Қали СӘРСЕНБАЙ. БІР АКТЕРДІҢ АНТОЛОГИЯСЫ (Эссе)
САХНАСЫЗ ОН ЕКІ ЖЫЛ
Кісі кейде өзінің күні кеше ғана бақытты сәттерді бастан кешкенін сезінбеуі де мүмкін-ау. Сіздің енді ғана рухани кеңістікке ауған балғын, аяулы арман-аңсарыңызды алға ұзартқан, ұмтылдырған күн есіңізден шықпаса керек. Әлде сол құдіретті әлемге кіріп алған соң уақыт бәрін ұмыттырып жібере ме? Жоқ.

Әкеңнен кейінгі әкеңдей болған әкем театрды ұмыту мүмкін бе?! Ата-анаңдай мейірімді сол жерден табатын едік. Алматыдағы бірлі жарым қасиетті қара шаңырақтың бірі де бірегейі ел аузында әкемтеатр аталып кеткен Әуезов театры еді ғой. Біздің көп күндеріміз осы жерде өтетін.
Театр – кітапхана – университет.
Біз осы үш кеңістікте өмір сүрдік. Осы үшеуі арқылы өмірді, өнерді сүйдік. Серағаңдарды көрдік. Тіпті Серағаңның театр кассасында билеттің кезегінде тұрғанын да көргенбіз. Сахнаға Қоңқай («кішкентай адамның ұлы образын жасады» – Т.Ахтанов) болып шыға келгенде жұрт қыран-топан күле беретін. Айтқандай сол күндерден «сахнаға Серке шыққанда күлмеген кісінің беті қисайып кетеді» деген мәтел де қалған.
Сахнаның аналары – Сәбира, Хадиша, Бикен, Фарида, Хабиба, Шолпандар… Ауылды, анамызды сағынып жүргенде бізге солардың мейірімі де жетіп артылатын. Сол жылдары сахнада отыз жыл жүрген «Ана-Жер-Ананы» көріп, көз жасы құрғамаған көрермен болмаған шығар. Тіпті үш жарым сағатқа созылатын спектакль кезінде (Сәбира, Бикен, Фаридалар ойнағанда) жедел жәрдем әкеліп қояды екен дегенді де еститінбіз. Міне, біз осылай тірі аңыздарды көріп өстік. «Төлеген сенде арман жоқ» деген осы шығар.
А.Әшімов, Ә.Молдабеков, Е.Жайсаңбаев сірә, ол кезде орта буын. Олардың ізін ала Ә.Боранбаев, Қ.Сұлтанбаев, Т.Жаманқұлов, Қ.Тастанбеков, М.Нұрекеев, Т.Аралбаевтар да жарқырап шығып келе жатқан.
Бұған дейін талай мәрте қалам тербеп, тіпті кітап жазып тастаған кейіпкердің кеңістігіне тағы бір мәрте қайырылуға қадам жасағанда көңілге оралған ормандай ойдың бір ұшқыны – сахнаның еске түсуі де тегін емес еді.
Асанәлі Әшімұлының кинодағы трилогиясы («Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі») әмбеге аян. Дей тұрсақ та оның кейін келе бас айналатын атақ-даңқы, танымалдылығы алдымен сахнадан бастау алғанын айту ләзім. Қай кезде де кинодан гөрі сахнаға бүйрегі бұрып тұратын.

Мен бұл жазбада актердің күнделігіндегі, кітаптарындағы деректерге көп ден қойдым. Себебі онда аса көрнекті актердің өмірдегі, өнердегі болмысынан ешқандай фальш кездестірмейсіз. Тек сізді тепеңдетіп тартады да отырады. Расында актер үшін сахнадан артық киелі жер бар ма? Асағаң соңғы аққу әніндей болған «Актермін мен, мың өліп, мың тірілген» атты кітабында оқырманның осы ойын оқып қойғандай, әдеттегі түсінік-танымның аясын кеңейтіп жібереді.
Былай дейді: «…Біздің артистер де ұзақ жасаушылар тобына жатады. Себебі олардың екі өмірі бар: бірі – өз өмірі, бірі – сахна.
