Өлеңім барда қалай өлемін Мен?!
(Қазақтың қайсар ақыны Қанипа Бұғыбаева туралы сыр)
Үйге қатысты құжаттың ойламаған жерден керек бола қалғаны. Қайда қойғанымды есіме түсіре алсамшы, топырлап әбігерлендім де қойдым. Ақыры, үлкен қорапқа салып, сары майдай сақтап аузын скотшпен бекітіп қойған жеке «архивімді» амалсыз ақтаруға тура келді. Қораптың бір бұрышынан целоффан қағазға мұқият оралған қомақты бума іліне кетті қолыма. Орауын жазып қарасам… хаттар. Әуестік жеңіп конверттің сыртына үңілдім. Қанипаның қолтаңбасы көзіме оттай басылды. Ақынның жан сыры ақтарылған хаттардың сыр бүгіп жатқанына 30 жылдан асыпты.
Ал Қанипа өмірде жоқ…
Студент кезім. Жазғы демалысқа шығып ауылға келдім. Бірде дүкенде ауылдас жігіт Қанағат Қарашев жұбайы екеуі ұшыраса кетті. Қанағатпен ағалы-қарындастай сыйластығымыз жарасқан достармыз. Екеуміз де өлең жазамыз. Қанипа Бұғыбаеваға үйленгенін естігенмін. Аман-есендік сұрасып, мәре-сәре болып қалдық. Қанағат келіншегімен таныстырды.
– Қанипаны өлеңдері арқылы жақсы танитындықтан, ескі танысыммен қайта қауышқандай әсердемін, – дедім ойымды бүкпестен.
– Рахмет, Тұрсын, – деп ол қолымды қысты. Таныстығымыз бірте-бірте достыққа ұласты.
«Өнер – адамдарды біріктіретін құралдың бірі» деп Л.Толстой айтқандай, бізді табыстырған киелі сөз өнерінің тылсым құдіреті. Ол дәуірде көркем әдебиетке деген сұраныс қандай еді?.. Газет-журналда өлеңі, әңгімесі басылған ақын, яки жазушыны халық жылы қабылдап, аты-жөнін жадында сақтайтын. Ақпарат құралдарын барша жұрт жаздырып оқитын. Көркем әдебиетке, ақын-жазушыларға деген құрмет айрықша еді.
Қанағат күндіз жұмыста. Қанипа екеуміз бірде біздікінде, бірде олардікінде, жұбымыз жазылмайтын. Әңгімеміздің негізгі арқауы – поэзия, әдебиет. Қазан айының соңына таман Қанипа босанып, ұл бала келді дүниеге. Есімін ата-анасы азан шақырып «Талап» деп қойды.
Әне-міне, дегенше оқуыма кететін мезгіл де таяды. Бірге жүрген аз ғана уақытта бір-бірімізге бауыр басып кеткеніміз сонша, қоштасу сәтіндегі қиналысты тілмен айтып жеткізе алмаспын, сірә! Қимастық сезім лықсып кеп тамағыма тығылып, жанарымнан мөлдір тамшылар тізбектеліп, үзіліп түсіп жатты. Кішкентай Талаптың бетінен сүйдім де, кірпіктері жасқа шыланған Қанипаға: «Біз әлі кездесеміз. Қысқы демалыста келемін», – дедім оны тыныштандырмақ боп. Бірақ қысқы демалыста кездесе алмадық. Ата-анам ағайымның қызмет бабымен көрші аудан орталығы Кегенге қоныс аударыпты.
Оқуымды тәмамдап, сол кездегі Кеген ауданы, Қарқара орта мектебіне жолдамамен мұғалім болып бардым. Бірде бір ауылдастан Қанипа сәлем айтып, хат беріп жіберіпті. Жамбыл ауданының орталығы
Ұзынағашта тұратындарын құлағым шалған. Мекен-жайын көрсетіп, үйіне шақырыпты. Бала-шаға, жұмысты тастап сонау бір қиырға бару қайда. Хат жаздым. Арамызды қарлығаш хаттар жалғастырып жатты.
«…Тұрсынхан, біз де аманбыз.Талап 6 класта оқиды, бойы ұзын болатын түрі бар. Сол өзің көрген Талаптан соң екі қызымыз бар. Ләззат 11-де, Ләзиза 9-да. Үлкен қызымызды әкем алып кетіп, сол жақта бес айлығында ауырып шетінеп кетті (12-ге келер еді). Сонымен барым үшеу. Балалар екі адам тағдырын біріктіріп шегелейді екен ғой. Осынау кішкентай өмірлер үшін, өз өмірімнің қызығын, бақытын ұмытады екенсің. Бақытым – әлі қанаттанып үлгермеген үш балам.
Қанағат сырттай оқып, тарихты бітірді. Онымен қабаттаспайын деп, бұрынғы оқуыма (ҚазПИ) баруды қойғанмын, балаларды кім қарайды? Ол бітіріп алған соң: «Енді сен оқы деп маған маза бермеді. Содан ҚазМУ-дың журфагына түскенмін. Мен кеш ұшқан құстай болып, енді талпынып жүрмін тіршілікке. Көп жайлар бар ғой, кездессек айтармын. Хаттың аты – хат, ыңғайсыз».
Бір-бірімізді көрмегенімізге нешеме жылдар өтсе де, Қанипаның маған деген көңілін кір шалмағанын ұқтым. Кездесіп сыр ақтарудан жан семіретін бақытты шақты тағатсыздана күтетініммен қарбаласқан тіршілік қамы ішкі тілегімнің оңтайлы сәтін кейінге ығыстыра берді. Табиғатынан қарапайым ақын: «…Неше кітап шығарсам да әлі өзімді өлең жолындағы еңбектеген сәбидей көремін. Әлі жазарым көп, тек шеберлігім, тілім, тәсілім жетпей жүр», – деп мейлінше кішірейіп сөйлейді. «Ұлық болсаң,кішік бол» қағидасынан аттауға адами биік парасаты, тектілігі жібермейді.
Алғашқы өлеңдері газеттерде он алты жасында-ақ жарық көре бастаған ақынның жұртқа ерте танылғаны да рас. Тұңғыш жыр жинағы 1963 жылы 21 жасында жарық көріпті. Бұл турасында бір хатында: «…Мен шаранадан шықпай жатып, сөйлегендей болыппым. Бар-бар есею жолым осы жолдың үстінде өтіпті. Бәрі жұртқа көрініп отырыпты», – деп ағынан жарылады.
Бір жолы жазған хатында: «…Сенің жаныңды емес, болмысыңмен ақын болып жаралған деуші ем. Түк өлең жазбай кеттің ғой, неге жазбайсың?», – деп ашуланыпты.
Қанипа өзім ғана болайын деген өзімшіл пиғылдан аулақ. Жазғандарымдағы болар-болмас ұшқынды жан-жүрегімен сезініп, өшіріп алудан сақтандырғаны деп білдім.
Көркем дүние жазуға отбасы, бала-шаға қамы, жұмыс қолбайлау боп дес бермейтінін айтып, мұң шаққанмын. Қанипа: «…Тұрсынхан, сенің «Енді ұят қой, – дегеніңе мен ашуланып, саған өкпелеп отырмын. Өнерде, әдебиетте еш кәрілік жоқ. Сен әдебиет тарихын, ұлы адамдар өмірін менен жақсы білесің деп ойлаймын. Өмірден көргенің, түйгенің, дарының – бәрі бар сенде. Тек ерінбей еңбек етсең болды. Сен мен үшін тың жатқан алқап сияқтысың. Сенен көп үміт күтіп елеңдегенмін. Мақалаларыңды оқып: «Е, бар екен ғой, міне», – деп қуанатынмын. Бірақ көркем шығармаларыңды көрмей жүрмін. Жаз-жаз, әлі кеш емес. Өлең жазсаң да, әңгіме жазсаң да жинай бер, не жазсаң да жинай бер. Не жазсаң да бәрін маған ала кел. Бірлесіп оқып көрейік. Керемет ақын Мұқағали сенің топырағыңда жаралды емес пе? Мен сенімен бірге жүргенді, осы жолда бақыт санаймын…».
