Қазақ елі мен қазақ тіліне ғашықпын
08.09.2017
1802
0

Се ВЭЙНИН


Қазақстан Республика­сының «Тіл туралы» заңында «Осы Заң Қазақстан Республикасында тілдердің қолданылуының құқықтық негіздерін, мемлекеттің оларды оқып-үйрену мен дамыту үшін жағдай жасау жөніндегі міндеттерін белгілейді, Қазақстан Республикасында қолданылатын барлық тілге бірдей құрметпен қарауды қамтамасыз етеді» делінген. Иә, бүгінгі күні осы заңға сәйкес ел жастары шет тілдерін, ал шетелдіктер қазақ тілін еш кедергісіз үйреніп, бәсекеге қабілеттіліктерін арттырып жүр. Соңғы кездері жастар арасында шетел тілін меңгеруге қызығушылық танытушылардың саны артып келеді. Әлеуметтік зерттеушілер қазақ қоғамында, әсіресе, қытай тіліне деген сұра­ныс­тың басым түсе бастағанын айтады. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз, керісінше Қытай елінен келіп, қазақ тілін үйренуге құлшынып жүрген өрімдей қыз. Се ВЭЙНИН есімді бойжеткен әуелі өзін Шолпан деп таныстырып, кейін барып, қытайша есімін айтты. Қазақша есімді оған өзі оқитын оқу орнындағы ұстаздары мен бірге оқитын құрбы-құрдастары қойса керек. Шолпан қызбен арадағы әңгіме БҰҰ-ның 6 ресми және жұмыс тілдерінің бірі саналатын қызық та қиын қытай тілі төңірегінде өрбіді.

– Шолпан, қарап отырсам, қа­зақ тіліне кәдімгідей жүйрік екен­сіз. Қазақ тілін қашан, қалай үй­рен­діңіз? Қазақ елі мен қазақ тілі Сіз­ді несімен баурады?
– Мен әуелі Қытайда қырық күн қазақ тілін үйрендім. Кейін Ал­матыға келіп, ҚазҰУ-дың дайын­дық факультетінде жарты жыл оқыдым. Тереңіне бойлаған сайын қазақ тіліне деген қы­зығу­шы­лығым арта түсті. Сөйтіп, биыл әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлт­тық университетінің филоло­гия факультетінің док­то­ран­ту­ра­сы­на түстім. Енді ғылыми ізденуші ре­тінде қазақ тілін тереңірек үй­ренетініме, шынымды айтсам, өте қуа­ныштымын. Болашақта өз елі­ме барып, ондағы қызы­ғу­шы­лар­ға қазақ тілін үйретемін деген жос­парым бар. Қазақ тілі сөздік қо­рының байлығымен, шұрай­лы­лы­ғымен, әуезділігімен қы­зық­тыр­са, қазақ елі кеңпейіл, қонақ­жай, мейірімділігімен қатты бау­рап алды. Жақын танып білген сайын, қазақ ұлтына деген сый-құр­метім арта түсті.
– Тіл мамандары Қытай ті­лін­де диалектілердің тым көп екенін ай­тады.
– Қытайда «Мандарин» деген рес­ми қытай тілі бар. «Мандарин» – әдеби қытай тілі. Алайда, Қы­тай­да көп диалектілер кездеседі, се­бебі әр аймақтың өзіне тән тілі бар. Кейбір ғалымдардың көз­қарасы бойынша қытай тілінің диалектілері жеті түрге бөлінеді: Гуаньхуа диалектісі (ресми диалект), Сян диалектісі, Гань диа­лек­тісі, У диалектісі, Минь диа­лек­тісі, Юе диалектісі, Хакка диа­лектісі.