Сахна өміріңді ұзартуға көмектеседі. Әрине мен нағыз қас шеберлер, кейіпкер жасаушыларды меңзеп отырмын. Мысалы МХАТ-тың кемпір-шалдары 90-100 жасады. Біздің ұлылар да солар тәрізді. Әттең түрлі тағдыр талқысына түсіп кетіп, біраз өмірін қысқартып алды. Оған мысалдарым көп. Сол Қаллеки, Елаға, Сераға, Сәбира, Шолпан, Хадиша, т.б.
Сахнаға шыққанда бар ауру-сырқауың ұмытылады ғой. Кейде ауруды аяласаң ол күшейе беруі мүмкін. Бір мезгіл аямаған да жөн-ау. Сонда қан қысымың көтеріліп тұрып, сахнаға шыға келгенде әлгі жым-жылас боп кетеді. Оны мен талай сездім. Сәбира апамды автобусқа екі кісі екі жағынан демеп отырғызатынбыз.
Ал енді сахнаға шыққанда бағанағы ауыр Сәбирадан тұқыл да қалмайды. Тура қырып салады ғой.
Бірде Мәскеуде Райкиннің көшеде әзер жүріп бара жатқанын көріп едім. Кешкісін концертінде мүлде басқа адамды көрдім.
Бұл бағыттағы мысалдарды көптеп келтіруге болады. Жалпы, сахнаның ерекше магиялық күші, арбайтын бір сиқыры бар. Өмір сүрудің ғажап екенін сезіне тұра рахатқа бөленесің, бөлене тұра «өмір сүру неткен керемет еді» деп айқай салғың келеді. Әркім өз өмірі өзіне қызық, сүйікті болған кезде ғана мағыналы ғұмыр кешетін болуы керек. Шын талантқа сахна да осындай ұлы мүмкіндіктер сыйлайды.
Қысқасы, нағыз шеберге сахна бақытты орын, ал нағыз шеменге азапты орын. Жалпы сахна өміріңді ұзартады…»
Ал енді сол бары мен ары сахнадан он екі жыл тыс өмір сүру дегенді сіз қалай түсінер едіңіз? Жантөрин, Жәкібаевтардың да басына түскен жай демекшісіз ғой. Алайда талант – қай жағынан да талант. Бұл жылдары да Асағаң қарап жатпады. Күн құрғатпайтын кездесулер, кезекті түсірілімдер, ең бастысы келешек кітаптарының негізін қалап жатқан күнделіктерін күн құрғатпай жазды. Есесіне «Менің жанрым – күнделік» жарқ ете қалды.

Алайда оның көңілінде сахнаны сағыну деген сезім бір сәтте, бір күнде суымады. Сахнаны сағынып жатып, сағынып оянатын сол күндерде ол күнделігіне «Кеш түссе болды, біздің үйді бір көңілсіздік басады» деп жазды. Әйтсе де «қайтейін-ай, күн көргеніміз сенің пенсияң» деп қамкөңілін анасына қанша білдіргісі келмей, қалжыңға бұрғысы келсе де ана жүрегі бәрін де сезетін. Құлыным сахнасына шықса, қайта бір сілкінсе дейтін ана тілегі он екі жылдан соң жүзеге асты. Шолпан Жандарбекованың «Сол күнгі Абай даңғылының бойындағы театрға ағылған қарақұрым халықты көргенде мен қуаныштан жылап жібердім» дейтіні, Бикен Римованың «Да здравствует, Асанали» деп айқай салатыны сол кез.
Талантты таланттың түсінуі әзелден белгілі. Рубен Андриасиян мэтрдің жылдарға созылған осы бір жан күйзелісін тап басып, оған арнап Гауптманның «Ымырттағы махаббатын» қойды. Бас кейіпкер Матиасс Клаузеннің қырық қатпарлы күрделі болмысын қолына қандай роль түссе де «өлтірмей жібермейтін» (Ә.Сығай) ол мың өліп, мың тіріліп, «жер-жебіріне» жетіп ойнады. Жылдар бойы жанын жегідей жеген азаптан арылғандай рақат хал кешті. Әкемтеатр да көп жылдардан соң дүр сілкінді. Сонда ғой ресейлік атақты режиссер Захаровтың тізерлеп тұрып: «Мен екі ұлы актерді білемін. Олар осы рольді ойнағандар – Симанов (Петербор), Царев (Мәскеу), үшіншісі – сіз» дегені. Айтқандай, осынау әркімнің оң жамбасына келе бермейтін аса күрделі рольді атақты Лановой да армандап өткенін «Зулайды күндер» атты кітабында өкініп жазады.
«Ымырттағы махаббаттың» әр қойылымынан көрермен үзілмей, әр күні аншлагпен өтті. Қай кезде де «Актер автордың, режиссердің құлы болмауы керек. Олай болмау тек ұлы актердің ғана қолынан келеді» деген ұстанымға мойынсұнған Әшімовтің бұл жолы да сол биіктен жарқырағанын отандық басылымдар жарыса жазып жатты.
«КӨКЕБАС»
Асанәлі Әшімовтің танымалдылығында шек болмады. Фарида Шәріпова екеуі 43 жасында КСРО Халық артисі атанды. Ол кезде бұл атақ КПСС Орталық Комитетінің саяси бюросында талқыланатын (жалпы театр саласында 9 КСРО Халық артисі болды). Тіпті оған көрсетілген қарапайым құрметтің бір түрі – таксистер жолақысын да алмайтын. Кейде өзі де «апыр-ай, осынша атақпен, танымалдылықпен ішіп кетпей, соның бәрін қалай көтеріп, аман жүргеніме таңғаламын» дейтін. Рас, Асанәлі Әшімовті ерте даңққа бөлеген әлгінде айтқан кинотрилогия. Бірақ ол қанша даңққа бөлесе де киноны көңілдесіндей көріп, сахнаны шын мәңгілік ғашығына балайтын. Кино егер сәтті шықса дұрыс. Олай болмаған күнде ол өмір бойғы өкініш. Өйткені оны бір түскеннен кейін қайта жөндей алмайсың. Ал сахна өз қолында. Әр роль сайын өсу, өрлеу үстінде боласың. Жарау аттай жүресің. Қысқасы актердің орны театр.
«Атасы топқа кірмеген, анасы торқа кимегенді алтын тонға қанша орасаң да екі иығы салбырап тұрады» деген сөз бар. Әрине, бар жерден, текті ортадан шығып келген адам – өнердің де бағы, бақыты. Өнердің ғана емес, халыққа қызмет ететін қай саланың да бақыты.
Асанәлі Әшімұлы туралы әр жылдардағы жазбаның қай тұсында да осы ойдан аса ажырап кете қоймаппыз. Оның сізді еріксіз жіпсіз байлап, өзіне тартып тұратын бір қасиеті бар. Асанәліге ерте келген даңқты сол тамырдан тараған тектілікпен ғана байланыстыру жеткіліксіз. Ондай тек оның қатарластарының түбін қазсаң қай-қайсысының да бойынан табыларына сөз жоқ. Асанәлінің өнерінің өрістеп, қалыптасып, белгілі бір белестерге шығуына да сол («өзі жаманның сарқытын ішпегендер» – А.Тоқпанов) ортаның ықпалы орасан зор болды десек қателеспейміз. Бұл ретте талай мәрте тамсанып сөз еткен оның өнердегі ұстазы мен әріптестерін былай қойғанда, екі қаламгер досымен арадағы достығы мені ерекше баурайды.
Ол Оралхан мен Ақселеу. Бұл екеуін менің жақсы көргенімнің маңыздылығы шамалы, әрине. Ал Асанәлі неге жақсы көрді? Гәп осында.
Бірде Асағаң: «Оралханға соғып едім. Шаршаңқы екен. Газетті творчествосы таусылған біреуге тапсырып, жазуға кетсем бе екен деп отырды» деп еді өзі де көңіл күйі ала-құла болып жүргенде. Одан соң аузынан түспейтіні Ақселеу мен Әнуар еді. «Ақселеудей досым болған емес. Оның жұмбақ өлімі әлі күнге жанымды жегідей жейді» дейтін. Ақселеу туралы Әбіштен асырып айтқан әзірге ешкім жоқ. Шіркін Ақселеу жайлы жазушысы табылса, мәселен, Сауытбектің Әбіш туралы «Абыз Әбішіндей» бір дүние қалса деп те армандайтын. Ақаңның деңгейін, шеңберге сыймайтын ойлау масштабын айтқаны ғой. Ал енді Әнуарды жанының жартысына балайтын. Әзағаң – Мәмбетов екеуінің арасындағы драманы айтқанда, бейнебір сахнада тұрғандай теңселіп, тебіреніп, образға кіріп кететін. Күнделігіндегі мына бір кіршіксіз көңіл сол ойына ойлы нүкте қойғандай еді.
«Ғазиза әкесіне тартқан ақылды, ұстамды, шығармашылығы аса жоғары, туа біткен дарын. Менің бар жеткен жетістігім Әзекеңмен байланысты деуге де болады. Бір-бірімізді түсініп, толықтырып тұратынбыз. Арамыз бес жастай болса да, әзіл-қалжыңымыз жарасқан құрдастай едік. Орыс мінезділігі, кейде қатты кететіні де бар. Қатал, мейірімсіз көрінетін. Онысы балалар үйінде өскендіктен бе деймін. Бірақ тез қайтатын. Адамгершілігі мол, жүрегі таза еді. Ғазиза өмірден озған соң Әзірбайжанның күйі тайды. Жалпы бұл кісінің өмірі шырғалаң болды. Көп кемшіліктеріне кешіріммен қараушы едік. Ғазиза ақыл айтып, басып отыратын.
Ұлы Ахаң бұларға бас-көз болды. Мен де ол кісінің арқасында оқуға түсіп, шапағатын көрдім. Жұбановтардың кезі алтын ғасыр, ұлылардың бар кезі еді ғой.
Әзекеңді есіме алсам, ой түбіне түсіп кетемін. Бұл бір дара құбылыс болды. Әкемтеатр оның уағында одақтағы үздік төрт театрдың біріне айналды. Оның кімді де жақсы көргенде, разы болғанда айтатын төл сөзіне айналған «идиоты» бар еді. Біз сол «идиоттың» арқасында адам болдық десем, артық кетпеспін. Өзінен адам, актер жасаған оған идиоттық істегендер де қазір кісі боп жер басып жүр».
Міне, оның жақсы көруі көз алдыңда әдеттегі әдебінен асып, осындай сарыала сағынышқа, мөлдір мұңға айналып жүре берер еді.
Оның бойында бір ғажап тартымдылық бар-тын. Жақсы көрсе ет жүрегіңді езіп елжірейтін, бұлт арасынан шыққан күндей күлімсірейтін, дана дидары нұрланып кететін. Ал енді бар ғой, Ақселеу, Оралхан, Әнуар, Райымбек, Есболғандар туралы айтылса, әлгі жақсы көрудің бәрі жиылып келіп, сағыныш теңізіне, мұң мұхитына айналатын.
Әлгінде бір қылаң беріп, орта жолда өзге ойлау өрісіне айналған тақырыптың жалына қайта жармасқым келіп отыр.
Жақсы көру еді ғой. Оның ағаларын, қатарлас әріптестерін қалай жақсы көргенін біршама бағамдадық. Ал енді ағаның ініні жақсы көруі қандай еді. Ол кейде жақтырмаса, «бүгінгі таңдағы інім» дей салатын. Аса жақсы көрсе «көкебас» дер еді.
Бірде менің «Аға» деген ауру бар» деген толғанысымды оқып, «Әй, ит-ау, мына дүние ішімді тырнап кетті ғой, сонша түңілгенің не?» деді.
Құдайға шүкір, ағасыз, жағасыз емеспіз ғой. Бірақ бұл шағын тәмсіл «асанәліше жақсы көрсе, асанәліше жақсы көру жалғаса ма» деген ниетпен жазылғандай еді.
Классик Әбең – Әбдіжәміл Нұрпейісов онымен сағаттап сөйлесетін. Телефондай қалсаң «сосын, Әбеңнің дәрісін тыңдауға дайындалып отырмын» дейтін. Әбең өзі айтатын «от корки до корки» оқитын «Алматы ақшамында» Асағаның «Менің жанрым – күнделігі» жарияланып, жұрт жаппай іздеп оқып жатқан кез. Күнделік шыққан сайын Әбең телефон соғады. «Слушай, мен сені батыр шалыс адамдарды ойнағаныңа қарап, ұрда-жықтау адам ба деп қате түсініп жүр екенмін. Мына дүниелеріңді оқып қайран қалдым. Сен жаның нәзік, оқыған-тоқығаның көп адам екенсің. Ішің толы у мен өрт қой, қарағым. Адамдарды жақсы көруді сенен үйрену керек екен. Бұлай жазу біздің ойымызға қалай келмеген» дейді мэтр.
ҚАЛЖЫҢЫНДА ДА ХАЛТУРА БОЛМАЙТЫН
Кейде ұзақ бір сенделістен соң барып, жазу үстеліне ой мүжіп, сағыныш меңдеп, мұң мелдектеп келіп отыратын күндер болады ғой. Сондайда ұдайы Чеховтың «Сағыныш пен мұңнан айырылғанда адам бәрінен айырылады» деген сөзі есіме түссе, жан сарайым ашылып, ой деген өрістеп қоя береді. Сол жақсы көруді мазмұн мен мағына жағынан байыта түсетін сарғайған сағыныш пен мөлдір мұң Әбең айтқандай Асағаңның жан дүниесінің мүлтіксіз мүсініндей «Менің жанрым – күнделікте» сайрап жатыр. Кейде Асағаң басқа ештеңе бітірмеген күнде осы күнделігімен-ақ тарихта қалғандай екен ғой деген бір ой да иектеп кетеді. Өзінің сол күнделікте «Қартайған соң актер – мүсәпір. Сахнадан дер кезінде кеткен дұрыс. Әсіресе дарындыларды айтамын. Орта дарындылар күнкөрістің күнін кешіп, сүйретіліп жүре береді Ол да аянышты. Жалпы адамның тағдыры – трагедия.
Кету деген аттан түсу, өнерден мүлде қол үзу деген сөз емес, өнерге қатысудың басқа да жолы, тәсілі көп. Бұл да таланттың ісі» (10.93.20) дейді. Расында бұл кісі актер болмаған күнде де, мынадай ой кеңістігіне ат байлаған адам бәрібір тегін болмас еді. Жақсы, әуелдегі ой желісінен ажырамайық.
Ол домбыра тартпады, ән салмады. Бірақ соның бәрін жүрегіне сыйғызды. Есесіне оған Тәңірден бір тартымдылық берілді. Сол тартымдылық оның актерлік өнеріне алтын желі болып тартылды. Сол тартымдылық оны қай ортада, қандай жерде болсын даралап тұрды. Оның бойындағы сол сирек сәттерді әркім санасына көшірді. Оның бір қарағанының өзі бір қаралық десе болғандай. Тағы бір даралығы кітап жазды. Көп оқыды. Қазіргілерді біле қоймаймын, біз білгенде бұл буын әдебиетті көп білетін. Бәлкім, Оспанханмен, Сайынмен курстас болған соң ба екен. Мына парадоксты қараңыз, консерваторияда «Актер» деген қабырға газеті шығатын. Оның редакторы Асағаң болды да, орынбасары Оспанхан еді. Әрине, ортаның да ықпалы бар шығар. Десек те, кешегі Есболған, Райымбек, Сәбит құрдастары да кітапты жастанып оқыды. Ал енді Н.Жантөрин, Қ.Жәкібаевтың оқымыстылығы актерлер арасында аңызға айналған. Осы қасиет оның қаламгерлік қырын ашты. Жазушылық өнердің киесін сыйлағаны ғой, өзін жазушы емес, жазарманмын деп кетті.
Бүгінде оның үш кітабын былай қойғанда («Майраның әні», «…Жан бөлек», «Актермін мен мың өліп, мың тірілген»), бір томдық күнделіктері бестселлерге айналды.
Алла тағаланың өнерін сан қырлы, өмірін тағдырлы қылғанын қарасайшы. Сан қырлы дегенде, бұл кісінің қалжыңдарының өзі жай айтқыштық емес еді. Астарында терең ой, зіл жататын. Мәселен ол, белгілі мүфти: «Ассалалаумалейкум, Асеке» десе, бұл: «Уағалайкумассалам, молда бол» дейді. Бір тентек шәкірті: «Ассалаумалейкум, учителім» десе, бұл: «уағалайкумассалам, мучителім» дей салады. Қала әкімі «бұл ел жасаған жақсылығыңа рақмет те айтпайды ғой» десе, әкім екен деп сасатын Асекең бе: «мен өзі үшінші жақсылықтан кейін рақмет айтушы едім» дейді. Мұндай табан астындағы тапқырлық та телегей таланттың бір тамшысы.
Оның қалжыңсыз күні болмайтын. Кез келген тақырыпқа юморы дайын тұратын. «Шота менің қалжыңымның қайнар көзі, ол қалжыңды түсінбеген сайын мені шабыт қысады. Әсіресе Оспанханмен кездесу тіпті керемет. Мен оны күлдіруге тырысатынмын. Күлкісі ғажап еді. Былай қарағанда ол мені күлдіруі керек қой, күлкінің кемеңгері ғой. Бірақ менің қалжыңдарымды жақсы қабылдайтын. Кейін бір жинағына «осының бәрі сенің қалжыңдарыңның жемісі» деп қолтаңба берді. Дос көңілі ғой» дейтін. «Ең күшті юмор – емеурін» деп Көпен айтпақшы, әзілін емеурінмен де, ыммен де білдіретін. Қанша дегенмен актер ғой.
Жақсы адамдарды жақсы көруі өз алдына, жамандарды да жақсы көрді. Дұшпандарын да жақсы көрді. Дұшпаны бар адам жинақы жүреді, жауапкершілік күшейеді, жұмысты жанып істейді дейтін және сол дұшпандарының бетпақтығын да бағалай білді, олардың деңгейіне түспеді.
«КҮЙЕУ БАЛА СИНДРОМЫ»
Сырттай қарағанда аса сабырлы көрінетін Асағаң керекті жерінде мінез де көрсететін. Бірде бір аса жоғары лауазымды адамның мерейтойы өтті. Бірінен-бірі өтетін бір топ қазақ жарты сағаттай орысша сөйледі. Әлгілер сөзін аяқтай бергенде Асағаң «орындарыңа ауыздарыңды жуып келіп отырыңдар» деді. «Ас-ағау иістеніп кеткен ауызды қанша жуса да бәрібір емес пе?» деп едім, «жуар, жумас, айтылуы керек сөз айтылды» дей салды.
Енді бірде Жамбыл облыстық әкімдігіне кірерде есік көзіндегі полицай Асағаңнан құжат сұрайды. Танымай тұр, надан қазақ қой. Содан сасып қалған бұл кісі «танымадың ба, мен сендердің бастықтарыңмын ғой, жаңа келген» деп кіріп кетеді. Анау сонда да соңынан қалмай әкімнің қабылдау бөлмесіне дейін келіпті.
Тағы бірде сол той ғой. Атағынан ат үркетін, елдің көбі қорқып сыйлайтын «Халық қаһарманы» тілек айтқанда жастар түрегеп тұрып тыңдайды да, Асағаң сөйлегенде тұра қоймайды. Сонда «немене сендер тұру үшін халық қаһарманы болу керек пе?» дейді.
Бір аса танымал басылымға биліктегілер «Жаңа өзен оқиғасы туралы мақала беріңіз» дегенде «мен «маскүнем», «нашақор» деген айыптауларға түп-тамырымен қарсымын, мен Халық артисімін, қашанда халық жағындамын, халық өз құқын талап етті деумен шектелдім» деп жазды соңғы кітабында қайта тумас қаһарман кейіпкерлерді сомдаған актер.
Иә, ол шынында да халық артисі еді. Ол отырған жердің бәрі биіктеп, жарқырап кететін. Атшаптырым үлкен залдар мен ғимараттарға әкім-қаралар кіріп келгенде селт етпейтін халық, оны тік тұрып қарсы алатын. Көшеге шыға қалса жұрт кес-кестеп жүргізбейтін. Халықтың құшағында болған, шексіз сүйіспеншілігіне бөленген мұндай тұлғалар аз да емес, көп те емес. Солардың қатарында болған санаулы санаткердің бірі еді ол. Түнеу жылдары оның басына қара бұлттай қаптаған қайғының түндігін серпіп, еңсерген де сол халықтың өлшеусіз құрметі еді.
Әдетте «Бір өзі – бір театр», «бір актердің театры» деп жатады. Ал енді «бір актердің антологиясы» деген пікірдің құлаққа тосын естілуі де әбден мүмкін. Бірақ шындық солай сөйлейді. Егер оның басқасын былай қоя тұрып, кітаптарын қопарып зерттеп, зерделейтін біреу табылса, сірә, ол еңбектің бір тарауы «Актердің ақыл-ой антологиясы» деп аталған болар еді де, қысқа да нұсқа ой маржандарын, тапқыр тіркестерді былайша түзіп шыққан болар еді.
***
Жалғыз қалатын кездерім уайым шақырады.
***
Кішкентай ойды жеткізу үшін жарты сағат сөйлеп, ақылды адамның ролінде ойнағысы келетіндер бар.
***
Тұлғалардың тағдыры туралы толғанысқа түскенде ой түбіне жетпейсің.
***
Кітапты оқитын адамға сыйла.
***
Тойдағы сөздер үлкен сахнаға шығып кетті.
***
Абайды сахнада цирктің қамшысымен сабайды.
***
Жаманның аты жақсыларды жазғырумен шығады.
***
Өнердің жаны – құштарлық, жауы – іштарлық.
***
Дарақылық шектен шығып барады. Мерейтойын стадионда өткізетіндер бар.
***
Күліп сөйлеген адамның көбі таза болмайды. Өтірік күлкі, өтірік сөз көп.
***
Театрда кейіпкер жасау емес, ойнау басым боп бара жатыр.
***
Рольмен жұмыс істеуді мен гүл өсіретін, суаратын адамның тіршілігіне ұқсатамын.
***
Кілтпен ашылатын есікті сындырмай-ақ қой.
***
Әйел көп, Майра біреу.
***
Бағдат – барометрім.
***
«Азаппен келген даңқ – мәңгілік, ол лайықсыз адамға жоламайды» дейді ғұлама Қадыр. Сол жолдан (өнер жолынан деп түсініңіз) сөз жоқ бұл кісі де өтті. Рас, оған әркімнің маңдайына жазыла бермес даңқты алып берген де кинодағы кейіпкерлері. Сонымен қатар кезінде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюросында «ол күйеу баласынсыз кино түсірмейді» деп обкомның бірінші хатшысы шүйілген Аймановтың талантты тап басып тануы болмаса, тағдыр дегеннің қай жаққа ат басын бұра жөнелерін кім бағамдаған?! Бұл жөнінде ол «Актермін мен, мың өліп, мың тірілген» атты кітабының «Күйеу бала синдромы» бөлімінде жақсы жазады.
Асаға «Айманов өнерге келмегенде де, бәрібір тегін адам болмас еді» деп жазады аталмыш кітабында. Осы ойды бұл кісінің өзіне де қаратып айтса әбден болғандай. Ол егер суретшілікке барғанда, суретші болатынына сөз жоқ еді.
Десе де, талант – қай жағынан да талант. Бұл жазбада әу баста айтқанымдай, оның қаламгерлік қырына, жазармандық жағына басымдық беруім де бекер емес. Ол экрандағы, сахнадағы өмірін, тұтас тағдыр жолын кітапқа түсірді, жазуымен жалғады. Төрт кітап жазды. Мен оның барлық кітабына редакторлық етіп, ғажап, ләззатты ғұмыр кештім. Кітаптарын жұрт іздеп оқыды. Кітап оқуды көп насихаттады. Тіпті кітаптың тұсаукесеріне шақырса, ол кітапты оқып алмай аяқ баспайтын.
Т.Жүргенов атындағы көркемөнер академиясының профессоры бір курс – 37 баланы балапан күнінен баулыды. Бүгінде ол «Асанәлі Әшімов» театрына айналды. Өзі кітапты көп оқып, кітап жазған адам, оларға да алдымен кітап оқытты.
Оның көркемдік кеңістіктегі «болашаққа жасаған шабуылдарының» (О.Бөкей) сәтсіздікке ұшыраған кезі жоқ. Кинодағы трилогиясымен бірге тетралогиясы («Майраның әні», «…Жан бөлек», «Актермін мен, мың өліп, мың тірілген», «Менің жанрым – күнделік») да ұлт руханиятына, тиісті оқу орындары үшін болашақта да қосымша оқулық ретінде өлшеусіз қызмет ете беретініне шүбә жоқ.
Асағаңның қадыр тұтқан ағасы Қалтай Мұхамеджанов «Бір кітап оқыған сайын, надандығымның бір бетін ашамын» деуші еді. Бақыт дегеннің өзі кемелдікке ұмтылу десек, өзі де надандықтың исі шыққан жерден қашып жүретін мэтрдің кітаптары да сол кемелдікке кенелтері сөзсіз. Бетховен бір шығармасын бітірген соң ұзақ қол соғып отырады екен, әйгілі актер Качаловты да Петербор көшесінде көргендер қол соғып тұрып алатын көрінеді. Өмір бойы кредиторлардан қашып жүретін Бальзак бір жақсы дүние жазып бітірген сайын қомақты қаламақы көз алдына елестеп, есі шығып қол соғады екен. Актердің сахнадағы, экрандағы қалдырған көл-көсір мұрасы өз алдына, соны толықтыратын таңдамалысы – ақыл-ой антологиясы – кітаптарын оқығандардың да келешекте ұзақ қол соғатынына еш шүбәңіз болмасын.
Жарықтық «Өлімге де дайындық керек. Абыроймен өлген де дұрыс қой» дейтін. Әдеттегі өзінің юморына салса да, бұл сөздің де өз шындығы бар еді. Юрий Трифоновтың «Высоцкийден кейін өлу де қиындау-ау» дегені бар. Высоцкийдің өлімі туралы бірде-бір ақпарат бермеді кеңес басылымдары. Тек «Кешкі Мәскеу» елеусіздеу жерге төрт-бес сөйлем тастай салды. Есесіне Мәскеу көшелеріне адам сыймай кетті. Асағаңның да өлімі өзі айтқандай «дұрыс» болды. Көшеге ел сыймай кетті. Кеңсайға көтеріліп, түсіп келе жатқан халықтың легінде үзіліс болмады. Юрийді қоя қойыңызшы, өзіміздің Ахаң, Ахмет Жұбанов «Өлгендер тірілердің көзін ашып кетеді» деген атақты сөзіне бәрін сыйғызған ғой. Асағаң абыройды әбүйір дейтін. Өмір бойына азаматтық болмысын биіктеткен сол әбүйір өліміне де тік тұрып қызмет етті.
Бақытты сәтті жиі сезінетіндер мен адамгершілігі жоғары адамдар ұзақ жасайтынын ғылым дәлелдеп отыр. Бар ғұмыры осы өлшемдермен тыныстаған тұлғаның, шын мәніндегі, аңызға айналатын өмірі әлдеқашан басталып кеткеніне тағы бір ұзақ қол соғайықшы.