Шығармашылық мұра және пәнаралық зерттеу
«Қазақ әдебиеті» әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының базасында «Абайдың шығармашылық мұрасын пәнаралық зерттеу» деген тақырыпта конференция өткізді. Конференцияға осы тақырыпта ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуші ғалымдар, ұстаздар, магистранттар, докторанттар қатысты. Конференцияда жасалған баяндамаларды, сөйленген сөздерді ықшамдап жариялап отырмыз.
Жанғара Дәдебаев, ф.ғ.д., профессор:
– Абай шығармашылығын пәнаралық зерттеу 2015-2017 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің гранттық қаржыландыруымен арнайы ғылыми жоба бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде жүргізілді.
Абайтану ғылым пәні, білім пәні ретінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде қалыптасып, өз алдына бөлек ғылым саласына айналғаны белгілі. Бұл – ғылым мен білім саласындағы айтарлықтай маңызды жетістік. Солай бола тұра абайтану саласында зерттелмеген, бірақ зерттелуі қажет өзекті мәселелер аз емес. Абайдың шығармашылық мұрасы қоғамдық-гуманитарлық ғылым салаларының әрқайсысының деңгейінде зерттеу нысаны болғаны және бұл бағытта да қол жеткен табыстарымыз бары анық. Алайда, бұл салалардың әрқайсысы бойынша Абайдың шығармашылық мұрасын бүгінгі күн мұраттары мен мақсаттары тұрғысынан, ғылым дамуының бүгінгі жеткен жетістіктері тұрғысынан жаңаша саралаудың қажеттігі де дау тудырмайды.
Абайдың шығармашылық мұрасын пәнаралық зерттеу қажеттігі бүгін пісіп-жетілді десек, ол артық болады. Абайдың шығармашылық мұрасын пәнаралық зерттеу тәжірибесі бұған дейін де болған және бар. М.Әуезовтің Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы іргелі зерттеулерінің өзегінде пәнаралық зерттеу ұстанымдары жатқаны анық. Л.М.Әуезованың, М.Мырзахметовтің, Р.С.Сыздықованың еңбектері пәнаралық сипатымен маңызды.
Абайтану саласында жүргізілген ғылыми зерттеу нәтижелерінің маңызын жоғары бағалай отырып, Абайдың шығармашылық мұрасын пәнаралық зерттеудің зәрулігін арнайы атап көрсетуді дұрыс көреміз. Бүгінгі күн талаптары тұрғысынан алып қарағанда, Абайдың шығармашылық мұрасын пәнаралық зерттеудің маңызды арналарын байыптау – баламасы жоқ ірі де іргелі, маңызды да мәнді ғылыми мәселе.
Абайдың шығармашылық мұрасын пәнаралық зерттеу – бір зерттеудің көлемінде, бірнеше зерттеушінің ізденістері аясында біржола шешіледі екен деп ойлауға болмайды. Өйткені бұл мәселе өте күрделі, көпқұрамды, көпсалалы. Оның үстіне Абайдың шығармашылық мұрасын пәнаралық зерттеудің бүгінгі күнгі әдістемелік ұстанымдары мен өлшемдері де анықталған емес.
Зерттеудің мақсаты – Абайдың шығармашылық мұрасының пәнаралық өрістері мен ілімінің біртұтас құрылым-жүйесін анықтау. Осы мақсат аясында бірнеше маңызды міндеттерді шешу көзделген. Ол міндеттер тиісті талаптар деңгейінде орындалды. Әр міндет шегінде жаңа білім өндірілді. Зерттеу нәтижелерінің әлеуметтік маңызы бар.
Зинол-Ғабден Бисенғали, ф.ғ.д., профессор:
– Абайдың шығармашылық мұрасын пәнаралық зерттеу, жоғарыда көрсетілгендей, өзара сабақтас бірнеше ғылыми міндетті жүзеге асыру бағытында жүргізілді. Олардың әрқайсысының өзіндік маңызы мен мәні бар. Солардың қатарында Абайдың шығармашылық мұрасын пәнаралық зерттеу мен эстетикалық қабылдаудың методологиялық ұстанымдарын негіздеу (түсіну, пайымдау, бағалау) бағытында іргелі ізденіс жұмыстары жүргізілді. Бұл маңызды ғана емес, өте күрделі және үлкен ғылыми-теориялық дайындықты, зерттеу тәжірибесін, методологиялық біліктілікті талап етті. Оның үстіне Абайдың шығармашылық мұрасын пәнаралық зерттеу мен эстетикалық қабылдаудың методологиялық ұстанымдарын түсіну, пайымдау, бағалау категориялары өрісінде негіздеуге бүгінгі таңда әдебиеттанушылардың бәрінің өресі жетеді деп айту қиын. Тіпті, Абайдың белгілі бір шығармасын, шығармашылық мұрасын түсіну мен түсіндірудің өз қиындықтары бар.
