ЕМЛЕ ЕРЕЖЕСІНДЕГІ ЕРЕКШЕ МӘСЕЛЕ
Тілімізде қайбір сөздердің жазылуы мен айтылу ережелері сақталмай жатқан жайы бар. Күнделікті қарым-қатынас тілін былай қойғанда, көркем әдебиет пен баспасөз беттерінде анда-санда қылт еткен қателерді жоққа шығара алмаймыз. Әркім өз «стилінде» сөйлеп жүр. Қарапайым «келе жатыр» сөзінің өзін екі нұсқада айтып жүрміз: «келе атыр», «келе ятыр». Емлеге сай қалай жазуымыз керек? Бұл жайында тіл жанашырлары қандай пікірде? Аталған сұрақтардың жауабын кешегі өткен «Дөңгелек үстелден» тапқандай болдым.
Руханият астанасына айналған қаламызда 9 қараша күні Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылу күніне орай «Қазақ жазуы мен емлесінің өзекті мәселелері» тақырыбында «Дөңгелек үстел» өтті.
Аталмыш шараға елімізге белгілі тілші-ғалымдар мен оқытушылар қатысты. Атап айтсақ, филология ғылымдарының докторлары С.Бизақов, Т.Ермекова, Қ.Қалыбаева, филология ғылымдарының кандидаттары А.Тасымов, Қ.Қадірқұлов, Ж.Отарбекова, педагогика ғылымының докторы Ж.Сүлейменова. «Дөңгелек үстелдің» модераторлық қызметін осы бастаманың ұйымдастырушысы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті Ғарифолла Әнес жүргізді. Алғашқы сөзді бас баяндамашы С.Бизақов алып, мынандай мәселелерді ортаға салды:
– Қазақ тілін үйренушілерде көбіне мынандай сауал туады: «Ұйықтап жатыр» дегенді түсінуге болады. Ал неге «келе жатыр», «бара жатыр» болады? Бізде бұл сөздің сөйлемде келетін үш нұсқасы бар ғой: «келе жатыр», «келе атыр», «келе ятыр». Соңғы екі нұсқасы кіріккен сөз. Ал енді сөз нұсқаларының біреуі ғана әдеби тілдің нормасына сай болуы керек болса, міндетті түрде кіріккен сөзді таңдау керек. Мысалы, өзімізге жақын қарақалпақ тілінде «жатыр» сөзінің орнына кіріккен нұсқасы айтылады. Бізде де бұл сөздің кіріккен нұсқасы бар, бірақ соны әдеби нормаға айналдыра алмай жүрміз. «Келе атыр» мен «келе ятырдың» біреуін әдеби нормада қолдансақ, тиімді болар еді. Тағы бір айтарым, сөз тіркестеріне айналған «тіл қатты», «жақсы көру» деген сөздерді айтылуы бойынша біріктіріп жазсақ, түсініктірек болар еді. Мысалы, «тілғатты», «жақсы гөру». Яғни сөздердің орфографиялық, орфоэпиялық заңдылықтарын жақындастыру керек.
Кейінгі кезекте сөйлеген ф.ғ.к. А.Тасымов қазақ баспасөзіндегі жазу сауатсыздығын айта келіп, журналистерге «Қазақ тілі грамматикасы» оқытылмайтынын тілге тиек етті. Және де С.Бизақовтың «Орфография мен орфоэпияны жақындастыру» идеясын қолдайтынын атап өтті. Ал ф.ғ.к. Қ.Қадірқұлов осыған қатысты ойын былай жеткізді:
– Орфографиялық сөздікті қайта-қайта шығара бергеннен пайда жоқ. Алдымен емле ережесін қайтадан жасау керек. Ең бірінші дауысты дыбыстың құрамын өзгерткен жөн. –И,-у дыбыстарын алып тастасақ, өз ережемізге сәйкес болар еді. Яғни «екі дауысты дыбыс қатар жазылмайды». Бірақ біз жазамыз. Емле ережеміз солай. Әлі күнге сол дәстүрмен оқытып келеміз. Бұл – қате.
Айтылған пікірлер қатысушылар арасында күмәнді ойлар туғызды. Осы ретте Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Ж.К.Отарбекованы сөзге тартып көріп едік:
– Біз ылғи да «алда» жүреміз… Алдымен жолды әдемілеп төсейміз, қыруар қаржы шығарып. Көрсең көз тоятын асфальт жол жасап қоямыз, сосын жарты жыл өтпей, оны тас-талқан етіп бұзып, кәріз құбырын жүргіземіз. Оның бетін топырақпен жауып қойып, сәті түскенде, асықпай, қайта асфальттаймыз.Біздің емле сөздіктерін шығаруымыз да сол сияқты. Алдымен бұрынғы сөздіктерді қалауымызша өзгертіп, жариялап аламыз да, сосын қолдан ереже жасағымыз келеді. Орфографиялық сөздіктерді аздаған өзгерістермен қайта-қайта шығарып, халықты сауатты етудің орнына, жаппай сауатсыздыққа ұрындырып жатқан жоқпыз ба? Қай сөздікке, қай ережеге сүйенеміз деген мектеп мұғалімдерінің жан айқайына қай ғалым жауап береді? Латын жазуына көшетін болсақ, қазіргі жазылып жатқан қыруар мектеп оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендер, оған жұмсалатын қаржы қайда кетеді? Мектепті жаңа бағдарламамен оқытуға көшірмей тұрып осы екі мәселенің басын ашып алған жөн болар.
Қазақ тілінің қазіргі ауқымды мәселелерін көтерген «Дөңгелек үстел» осындай тұшымды ой, келелі әңгімеге толы болды. Тіл жанашырлары өз пікірлерін мейлінше дәлелдеп бақты. Әрине, бұл отырыста айтылған ұсыныстардың бәрі бірдей іске асады деген сөз емес. Ол уақыт еншісінде. Оған тағы нақты дәлелдер мен дәйектер қажет болары анық. Ойлаған дүниені билікке жеткізу деген де бар. Не десек те, тілші-ғалымдарымыздың өзгертудің озық идеяларын тауып, белдерін бекем буып отырғандарын байқадық.
Маржан ӘБІШ.