ВЛАДИМИР ҚАЛАЙ БАЛОШ БОЛДЫ?
22.10.2021
395
0

Елімізде түрлі салада жан сала қызмет етіп жүрген өзге ұлт өкілдері аз емес. Ең бастысы, олардың басым бөлігі Қазақстанды туған жері, алтын мекені деп таниды. Біз жолыққан Владимир атты неміс жігіті де «Германияға көшу ойымда жоқ. Осы елде тудым, осы елдің түтінін түтетем» деп отыр. Қазақшаға судай бауырымызбен аз-кем әңгіме өрбіттік.

 Аяқ асты Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Ақсуат ауылына сапарға шықтық. Жол бастаушым сол өңірде туып-өскен, бұл күнде көзі қарақты жұртқа жақсы таныс археолог Ерден Оралбайұлы. Туған жердің адамға ерекше көңіл күй сыйлайтын, қанат бітіріп жіберетін бір сиқыры болады ғой. Сол сиқыр Ерденді де баурап алған секілді. Жол бойы ауыз жаппай өңірдің әр тасына дейін таныстырып келеді. Күпініп алған. Арасында ата-бабалар заманына да тамсанта үңілдіріп, жан-жақты шолу жасап қайтады. Кез келген әңгімесіне еш күмәнсіз сеніп келем. Өйткені ол археолог қой. Ал біз келе жатқан өлке – тарихқа тұнған Тарбағатай емес пе?

Сонымен, байланыс ұстай қалған бір жерде телефоным шыр ете қалды. Көтерсем, өзімнің әріптес досым, қазіргі танымал тележүргізуші Ирина Тен екен. Кәріс қызының қазақшаға судай, менің корей тілінен мүлде мақрұм екенімді білетін боларсыздар. Екеуміз мемлекеттік тілде қал-жай сұрасып, қауқылдаса кеттік. «Әй, қазір байланыс үзіліп кетуі мүмкін. Осында сәл тоқтай тұрайық» деп қабаттаса сөйлеген сапарласым көлігін жол шетіне тоқтатып, бой жазбаққа сыртқа шықты. Иринамен аз-кем әңгіме-дүкеннен кейін қоштасып, мен де сыртқа шығып ем:

– Оның кім? – деді Ерекең.

– Ирина ғой. Тануың керек. Тележүргізуші.

– Бәсе, қыздың даусы. Иә, білем ғой. Өзі қазақшаға судай иә?

– Иә, өзіңді жаңылдырады.

– Дұрыс қой. Елімізді, жерімізді сыйлаған адам тілімізді де сыйлауы керек емес пе? Иринадай жандар көбейе берсін, – деп көлігіне қарай жылжыған досым, әлденесі ұмыт қалғандай артына жалт бұрылды.

–Мә, біздің ауылда да қазақшаға судай бір неміс бар!

– Қой!

– Ой, рас! Сенбесең қазір апарам. Иринадай танымал емес бірақ…

– Танымал болу шарт па? Айда, кеттік!

Көлігіне асыққан сапарласым неміс ауылдасы біз жеткенше бір жаққа көшіп кететіндей орнынан екпіндей қозғалды.

Жаз біткен. Жаз біткенмен ауыл адамының шаруасы енді басталған, енді қызған кез. Шөп тиеп жатқан, шөп тасып жүрген, егін оруға дайындыққа кірісіп кеткен қалың ағайын. Солардың бірінің жанына құйындата келіп тоқтай қалған Ерден шаң басылғанын күтпей секіріп түсіп, «Ассалаумағалейкум! Шөптеріңіз шүйгін болсын!» деген қысқаша амандық-саулықтан кейін: «Осы Болаш қай маңда жүр?» – деді. Сосын ауылдастары меңзеген жаққа көзін сығырайта сәл қарап тұрды да, «Кеттік, досым», – деп шөбі шабылған аңызбен тағы жүйтки жөнелді. «Қазір өзің көресің, түріне қарамасаң нағыз қазақтың өзі. Айтпақшы, үй-ішімен қазақша сөйлейді». «Итің жаман» десе ренжитін бұ қазақ көңілі құлаған адамын аспандатып жібереді емес пе? Ерден де неміс ауылдасының түрлі қызығын айтып тауыса алмай келе жатқанда көк тракторға да келіп жеттік. Ішінен бір шикілсары жас жігіт секіріп түсіп, ақсия күліп келді де, сіздерге өтірік, маған шын:

– Ассалаумағалейкум! – деді. «Көрдің бе, көрдің бе?» деп келіншегі ұл тапқандай Ерден мәз.

– Бұл Қанағат деген біздің ауылға қонаққа келе жатқан журналист. Ел тарихын, жер тарихын, сосын өзің сияқты қазақшаға жорға адамдар жайында жазады. Сондықтан, давай (рас, давай деп қалды) бізді, ауылымызды ұятқа қалдырмай, жақсылап сөйлеп бер.

– Не сөйлеймін? Ауылда, өзіммен өзім жүрген жанмын.

– Көп сұрақ жоқ. Сол өзің, отбасың төңірегінде бір-екі ауыз айтсаң болғаны, – деп мен де сөзге араластым.

– Сендер сөйлесіп алғанша мен үлкендерге сәлем беріп келейін, бұл жерде өзіміз де талай шөп шаптық қой, – деп Ерден көлігіне жылжыды. Болаш сөзге тым сараң екен. Сұрағыңа ғана жауап беріп қойып, «Тағы не дейсің?» дегендей бетіңе қарап тұрады.

– Өздеріңіз келе жатқан Ақсуаттың Екпінді деген ауылында тұрам. Осы өңірде туып-өскем. Әкем неміс, шешем қазақ. Мұны аралас неке деуші ме еді?

– Қазақшаң жақсы екен.

– Қазақ жерінде туған соң қазақша сөйлеп үйрену түк қиын болған жоқ. Туып-өскен жерім осы ғой. Осында қазақ мектебінде оқыдым. Мен ғана емес үй-ішімізбен қазақша сөйлейміз. Қазақ жерінде жүрген соң қазақша сөйлеу керек қой. Рас айтам, қазақ тілін үйренудің қиын ештеңесі жоқ. Оған қарағанда керісінше неміс тілін үйрену қиын шығар деп ойлаймын өзім. Қысқасы, үйренем деп ұмтылған адамға бәрі оңай. Орысша сөйлеп отырып алатын қазақ жігіттері бар. Осы түк жараспайды, өз жерінде, өз елінде жүріп өз тілін білмеу ұят қой. Менің жора-жолдастарымның бәрі қазақтар. Мен ғана іштерінде неміс ұлтынанмын. Бірақ қазақ емессің деп ешкім айтпайды, бөлектемейді. Негізі мен де қазақпын ғой, жан-тәніммен қазақ болып кеткем.

– Трактор өзіңдікі ме?

– Жоқ. «Мәулет» деген шаруақожалығының тракторы. Осы шаруақожалықта жұмыс істеп жүргеніме біраз болып қалды. Бастығымның аты-жөні Хасенов Қайырлы Амангелдіұлы. Қазір шөп жинап болып қалдық. Науқан уақыты ғой.

– Қаншадасың? Отбасың бар ма?

– Мен 1990 жылы 28 қаңтарда туғам. Отбасым бар. 4 кішкентайым бар. Әкем сияқты мен де қазақтан қыз алдым. Айтпақшы, әкемнің де әкесі неміс, шешесі қазақ. Өзі осылай жалғасып келе жатыр.

– Үйде неше ағайындысыңдар?

– Үйде үшеуміз. Екі ұл, бір қыз.

– Көптеген неміс ағайын Германияға көшіп кетті. Түп отаныңа кету ойыңда бар ма?

– Германияға баратын ойымыз жоқ енді, шынын айтайын (Бір күліп алды). Осы жағымыз дұрыс қой. Ол жаққа көшпейміз.

– Айтпақшы, сені неге Болаш дейді?

Ол бір жымиып алды да:

– Негізі атым Владимир. Процман Владимир Яковлевич. Ауылда үлкен-кіші түгел Владимирді Болаш деп кеткен ғой, – деді.

– Отыздан жаңа асыпсың. Болашақ әлі алда. Алдыға қойған қандай жоспар, арман-тілек бар?

– Ауылдан алысқа кеткім жоқ. Осында әбден бауыр басып қалғам. Тракторды шұқылаймын, бос уақытымда үй шаруасымен айналысам. Әйтеуір, ауылдың шаруасы таусылған ба, солармен жүрем күнұзақ. Ал арманға келсек, шағын жер алып, соны игерсем деймін…

Осы уақытта Ерден де жетті.

– Қалай, бәрі дұрыс па?

– Дұрыс!

– Ал онда біз кеттік. Жұмысыңа береке берсін!

Біз онымен ежелден таныс жандардай жылы қоштастық та, жүріп кеттік. Терезеден бұрылып қарап ем, сол ақсиған қалпы артымыздан күле қарап тұрған неміс жігіті тракторына бет алды…

Қ.Әбілқайыр

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір