Қазақ кітапханасы
05.08.2021
2397
1

«Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» депті Әбіш дана Кекілбаев. Кітапханасыз өркениетті қоғамды, кітапсыз білімді адамды елестету қиын. Қазақ халқы кітап оқитын халықтардың алдыңғы легінде болмаса да, көш соңында емес. Елімізде кітапхана ісі қашан басталды? Тәуелсіздіктің 30 жылдығында өткен тарихқа көз жіберіп, бүгінгі заманауи кітапханалардың тарихына бір сәт көңіл бөлу артық болмас деп ойлаймыз. Біз ежелгі Отырар кітапханасы туралы аңызға толы тарихқа  емес, соңғы бір ғасырлық кітапхана  құрылымының даму тарихына  көз жіберіп көрмекпіз. 

Сайын БОРБАСОВ, саяси ғылымдар докторы, профессор



                   ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТЫҢ ОТАРЛАНУЫ

 ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында қазақ даласындағы рухани ахуал түбегейлі өзгеріске ұшырады. Дәстүрлі ұлттық-этникалық құндыдықтарды, мұсылмандық оқу-білімді, қазақи мазмұндағы мәдениетті ресейлік-еуропалық үлгідегі білім, мәдениет, өнер, дәстүр жүйелерінің ығыстыру үдерісі басталды. Күштеп социалистік жаңарту саясаты тек шаруашылық пен экономиканы ғана емес, рухани-мәдени саланы да белсенді түрде қамтыды. Билеуші большевиктік партия басшылары дәстүрлі қазақ мәдениетінің басымдылығын жеңбейінше, қазақ даласында социализм орнамайтындығын жақсы түсінді. Социалистік, коммунистік құрлыс білімге, ғылымға, заманауи мәдениетке, техникалық жетістіктерге, дамыған өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығына негізделді деген принципке сәйкес Қазақстанда да қоғамдық қатынастарды жаңарту, өзгерту шаралары басталды. Ұрандар, мақсаттар, идеялар, жоспарлар жақсы болғанымен, оларды іске асыруда қателіктер, асыра сілтеушілік, зорлық-зомбылық орын алды. Олардың қазақ халқы үшін трагедиялық салдарлары болғаны белгілі.

     Осы бағыттағы үдерістердің қазақ қоғамы үшін екіұдай әсері болды. Біріншіден, қазақ халқы басқа дамыған халықтар өткен мәдени революция процесіне тартылды. Оқу, білім, ғылым дамуы қазақ халқы үшін ауадай қажет болатын. Екінші жағынан, қазақ қоғамының патшалық Ресей құрамында өмір сүргеніне қарамастан, жоғалмай келе жатқан мұсылмандық оқу-білім жүйесі мен дәстүрлі мәдениетін дамыту мәселесі күн тәртібінен түсті. Әрине, ислам діні мен құндылықтары бірден жоқ болып кеткен жоқ. Қазақ халқының біршама бөлігі оны жасырын, латентті пайдалану, ұстану жағдайына көшті. Бұл үдеріс ұзақ уақытқа, тіптен Кеңес Одағы ыдырап кеткенге дейін жалғасты. Ал Қазақстан тәуелсіздік алғанда ислам діні мен  ұлттық мәдениет жаңа сапалық даму  деңгейіне көшті. Осы екі тенденцияның өзінен ғана Қазақстандағы ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында жүргізілген мәдени революцияның қаншалықты күрделі және қайшылықты болғандығын көреміз. Ұлттық құндылықтардың социалистік, коммунистік құндылықтардан, таптық мақсат-мұраттардан қарағанда екінші орынға сырғытылуы ресми биліктің негізгі ұстанымына айналды.

      Қазақстанда большевиктік партия басшылығымен жүргізілген мәдени революцияның  түпкілікті мақсаты – жаңа социалистік қоғам адамын қалыптастыру болатын. Ол үшін мәдени жүйенің негізгі сегменттерін қалыптастыру керек еді. Рухани саладағы жаңарту процесі халықты ағарту, яғни білім берудің заманауи жүйесін жасаудан басталды. Мектептер мен кітапханалар көбейе бастады. Сонымен қатар Қазақстанда бұрын болмаған мұражайлар жасау және жабдықтау жұмысы қолға алынды. Қазақ баспасөзі де жаңаша мазмұнға ие болып, жаңа сапалық деңгейге көтерілуі керек болды. Мәдениетте, білімде, өнерде пролетарлық, таптық принципке сүйену негізгі мазмұндық арқауға айналды. Идеологияық ымырасыздық, тап жауларын әшкерелеу, социалистік қоғама жат нәрселер мен құбылыстардан бас тарту талабы қойылды. Жалпыадамзаттық ортақ құндылықтар, ұлттық құндылықтар екінші орынға ысырылып, бірінші кезекке таптық құндылықтар шығарылды. Мәдени сананың осы арнаға бетбұрыс жасауы ұлттық сананың деформациялануын бастады. Қазіргі Қазақстан қоғамындағы қайшылықтар, кемшіліктер, моральдық ауытқулар басқа да девянттық құбылыстар осы ұлттық болмыстың бұрмалануын басталғаны даусыз. Қазақ ұлты өзі қалыпты жүріп келе жатқан табиғи-эволюциялық даму жолынан ауытқуға мәжбүр болды. Ол полиэтникалық Ресей халықтардың құрамында социалистік құрлыс экспериментінің құрбандығына айналды. Шаруашылық жүйеде басым болған көшпелі-экстенсивті мал шаруашылығы ыдырауымен қатарласа қазақ халқының өзіндік мәдени-рухани аясынан шығуы басталды. Бұл үдеріс 1 ғасырдан артық мерзімге созылып үздік-создық сипатта  бүгінгі күнге дейін жалғасуда. Қазақтың ұлттық рухани құндылықтары мен салт-дәстүрлері еуропалық оқу-білім, мәдениет жүйесіне кірігуі, олардың өзара синтезделуі рухани сфераның дамуының негізгі белгісіне айналды.

 

ЕЛДЕГІ ТҰҢҒЫШ ҒЫЛЫМИ МЕКЕМЕ  

  Қазан революциясынан кейін большевиктер партиясының билігі нығая бастағанда қазақ халқының «Алаш» ұлттық-демократиялық партиясының өкілдері қазақ халқының оқу-білімге тартылуын қостай отыра оның өздік ұлттық құндылықтарының сақталуын және дамуын жақтады.                                                                                                                                                                                КСРО басшылығы мен компартияның мәдени саясаты қазақ халқына таңылды. «Түрі ұлттық, мазмұны социалистік» жаңа мәдениет пен білім жүйесі іргетасы ХХ ғасырдың 20-30 жылдары қалана бастады. Кеңестік құрлысты, марксистік-лениндік дүниетанымды, большевизм саясатын жақтайтын және оларға ешбір күдік келтірмейтін білім мен мәдениет қалыптасты. Адамзаттың жарқын болашағы коммунистік құрлыспен байланысты деген қағиданы кеңестік билік бірінші орынға қойды. Политэникалық кеңес халықтары бірігіп, біртұтас әлеуметтік қауымдастыққа айналады деп есептелді. Сонымен қатар кеңестік кезеңді тек қара бояумен көруге болмайды. КСРО құрамындағы қазақ жұрты мәдени революция кезіндегі өзгерістер мен реформалардан тапқан пайдасы мен көрген жақсылығы да аз болған жоқ. Қазақ халқы заманауи оқу-білім, ғылым-мәдениет, өнеркәсіп пен техникаға тартылды. Кеңестік кезеңде Қазақстанда бұрын болмаған кітапхана жүйесі қалыптаса бастады. Мысалы, Қазақстан тарихында елдегі тұңғыш ғылыми мекеме «Қырғыз өлкесін зерттеу қоғамы» 1920 жылы 15 қазанда құрылды. Осы жылдар елдегі Азамат соғысының аяқталып, бейбіт өмірге бетбұрыс жасау жылдары болды. Елдің әлкуметтік-саяси құрлысын күштеп өзгерту реформалары басталды. Социалистік құрылыс индустриаландыру, ұжымдастыру және мәдени революция арқылы жүзеге асырылды. «Қырғыз өлкесін зерттеу қоғамы» мәдени революция міндеттерін зерделеу, сараптау,шешу жолдарын көрсетумен айналысты.

      Зерттеу қоғамының отырыстарында білім беру, ғылымды дамыту, денсаулық сақтау, кітапхана жұмысы, мәдениеттің басқа да салаларын жақсарту мәселелері жүйелі түрде талқыға түсті. Қоғамның кейбір мүшелері қазақтың дәстүрлі мәдениетін европалық мәдениет ығыстырып шығарады деп есептесе, екінші тобы дәстүрлі мәдениет европалық мәдениетпен ұштасады, толығады деп есептеді. Қазақ халқының әні, күй өнері дамуы мәселерін талқылаған «Қазақстанды зерттеу қоғамының» жиналысында  И.П.Словохотов деген өнертанушы: «Қазақ халқына еуропалық мәдениетті енгізу алдағы болашақта қазақтардың жүрегінен туған әуендерді ығыстырып шығарады», –  деген пікір айтады. Онымен келіспеген И.П.Третьяков: «Қазақ балаларына еуропалық  музыкалық білімді беру келешекте олардың халықтық мәдениет негізінде өзінің көркем шығармашылығын құруына әкелуі қажет. Сонда ғана қазақ симфониясы мен операсын күтуге болады.  Сонда ғана қазақ халқында оның музыкасын ұлттық арнада дамытып, қазақ өнерін халық даналарының ортақ музыкалық жауһарларына қосатын өз Глинкасы пайда болады», – деген қарсы пікір айтады.

 

АЛАШ АРДАҚТЫЛАРЫНЫҢ АРМАНЫ

Қазақ мәдениетінің даму перспективасы туралы пікірлердің дихотмиялық сипаты ұлттық құндылықтардың кеңестік саяси құрлыс жағдайында басымдылыққа ие бола алмайтындығын көрсетті. Дегенмен ХХ ғасырдың 20-жылдарында қазақ мәдениеті, өнері, баспасөзі біршама даму мүмкіндіктерін алды. Алаш қайраткерлері осы мүмкіндіктерді қазақ халқының рухани дамуы мақсатына пайдаланып қалуды көздеді. Олар 30-шы жылдардағы саяси репрессия басталғанға дейін айтарлықтай еңбек жасады.  Орынбор қаласындағы «Қырғыз (қазақ) өлкесін зерттеу қоғамы» жұмысына да алаштықтар белсенді ат салысты. Ташкент қаласында «Қырғыз мәдениетін көркейтушілердің «Талап» қоғамы» да қызмет етті. Қазақстан тарихына, өнеріне, этнографиясына байланысты біршама позитивті шаралар жүзеге асырылды.

        Қазақстанда білімнің, мәдениеттің, өнердің дамуы ұлттық ізгілікті құндылықтармен параллелді, қабаттаса өркендеуін қазақ зиялы қауымы ерекше жақтады. «Қазақ» газеті  мен «Айқап» журналында қазақ халқының рухани өмірінің түрлі аспектілерін қамтитын мақалаларды Алаш қозғалысының лидерлері жариялаумен болды. «Алаш» демократиялық партиясының лидерлері кең байтақ қазақ жерінің түрлі қазынаға толы екендігін, мал шаруашылығының өзінен ғана зор табыстарға жетіп, қарапайым халықтың жақсы тұрмысқа қолын жеткізуге болатындығын үнемі ескертіп отырды. Алайда болашақ ғылым мен технологияға негізделген қоғамда екендігін болжап айтты. Ал қазақ халқының болашағы баянды болуы, дамыған елдер көшіне ілесе алуы саяси және экономикалық тәуелсіздікке байланысты екендігін Алаш қайраткерлері жақсы түсінді. Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов: «Бұрынғы кеңшілікте қазақ қошқарға сиынып та күнелтті, өтірікші, өсекші, құдай қарғағанды да болыс, би, аулынай һәм елубасы қойды. О заман енді өтті, жаңа заман адамнан ақыл, ұсталық, жаһидшілдік күтеді. Қазақ жері тарылды, қазынаны күшті жалдап іздемегенге бәйге жоқ», – деп ескертті. Жаңа мен ескі тартысқа түскен кезеңде, алаштықтар заманның ерекшелігін халыққа түсіндіру үшін көп жұмыс жасады. «Біздің адасқан надан жұртқа мұрындық болып, көз болып, бостандық, теңдік, туысқандық жолын ұғындыру зор борыш… Біздің жұрт бостандық, теңдік, құрдастық үшін саяси ісін ұғынбаса, тезек теріп тарқы жолында артта қалады. Бақыт, махаббаттан тысқары болады. Бұл екеуі жоқ жұртқа тіршілік неге керек!?» – деп жазды.

       Осы өзекжарды ойды Міржақып Дулатов «Қазақ» газетінде: «Заман талас-тартысқа айналды. Қара күніне қайғырмай қамсыз жатқан қазақ болмаса, ұшқан құс, жүгірген аңның бәрі де тіршілік жабдығында. Жағаласпай, жармаспай ешкім қатардан орын бермейді. Басқалармен тізелесуге, тартысуға, жарысуға оқу-білім керек. Надан жұрт оқымысты, білімді жұртпен қатар тіршілік ете алмайды… Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт  – оқуда. Теңдікке жетсек те, жұрттығымызды сақтасақ та, дүниеден сыбағалы орнымызды алсақ та, бір ғана оқудың арқасында аламыз. Жақсылыққа бастайтын жарық жұлдыз – оқу. Надан жұрттың күні қараң келешегі тұман», – деп ескертеді. Сонымен қатар Алаш көсемдері жәй ғана білім алуға үндеп отырған жоқ. Олар білімнің қазақ халқының мәдениетін биік, бәсекеге қабілетті болу дәрежесіне көтергенін қалайды. Әлсіз халықтың, әлсіз мәдениеті дамыған халықтың күшті мәдениетінің астында қалып, құрып кетеді деп болжайды Алаш қайраткерлері. М.Дулатов А.Байтұрсыновтың 50 жылдық мерейтойына арналған мақаласында: «Егер келімсек элемент жергілікті халықтан  мәдени жағынан күшті болса, уақыт өте келе соңғысын біріншісі жұтады. Егер олар тең дәрежедегі мәдениеттер болса, онда олар өздерінше жеке тең құқықта және ұлттық келбетін сақтап отырып дами алады… Сондықтан біздің алдымызда қырғыз халқының өз еркімен өмір сүру мәселесі ерекше тұрады. Өзіміздің жекелігімізді сақтау үшін, бізге керегі  – барлық күш-жігермен ағартушылыққа және жалпы мәдениетке ұмтылу. Ол үшін біздің парыз –  ана тілдегі әдебиетті бірінші дамыту.    