Қытай тілінде «Гуаньхуа» деген сөздің «ресми тіл» деген ма­ғы­на­сы бар. Гуаньхуа диалектісінің ішін­де сегіз негізгі диалект бар. «Ман­дарин тілін» қабылдағанға дейін, солтүстіктегі адамдар Гуаньхуа диалектісін қолданатын. Қа­зіргі заманда шамамен қытай­лардың 73%-ы Гуаньхуа диалек­ті­сінде сөйлейді. Гуаньхуа диалек­тісінің ішінде сегіз түрлі диалект бол­ғанымен, олар бір-бірінен ай­тар­лықтай ерекшелене бермейді. Яғни әр түрлі диалектіде сөйлей­тін адамдар бір-бірін түсіне алады деген сөз.
Гуаньхуа диалектісінен басқа оң­түстікте тағы алты түрлі оңтүс­тік диалектілері бар.
Сян, Гань, У, Минь, Юе – Қы­тай­дағы бұрынғы облыстардың ат­тары. Қазіргі заманда Хунан про­винциясында тұратын адам­дардың көпшілігі Сян диалек­ті­сінде сөйлейді, яғни 25 миллионнан аса адам Сян диалектісін қол­­­данып жүр. Гань диалектісі – Цзяньси провинциясында тұра­тын­дар сөйлейтін диалект. Гань диа­лектісінде сөйлейтіндердің жал­пы саны – елу бес миллион. Қы­тайдың оңтүстігінде Сян диа­лектісі мен Гань диалектісінде сөй­лейтіндерден У диалектісінде сөй­лейтіндер едәуір көбірек. Чжэцзян, Цзянсу, Аньхуй, Цзянси, Фуцзянь провинцияларында жә­не Шанхай қаласында У диа­лектісінде сөйлейтіндер көп. Олар­дың жалпы саны – шамамен сек­сен миллион. Оңтүстікте Минь диа­лектісінде сөйлейтін адамдар да көп. Мәселен, Фуцьянь провин­ция­сында және Тайваньда тұра­тын­дардың көбі Минь диалектісін қолданады, олардың да саны – сексен миллионнан асады. Ал Юе диа­лектісі – жүз миллионнан ас­там қытайлар қолданатын тіл. Гон­конг және Макаода «Мандарин» тілінде сөйлей алатын адамдар көп емес, бірақ олардың бәрі Юе диалектісінде сөйлейді. Әлем­де барлығы жетпіс миллионға жуық адам Хакка диалектісінде сөй­лей алады, олар тек Қытай елін­де тұратындар емес, сонымен қа­тар оңтүстік-шығыс Азияда жә­не Америкада тұратын қытайлар. Сян диалектісі, Гань диалектісі және У диалектісінің ішінде тағы көп диалект түрлері бар. Сондық­тан кейде екі адам У диалектісінде сөй­лесіп жатқанда, олар бір-бірін тү­сінбей қалуы ғажап емес.
– Қытай тілінде диалектілердің тым көп болуының себебі неде?
– Себебі, Қытайда, әсіресе, Қы­тай­­дың оңтүстігінде таулар көп. Кө­лік жүйесі онша дамымаған ке­­­зеңде әр аймақтың адамдары кө­біне өзді-өзімен оңаша тіршілік кеш­ті. Өзге аймақтықтармен онша ара­лас-құраластық болмаған­дық­тан, олар тек өзіне тән тілдік ерек­ше­лікті сақтап қалды. Ал Қытай­дың солтүстігінде оңтүстікке қа­­­рағанда таулар аз, сондықтан бол­са керек, онда қанша жерден диа­лект көп болғанымен, адамдар бір-бірін еркін түсіне алады. Ал оң­түстікте жағдай өзгеше.
1909 жылға дейін «Мандарин» де­ген біртұтас ресми қытай тілі бол­ған жоқ. Облыстың атқамінер­ле­рі Бейжіңге барып, императормен хабарласқанда, аудармашы ке­рек болды.
– Сонда әр аймақтың бірін-бірі тү­сінуі қиынға соғып тұрса, бар қы­­тайды біртұтас етіп біріктіріп тұр­ған не нәрсе деп ойлайсыз?
