ҚОЛЖАЗБА – ҚҰНДЫ МҰРА
Абай кітапханасында сирек қолжазбалар қоры ашылды
140 жылдық тарихы бар Қазақстанның көне де ірі мәдениет ошағы Абай кітапханасының тарихында бір ерекше оқиға болды. Кітапханамызда тұңғыш рет «Сирек қолжазбалар қоры» ашылды.
Кітапхана тарихы Абай есімімен тығыз байланысты. Қоғамдық кітапхананың ең алғаш ашылуына даналық ой иесі А.Құнанбайұлының қатысын ғалым Қ.Мұхамедханов: «…Абай Михаэлиспен бірге Статистикалық комитеттің жұмысына белсене араласады. Әсіресе Семей облыстық өлкетану музейін ашу және қоғамдық кітапхана ашу жұмысын ұйымдастыру мәселесіне ат салысып, іс жүзінде көмек көрсетеді… Абай кітапхананың тұрақты оқушысы болады… Музей жанынан ұйымдастырылған кітапхана, ол замандағы Сібір қалаларының ішіндегі ең байы деп танылған…», – деп Абай заманындағы кітапхана қоры туралы нақты деректер жазған.
Абай заманындағы Семейдің қоғамдық кітапханасы ең алғаш зиялы қауым-қала тұрғындары сыйға тартқан кітаптар негізінде ашылған болса, сол тамаша үрдіс ғасырлар бойы баянды жалғасын табуда.
Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды алыптар мен Қаныш бастаған зиялыларымызға, Алаш туын ұстаған ұлтымыздың асыл перзенттеріне рухани нәр берген кітапханамыздың «алтын» қорындағы жауһарларымыз XVIII ғ. соңынан XX ғ. басына дейін жария көрген бес мыңнан аса басылымдардан тұрады. Ресейдің, Қазақстанның Санкт-Петербор, Мәскеу, Омбы, Том, Қазан, Тәшкен, Орынбор, Қызылорда, Алматы қалаларында, Семейдің облыс басқармасының, Жәрдем және көпес Плещеевтің сауда үйі баспаханаларынан кириллица, латын, араб қарпімен жарияланған баспа туындыларын құрайды. Бүгінгі күнге дейін кітапхана қорының толығуына елеулі үлес сыйға тартылған кітаптар есебінен болып отыр.
Енді баспалардан шыққан кітаптармен қатар кітапхана қорында қолжазбалардың да қоры қалыптаспақ.
«Сирек қолжазбалар қорының» ашылу шарасы ғалым Мұрат Тілегенұлының кітапханамызға сыйға тартқан сирек қолжазба-мұралардың тұсауын кесу рәсімінен бастау алды. Көне жәдігерлердің тұсауын кесу ырымын арнайы келген қонақтар қаламыздағы Alikhan Bokeikhan University профессоры, философия ғылымдарының кандидаты Махмұт Мамырбекұлы мен Шәкәрім университеті қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының деканы, ф.ғ.к., профессор Айбар Қабыкенұлы атқарып, құттықтау сөздерімен асыл мұралардың жаңа ғылыми айналымға жол салуына ізгі тілектерін білдірді. Шара қонағы, әйгілі Тана мырзаның, Алаш ардақтысы Райымжан Мәрсековтың туысы Кәкімжан Қаженұлы да өз сөзінде жаңа бастамаға игі тілегі мен кітапханаға ризалығын білдірді.
Мұрат Тілегенұлы жиналған зиялы қауымды қолжазбалар тарихымен, мазмұнымен таныстырды.
М.Иманжапар – біздің кітапхананың байырғы оқырманы. Ғылыми ізденістеріне қажетті ақпараттарды, өлкеміздің айтулы ақындары туралы деректер мен, олардың 1930 жылдардан Семей облыстық «Екпінді» газеті сияқты өлкетану мерзімді басылымдарында жария көрген шығармаларын жинап, зерттеу-монографияларына арқау етті.
Үлкен ықыласпен зерделеп, ұзақ жылдар елеусіз болып, халық жадынан аты ұмытылуға шақ қалған халық ақыны Сапарғали Әлімбетов есімін жаңғыртты. Ақын шығармаларына жаңа өмір сыйлады. Осындай игілікті істерімен Семей өңіріндегі әдеби өлкетану саласын дамытып, үлкен ғылыми еңбектер атқаруда. Сонау Ақтамберді заманынан бастап Ақтайлақ, Дулат, Түбек, Сабырбай, Әріптермен, Тұрсынхан, Әди, Әзілхан, Бекжан, Қабдештерден бастау алып, қазіргі жас ақын-жазушыларға дейін қамтылған шығармашылық дәстүрдің ғасырлар бойғы жалғасын зерттеп, кейінгі ұрпаққа танытуда қажырлы еңбек етіп келеді.
Ғалым таныстырған асыл мұралардың ішіндегі көлемдісі, кітап түрінде түптелген қытай қағазына жазылған қолжазба шығармалар Халық ақыны Сапарғали Әлімбетовтың туындылары болып шықты. Ақын сол қағаз да қат заманда өлеңдерін жазуға қажет осы кітапты біреулерден бір өгізге сатып алған екен. Ол кітап қытай көне әрпімен жазылған қаржы есебін жүргізуді тіркеуге арналған кестелерден тұратын журнал болып шықты.
Ал мазмұнына келсек, бұл журналға Сапарғали ақын өз қолымен жазған бірінші шығармасы – 224 шумақтан тұратын «Батыр Мейір» дастаны. Мейір батыр деп ақын тарихта болған, Ақсуат өңірінде өмір сүрген Орақбай батырдың атын өзгертіп алған. Себебі автор сол кездегі кеңестік цензурадан қаймығып, Орақбай батырдың атын жасырған. Ақын дастанын 1939 жылы бастап, 1949 жылы ақпанның 3-де соңына «Тамам болды» деп жазған.
Ақынның жазуы әдемі, маржандай, түсінікті. Қолжазба кітапқа енген келесі шығармасы «Беташар» 7 шумақтан тұрады, айы-күні жазылмаған. Ал ақынның кітапқа енген үшінші шығармасы «Білісай» дастанын 1919 жылы жазылған деген дерекпен енгізген. Оқиға желісі ақтардың қашып, қызылдар қуған аласапыран заманның ер мінезді қазақ әйелі Білісайдың ерлік ісі осы шығармаға арқау болған.
«Білісай» ақынның алғашқы дастандары қатарына жатып, кейіпкері қайратты, күрескер, өмірде болған әйел адам екенін М.Тілегенұлы жазған. Дастан 63 шумақтан құралып, «Алимбетов Сапарғалый. Жазылды 10-март 1952 жылы» деген жазбамен аяқталып тұр. Осы дастанның негізінде атақты абайтанушы ғалым Қ.Мұхамадханұлы «Ер Білісай» атты драмалық туындысын жазып, Семей театрында көп жылдар бойы сахналаған.
Бұл кітапты Сапарғали ақынның жақын туысы – бауырының қызы Назигүл Бекмұхамбетқызы ұзақ жылдар сақтап М.Т.Иманжапарға 2000 жылдары берген.
Ғалым М.Тілегенұлының кітапханамызға жасаған баға жетпес келесі тартуы – Халық ақыны Сапарғали Әлімбетовтың жалғыз ұлы Маман Сапарғалиұлының қолжазба өлеңдері жазылған дәптер. Сыртқы мұқаба орнындағы бетіне автор «Маман Сапарғалиевичтың өлеңдері» деп көк сиялы қаламмен жазған. Сыртқы беті ұзын жол, ішкі беттері торкөз дәптер парақтарына латын қарпімен 1936 жылдан бастап 1938, 1939 жылдары шығарған патриоттық өлеңдері жазылған. Маманның қолтаңбасы маржандай тізілген, әдемі, түсінікті жазылған. Уақыт табын салған сарғайған парақтар ақынның жүрегінен шыққан жыр жолдарын төгеді. Жас ақын Абайға бірнеше өлең арнаған.
Дана ақынға арнаған өлеңі жас таланттың ақындық қарымын танытса керек. Әз-аға да естелігінде: «Маман үлкен ақын болар еді… Маманның менен артықшылығы, ол ақын ғана емес, оның үстіне әнші де болатын. Неше түрлі тамаша халық әндерін айтатын. Домбыра да шертетін. Сырнай да тарта білетін», – деп досының сегіз қырлы, өнерді бойына жинаған жан болғанын айтқан.
Үшінші қолжазба да Маман Сапарғалиұлының ұзын жол дәптер парақтарына 1938-1939 жылдары жазған өлеңдері. Кей өлеңдерінің соңында жазылған жылы мен «Ақжал», «Семипалатинск» деген жазбалары бар. Қолымыздағы қолжазбаға сол замандағы өзекті тақырып – патриоттық өлеңдермен қатар Абайға, Жамбылға, Пушкинге арнаулар мен Рамазанға – Әріптің ұлына хат өлеңдері енген.
Төртінші қолжазба соғыс кезінде жазылған болуы керек. Торкөз дәптерден ықшамдап қиылған парақтарға бір жағына соғыс кезіндегі қажеттіліктен туындаған жазбалар – немісше-орысша сөздік жазыпты. Дәптердің келесі жағында «Тыңда дала …» деп басталып, Маманның бірнеше өлеңі жазылған.
Бесінші құжат Маманның майдан даласынан жазылған поэзиялық көлемді шығармасының бір беті ғана сақталған үзіндісі. Көлемі бірнеше парақтан тұрған болу керек, қолымыздағы бір парақ екі жағынан 3, 4-ші бет деп белгіленген, қалғаны жоғалған болу керек.
Маман Сапарғалиұлы мен Әзілхан Нұршайықов Жарма ауданының Ақжал ауылдық орталау мектебінде бірге оқып, аяқтап, одан кейін Семей қаласындағы педагогикалық училищесіне де бірге түсіп, оқыған. Білім ала жүріп, жастық шақтың қызық күндерін де бірге өткізген достар. М.Тілегенұлына досы Маман жайлы тың да құнды естелік деректер берген де Әзілхан Нұршайықов.
Маман жасынан зерек, елгезек, ақынжанды, онымен қоса әнді де тыңдарманын сүйсінте шырқайтын өнерлі, жүрген ортасында сыйлы болған. Жас жауынгер отан соғысында қайрат танытқан батылдығымен офицер дәрежесіне көтеріліп, жауынгерлерді басқарған. Пулеметшілер командирі бола жүріп, небәрі жиырма екі жасқа қараған шағында майдан даласында қыршын кеткен.
Қадірлі досына Әз-аға көркем шығармадан ескерткіш қойды деуге болар. Қазақ елі сүйіп оқыған және әлі де оқитын махаббат дастаны «Махаббат қызық мол жылдардағы» Заманның прототипі – Маман, ал романдағы Тана – біз білетін Маманның ғашығы Тана Серікбаева. Әз-аға майдан даласынан жазған келесі хат осы берік достықтың тағы бір куәсіндей.
Алтыншы құжат. Майдан даласынан 1944 жылдың 7 шілдесінде жауынгер Әзілхан Нұршайықовтың Серікбаева Танаға жазған үшбу хаты.
«Тана! 7/VII. 1944.
Сәләмәтсің бе жаным?
Кеше Маманға жазған хатым қайтып келді. Ана жолғы өзің жіберген әдіріске жазып едім. Хаттың сыртына Ленинградқа көшірілді деп жазу жазыпты. Ал өзің хат аласың ба, қайда. Қандай жаралы. Менің әдірісімді жіберсеңші Оған. Сағыныстық біздер бір бірімізді. Менің денім сау. Бүгін-ертең шабуылға шығамыз. (хаттың осы жері жыртылған)…бүгін барлық достарыма, жақындарыма … жазудамын. Мүмкін бұдан былай немістерді қуудан, дұшпанды құртудан қолым тимей кетсе, достарым өкпелемесін деп жатырмын да.
Тана, сен маған хатты өте сирек жазасың. Неге олайша. Есіңде ме, Маман екеуіміз Алматыда болғанда жазған хаттарың жақсы еді ғой. Қазір неге сондай хаттар жазбайсың, ә?
Маманның ата-анасы күйлі ме?
Сәлем айт достарыңа.
Хош. Құшақт… сүйіп Әзілдерің.
Тезірек Маманның әдірісін, халын білдір.
Менің қайда екенімді айт.
Өз өміріңнен қызықты минуттер, не өткен кездегі бір елеулі кезеңдерді еске түсіріп жазып жіберсең де қуанар едім.
Жарай ма?» Әзілхан. 7/VII. 1944 ж.
Жетінші қолжазба – 1944 жылы 11 мамырда майдан даласынан Маманның әкесі Сапарғалиға жазған соңғы хаты.
Маман Сапарғалиұлы мен Әзілхан Нұршайықовтың хат-хабар, өлең дәптерлерін М.Тілегенұлына берген Жарма ауданы Қапанбұлақ ауылының тұрғыны, Сапарғали Әлімбетовтың туған жиені Тәңірберген Ерменбаев. Сапарғалидың азан шақырып қойған аты – Сапарғалы. Дүниеге егіз болып келіп, сыңары Төлеу қыз бала болған. Нағашысы Сапарғалидың шығармаларын қолында сақтаған жоғарыда аты аталған Төлеудің ұлы.
Қолжазбалар жиыны 7 құжаттан тұрады.
Қолжазбаларды Сапарғали ақынның туыстары Назигүл Бекмұхамбетқызы да, Тәңірберген Ерменбаев та 50 жылдан аса сандықтарында сақтаған. Туыстары ақын шығармашылығын зерттеуші
М.Иманжапарға қолжазбаларды сеніп табыстаған. М.Тілегенұлының қолында 20 жылдан аса сақталған көне мұралар – бүгінгі күні кітапхананың сирек басылымдарының «алтын» қорынан лайықты орын алған құнды жәдігер.
«Езуінен енші бөліп берер» ата салтымыздың дәстүрін қазіргі заманда баянды жалғастырған, дархан жүрекпен Абай кітапханасына тамаша тарту жасаған ғалым М.Тілегенұлының ізігілікті ісі көпшілікке үлгі боларына сеніміміз зор.
Жаңылгүл ӘДІЛБЕКҚЫЗЫ,
Абай облыстық Абай атындағы
әмбебап кітапхананың сирек
басылымдар бөлімінің басшысы