Абайдың қай шығармасы да әркімге түсінікті болып көрінетіні рас. Солай дегенімізбен Абайдың ең бір түсінікті, көп зерттелген, көпке белгілі деген шығармасының өзінде осы күнге дейін анықталмаған, ашылмаған сырлар бар. Мысалы, «Сегіз аяқ» өлеңіндегі «Алыстан сермеп, Жүректен тербеп, Шымырлап бойға жайылған» немесе «Қиуадан шауып, Қисынын тауып, Тағыны жетіп қайырған» секілді жолдар үлкенге де, кішіге де таныс, белгілі, түсінікті, мектеп оқулықтарында лайықты талданған. Мұғалімдер, оқытушылар, зерттеушілер тиісінше түсініп, соған сәйкес тиісінше түсіндіруде. Соған қарамастан осы жолдарда тілдік бірліктер беретін мағынадан тыс жатқан мән бары зерттеушілер тобының еңбектерінде алғаш рет анықталды және бағаланды. Оның мәнісі зерттеу нәтижелері бойынша жарияланған еңбектерде түсіндірілді, пайымдалды, бағаланды. Осы секілді жаңалықтар зерттеу барысында өндірілген жаңа білімнің өзегіне айналды.
Абай шығармашылығының осындай тереңіне бойлап, мәтіннен тыс жатқан жасырынулы мағыналарды анықтаудың методологиялық амалын табу – ғылыми зерттеудің айрықша атап өтуге болатын нәтижелерінің бірі. Турасын айтқанда, зерттеушілер тобы негіздеген және іс жүзінде пайдаланған әдістемелік ұстаным арқылы ғана Абай шығармаларының жүйесінде бұған дейін пайымдалмаған, анықталмаған құбылыстардың мәні ашылды.
Мүбарак Үмбетаев, доцент:
– Абай шығармашылық мұрасының ұлттық және жалпыадамзаттық мәнін қазіргі қоғамның интеллектуалдық және тұрақты дамуымен байланысты аксиологиялық талдау бағытында жүргізілген жұмыстар туралы бір ауыз сөз айтайын. Бұл мәселе бойынша бірнеше белгілі зерттеушілер еңбектенді. Абай шығармашылығының ұлттық және жалпыадамзаттық мәні дегеніміздің өзі құндылықтар дегенді білдіреді. Ал аксиологиялық талдау құндылықтар теориясы арнасында жүзеге асатыны түсінікті. Ал Абай шығармашылығындағы құндылықтарды анықтаудың өз қиындықтары бар. Ол қиындықтар ақын шығармашылығындағы құндылықтардың молдығынан туындайды. Мен солардың ішінде білім, ғылым саласындағы құндылықтарға назар аударғым келеді. Абайдың білім, ғылым туралы ойлары, Абай шығармашылығындағы білім, ғылым тақырыбы мектеп оқулықтарында да, зерттеу еңбектерде де аз айтылып жүрген жоқ. Мен және басқа бір топ зерттеушілер бұл мәселеге хал-қадерімізше өзімізше қарадық.
Білім, ғылым – Абай іліміндегі басты категория. Сондықтан білім, ғылым басты құндылық ретінде Абайдың ілімі арнасында қарастырылды. Абайдың білім, ғылым туралы қисындары мен қағидаларының қайнар көзі аршылды, Абайдың өзіне ғана тән даналық ойларының маңызы анықталды. Біліммен, ғылыммен шектесіп жатқан басқа да бірқатар маңызды жайлар анықталды. Білімданалықәділеттілік желісі бойынша ақын ойлауының даралығына сипаттама берілді. Абайдың осы жүйесінің кері үлгісі түзілді: білімнің жоқтығынадандықхайуандық. Бұлардың әрқайсысының ғылыми сипаттамасы жасалды. Білім, ғылым ұлттық және жалпыадамзаттық құндылық ретінде қоғамның интеллектуалдық және тұрақты дамуының негізі қызметін атқаратыны туралы ой қорытылды. Бұл ретте білім, ғылым туралы өткен дәуірлерде жасаған данышпандардың еңбектері де тиісті сараптаудан өтті. Осындай зерттеу барысында алынған нәтижелер Абайдың ілімінің концептуалдық үлгі-моделін өрнектеуге негіз болды. Менің ойымша, бұл – айтарлықтай жетістік.
Дәнел Қарағойшиева, ф.ғ.д, профессор:
Зерттеу шеңберінде қарастырылған өзекті мәселелердің бірі – Абайдың шығармашылық мұрасының ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарының қалыптасуына ықпал еткен факторларды жүйелі зерттеу, оның мәдениетаралық байланыстарын пайымдау. Алдыңғы мәселелер сияқты бұл да күрделі, методологиялық жаңа тұрғыны талап ететін мәселе. Оны өз деңгейінде шешу үшін біздің заманымызға дейін өмір сүрген және ғылыммен айналысқан дана тұлғалардың шығармашылық мұрасы, даналық ойлары, олардың Абай шығармашылығында негізделген құндылықтарға қатысы қарастырылды.
Негізінде, Абай шығармашылығында көрініс тапқан құндылықтар мен Абайдың мәдениетаралық байланыстары өзара сабақтас, тектес құбылыстардың қатарына жатады. Сөйте тұра бұларды белгілі бір заңдылықтар негізінде шектеуге тура келді. Сөйтіп бұлар іргелі бір мәселенің құрамдастары түрінде зерттелді. Нәтижесінде екі сала бойынша елеулі ғылыми нәтижелерге қол жетті. Ол нәтижелер екі монографиялық зерттеуде жарияланды.
Зерттеу тобы Абайдың мәдениетаралық өрісіне шектеу қоймай, әлемдік ақыл-ой байлығының маңызын жоғары бағалай отырып, қазақтың дәстүрлі мәдениетіне ерекше мән берді. Абай мұрасында көрініс тапқан ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтардың қалыптасуына ықпал еткен факторлар қатарында қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымы мен мәдениетінің орны үлкен екені туралы негізделген пікірлерді жоғары бағалаймын.
Абайдың, Абай шығармашылығының мәдениетаралық өрісін пайымдау бағытында ақын шығармаларының шетел тілдеріне аударылуының көркемдік-эстетикалық, танымдық және тағылымдық мәнін зерттеу нәтижелері де маңызды екені анық. Бұл бағытта әлі де атқарылатын жұмыстар аз емес. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының ғалым-ұстаздары, студенттері мен магистранттары, докторанттары аталған мәселе бойынша айтарлықтай зерттеу жұмыстарын жүргізіп, елеулі нәтижелерге қол жеткізді. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғаса береді.
Зұфар Сейітжанов, ф.ғ.д., профессор:
– Абайдың шығармашылық мұрасының ұлттық және жалпы-
адамзаттық құндылықтарының қалыптасуына ықпал еткен факторларды жүйелі зерттеу – өте керекті, күрделі және өзекті ғылыми мәселе. Оны талапқа сай шешу пәнаралық зерттеуді салааралық, мәдениетаралық зерттеу деңгейінде жүргізуді, оның теориялық негізін, әдістемесін жасауды қажет етеді. Зерттеушілер бұл бағытта да үлкен ізденістерге барды. Сократ, Конфуций, Аристотель, әл-Фараби, Ибн Сина, Науаи, Низами сияқты ілгеріде өткен замандарда жасаған хакімдер мен ғұламалардың еңбектерінде негізделген рухани құндылықтар, өзекті қағидалар сарапталып, оларға Абайдың қатысы, олар мен Абай арасындағы үндес сарындардың негізі анықталды. Сократ, Конфуций, Аристотель, әл-Фараби, Ибн Сина, Науаи, Низами, сондай-ақ Ахикар, Анахарсис, Лұқман хәкім, Толыбай сыншы, Жиренше шешен сияқты жалпыадамзаттық рухани құндылықтардың қалыптасуы мен дамуына еңбек сіңірген тұлғалардың шығармашылық ұстанымдары таразылануы айтарлықтай табыс. Ұлттық, мемлекеттік, жалпыадамзаттық мәні айқын басқа де әдеби ескерткіштер өзегіндегі құндылықтардың қарастырылуы да құптарлық. Олардың қатарында Низам ал-Мүлктің «Сиасет-наме» (ХІ ғ.), Ж. Баласағұнның «Құтты білік»
(ХІ ғ.), Мырза Мұхаммед Хайдардың «Тарих-и Рашиди» (ХVІ ғ.), Мұхаммед Садық Қашқаридың «Жақсы кісілер әдебі» (ХҮІІІ ғ.) сияқты ескерткіштердің алатын орны үлкен.
Абайдың шығармашылық мұрасын пәнаралық зерттеудің мәселелері дара емес, көп қырлы, көп деңгейлі және жүйелі сипатымен ерекшеленеді. Абайдың шығармашылық мұрасын көп қырлы, көп деңгейлі бірбүтін жүйе ретінде қарастыру дәстүрлі зерттеу әдістерінің аясында жаңа ұстанымды, өзгеше тұрғыны талап етеді. Бұл талап Абайдың мәдениетаралық байланыстарын зерттеуге де қойылады.
Абайдың мәдениетаралық байланыстары дегенде айта кететін бір үлкен мәселе бар. Ол – Абайдың көркемдік дәстүрінің өзінен кейінгі ақындар шығармашылығында жалғасуы. Әсіресе, Қазақстаннан тыс жерлерде тұратын қазақтардың әдебиеті мен мәдениетінің дамуына Абай шығармашылығының әсері зор болды деп білемін. Осы мәселені мен қытайда тұратын қазақтардың әдебиеті, ақындық өнері негізінде арнайы зерттедім. Менің ойымша, осы мәселені басқа елдерде тұратын қазақтардың әдебиеті мен мәдениеті негізінде тереңдетілген түрде зерттеудің өзектілігі дау тудырмайды. Алайда бұл сияқты жұмыстарды арнайы жүргізуге бүгінде біздің мүмкіншілігіміз шектеулі болып тұр.
Алмасбек Мәуленов, ф.ғ.д.:
– Зерттеу барысында қарастырылатын мәселелер өте күрделі және көп қырлы. Олардың кейбірін зерттеудің методологиялық амалдары мен тәсілдері әдебиеттану ғылымында, абайтану саласында теориялық тұрғыда толық игерілмеген. Әрине, аталған мәселелердің әрқайсысын зерттеудің методологиялық негізін жасаудың қажеті жоқ. Сондықтан зерттеу жұмысында осы аталған өзекті теориялық мәселелерді Абайдың шығармашылық мұрасы шегінде шешудің ортақ әдістемелік тұрғылары мен ұстанымдары анықталған. Осы ұстанымдарға сәйкес психопоэтика, лингвопоэтика, синергетика, экзистенциализм, хронотоп, дәстүрлі дүниетаным категориялары пәнаралық зерттеу ұстанымдары талаптарына сай сараланған.
Абайдың психопоэтикасы бұған дейін арнайы қарастырылмаған өзекті және іргелі мәселелердің қатарына жатады. Абайдың психопоэтикасын пайымдау алдында әдебиеттегі, әдеби шығармадағы эпикалық және лирикалық суреттеу амалдарының теориясына талдау жасалуы орынды. Зерттеушілердің Абайдың қара сөздері мен өлеңдерінде, поэмаларында өрнектелген құбылыстарды ақынның рухани өмірімен, әлеуметтік ортасымен байланыста қарастырып, ақынның психопоэтикасын суреткерлік ойлау жүйесі арнасында тануға ерекше көңіл бөлгенін құптаймын. Абайдың психопоэтикасы ақынның түйсік деңгейіндегі әсерлері мен тебіреністері, биологиялық құлшыныстары, тәннің тілектері, жан аффектілері деңгейіндегі құбылуларға негізделмейтіні, қоғамдағы, әлеумет өміріндегі шындық құбылыстарды терең пайымдаудан, ақылға салып саралаудан туған күрделі, көп деңгейлі танымға негізделетіні туралы пікір дәйектілігімен, дәлелділігімен де, маңыздылығымен де бағалы. Абайдың жалғыздығы туралы талдаулар, ойлар мен пікірлер сонылығымен, ғылыми маңызының жоғарылығымен ерекшеленеді.
Сәуле Жусанбаева, ф.ғ.к.:
– Ақын өлеңінің мәтінінің мағыналық-құрылымдық жүйесін шартты түрде мына үлгіде кестелеуге болады: ақын ↔ болмыс ↔ мәтін. Өрнекте ақынның шығармашылық қызметінің түпкі нәтижесі мәтін екені көрсетілген. Бұл – жалпыға белгілі, түсінікті жай. Енді осы үлгіні мәтіннің коммуникативтік қызметіне қатысты өрнектейтін болсақ, мынадай жүйе түзіледі: ақын ↔ мәтін ↔ оқушы (тыңдаушы). Мұндағы түпкі нәтиже – мәтінді оқушының (тыңдаушының) қабылдауы. Осы жүйе негізінде мынадай ой қорытуға болады: ақынның мәтін түзу жолындағы қызметі мәтінді қабылдаушы (оқушы, тыңдаушы) тұлғаға бағытталады. Осыдан келіп мәтіннің функционалдық қызметі туралы пікір туады. Басқаша айтар болсақ, мәтінді түзу (ақынның қызметі) және оны қабылдау (оқу, тыңдау) үдерістері түгелімен коммуникативтік мақсатқа бағындырылған. Мәтін және оны қабылдау мәтінді түзуші тұлға мен оны қабылдаушы тұлғаның арасындағы қатынас арқылы жүзеге асады. Қабылдаушының (оқушының, тыңдаушының) мәтінді түсінуі тілдік бірліктердің мағынасын, мазмұнын ұғуымен баланысты екені рас. Бірақ мәтінді түсіну барысында қабылдаушының өзінің таным деңгейі, мәтіннің мағыналық-құрылымдық бірліктерінің өзара сабақтасып, байланысып жатқан қызметінің мәні мен мәнісін тану мүмкіншілігі басты қызмет атқарады.
Абай өлеңдерінің семантикалық-құрылымдық жүйесі керемет келісіммен өрілген. Онда әдеттегі мағыналық-құрылымдық тұтастықтың арнасында бірнеше тақырыптық сарын бар, мекен мен мезгіл арақатынасының да неше алуан құбылуы бар, сезімнің ойға ауысуы, ойдан сезімге ауысу, ой мен сезімнен сыртқы болмысқа ауысу арналарында да толып жатқан мән бар. Тура мағына мен бұрма мағынаның шендесуінен, семантикалық бірліктердің тұтасуынан шығатын басқа да күрделі мағына, оның айрықша сипатты қалпы арқылы айшықталатын жайлар да мол. Зерттеудің бұл саладағы нәтижелері пәнаралық мазмұнымен бағалы.
Темірхан Тебегенов, ф.ғ.д., профессор:
– Абай институтында орындалған зерттеу жұмыстарының нәтижелерін көріп, көңілім толып тұр. Ең бастысы – абайтану саласында ғалымдардың талай буынының тәжірибесіне, тарихи қалыптасқан ғылыми мектептердің арнаулы ақпараттары мен өндірген білімдерінің мол қорын қамтитын дербес ғылыми базаның негізі жасалғаны. «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» деген атпен жарық көріп жатқан көптомдық басылымның біздің көзіміз көрген 30 томы, баспада өндірісте жатқан 5 томы – осы негіздің нақты көрінісі. Баспадан шыққан осы 30 томның 5 томы әр жылдары Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде орындалғанына өзім осы университеттің профессоры ретінде көңілім толып, қуанып тұрмын. Екінші айтайын дегенім – менің жоғары оқу орындарына арналған «Абайтану ұлағаты» деген оқу құралым 2013 жылы жарық көрген болатын. Абай институты сол еңбегімді «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» сериясы бойынша жаңағы ғылыми базаға енгізу туралы ұсыныс жасаған еді. Оқу құралын әлі де жетілдіре түсетін, толықтыратын ойым барын айтып, разылығымды білдірдім. Енді сол еңбегімді толықтырып болған соң, «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» ғылыми базасына өзім ұсынамын деп ойлап жүрмін.
Абайтану ғылымы саласындағы таңдамалы еңбектердің осы базада жинақталғаны және осы базаның толыға беруі қоғам үшін, жеке тұлғалар үшін, оқушылар мен оқытушылар үшін игілікті болады деп есептеймін.
«Қазақ әдебиеті» газеті ұйымдастырған конференцияда зерттеу тобының мүшелері, магистранттар мен докторанттар өз ойларын ортаға салып, Абай мұрасын пәнаралық зерттеу нәтижелерінің әлеуметтік маңызына жоғары баға берді. Конференцияға қатысушылар «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» көптомдық басылымының абайтану саласындағы дербес ғылыми базаның негізі ретінде аса зор рухани құндылық екеніне назар аударды. Конференция барысында «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» сериясын одан ары қарай жалғастырудың жолдары туралы да салмақты ойлар айтылды. Абайтану саласында әлі зерттелмеген, зерттелуі қажет ірі-ірі мәселелер барына көңіл бөлінді. Конференция барысында «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» көптомдығының көрмесі ашылды. Абай ғылыми-зерттеу институтының сайтында абайтану бойынша қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жинақталған ғылыми ақпараттар қоры көрсетілді. Ақпараттар қоры ТМД елдерінің 600-ден астам ғылыми-зерттеу мекемелерінің ғылыми-ақпараттық базалары ішінде алғашқы жиырманың кеуде тұсында келе жатқаны туралы мәліметтер берілді.
Конференция материалдарын дайындаған
Нұрлайым Батыр.
ПІКІРЛЕР1