          Тәуелсіз өмір сүруге   қақысына ұмтылған халықтың өз тілінде сөйлеуі, өз әдебиетінің болуы міндетті екендігін ешуақытта ұмытуға болмайды», – деп ескертті. Алаш қайраткерлерінің осындай ой-пікірлерін қазақ жұрты дұрыс қабылдады, қолдады. «Қырғыз  (қазақ) өлкесін зерттеу қоғамы» төңірегіне ел қамын жеген ұлтжанды шығармашылық топ қалыптасты. Топ мүшелері қазақ халқының жер құнарлығы, өсімдіктерінің жағдайы, жан-жануарлары, қазба байлықтары, рухани өмірінің даму бағыттары, т.б. тағдырлық мәселелерін талқылады, зерттеуге тырысты. Бұл қоғам Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін ғылыми тұрғыдан зерделеуге ұмтылған алғашқы ғылыми ұжым болды. Қоғамның ерекше ден қойған мәселесі қазақ өлкесінің тарихы мәселелері болды. Қоғамды құруға белсене ат салысқандар Ә.Диваев, П.А.Гра, А.Л.Мелков, И.В.Мелкова, С.М.Петров, А.А.Четыркина, А.П.Чулочников, Н.А.Чулочникова және т.б. зерттеушілер болды. Қоғам өз қызметінде қазақ зиялылары арасынан М.Тынышбаев, М. Дулатов, Х.Досмағамбетов, т.б. еңбектерін пайдаланылды.

КІТАПХАНА ЖҰМЫСЫНЫҢ АЛҒАШҚЫ МАМАНДАРЫ   

   ХХ ғасырдың 20-шы жылдарында Қазақстанды зерттеу қоғамы елде оқу-ағарту жұмысын ұйымдастыруда кітапханалар, мұражайлар қызметіне ерекше назар аударды. Осы уақытқа дейін Қазақстанда кітапханалар қызметі ешқандай жүйеге келтірілмеген еді. Бар кітаптар тізімге алынбайтын, түрлі мекемелерде, ұйымдарда, оқу орындарында шашылып жататын, оларға ешкім иелік етпейтін. 1923 жылы 1 маусымда Қазақстанды зерттеу қоғамы ұйымы кітапхана жұмысын ұйымдастыратын арнайы маман шақырады. Осы маман елдегі кітаптардың қорын Орынбордағы Ресей географиялық қоғамы бөлімшесі, Орынбор ғылыми мұрағат комиссиясы, Археология институтының Орынбор бөлімшесі және қаладағы мектептердегі кітаптар базасында жасады. Сонымен қатар Қазақстандағы кітапханалардың қалыптасуына Ташкент қаласында құрылған «Қырғыз мәдениетін көркейтушілердің «Талап» қоғамының» жұмысы да ықпал етті. «Талап» қоғамының мүшелері алғашқыда өз жұмысын 1917 жылдың күзінде Семей облысының Шыңғыс болысында бастаған болатын. Кітап қорын қалыптастырып, дамытуда училищелердің, бастауыш мектептердің пайдалануындағы оқулықтар мен кітаптардың санаққа алынуы да маңызды болды. «Талап» қоғамының қатарында 100-ден астам мүшелері болды. Олардың қатарында қазақ әдебиеті мен мәдениетінің белгілі қайраткерлері болды. «Талапты» ұйымдастырушы және төрағасы Халел Досмұхамедов болды.  Басқарма мүшелерінің қатарында: Мұхтар Әуезов, А.Э.Шмидт, Иса Тоқтабаев, Қасым Тыныстанов, Жаһанша Досмұхамедов, Кәрім Жәленов болды. «Талаптың» белседі мүшелері қатарында  Мағжан Жұмабаев, Микаел Құнанбаев, Темірбек Жүргенов, Өміртай Ақбердіұлы, Сіләмжан Ғабитжанұлы, Мұхамеджан Тынышбаев, Санжар Асфендияров, Әдубәкір Диваев, Манан Тұрғанбаев, т.б. белгілі қазақ зиялы қауым өкілдері болды. «Талап» қоғамының толық аты «Қазақстан мәдениетін көркейтушілердің «Талап» қоғамы » деп аталды. «Талап» қоғамы 1917 жылы құрылғанымен  өзінің ағартушылық қызметін 1923 жылдан бастап жақсы жолға қоя бастады. Осы жылдан бастап қоғам мемлекеттің қаржылай қолдауына ие болып, материалдық жағдайын дұрыстай бастады.

         «Талап» қоғамы қазақ қоғамын кітап оқуға тартуды негізгі мақсаттың бірі деп есептеді. Сондықтан қоғам алдына келесі міндеттерді қойды:

  1. Ташкент қаласында қырғыз(қазақ) өлкелік кітапханасын ашу;
  2. Аудармашылар бюросын ұйымдастыру;
  3. Кітаптар басып шығару мәселесін шешу;
  4. А.Байтұрсынов тәсілі бойынша жасалған қазақ әліпбиін ұйымдастыру курстарын ашу.

Жергілікті кеңес өкіметі билігі кітап оқыту және тарату мәселесінің маңыздылығын түсіне отыра Халық коммисариатының арнайы рұқсатымен астық бөлініп, «Талап» қоғамының ағартушылық шаралары қаржыландыра бастады.

        «Талап» қоғамына қаржы бөлінуіне Түркістан Республикасының Халық Комиссариатының Төрағасы Тұрар Рысқұлов шешуші ықпал жасады. Халық ағарту комиссариатының 1924 жылғы 14 ақпанындағы №4816 қатынас қағазы бойынша Халықкомның арнайы қорындағы 1666 пұт бидайды мәдени ұйымдарға көмек көрсетуге арнады. Халкомның қаулысында көрсетілген 5000 пұт бидай болмағандықтан ол мейізбен (кишмиш) алмастырылды. 3 пұт бидай 1 пұт  мейізге тең саналды. «Талап» қоғамының өтініші бойынша осы қоғамға тиесілі 1666 пұт бидай 555 пұт мейізге кітапханалар жүйесін жасау екендігін сол кездегі қазақ зиялылары жақсы білді. Заманның таршылығына, қаржының мардымсыздығына қарамастан елде кітапханалар, қызыл бұрышты оқу залдарын жасау жұмыстары қолға алынды. Аудармашылар бюросы, баспагерлік жұмыстарды ұйымдастыру кітап қорын жасаудың, мектеп оқулықтарын дайындаудың алғышарты болды. «Талап» қоғамы бірінші кезекте қолда бар оқулықтар мен оқу құралдарын басып шығару арқылы кітап қорының негізін жасауды мақсат тұтты. Мысалы, 1923 жылы К.Жәленовтың арифметика теориясы бойынша қолжазбасын шығару, РКСФР-дың, Қазақ Республикасының, Түркістанның және 5 құрлықтардың географиялық атластарын қазақ тілінде басып шығару қолға алынды.

 

«ТАЛАПТАН» БАСТАЛҒАН ЖОЛ  

   «Талап» қоғамының орталығы Ташкентте, бөлімшелері Алматыда, Семейде, Омбыда, Ақмолада, Орынборда жұмыс істеді. Қоғамның негізгі мақсаты бүткіл қазақты қамтитын ағартушылық қызмет болды. Қоғам орталығы Ташкент қаласының Карл Маркс даңғылы 41 үй, 35 бөлмеде Қырғыз (қазақ) Ағарту институтының ғимаратында орналасты.

      «Тана» деп қол қойған мақаласында тілші Х.Досмұхамедов басқарған «Талап» қоғамы турасында: «Өткен өтті, кеткен кетті.Күш біріктірерлік деген мәселе жаңа туды. Бұл мәселенің нағызы да жаңа туған «Талап» қауымы. «Талап» қауымының ұстанған жолы – қазақ жұртының мәдениетін ілгері бастады. Мұның  үшін оқу жолына белсеніп кірісу, әдебиетін жинау, газет-журналға айқын көзбен қарап, шығысын жиілетіп, бағытын елге жемісті қылу,қазақтың ескі өнерлерін тексеру, тағы басқалар..»

       «Талап» қоғамы Орынбордағы «Қырғыз (қазақ) өлкесін зерттеу қоғамымен» байланыста болды. Екі қоғам да қазақ жерінде кітапхана жұмысын жолға қоюды мақсат тұтты. «Талап» қоғамының кітапханасы мен оқу залы Түркістан Халық ағарту комиссариаты Мемлекеттік ғылыми кеңсесінің 1922 жылғы 4 желтоқсандағы бекіткен «Қырғыз (қазақ) мәдениетін көркейтушілердің «Талап қоғамы» жарғысының 1-ші бабына сәйкес ашылды. Жарғыда «қоғам кітаптар, қолжазбалар және көне ескерткіштер мен өнер туындыларын жинау құқығына ие»- деп айтылған .

       «Талап» қоғамы кітапханасының жарғысында қазақ халқын оқу-білімге тартудың маңызды жолдары күн тәртібіне қойылады. Олар: ғылыми-көпшілік басылымдардың елде бар түрлерін, түрлі қолжазбаларды жинау, сақтау, халыққа оқуға беру, қазақ халқының материалдық, рухани өміріне, табиғатына қатысты кітаптарды, көршілес шығыс халықтарының шығу тегі, қоғамдары, дәстүрлері, басқа халықтардың қазақ халқымен мәдени байланыстары жайындағы басылып шыққан кітаптарды, газет-журналдарды, басқа басылымдарды жаздырып алу, жинақтау, жүйелеу және сақтау шаралары болды. Тұрақты түрде көрмелер ұйымдастыру арқылы тұрғындар арасында кітаптардың насихатталуына, танылуына назар аударылды.

       «Қырғыз (қазақ) өлкесін зерттеу қоғамы» басқармасы да 1924 жығы 26 маусымдағы отырысында Қазақстандағы кітапхана ісі туралы мәселені арнайы талқылады. М.П.Баталовтың төрағалығымен болған жиынға басқарма мүшелері А.Л.Мелков, В.В.Тележников, С.И.Петров, Л.П.Лашкарев қатысқан. Баяндаманы Орталық өлкелік мұрағат меңгерушісі жасаған. РСФСР Орталық мұрағатының №1963-ші (7.04.1924 ж.) бұйрығы бойынша кітапханалар қазір кандай мекеменің қарамағында болса сол мекемеде қалдырылды. Мұрағат комиссиясының кітапханасы «Қырғыз (қазақ) өлкесін зерттеу қоғамының» қарамағына берілді.

       ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы экономикалық ахуалдың қиыншылығы кітапханалар жұмысын ұйымдастыруға өзінің кері әсерлерін тигізбей қалған жоқ. Осы жиында баяндама жасаған кітапханашы Р.А.Энгель Қазақстандағы кітапханалардың өте ауыр жағдайын айтты. Кітап сөрелері жетіспеді, оқу залдады суық, отын тапшы. Кітаптарды реттеуге, сараптауға қызметкерлер жоқ. Себебі үнемі қаржы тапшылығы орын алады.

      Қоғам басқармасының мүшесі А.Л.Мелков баяндамасында қазақ жерінде кітапхана ісін жандандырудың, қоғамның жаңа баспа өнімдерін пайдалану жолдарын ұсынады. Ал, «Талап» қоғамы кітапхана ісін жолға қою мақсатында 1923 жылы қандай шығын жұмсау керектігін көрсетеді:

Кітапхананың негізгі қорын құрайтын 2500 том кітап сатып алуға 5000 рубль; басылымдарды түптеуге 250; журналдарға жазылуға 200; газеттерге жазылуға 200; карточкалық жүйені ұйымдастыруға 135; кітаптар берілуін карточкалық жүйеге ауыстыруға және оны қолдауға 400; кітап көрмелерін ұйымдастырып, кітаптар тізімін жасауға 150; жалақы 50; қайта шығып жатқан басылымдарды сатып алуға 610; тозған кітаптарды түптеуге 112; ағымдық шығындарға 40 рубль жұмсау жоспарланды. Осы шығындарды «Талап» қоғамының кітапханасы мен оқу залы 1923 жылдың наурыз-қазан айлары арасында  6 айда пайдалануы тиіс болды. Сонымен қатар шаруашылық шығындарына: бөлме жалдауға, оқу залын жабдықтауға, жиһазға, электр қуатына, ұсақ жөндеу жұмыстарына, салық пен сақтандыруға, кеңсе, почта, телеграф шығындарына, көздемеген шығындарға барлығы 8871 рубль ақша жұмсау көзделді. Ал, кітапхана жүйесін дамытудың барлық шығыны 203045 рублді құрауы керек болды. Тіптен Қырғыз(қазақ) Халық ағарту комиссариатындағы Брокгауз бен Ефронның энциклопедиялық сөздігін алып, тізімге енгізу қоғам мүшесі Е.А. Чеглоковаға тапсырылды.

      1923-1924 жылдары алынған кітаптардың барлығы сұрыпталып, Брюссель халықаралық ондық принципіне сәйкес 10 бөлімге жекелендіріп, ескіден келе жатқан кітаптар ерекше сақталатын болды. Шет тіліндегі кітаптар жазылған тіліне сәйкес бөлінді. Нақты білімдер мен тарихқа қатысты кітаптарға деген сұраныс көп болғандықтан олар негізгі бөлімге шығарылды. Сонымен «Талап» қоғамына қатысты кітаптар қоры біршама жинақталды:

       Жалпы тақырыптар бойынша кітаптар – 2938 том.

       Дін бойынша – 975 том.

       Нақты ғылымдар – 2261 том.

       Тарих ғылымдары – 1915 том.

        География – 800 том.

       Биография – 23 том.

         Барлығы – 8912 том.

     Кітаптар толық каталогқа енгізілді, сыныптарға бөлінді, есепке тұрғызылды. Ресей кітапханаларының тәжрибесіне сәйкес пәндік, әліпбилік жүйе жасалынып оқырманға өз қажетін  тез табуға жағдай жасалынды. «Талап» қоғамы 272 түрлі мекемелер, ұйымдармен хат жазысып, кітаптар алу және алмасу жайында келісімдер жасасты. Ресейдің ондаған ірі қалаларынан Қазақстанға кітаптар келіп жатты.  «Қырғыз (қазақ) өлкесін зерттеу қоғамы» да шет елдермен хат жазысып Варшава, Мюнхен, Берлин, Лейпциг, Вена,Мадрид, Лиссабон, Осло, Нью-Йорк, Вашингтон, Буэнос-Айрес, Мехико, Париж, Бордо, Гавр, Тур, т.б. қалаларының ғылыми, мәдени мекемелерімен  байланысып, кітаптар алмасуды бастады.

        Әрине, Қазақстанда кітаптар жинауға ат салысқан көптеген ұйымдар мен мекемелер болды. Жегілікті жерлерде белсенді азаматтар күшімен кітапханалар да ашылды. ХХ ғасырдың 20-шы жылдарында Кеңес билігі өз декреттерінде ғасырлар бойы қалыптасқан адамзаттық рухани мәдениет үлгілерін, кітап қорларын сақтау туралы талаптар қойды. Кеңес жүйесінің көсемі В.И.Ленин социалистік құырлыс озық үлгілерге негізделген пролетарлық мәдениет арқылы жасалады деп ескертті. Лениндік талаптарға сәйкес Қазақстандағы «Талап» және «Қырғыз (қазақ) өлкесін зерттеу қоғамы» кітапхана ісін ұйымдастырудың басында тұрды. Кітапханалардың жұмысының жолға қойылуы қазақ халқына заманауи білім мен ғылымға ден қоюына жол ашты.

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 03.11.2023 | 12:15

Ee

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір