АЛМАТЫНЫҢ ЖАНЫ – ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНЫ
16.09.2016
2532
1

almaty3-745x496Алматыны кімдер жырға қоспады, Алматы жайлы кімдер ән шығармады екен десеңізші! «Алматының суретін салмаған Қазақстанда суретші жоқ» деп еді бір әңгімесінде Жұмақын Қайрамбаев. Сөйткен Алматыңыздың бүгіні қалай, қаланың бүгінгі тұрғындары, әсіресе, шығармашылық өкілдері ғажап қаласы жайлы не деп тебіренетінін білгіміз келіп, біразына қоңырау соғып, пікір сұрадық.

Пікір сұрардың алдында, бұл қала жайлы жалпы қазақ не дер екен дедік. Осындайда халықтың көңіл-күйін қадағалап, пікірін елеп-екшеп отыратын ғылыми орталықтарға жүгінетініміз бар ғой. Саяси шешімдер институтының зерттеушілері осыдан бірнеше жыл бұрын жүргізген сауалнамадан ұққанымыз – Алматыны «тау мен табиғат»(13,8%), «алманың қаласы»(11,8%), «Қазақстанның басты қаласы»(11%) деп санайтындар көп екен. Сауалнамаға қатысу­шылардың 7,7%-ы Алматыны экономика, қаржы орталығы деп білсе, «үлкен мүмкіндіктер, мансап мен мәртебең өсетін жер» (7,2%) және «байлық пен билік» (7,1%) деп есептейтіндер де жеткілікті көрінеді. Респонденттердің 5,6%-ы «Алматы – мәдениет, ғылым мен білім орталығы» деп есептейді. Сауалнамаға қатысушылардың 5,4%-ы қала десе кептеліс пен кір-қоқыс еске түсетінін айтса, сұраушылардың 5,2%-ы үшін Алматы қымбатшылықпен байланыс­ты екен. Алматыны қылмыскерлік, жемқорлық пен заңсыздық жайлаған орта (2,6%) деп санайтындар да бар.

Иә, бұл Алматы әрқилы. Демек, ол жайлы пікір де сан алуан…

 

14371884_666558516845519_1388378342_nМүсілім ӘМЗЕ,
дирижер

ГҮЛ ҚАЛА БҰЛ, АЙ ҚАЛА…

Алматыға деген аңсарым хат таныған кезден ауған болар… Ал­ғаш­қыда «Әліппедегі» суреттен көрсек, кейіннен әкеміздің газет-журналын ақтарып жүріп сырттай таныстық. Алатау, Абай прос­пекті, «Медеу», «Қайрат», «Қазақстан» деген сөздер де жадымызда Ал­матымен қоса жатталды. Жарықтық, теледидар «Алматыдан тарта алмайтын» кезде қабырға радиосы ғана «Алматыдан сөйлеп тұратын». Қазақша сөйлейді, қазақ әндерін береді. Тоқсаныншы жылдары ғана көзайым болған «Айтыстың» әр хабарын быжылдап дұрыс көрсетпейтін теледидарға телміріп отырып көретін едік.

Музыка мектебінде оқып жүргенде Алматыдан ауылға әйгілі Құрманғазы атындағы оркестр келген. Үйде жиі ойнайтын күйтабақтан таныс күйлердің біразын тың­дап, ерекше әсер алған күнді әсте ұмытармын ба? «Қайдан келіпті, Ал­матыдан, қайда барады, Алматыға» деген жауаптан кілең­ жақ­сы-жайсаң мен жақұт өнердің құт мекеніндей көрінген.

Ару деп асқақтатқан астанамыз Алматыны он жасымда көрдім. Қазіргі Республика сарайы, «Медеу» мұз ай­дыны, Орталық цирк, Абай атындағы опера жә­не балет театры, Горький паркінде үлкен­дер­мен түскен суреттерді көрсетіп талай мақ­тан­дық. Есімде ерекше жатталып қалғаны, Гла­зунов деген композитордың «Раймонда» балетін көруге барғанымыз. (Бір­не­ше жылдан кейін сол әйгілі оркестр мен театрда дирижер болып жұмыс істей­тінімді ол кезде әрине, білген жоқпын).