– Қытайларды біртұтас етіп бі­ріктіретін қытайдың иероглифы, ауызша қытай тілі емес. Менің ойым­ша қытайлар сөйлейтін диа­лектілердің құндылығы көп, кем­шілігі де жоқ емес. Бір жағынан қа­ра­ғанда, қытайдың диалек­ті­ле­рінде қытайдың дәстүрі, мәде­ниеті және ауызша әдебиеті жақсы сақ­тал­ған. Яғни ұрпақтан-ұрпаққа мұ­ра болған халықтың әдеби мұрасы бар. Мысалы, менің әжем жаз­баша қытай тілін білгенімен, «Ман­дарин» тілінде сөйлей ал­май­тын еді. Бала кезімде ол кісі ма­ған ылғи диалектілермен ертегі, аңыз әңгімелер айтып беретін. Сол аңыздар мен ертегілер әлі де жа­дымда жаттаулы. Болашақта олар­ды балаларыма айтып бере­мін. Меніңше, балалар көбірек диалект білген сайын, шет тілін оқу оларға оңайырақ бола түседі. Өйткені, қытай диалектілері «Мандаринге» онша ұқсамайды. Кейде, тіпті, белгілі бір диалек­тімен сөй­лейтін бала үшін, «мандарин» де ше­тел тілі сияқты. Егер ол «Манда­ринде» жақсы сөйлей алса, шетел ті­­­лінде де жақсы сөйлей алады де­ген сөз.
– Дегенмен, бір ел азамат­та­ры­ның бір-бірінің тілін түсіне бер­меуі қиындық туғызатын шығар.
– Иә, екінші қырынан қа­ра­ған­да, диалект көп болған сайын, адам­дардың өзара түсінісуі қиын­дай түседі. Диалектімен сөйлеу, әсі­ресе, шетелдіктер үшін қиын. Мә­селен, өз елінде бір-екі жыл «Ман­дарин» тілін оқып келген шет­ел азаматы Қытайдың оң­түс­тігіне бара қалса, ешкімді түсінбей дал болуы ғажап емес. Диалект қы­тай балаларының оқуын да қиын­дататыны жасырын емес. Се­бебі, жазбаша қытай тілі әрқа­шан біркелкі болғанымен, ауызша қытай тілі әр түрлі. Сондықтан біз­дің балаларымыз тек өзі көретін қытай тіліне, яғни иероглифке се­неді, ал еститін қытай тіліне сен­бейді. Сол үшін барлық қы­тай­дың телебағдарла­ма­ларын­да субтитр бар, өйткені түсіну үшін адам­дарға сөздерді көріп отыру маңызды. Сол себепті, қытай сту­дент­тері шетел тілін үйренгенде есті­ген жаңа сөздерді есте сақтай ал­майды, оларға жаңа сөзді жазып көр­сету керек.
Десе де, қытай тілінің барлық диа­лектілері қытай мәдениетінің маңыз­ды бөлігі, біздің мол мәде­ние­тімізді байыта түсетін құнды мұра­мыз деп білемін.
– Қалай ойлайсыз, қазақ тілі мен қытай тілінде өзара ұқсас­тықтар бар ма екен?
– Менің ойымша, көршілес жат­қан мемлекеттер арасында ма­териалдық қарым-қатынаспен қа­тар тілдік коммуникация алмасу үдерісі де болатыны заңды. Ше­­­каралас елдердің тілін білу олар­дың мәдениетін танып, жақсы араласуға мүмкіндік береді. Қазақ тілі мен қытай тілінің ұқсастық­та­рына келсем, қазақ тілінде бес сөй­лем мүшесі болса, қытай ті­лін­де олардың саны алтау. Және қа­зақ тіліндегідей баяндауыш бас­тауыш­тан кейін келеді. Қазақ ті­ліндегі секілді қытай тілінде де сөй­лемдер хабарлы, сұраулы, леп­ті болып келеді. Айта берсем, бұл екі тілдің өзара ұқсастықтары да, бір-бірінен ерекшеліктері де аз емес.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан А.ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір