Алматының төріне шықтық
Ақ жүрегімізден жарылып «Алматы» деген аяулы сөзді ауызымызға алғанда, ерекше елжіреген сезімге, толқыған көңіл-күйге, аспанға құлаш созғандай айбынға ие болатынымыз рас. Шынында да, Алматы – қазақ жұртының берекесінің бастауы, ұлт болып ұйысқанының мәйегі, елдігіміздің алтын өзегі.
Сондықтан да Алматы туралы айтылған ән де, төгілген жыр да, ыстық ықылас та көп.
Мен сонау өткен ғасырдың ортасында Тарбағатай тауының баурайындағы Мақаншы ауылынан оқу іздеп осы қалаға келген едім. Ол кезде мүмкін лапылдаған жастықтың көзімен қараған шығармын. Алматы сүп-сүйкімді, тап-таза, керемет сұлу, көк орайға, гүл дестелерге оранған, жол жиегіндегі арықтарда сылдырап ағып жатқан бұлақтың мөп-мөлдір суы – бәрі-бәрі нағыз романтика еді…
Математикадан сабақ берген Әбен деген ұстазымыз Алматының жасыл да ару қала екенін тіліне тиек ете отырып, «Әлемдегі екінші Швейцария ғой, әлі де өсіп, өркендер. Шетелдіктердің мұнда ат басын көбірек бұратындары сондықтан» дейтін.
…Оқу бітіргендерді Алматыда қалдырмау саясатын да бастан кешірдік. Аспирант күнімізде, жас маман болып, отау тіккен кезімізде өзге ұлттың босағасында жаутаңдап күн кештік. Қанымыз қайнады. Бірақ Алматымыздан кетпей, бәріне шыдадық.
Сол Алматы көз алдымызда көркейді, қанат жайды, өсіп-өркендеді. Талай тарихи жағдайларды басынан кешірді. Ең бастысы, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздігіміздің алтын бесігіне айналды. Ел болып есімізді жиюға жол ашылды. Алматымыздың төріне шықтық. Шүкір, бақыт деген осы шығар…
Ұлықпан СЫДЫҚОВ,
академик