…Жылдар өтіп Алматыға кел­дік. Қара шаңырақ аталған өнер ордасына оқуға түстік. Ал­­­маты туралы ән жазған ақын-композиторлар, кино түсірген режиссерлар, кітап жаз­ған жазушылар, танымал актерларды көшеден көріп қалып, әсерленіп қуанатын сәт­тер де аз болмады. Алғаш ке­ліп аптық басылмаған, осын­да оқитынымызға өзі­міз де сенбей тамсанып-таң­­­данып жүргенде осын­дағы аға-апалар «бұрындары Алма­ты­ның бұдан да кө­рік­ті, қазіргіден де таза бол­ға­нынын» ай­­тып көңілімізді ба­сатын. Топпен тау­ға барып, қи­ғаш қас­ты бір тал гүлмен театр­­ға ертіп, қара­көз­бен қол­тық­тасып концерт көріп, мұң­сыз бозбала күндерді осы жерде өткі­зіп, өзіне баураған әсем Алматыдан біз де тұрақ таптық.

Талай жер, түрлі ме­кенге жол түс­­кен­де екі күн өтпей өзіне тар­тып тұ­ра­­тын не тыл­сым екенін өзім де біл­меймін. Қалай десем де жақсы көре­мін… Бала кезден өнер мен білімнің ордасы екенін іштей түйсіндіріп, бойға қуат дарытқан, бүгінде тұрғанына мың жыл толған Алматымның көркі мен тазалығын кейін­гі буын да келер ұр­пақ­қа тақылдап айтып тұрса деймін.

 

anar-apajАнар ФАЗЫЛЖАН,
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институты директорының орынбасары

АЛМАТЫДАҒЫ ҒЫЛЫМ ОРДАСЫ –
ҒЫЛЫМИ ОЙДЫҢ ОРТАЛЫҒЫ

Алматыға ғылым іздеп ауылдан келген қазақ жастарының атынан сөйлейтін болсам, олардың да сезімдері менікімен ұқсас еке­ніне күмәнім жоқ. Алматыға ғылым қуып келген жастардың қай­сысы да Ұлттық Ғылым академия ғимаратындағы орталық ғылыми кі­тапханаға соқпай кетпейді. Мен үшін Алматы мәдениеттің, өнердің, заманауи тех­нологияның, спорттың ғана емес, ғылымның биік ордасы.Бұлай дегенде де, Қа­зақ­станды білетін адамның көз алдына Қазақстан ҰҒА ғи­мараты елестейді. Тек ғимарат қана емес, оның төңірегін жақсы бі­летін адамдар үшін бұл маңдағы ұлы Абай ес­керткіші, Шевченко көшесінің бойындағы, ғимараттың жанын­дағы ұлы Шоқан Уәлихановтың ескерткіші, қазақ­тың дала мәдениетіне бас иіп өткен украин ақы­ны Тарас Шевченконың ескерткіші, ғи­­мараттың Қонаев көшесі жағынан орнатқан мықты тарихшы ғалымымыз Әлкей Марғұланның ескерткіші, қазақ даласынан Қозы Көр­пеш жырын жауһар тапқандай қуанып жазып алып, орыс мәде­ние­тіне паш ет­кен ғимарат түбіндегі А.Пушкин­нің ескерткіші еске түседі. Мұндай киелі орын кез келген ұлттық мем­лекеттің ғылыми ой дамыған ошақ­та­рында болатыны белгілі. Шетелде осындай орындарды көзінің қарашығындай қор­ғап, аурасын сақтап, бола­шақ­қа табыстап отырады.Қазақ­стан ғылымының нағыз  даму шыңына жеткен кезінде са­лынған, Қаныш аға Сәт­паев­тың, Мұхтар аға Әуезов­тің, Димаш аға Қонаев­­тың қол­дарының табы қалған ғы­лымның осы ғимара­ты­ның сәнін тек сәулет ан­самб­лі емес, онда отырған ға­лымдардың жүрек оты, көз майымен келген ой еңбегі де ерекше маңызды. Алматыдағы Ұлттық Ғылым академиясын, сонда отырған ғалымдар жайлы ой­ла­ған кезде ерекше ғылыми аур­а туралы, ерекше ғылыми ой ай­налымын жасап тұратын ор­та­лық туралы айта­мыз. Сондықтан бұл жай ғана ғимарат емес, рухани құн­дылығымыз. Меніңше, ғылыми аура сақталған бұл орталықты жойып ал­май, ұрпақтан-ұрпаққа аман жет­кізуі­міз керек. Кезінде осы ғимаратты сал­дыр­ған­да, Қаныш Сәтпаев асқан мұқият­тылық­пен Ғылым академиясының бар жағдайын ойлаған екен. Екінші дүниежүзілік соғыста Ресей Ғылым академиясының ғимаратына бомба түсіп, ғылыми мұрағат өртеніп кеткен болатын. Сондай жағ­дай қайталанбас үшін, қауіп-қатер төнгенде ғалымдардың мұрағатын сақтап қалу үшін ғимараттың астынан үлкен бомбахана салдыртыпты. Ол бомбахананың көлемі де үлкен, берік, ішінде инфрақұрылымдары да бар. Қазір сол бомбаханаларды түнгі клуб, керек десеңіз, тіпті, гей-клуб сияқты ұлттық тү­гіл, адамзат мәдениетіне жат сауық­тыру, ойын-сауық отаулары жал­ға алып жатыр. Бұл ғылыми аураға зиянын келтіреді деп қат­ты уайым­дай­мыз. Ғылым ака­демиясын – сәу­лет өнерінің құнды­лы­ғы деп қана емес, ру­­хани дүниеміздің құнды­лы­ғы, ұлттық ғылымымыздың киелі қара шаңыра­ғы деп сақтауымыз ке­рек. Осы ғи­ма­рат­тың айналасында адамға рухани күш бе­ретін, ғылымға сүйіспеншілік ту­ды­ратын орындар­ көп: кітапхана, мұ­­ра­­жай­лар, ес­­­керт­­­кіш­тер, әсем су­бұрқақтар. Сол сияқ­­ты, Ғылым ордасында А.Бай­тұр­сынұлы атындағы Тіл білімі, М.Әуезов атындағы Әде­биет­тану және өнер, Р.Сүлейменов атындағы Шы­ғыстану, философия, саясаттану және дінтану, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих жә­не этнология, Ә.Марғұлан атындағы Ар­хеология, Математика, Информатика инс­титуттары сияқты, Қазақстанның ғы­лымын әлемдік ғылыммен терезесі тең да­муына үле­сін қосқан іргелі ғылыми зерт­теу институттары отыр. Алматы Ғылым ордасы дегенде, ғы­лымға іңкәр адамның есіне ең алдымен осы бір мекен түседі деп ойлаймын.

 

13873243_1210582018962273_7370393081266288869_nНұрлан ӘБІШЕВ,
суретші

АЛМАТЫНЫҢ КҮЗІ ЖАНЫМА ЖАҚЫН

Маған Алматының күзі ерекше ұнайды. Әсі­ресе, қазан айы. На­ғыз күрең күз. Табиғат ­қоңыр, сарғыш түстерге боялып, жазғы бір­­­қа­­лыпты жасыл түстерден кейін көзге керемет мол түс шағы­лы­са­ды.

Күрең күздің түстері сондай жылы, сондай қанық. Мен этюд­тер­ді тезірек салып алғым келеді. Өзгелер айта беретін прагматизм мен логикаға қарамай (қаланың ең көркем жерлерін суретке сал­саң, өтімді болады дейді) Алматының қарапайым аулаларын сал­­ғанды ұнатамын. Меніңше, дәл осындай аулаларда Алматының жаны жасырынып тұр­­ған секілді.

Суретшілер Алматының ескі орталықтарын салғанды ұнатады. Неге десеңіз, ескі ор­та­лықтарда Алматының образын ерекше тартымды етіп көрсететін архитектура көп. Әр су­рет­шінің Алматыға деген ерекше көзқарасы бар. Әрине, Алматы – ең алдымен әдемі жә­не әсем көріністерімен ыстық. Қоқысқа толған көшелер, қыңыр-қисық үйлер, жалпы эс­­тетикасы аз көріністерді суретшілер салмайды деп ойлаймын.

Бүгінгі Алматы мен үшін суретші ретінде жаңа архитектурасымен, түзу линияларымен, жай­қалған теректерімен, өте жиі орналасқан үй, кафе, кеңселерімен ыстық.

Бұл қаланы сүймеу мүмкін емес, себебі оның әр түкпірі жып-жылы естеліктерге толы: бұл қалада мен өзімнің жарымды таптым, Алматыда менің қыздарым дүниеге келді. Жастық ша­ғымыз, өсіп-өркендеу жолымызға дәл осы қала куә.

Алматы біздің жүректе сол қалпымен қалады.

Дайындаған Қарагөз СIМӘДIЛ.

ПІКІРЛЕР1
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір