«BIKEN» II «BIKEN» II ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТЕАТР ФЕСТИВАЛІ және ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАР
Қазақстанның халық артисі, КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтарының иегері, көрнекті театр және кино актрисасы Бикен Римова атындағы «BIKEN»
II халықаралық театр фестивалі үстіміздегі жылдың 7–10 қазан аралығында Талдықорған қаласында өткізілді. Бұл шараға Түркия, Грузия, Қырғыз елдерінің театрлары мен отандық театр ұжымдары қатысты.
Былтырдан бері фестивальды ұйымдастыру мен өткізуді қолға алған Жетісу облысы әкімдігі мен облыстың Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының ұжымы аталған іс-шараны биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырды.
Өнер сайысының ашылу салтанатында әр мемлекеттен келген театр ұжымдары мен Қазақстанның халық артисі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Т.Жаманқұлов төрағалық еткен қазылар алқасының мүшелері таныстырылды. Бұдан кейін облыс әкімі Бейбіт Исабаев фестивальдың мән-маңызына қысқаша тоқтала келіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Фестиваль шымылдығын Жамбыл облыстық орыс драма театры «Дубровский» (авт. В.Гроссман) спектаклімен ашты. А.С.Пушкиннің осы аттас романының желісімен жазылған бұл шығарма жанрын «қарақшылар ойыны» деп атаған жас режиссер Татьяна Родина (Мәскеу) екі дос Троекуров пен Дубровский арасындағы жанжалды толығымен қамтып, заң мен ар-ожданның бір-біріне қайшы келуін спектакльде жинақтап көрсеткен.
Қойылым суретшісі Варвара Бабошинаның жұмысын ерекше атап өткен жөн. Мұнда декорациялар мен реквизиттер көп емес. Барлығы жеңіл, қозғалмалы, актерлердің әрекет жасауына өте ыңғайлы ойластырылған. Мысалы, кішкентай доңғалақтары бар жылжымалы ағаш паллеттерінің үстінде актерлер еркін қозғалады. Сонымен қоса, паллеттер оқиға өрбуіне байланысты дуалға, сот залына, күймеге, табытқа т.б. айнала береді. Кәдімгі ағаштар да паллетпен қозғалып, қойылымның пластикалық және мағыналық шешімін тереңдете түскен. Бұл – спектакльдің екпін-ырғағының шапшаң болуына тікелей әсер еткені сондай, тіпті актерлер кей сәттерде оқиғаға әзер ілесіп отырды.
Режиссердің креативті көзқарасы музыка мен кейіпкерлердің киім үлгісін таңдауынан және хореограф Л.Ратиямен жұмыс жасауынан да анық байқалады. Т.Родина әрбір актердің ойнап жүрген кейіпкерлер құбылысына, сол бейне бойындағы бүгінгі күнде де кездесетін мінездерді көрсетуге, жалпыадамзаттық кейбір мінездердің қай уақытта да, қандай жағдайда да сол бәз-баяғы қалпынан өзгермейтінін байқатуға күшін салған. Бұл бағыттағы режиссер ойын актерлер де дұрыс түсініп, өз кейіпкерлерінің іс-әрекеттеріне әлеуметтік мән-мағына бере білген.
Спектакльде ойнаған Е.Орлов (Троекуров), Б.Избасаров (Дубровский), Н.Тоқтамұрат, А.Несіпбаева, А.Коломейцева (Маша), Т.Романюк, В.Майнашев, Т.Ичиков (Владимир Дубровский), А.Просалович (Князь Верейский), И.Иванов (Антон Спицын), Н.Антимонова (Анна Глобова), А.Кулмурзаев (Парамошка), т.б. өнер иелері өз кейіпкерлерінің мінезін жете түсінген, қимыл-қозғалыстары, сөз саптаулары қаһармандардың көңіл күйіне лайықты табылған. Орындаушылар суырыпсалмалыққа еркін барып, режиссер тарапынан берілген кез келген тапсырманы асқан шеберлікпен игере алатын қабілеттерін көрсетті. Тұжырымдап айтқанда, Т.Родинаның режиссурасы әрекетті, әсерлі, серпілісті болды. Театрдың бұл қойылымы шетелдік режиссерлермен шығармашылық байланыс жасаудың үлкен нәтижеге жеткізетінін дәлелдеп берді.
Грузия Республикасынан келген
В.Гуния атындағы Поти мемлекеттік драма театры Саба Асламазишвилидің режиссурасымен В.Шекспирдің «Дауыл» және М.Бекауридің «Аннаның сәті» (байқаудан тыс) қойылымын сахналады. «Дауыл» спектаклінде С.Асламазишвили сценограф Г.Устиашвлимен, композитор К.Эджибашвилимен, хореограф К.Фурцеладземен бірлесе отырып, аса жарқын, сахналық бояуы қанық, философиялық ойларға жетелейтін қойылым тудырған. Табиғаттың бүкіл құпиясын меңгерген Просперо тасқын мен дауыл тұрғызатын қасиетке ие болса да, адамдардың күнәлі болмысын өзгертуге шамасы жетпейді.
Кейіпкерлерді даралауда, оның әрқайсының алып жүрер жүгін белгілеп беруде, мизансценаларды құруда режиссерлік көрегендіктің іздері жатыр. Бейнелердің ашылуы мен дамуында жинақы әрі динамикалық тартыс бар. Әрбір мизансценада кейіпкерлер табиғатына сыйымды психологиялық тебіреніске, іштегі буырқанған сезімдер шарпылысының шыншыл шығуына баса назар аударылған. Грузин актерлерінің пластикалық қозғалыстары мен сахналық тілдері де мықты болды.
Қойылымның көзкөрімдік (визуалды) колориті, атмосферасы, түрлі түсті жарықтардың әр қапталдан берілуі, сахналық және кескіндемелік әдемілігі көрермен жан дүниесінде айшықты із қалдырып, бүгінгі режиссурадағы тың жаңалықтардың қалай жүріп жатқанын паш етті.
Фестивальдың екінші күні көрсетілген С.Қожамқұлов атындағы Ұлытау облысының қазақ музыкалық-драма театрының «Войцек» (авт. Г.Бюхнер, ауд. Ө.Ахмет) қойылымы театр ұжымының ізденісте жүргенін көрсетіп берді.
Спектакль сахнаның үстіне жайғасқан көрермендердің көз алдында ойналды. Режиссер М.Хабибуллин қойылымның декорациясын суретші Х.Айтпаевпен бірлесе отырып оңтайлы тапқан. Барлық оқиға көрерменге қол созым жерде орналасқан нөмірленген құлпытастардың алдында өтеді. Бұл бірде Войцектің үйі, біресе ол жұмыс істейтін шаштараз бөлмесі, біресе дәрігердің тәжірибе жасайтын зертханасы, енді бірде бәрін жалмап қойнына алған қабір болып оқылады. Қойылым атмосферасы өте ауыр. Войцектің басынан кешкен қорлықтары (дәрігердің оған эксперимент жасауы, жалақының мардымсыздығы, сүйікті әйелінің өзге еркекке кетіп қалуы, т.б.) қоюланған сайын қарап отырған әр адамның тынысы тарылып, көңіл күйі бұзылады.
Режиссер спектакльде физикалық театр элементтерін молынан қолданған. Ол актерлердің денесі арқылы кейіпкердің қандай адам екенінен ақпарат беруді мақсат еткен. Әсіресе Войцек рөлінде ойнаған Н.Бейісбеков ауыр еңбектен шаншылып, күндіз-түні бел жазбай жұмыс істейтін адамның сыртқы келбетін келісті тапқан. Актердің бет бұлшық еттерінің әрбір талшығы тартылып, бүкіл денесі құрысып тұрғандай әсер қалдырады. Орындаушы өз кейіпкерінің ішкі көңіл күй арпалыстарын сөзбен емес, көбіне пластикалық қимыл-әрекеттер арқылы бейнелейді. Ол қорлық пен зорлыққа тап болған адамның мүшкіл халін әр қырынан ашты. Ең соңында Войцектің Марияны өлтіруі қоғамда өз орнын таппаған «кішкентай» адамның сатқындық пен зұлымдыққа қарсылығы деп оқылады. Қойылымда өнер көрсеткен Г.Сейіткенова (Мария), М.Сәденов (Дәрігер), А.Жарқынбеков (Тамбурмажор), Н.Файзиев (Капитан), К.Абилдин (Андерс) өзара жақсы түсінісіп, әдемі актерлік ансамбль түзді. Олардың ойнында жасқа тән қызуқандылық пен ширақ қимыл-әрекеттер басым болды. Түйіндеп айтқанда, спектакль өзінің көтерген мәселесімен көрермен қауымға ой салатын әрі қызыға көретін дүние болып шыққан.
Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры «Қазақтың тойы бітпесін» спектаклін көпшіліктің назарына ұсынды. Драматург Ж.Әлікеннің «Күйеу бала» пьесасының атын осылай өзгертіп қойған Д.Базарқұлов спектакль прологінде баланың дүниеге келгенінен бастап, нәрестенің әр қадамы сайын той жасап, мәз-мейрам болып жатқан қазақтардың бүгінгі тіршілігін көрсеткен. Бұл эпизод арқылы режиссердің айтқысы келген ойы түсінікті болғанымен де, пьесаның негізгі оқиғасына қатысы жоқ. Осы көрініс тіпті драматургтің идеясымен қабыспайтыны да жасырын емес.
Пьесадағы басты оқиға қытай жігітіне тұрмысқа шығу үшін атасы мен әкесінен рұқсат сұрауға келген Розаның төңірегінде құрылған. Драматург қазақ қызының шетелдік азаматқа шығуын басты мәселе етіп алып, қазіргі қоғамдағы бірнеше өзекті мәселені (ұлттық құндылықтардың бағаланбауы, ауылдың азып-тозуы, шетелден қоныс аударған қандастар тағдыры т.б.) көтерген.
Режиссер пьесадағы көптеген кейіпкерді қысқартып, олардың сөздерін өз тарапынан қосқан кемпірге, келіншекке, жігітке бөліп берген. Бұлар комедия дель арте театрының маскалары сияқты қызмет атқарады. Үшеуінің киімі мен беттеріндегі маскалары гротескілік тұрғыда шешілген. Олар спектакль оқиғасына қызу араласып, ауылда болып жатқан жаңалықтарды көрермендерге хабарлап отырады. Бірақ бұл кейіпкерлердің қойылымға онша қабыспай, үнемі бөлек өмір сүріп кететін сахналары көп.
Келесі бір байқалған олқылық, жекелеген кейіпкерлердің мінез даралықтарының ашылмауы болды. Айталық, Роза рөліндегі Ә.Жетпісбаева өз кейіпкерін тым ұяң, жұмсақ мінезді етіп бейнелеген. Дауысы да зорға естіледі. Бұл кейіпкер керісінше өткір мінезді, дегенінен қайтпайтын, өзін кінәлаған жігіттердің бетін қайтарып тастайтын қайсар қыз болса, сенімдірек болар еді.
Сол сияқты ауыл жігіттерін ойнаған актерлер Д.Қанатқа (Нұрболат), Д.Жарасбаевқа (Шуақ), А.Қазыкенге (Дулат) әлі де болса іздене түсу жетіспейді. Ал қытайлық күйеу бала Қуан рөліндегі Ш.Айтмұхамедов өз кейіпкеріне тән мінез ерекшелігін іздемеген. Оның Қуанының қазақтардан еш айырмасы жоқ. Актер тым құрыса, оның қимыл-қозғалыстары мен сөйлеу мәнерін қарастыруы қажет еді. Қорыта айтқанда, спектакльдің оқиғасы бөлшектеніп, бірегей атмосфера түзілмей қалған. Жалпы, актерлерге шығармашылық қамқорлық жасау, олардың шеберлігінің дұрыс қалыптасып, дамуын қадағалап отыру режиссерге үлкен жауапкершілік артады.
Келесі күні Түркияның Эрзурм мемлекеттік театры Баки Мамикоглудың «Ешкімнің хикаясы емес» деп аталатын пьесасы бойынша қойылған спектаклін көрсетті. Қойылым басталғанда, кездейсоқ жолығып қалған жігіттер жүк таситын пойыз вагонына бірге отырады. Жол-жөнекей танысқан екеуі аса сыпайы сөйлеседі. Әңгіме барысында өз елдеріндегі азамат соғысы кезінде бір-біріне қарама-қарсы жақта соғысқаны мәлім болады. Тура осы сәттен бастап, бейтаныс адамдардың арасы нілдей бұзылып, әрқайсысы өз көзқарасының дұрыстығын дәлелдеп, ақыры төбелесіп, бірін-бірі жаралап тынады.
Режиссер Левент Арас спектакльді небәрі екі орындаушының ойынына құрған. Актерлер Ф.Юсте (1-адам) мен Э.Башдоган (2-адам) көрермендерді жалықтырмай, уысында ұстап отырды. Олар ұстараның жүзіндей қылпылдап өз кейіпкерлерінің кескілескен идеялық және психологиялық қақтығыстарын ширатып, ширықтырып биік нүктесіне жеткізді. Түркия театрының актерлері сахнада өзін еркін ұстап, кейіпкерлерінің жан-жүрегінен өтетін сезім күйлерінің тереңдігін бере білетін шеберліктерімен тәнті етті.
Соңғы кездері театр фестивальдеріне жиі қатысып жүрген Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының (Орал қаласы) «Шағалалар» спектакль-перформансын көреремендер жылы қабылдады. Америкалық жазушы Ричард Бахтың «Джонатан Ливингстон атты шағала» шығармасының инсценировкасын жасап, сахнаға қойған Гауһар Адай батыл экспериментке баруымен ерекшеленді. Қойылымда постдрама театрының элементтері молынан ұшырасады. Біріншіден, режиссер идеясы алдыңғы кезекке шыққан. Екіншіден, спектакльде басты кейіпкерлер жоқ, барлық рөлдер фрагменттік қалыпта көрінді. Үшіншіден, актерлер өз кейіпкерінің психологиялық толғаныстарын пластикалық тұрғыда, бейвербалды әрекеттер арқылы көрсетті. Сонымен қоса, режиссер өзінің көп ойларын сценографиямен, музыкамен, жарықпен және LED экранды пайдалану арқылы оңтайлы шешкен.
Г.Адай қойылым суретшісі Гүлдана Алинамен бірігіп, көз тартарлық декорация жасаған. Кейіпкерлердің киімдері мен гримдері де тура табылған. Үстіне ақ майка, басына жас сәбиге кигізетін жиегі шідерленген бас киім киіп, бетін аппақ гриммен бояп әрекет еткен орындаушылардың әрқайсысы бүгінгі қоғамда жан жылуына зәру болған адамдардың кескінін айнытпай бедерледі.
Қойылымда театрдың аға, орта, жас буын актерлері: Г.Шынтемір, Н.Жұбатова, А.Құсайынова, А.Вахитова, А.Амандықова, Р.Сабырғалиев, Қ.Қатшаев, Д.Мұхтаров, А.Максим, А.Жұлқашев, Н.Есенова, Ж.Бектембаева кез келген жанрда еркін ойнай алатын шеберліктерін танытты. Сахналық серіктестіктің озық үлгісін көрсетіп, актерлер өз ойындарымен бірін-бірі толықтырып отырды. Қысқасы, спектакльді театр ұжымының сәтті жұмысы деп айта аламыз.
Қырғызстан Республикасының Қ.Жантөшов атындағы Ыстықкөл облыстық музыкалық драма театрының «Күнді ұстаған бала» қойылымы келмеске кеткен кеңес дәуірінің келеңсіздіктерін ашуға бағытталған екен. С.Раевтың қаламынан туған аталмыш шығарманың сахналық нұсқасын жасаған Ұ.Қарыпбаев пен Г.Осмонова көлемді туындыны барынша қысқартып, сахналық әрекетке бейімдеген.
Режиссер Ұ.Карыпбаев сол кезеңде өмір сүрген адамдардың мінезін, адамдық арақатынастарының байланысын көрсетуге мән берген. Соның нәтижесінде эмоциялық жағынан өтімді, психологиялық тұрғыда нанымды, актерлік орындаушылық жөнінде шынайы көңіл күйге жетелейтін кең тынысты сахналық полотно жарық көрген. Шығарманың мазмұнына сай таза еңбектенген ұйымшыл театр ұжымының бұл жұмысы ешкімді бей-жай қалдырмады.
Қойылымда ойнаған актерлердің барлығы да өз кейіпкерлерінің әлеуметтік ортасын, қоғамдық жағдайын терең зерттеп, бір-біріне мүлде ұқсамайтын бейнелер сомдады. Атап айтқанда, Т.Боранбаев (Басыт Атакулович), Г.Осмонова (1-дәуір), Ш.Супатаев (2-дәуір), Г.Нургазиева (3-дәуір), Э.Қазақбаев (Митал), Ы.Тынарбек уулы (Бала), А.Сопуева Бүсайра, С.Абдықадырова (Ана), т.б. актерлердің ойыны өзіндік бояуға, колориттік мінез ерекшеліктеріне толы болды. Жинақтап айтқанда, аталған қойылымнан режиссердің ой тереңдігін, қиял көкжиегінің кеңдігін, дүниетанымының жан-жақты молдығын көрдік.
Фестивальдың шымылдығын Б.Омаров атындағы «Жас сахна» театры «Дон Жуан» (Ж.Б.Мольер) спектаклімен жапты. Өкінішке қарай, әлемдік классиканың үздік туындысы саналатын бұл пьесаны сахналаған белгілі режиссер Барзу Абдураззақовтың режиссурасынан тың жаңалықтар көре алмадық. Кейде көркемдік қасиеті құнды пьесалардың өзі режиссерлік шешім жағынан сәтсіздікке ұшырайтын жағдай да кездеседі. Талай күрделі шығармаларды қойып жүрген Б.Абдураззақов бұл жолы шығарманың идеялық-көркемдік сырын аша алмаған, ондағы қаһармандар тағдырын актерлердің ойыны арқылы жеткізуге шамасы келмеген. Пьеса кейіпкерлеріне, жеке сахналарға берілген талдаулары тым біржақты болып кеткен. Қойылымда өнер көрсеткен жас актерлер де өз кейіпкеріне тым үстіртін қарап, сөздерін асығыс айтып шығудан арыға бара алмады. Ж.Б.Мольердей алып драматургтің кейіпкерлерін дұрыс бейнелеу үшін актерлер сөз әрекетімен бірге оның психологиялық мәнін терең ұғуы керек. Орындаушылар кейіпкерлердің монологтерін нақышына келтіріп, ішкі күйін ашып айтудың орнына, мағынасыз айғайға салып, қисынсыз әрекеттерге барған. Бір сөзбен айтқанда, ешбір актердің ойыны дараланып көрінген жоқ.
Біздің пікірімізше, мұндай халықаралық деңгейдегі үлкен байқауға бір қайнауы ішінде қалған спектакльмен емес, жанрлық ерекшелігіне лайық сахналық шешімін тапқан әрі режиссерлік қолтаңбасы анық қойылыммен қатысуды алдағы уақытта ескерген жөн.
Сонымен, фестивальде көрсетілген спектакльдерді шола келгенде, театр өнерінде шығармашылық ізденістердің жалғасып жатқанына көз жеткіздік. Іс-шараны ұйымдастырушылар биылғы жылы алыс-жақын шетелдерден өнер додасына қатысқан театр ұжымдарына жүлделер тағайындамады. Оның есесіне сайысқа қатысқан театр ұжымдарының фестиваль соңына дейін қалып, бірінің жұмысын бірі көріп, өзара пікір алмасуына мол мүмкіндік берді. Бұл, шын мәнінде, ұйымдастырушылар тарапынан жасалған үлкен қамқорлық болды. Өйткені көптеген фестивальдерде өз спектаклін көрсетіп болған театрлар бірден еліне қайтып кететін. Аталған фестивальдың негізгі мақсаты – театр ұжымдары арасындағы шығармашылық байланысты нығайту және халықаралық театр үдерісінде болып жатқан жаңалықтармен бөлісу. Алдағы уақытта кәсіби қарым-қатынас құру арқылы бірлескен шығармашылық жобалардың пайда болуына жағдай жасап, рухани тәжірибе алмасуды күшейту. Ең бастысы, сахна саңлағы Б.Римованың асыл рухын асқақтатып, есімін ұлықтауды жалғастыру болып табылады. Олай болса, «BIKEN» II халықаралық театр фестивалының ғұмырлы болуына тілек білдіреміз!
Бақыт НҰРПЕЙІС,
өнертану докторы,
Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер
академиясының профессоры.
Cуреттерді түсірген
Жеңіс ЫСҚАБАЙ