерміз, демек менің балам да дәрігер болу керек»  деген таптаурын пікір­ден аулақ болуға  тиіс. Баланың еркін қиял­дауына, өзін табуына жағдай жасау керек. Сурет саламын десе қылқаламын әперіп, ән айтамын десе микрофон ұстату қажет. Бұл – педагогке де, ата-анаға да міндеттеледі. Сонда ғана әр бала өз дарынын ұштап, қабілетін шыңдап, өмірде өз орнын табады.

Әңгімелескен

Қазтуған ӨСКЕНБАЙ

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір