Қали СӘРСЕНБАЙ. КІСІЛІК ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ КӨРСЕТКІШІ
Кеңестің тұсында «Мақтанса бүгін мақтансын қазақ, төбесі көкке тимей тұр сәл-ақ» деп келетін сөзі сұйықтау, әуені әдемі Ескендір ағамыздың бір әні болатын. Ол мақтанымыз белгілі, әрине. Алайда тәуелсіздігімізді алғанда, тұңғыш ғарышкеріміз көкке самғағанда төбеміз көкке сәл-ақ тимей қалғаны рас енді. Мақтанбағанда ше!? Түркі жұртында тұңғыш Айға ұшқан ғарышкер-қазақ Тоқтар Әубәкіров еді ғой.

Тоқаң туралы толғағанда, тұңғыш сөзі қатар жүреді. Ол – аэродинамиканың асқан білгірлерінің өзін жаңылдырған, КСРО Қорғаныс министрлігінің Бас штабында әскери құпия тақырыпта айқасқа генералдардың алдында докторлық диссертация қорғаған тұңғыш қазақ. Аралдың тұзы мен Теміртаудың түтінін ғарыштан тұңғыш зерттеп, оның қыр-сырын, жұмбағын тұңғыш ашқан қазақ.
Ол – кеңестің ең ұшқыр , дыбыстан да жылдам аса қуатты 50 әскери ұшағын тұңғыш сынақтан өткізіп, ғазез басын бәйгеге тіккен, жүрек жұтқан сынақшы-ұшқыш. Осы еңбегі үшін Гиннестің Рекордтар кітабына кірген тұңғыш қазақ. Дүниежүзілік авиация мұражайында әйгілі он адамның ортасында тізім бойынша үшінші тұр.
Мына бір жағдайды айтсақ тіпті арқаланып кетеміз. Әйгілі «МиГ» ұшақтарын сынап, кеме палубасына қондырды. Бұл тірі қайтуың бір Аллаға ғана аян өмір мен өлімнің арасындағы жағдай еді. Мәселен сынақ кезінде 26 ұшқыштың 9-ы қаза тапқанын көз алдыңызға келтіре беріңіз. Ал енді дыбыстан да жылдам сол зымырандарды жерге қондырмай, әуеде жанар май құйып, тоқтаусыз ұшу дегенді санаңызға сыйғыза аласыз ба!? Ол сөйтіп кешегі Бауыржанға бермеген Кеңес Одағының Батырын осылай тартып алған. Дұрысы, дүниені, империялық өктемдікті бас идіртіп, кеудесін басқан.
Қазақта батыр көп те емес, аз да емес. Алайда ой батыры мен қол батыры (М.Әуезов) сирек. Сол сиректің бірі – Тоқтар.
Батырдың да батыры бар. Біреуі сұсты, біреуі аса қатал, енді бірі сол батырлығын байқата бермейтін керемет мейірім, бауырмалдықтың иесі. Үнемі жымиып жүретін оның халқына деген махаббатында шек жоқ.
Нар қазақ, нағыз қазақ, Халық қаһарманы Тоқтар Оңғарбайұлының мына жүрекжарды сөзін қалай тебіренбей оқуға болады.
«…Менің көкірек-кеудемді кернеген бір нәрсе болды. Ол – ұлттық сана. «Мен неге өз тілімде сайрап тұрмаймын осы» дедім өзіме-өзім қамшы басып.
…Қазақ әр кезеңде де басынан өткізген тарихи жағдайларға қарамастан, салт-дәстүрлерімізді мұра ретінде қастерлеп, ұрпағына ұлағатты тәрбие бере білді. Ал бүгінде осы асыл құндылықтарымыздың тамыры ажырап барады. Сондықтан да мынау жаһандану заманында, ең алдымен, ұлттық рухымызды, мәдениет және ұлттық тәрбиемізді сақтап қалуымыз қажет.
…Қазақты аштан өлтірмейтін, көштен қалдырмайтын тетік – намыс. Егер менде намыс болмаса, өз Ана тілімді үйренбес едім. Құпиямды айтайын: мен тілді қазақи ән-жыр арқылы үйрендім. Кейінгі жастарға айтарым, орысша да, ағылшын тілін де үйренсін, бірақ ең бірінші қазақ тілін – өз ана тіліңді біл. Қазақша үйренгісі келмейтін қазақтарды өздеріне-өзі қарсы адамдар деп санаймын.
…Жаны да, жалы да сұлу жылқы жануары о бастан киелі қазақтың сенімді серігі, қуатты қанаты болған. Сәйгүліктерді ата-бабамыздың дәстүріне сай өте жақсы көремін, кербез жануарларға қарап сүйсінемін, менің қазіргі ермегім де сол. Жылқылардың құйрық-жалдарын төгілтіп, шауып жүргенін тамашалауды мен ғана емес, балаларым да ұнатады, бұл дегеніңіз тілмен айтып жеткізе алмайтын сұлулық қой».
Жылқыны жақсы көру – қазақты жақсы көру. Өмірі орыс ішінде өткен қазақтың ана тілін тез меңгеріп алуы да алдымен өз ұлтын өліп-өшіп сүюден басталады. Тағы да Мұхаң айтқандай, ой батыры, қол батыры әрі оның рухани батырлыққа айналуы осы. Кісілік құндылықтардың бұдан артық көркем көрсеткіші, көрінісі деген бола бермейді.
«Ұлтқа жасаған жақсылығың үшін одан бірдеңе дәмету – ұят нәрсе» депті ғой Мұстафа Кемал (Ататүрік). Ұлтын тізерлеп отырып сүйген адамға, шын батырға ұят тән. Бізден біраз уақыттан бері алыстап кеткен, әр жерден сығалап жүретін сол шіркінді кейде Тоқтарлар еске түсіріп тұрады.
Ұят – батырлықтың барометрі, алтын қазығы. «Жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпас» деген де сөз бар-ау. Оның жоқ жерден батырмын деп кеудесін соғып, жұртқа үрке қарап, тәйтік көрінген жері және жоқ. Сұңғақ бойынан тектіліктің, зипалық, зиялылықтың лебі еседі де тұрады. Парасат полотнасы дерсің.
Осы бір күндері ол мерейтойының үстінде де, өзіне деген халқының орнымен көрсетіліп жатқан шексіз сүйіспеншілігіне берген жауабында да қай кездегідей ұстаз алдындағы оқушыдай бір түрлі именіп, ұялып сөйлейді.
Батырлықтың баламасы – ар, ұят, намыс. Оны көркейтіп, тұғырынан түсірмей келе жатқан да осы ұлы үш қасиет.
ПІКІРЛЕР1