Өмірде қандай ақкөңіл болса, хат жолдарынан да көңілінің кеңдігі, досына деген қалтқысыз адалдығы, жанашырлығы байқалып тұрушы еді. Қанипа адамды жақсылығымен жарылқаудан қуаныш табатын, шарапатын тигізуді бақыт санайтын, қажетсінгендерді қыжалатынан шығаруды адами қасиет деп білетін үлкен жүректі ана.
Қанипаның тағы бір қыры – басқалардың, әсіресе, жастардың жетістігіне шын қуанады. Біреу үшін қуана білу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық.
«…Тұрсынхан, сенің Сағат деген інің дүрілдеген сыншы болды. Баяғыда сенен естіп едім атын тұнғыш рет. Қандай ақылды! Жас та болса, бас болуға лайықты. Оның сындарын өлең оқығандай оқимын. Тегінде, сыншылық та ақындықтан жоғары тұратын дарын ғой деймін».
Тілге көндіру үшін еркелеткен бала құсатып бірде жұмсақ, бірде қатқыл сөйлеп, Қанипа мені әдебиет әлемінен көргісі келетінін жиі қайталайтын.
«…Тұрсын, менің жалғызсыраған көңіліме сен жылтыраған үміт отындай әсер еттің. Енді мынау әдебиет әлеміне келіп түссең, жанашыр достығымыз бір жолдың үстінде қандай жақсы болар еді. Бірімізді-біріміз мәңгі жоғалтпас едік. Жаз, өлең бе, әлде әңгіме ме, мейлі қайсысы оңтайлы, сонысын жаз. Біз қатар-ақ шығып едік қой, тек өзің жазбай кеттің. Татардың ұлы ақыны Мұса Жәлел түрмеде отырып та жазған ғой. Егер жазбасаң, нағыз жаныңның түрмеде отырғанын көресің. Батады да жүреді, «қап-қап» деумен өмірге келесің де кетесің. Ал жазсаң өкінбейсің. Жақсы ма, жаман ба, бәрі сайрап сыртқа шығады ғой, әйтеуір…».
«…Тұрсынхан, сендегі сәттерден екі есе жалығу, құлазу, жалғызсырау менде де көп болады. Кішкене кезімде мертігіп, 10 класты бітіре алмадым. Әрең дегенде сынық арбаға ұқсап қаз тұрғанымда тұрмысқа шықтым. Сөйтіп, ана тасқа бір, мына тасқа бір соғылып жүріп, оқу қайда, балалар мен солардың тірлігінің үстінде балапан басқан тауықтай болып бар өмірім тұншығумен, ішім қазандай қайнаумен өтпеді ме?..».
Балалық шағы ауру азабын тартумен өткенін Қанипа бұрын әңгімелеген. Аяғы мертігіп жиі-жиі төсек тартып жатып қала берген. Таяққа сүйеніп қана жүрген. 1962 жылы Ақсуға үлкен ақындар Әбу Сәрсенбаев пен Тұманбай Молдағалиев барып, жұртшылықпен кездесу өткізеді. Қанипа Әбу Сәрсенбаевқа арналған өлеңін оқиды. Кетерінде Әбекең үйінің телефон нөмірін, адресін жазып қалдырады. Дәрігерге қарататынын айтып, Алматыға шақырады. Қанипа үлкен үміт арқалап Алматыға келеді. Әбекең жұбайы Ләзиза Серғазина екеуі қызды ақ жарма көңілмен қарсы алып, үйінде жүргізеді. Дәрігерге қаратады.
Аяғына ота жасатып, қолынан таяғы түседі. Аяғын нық басатын жағдайға жетеді. Мейірімді жақсы адамдардың қамқорлығы нәтижесінде Қанипа өзін өмірге жаңа келгендей сезініп, қуаныш құшады.
Бұралаңы көп өмір жолында Қанипа бір жағынан ауру азабын тартса, «бәленшенің ақсақ қызы» атанып, кей тоғышарлардың мазағын да естиді. Намысшыл, қайсар қыз кемтарлықты жеке басының кінәсі емес, тағдырдың басқа салғаны деп біледі. Таяз ойлап, кем пішетіндерден қыңбайды. Өлеңі өрге сүйреп, арман биігіне қарай жол сілтейді.
«…Тұрсын бұрын айттым ба, жоқ па, Құдаш деген бір ұстаз-досым әрі жерлесім болып еді. Ер мен әйелдің ортасында адал достық болады дегенге өзім сенемін. Өйткені, өз басымнан өткіздім. Ол өліп қалды. Бес жылдай болды. Оның қазасы менің ертерек қартаюыма, рухани әлсіреуіме себеп болды. Оны есіңнен жұлып алып тастауға күш-дәрменің жетпейді екен. Тек елестей береді екен, тіпті сене алмайды екенсің өлді деуге. Осы сезіміңді өлең етсең, «сары-уайым» деп сенің көз жасыңа біреулер мәз болып күле қарайды екен…».
Қанипаның айтуынша, өлеңдеріне сарапшы ұстаз ғана емес, Құдаш Мұқашев қамқор аға, нағыз дос бола білген азамат. Талайдың тағдырына налып, өзін қор санап, жаны жабырқағанды, қайғы-мұңын бөлісетін жанашырсыз жалғыздықтан күйзелгенде қолтығынан демеген бірден-бір адам – Құдаш екен.
Көзқарастары ұқсас, бір-бірін құрметтеп бағалайтын иманды, биік парасатты жандар арасында ілуде бір кездесетін ерекше қарым-қатынасқа Құдаш пен Қанипа арасындағы достықты жатқызуға әбден болады. Қанипа тағдырдан қиындықты көп көрді. Ауру азабы балалық, жастық шақтарында өзіне тиесілі үлесінен құры-алақан қалдырып, балалық бал дәуреннің бақытын сезінуді пешенесіне жазбапты. Би алаңында құрбылары қатарынан табылмауы да, кәмелеттік аттестат алудан кенжелеуі де Қанипа үшін арман боп қалды. Қиындықта қол ұшын беріп, тығырықтан шығарған қайырымды жандардың есімдерін жүрегінде сақтап, жақсылығын жырлап өтті. Адамдық қасиет жығылғанды тұрғызу, сүрінгенге сүйеу, жылағанда жұбату, ауыр азаптан құтқарудан көрінетінін айтатын. Өзі де қайырымдылық жасауға құлшынатын. Әйел ананың, баланың көз жасын көрсе, себебін білуге, көмек қолын созуға дайын тұрушы еді. Өмір жолында кесе көлденең кездесен қиындық, кедергілермен күресе білген қайсар ақынның сырласы да, мұңдасы да өлеңі болды. Поэзияны сүйді. Өлеңін көкірегінің құндағында мәпелеп өтті. Соңғы демі біткенше қаламын қолынан түсірген жоқ. Қанипаның мәңгілік мекеніне қоныстанғанына да он үш жылдың жүзі болыпты.
Күш алып Күн көзінен келемін Мен,
Тағдырға қара жердей көне білген.
Алданып сәбидейін сеніп өткен
Өмірім көрінеді өлеңімнен!
Өлеңім барда қалай өлемін Мен?! – деп өзі жырлағандай, Қанипа Бұғыбаева есімін осы біздер ұмытып кеткен жоқпыз ба? Қазақ әдебиетінде сондай бір қайсар ақын қыз болып еді ғой…
Тұрсынхан ШӘЛДИБЕКҚЫЗЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.