Түркістанға ерекше мәртебе беріледі
04.06.2024
754
0

Үкімет Парламентке Түркістан қаласына рухани-мәдени және тарихи орталық ретінде дамыту үшін ерекше мәртебе беру туралы заң жобасын ұсынады. Премьер-министр Олжас Бектенов «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» заң жобасын Парламент Мәжілісінің қарауына енгізу туралы қаулыға қол қойды. Заң жобасы Мемлекет басшысының Түркістан облысына жұмыс сапары барысында берген тапсырмаларын іске асыру үшін әзірленді.

Үкімет­тің баспасөз қызметі хабарлағандай, құжат Түркістанның Қазақстанның рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде қалыптасуы мен дамуының, сондай-ақ оның мемлекет­тік маңызын танудың құқықтық негіздерін белгілейді. «Заңның қабылдануы қаланың тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіштері мен объектілерін, оның ішінде бүкіләлемдік мұра объектісі ретіндегі Қожа Ахмет Яссауи кесенесін қорғау аумағында орналасқан ескерткіштерді басқару және сақтаудың тиімді жүйесін құруға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, кесене аумағында ғылыми археологиялық зерт­теулер мен ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жоспарлау қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ заң жобасы мәдени мұраны сақтау мен жаңғыртуды, дәстүрлі қолөнерді дамытуды, Түркістан қаласын рухани-мәдени, тарихи және туристік орталық ретінде дамытып, ілгерілетуді көздейді», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бірегейлігін сақтау, оның айналасында бөтен құрылыс салынуына, көше желілерін өзгертуге жол бермеу мақсатында тарихи орталықтың құрылысын рет­теу аймағында биіктігі 7 метрден асатын, сондай-ақ тарихи ескерткіштермен ауқымы, түсі және құрылыс материалдарымен үйлеспейтін нысандардың бой көтеруіне жол берілмейтін айтылған баспасөз қызметінің хабарламасында.
Жалпы қаланың тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау және қорғау мақсатында олардың әрқайсысы үшін өзіндік тиісті қорғау аймақтары белгіленеді. Сондай-ақ қаланың бас жоспарына енгізілетін тарихи-сәулет тірек жоспарлары мен тарихи-мәдени мұра нысандары орналасқан жердің карта-схемалары жасалады. Хабарламада атап көрсетілгендей, бұл рет­те қала аумағында тарихи-мәдени мұра нысандарына қауіп төндіретін құрылыс, шаруашылық қызметін жүргізуге тыйым салынады.
Болашақ ұрпақ үшін археология ескерткіштерінің тұтастығын, түпнұсқалығын, құндылығын сақтау мақсатында тиісті резерват құру қарастырылып отыр. Осы резерватқа енгізілген ескерткіштерге қатысты қорғау саясаты оларды тұрақты инспекциялау, алдын ала күтім жасау және қолдау бағдарламаларын пайдалануға негізделеді.
Сонымен қатар үкімет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Парламент Мәжілісінің қарауына енгізу туралы қаулыға қол қойды. Үкімет­тің баспасөз қызметі хабарлағандай, заң жобасы Түркістан қаласының рухани-мәдени және тарихи орталық ретінде дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін тиімді институционалдық орта құру үшін уәкілет­ті органдардың, сондай-ақ жергілікті өкілді және атқарушы органдардың құзырет­терін кеңейтуге бағыт­талған.
Еске сала кетейік, 2021 жылы түркітілдес мемлекет­тердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінің қорытындысы бо­йынша Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани астанасы деп тану туралы шешім қабылданған болатын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір