«Ерекше» фильмі көрерменге жол тартты
03.04.2026
54
0

Жуырда толықметражды «Ерекше» фильмінің премьерасы өтті. Туындыға Арман есімді жас жігіттің өмірі арқау болған. Кинода басты рөлдерді Жасұлан Көпберген, Ақерке Назарбекова және Расул Бауыржан сомдаған. Сценариін Сержан Серікбай жазса, режиссері – көрерменге «Алға» спорттық драмасы, «Келінжан» франшизасы, сондай-ақ «Жаным, ты не поверишь» және «Менің папам – тигр» фильмдері арқылы таныс Ернар Нұрғалиев.

Фильмнің желісі бойынша, алаңсыз күн кешуге дағдыланған күндердің-күнінде мас күйінде көлік жүргізіп, мүлікке зиян келтіргені үшін қоғамдық жұмыстарға тартылады. Спорт кешеніне келген кезінде Әйгерім және оның БЦС диагнозы бар інісі Дидармен танысады. Бастапқыда Арман жеке пайдасын ғана ойлайтын жан болғанымен, күтпеген жағдайлардың әсерінен мінезі өзгере бастайды. Әйгерімнің інісімен арадағы достық арқылы Арманның көзқарасы түбегейлі жаңарады, құндылықтар жүйесі де мүлде басқа арнаға түседі.
Дидар денсаулығындағы қиындыққа қарамастан, спортты серік етіп, паралимпиадалық спорт түрі боччамен айналысады. Арман Дидармен бірге оның үмітсіздікке түскен сәттерін, спортты тастағысы келген кездерін және жеңіске деген ерік-жігерін бірге бастан өткереді, бірге жаттығады. Болмысы өзгерген Арман Әйгерім үшін де жақын адамға айналады.
Картина Қазақстан бочча федерациясының қолдауымен және серіктестердің демеуімен түсірілген. Жоба ерекше спортшылардың қалай өмір сүріп, немен айналысатынын көрсету мақсатында жүзеге асқан.
Премьера қонағы белгілі журналист Гүлбану
Аният: «Бүгін «Ерекше» деп аталатын фильмнің жабық көрсетіліміне бардым. Өте әсерлі, сапалы, актерлік құрамы да мықты туынды. Басты рөлдерде, әсіресе жастар жақсы көретін Жасұлан Көпберген, Ақерке Назарбекова және Расул Бауыржан ойнайды.
Фильмде әзілдей отырып, инклюзия проблемасына назар аудартады. Ерекше жандардың өздері ғана үнсіз күресіп жүретін қиындықтар мен қоғамдағы кедергілерді қозғайды. Инклюзия мәдениеті дәл осы құндылықтарды дәріптейтін туындылардан басталады деп ойлаймын.
Фильмді Қазақстан бочча федерациясының (президенті Мәулен Әшімбаев) бастамасымен түсіріпті. Жаңа картина барлық кинотеатрларда 19 наурыздан бастап көрсетіледі. Барыңыздар, қолдаңыздар. Демалыста балаларды алып барыңыздар. Фильмнен түскен қаржы ерекше балаларды қолдауға жұмсалады екен. Ендеше млрд жинасын», – деп Ақжарма тілегін жеткізді.
Бұл спорт түрі 1984 жылдан бері Паралимпиада ойындарының бағдарламасына енген және әлемдік спорттағы тең мүмкіндік пен инклюзивтіліктің символдарының бірі болып саналады. Бұл ойын ауыр мүгедектігі бар адамдарға арналған, оның ішінде БЦС, бұлшықет дистрофиясы және жұлын бұлшықет атрофиясы диагнозы бар спортшылар да бар. Қазақ­стан бочча федерациясы 2021 жылы құрылған. Қазіргі уақытта ұйымның аймақтық филиалдары еліміздің 13 өңірінде жұмыс істейді. Спорт секцияларында 250-ден астам спортшы жаттығады. Ұлттық құраманың 47 мүшесі Қазақстан атынан халықаралық жарыстарда өнер көрсетіп жүр.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір