Қазақстан – бейбітшілік жаршысы

0
90 қаралды

Мұхтар СЕҢГІРБАЙ,
Сүлейман Демирел университетінің аға оқытушысы, конфликтолог


– Біздің еліміз – БҰҰ Қауіпсіздік кеңе­­­сінің құрамына сайланған Орталық Азия­дағы тұң­ғыш мемлекет. Мұндай мәр­­тебеге жету жолында қазақ елі көп еңбектенді. Бүгінде Қа­зақстан әлем алдында Қару­сыз­дану саясатының эталонына ай­налып, биылғы кеңестің уа­қытша Төрағасы лауазымына ие болды. Мұны Қазақстан мем­лекетінің жаһандық қауіп­сіз­дікке қосқан сүбелі үлесінің ба­ғалануы, әрі бейбітшілік сүй­гіш бітім-болмысымыздың көрінісі десек те болатындай. Ал сіз осы төңіректе не айтқан бо­лар едіңіз?
– Бұл – Қазақстанның сырт­қы саясатта бірізді әрекет етіп, өз ұстанымын табанды түр­де қорғай алғанының бел­гі­сі. Бұдан біз Қазақстан дип­ло­матиясының үлкен кәсіби дең­гейге көтерілгенін көреміз. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұ­рақ­сыз мүше болу – ротация­лық жолмен келетін мәртебе десек те, ол орынға сайлану­дың өзі оңай шаруа емес. Қауіп­сіздік кеңесіне мүше­лік­ке сайланатын ел сол ай­мақ­тың, жалпы Халықаралық қауым­дастықтың көкейін­де­гісін айта алатындай ықпалды болуы керек, әрі ондағы дип­ло­маттар саяси мәселелерді ше­шуге лайықты деңгейде ат са­лыса алатындай білікті болуы қажет. Сондықтан, 60-қа жуық ел БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне ешқашан мүше бо­лып көрмеген. Есесіне, Бра­зи­лия, Аргентина, Жапония, Германия сияқты елдер бұл орынға жиі сайланып отыр­ған. Ал ТМД елдерінен кеңес­тің тұрақты мүшесі – Ресейді қос­пағанда Украина, Литва және Әзірбайжан оған мүше­лік­ке сайланған. 26 жыл бұ­рын ешқандай дипломатия­лық дәстүрі болмаған елдің бү­гінде осындай биікке шы­ғуы – Қазақстан диплома­тия­сының жетістігі.
Әрине, БҰҰ Қауіпсіздік кеңе­сіне мүше болып сайлану үшін салмақты, бейбітшілік сүй­гіш сыртқы саясат жүргізу, әлем­дегі тұрақтылыққа үлес қо­са білу – өте маңызды. Сон­­­дықтан, бұл тек дипло­ма­тиядағы кәсіби жетістік қана емес, Қазақстанның сыртқы сая­сатының көрсеткіші.
– Дәл бүгінгі халықаралық сая­сат сахнасында маңызы зор осын­дай жауапкершілік сал­­мағының жеңіл бола қой­ма­сы да анық. Жалпы, біз өзге ел­дерде болып жатқан саяси те­­ке­тірестерді қалыпқа түсіру­ге қаншалықты әсер ете ала­мыз?
– Өкінішке қарай, қазір әлем­де либералды халықара­лық тәртіп өзгеріске ұшырап, протекционистік экономи­ка­лық саясат, халықаралық құ­қық нормаларын қайта қарау үрдісі белең алып келеді. Жә­не ең қызығы – бір кездері осы әлемдік тәртіпті қалып­тас­­тыруға атсалысқан АҚШ-тың өзі Дональд Трамп билік­ке келгелі біраз ережені өз­гер­тіп, дүниежүзі халқын әбі­­герге салып жатыр. Ре­сей­дің халықаралық қауымдас­тықтың пікіріне құлақ аспай, Қырымды өзіне қаратып, Украинаның шығысындағы конфликтіге ашық аралас­қа­нын да көріп отырмыз. Қа­зақ­станның қолында эко­но­микалық, саяси тұрғыдан ық­пал ету тетіктері өте аз. Қы­рым мәселесіне байланыс­ты БҰҰ Бас ассамблеясындағы дауыс беру кезінде Қазақстан­ның әркелкі ұстанымда бол­ғаны – алпауыт державалар­дың бізге ықпалы күшті еке­­нін аңғартады.
Осындай жағдайда кон­ф­лик­тіге араағайын болатын тұл­­ғаның тәжірибесі, көре­ген­дігі, харизмасы алдыңғы орынға шығады. Басқаратын мем­лекеті аса үлкен болмаса да, өзінің сұңғылалығының ар­қасында халықаралық сая­сатқа үлкен өзгеріс әкелген тұлғалар аз емес. Қазақстан­ның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, Сириядағы конфликтіге бай­ланысты Астанада өткен ке­ліс­сөздер, БҰҰ Қауіпсіздік кеңе­сіне мүшелікке сайлануы­мыз – әлемдік аренада лайық­ты орын алу жолында жасал­ған қадамдар. Қазірдің өзінде Қа­зақстан ядролық қаруды та­рат­пау қозғалысының көш ба­сындағы ел ретінде таныл­ды. Мұның барлығы – Прези­дент­тің сыртқы саясаты мен дип­ломатиялық тәжірибенің ұштасқанының айғағы.
Алайда, Қазақстан түгіл өзінің байырғы әріптестеріне, ірі державаларға жонын беріп, көп жыл бойғы диплома­тия­лық ерік-жігердің арқасында іске аса бастаған келісім-шарт­­тарды шорт кескен Трамп үшін, популизм мен ұлт­шыл­дық ұранның жетегінде кет­кен басқа да басшылар үшін бір елдің әрекеті жеткіліксіз болмақ. Осы жағдайда Прези­денттің харизмасы да, басқа мүд­делес елдермен күш бірік­тіре алуымыз да үлкен рөл ойнайды. Президент
Н.Назарбаевтың алдағы ап­тадағы АҚШ-қа сапары көп сұраққа жауап табуға мүм­кін­дік береді деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Гүлім Нұрланқызы.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.