Қали СӘРСЕНБАЙ. САЗ бен СӨЗ СӘУЛЕТКЕРІ
06.05.2026
39
0

«Илья, жүрегімді ұйытып жүрген бір лирикалық повесті жазып бітірдім, соған музыка жазшы», – деп үні жан жылытар лебізге толып шығатын ұлы қаламгердің дана дидарын қара жер жасырғалы да жылдар өтіп барады.

* * *

Қалмақтың аса көрнекті ақыны Давид Кугультинов Бішкекте өткен Шыңғыс Айтматовтың жетпіс жылдығында сахна төрінде тұрып, «Шыңғыс прозасы музыкалы прозаға айналды» деп тебірене сөйледі. Осы бір салтанатты сөз бізді еріксіз елең еткізіп, тұла бойымызды иітіп жібергендей болды. Ал енді, Шыңғыстың өзінің де «Прозадан музыка чығат. Кандай укумуш, а? Гениально!» дегені және бар. Бұл сөз сол тойда Шыңғыс прозасына жазылған Илья Жақановтың әндеріне байланысты айтылып, бізді ерекше бір мақтаныш сезіміне бөледі. Осындайда қилы-қилы толғанысқа түсесің. Ой кеңістігі кеңейе берсе екен деп, қиялың шартарапқа самғай жөнеледі. Үнемі ой мен сезім теңізіне шомылып жүретін, күйсандыққа отырса болды «ақ клавиштер көзіне ақ селеулі боз дала» болып көрінетін Илья Жақановтың, ең алдымен, өз әлеміне бір аялдап алып, қырғыз кеңістігіне содан кейін атбасын бұрсақ, құпиясы мол тұңғиық сырды ашқандай болар едік.

Шәмші мен Илья

Ел ұғымында әлдеқашан ән болып ұялаған, қашан да халқының рухани ой-парасат деңгейін аласартпауды биік мұрат санап, құм ішінен алтын ине іздегендей жанкешті, ләззатты еңбекпен өмірін өрнектеп келе жатқан Илья Жақанов туралы қалам тербеу оңай шаруа болмаса керек. Тәңірі берген талантты аялай біліп, тынымсыз еңбекпен жаңғыртқан жасампаз жүйріктің алуан қырлы шығармашылығын зерделеген сәттегі бірқыдыру ойдың желісі былайша өрілер еді. Түр-бітімінде ежелгі Тұран ерлеріне тән сипат молынан ұшырасып, бірден көзге ұрып тұратын осы бір бекзат кісіні үнемі шабытты шағында көремін. Бұл не деген құштарлық, зипалық, бекзат­тық демеске әддің жоқ. Бұл – елін шексіз сүйіп, оның өнерін құдірет санағандардың бойынан ғана көрінетін текті қасиет.
Ілекең өнер өлкесіне бет бұрғалы бар қадамы халқының көз алдында өтіп келеді. Музыкаға көп түсінік жүрмейді. Оның әні де қай тілде, қай ел әншісінің орындауында шырқалсын жұртшылықтың жүрегіне ұялап жатады. Ел рухы мен болмысынан жаралған, топыраққа тартып туған қай дарынның болмасын жалпы әлеуметке әсері осылай болуы керек. Әрісін айтпағанда, бертіндегі Нұрғиса, Сыдық, Әбілахат, Шәмші, Әсеттердің қазақ даласының түндігін әнмен желпіп келе жатқанына нешеме жылдар. Бірінің жоғын бірі толықтырып, әрдайым халықтың арман-аңсарын асыра өтеп, көркемдік кеңістікте аққу-әнін катар сызылтып, қатар шапқан осынау жүйріктердің ортасынан ойып тұрып орын алатын аймаңдай алуан дарынның бірі де – осы Илья Жақанов.
Сонау «Салтанат», «Аққайың», «Сағыныш», «Жалғыз қайық», «Алматы кешінде», «Жайлаукөл кештері», «Жаңаарқа аруы», «Толағай», «Еділ-Жа­йық» пен бүгінгі «Кеңгірдің қоңыр кештері», «Есіл бойы», «Доссор вальсіне» дейінгі аралықтардың бәрінде де шабысынан жаңылмай халықты тек қана толғанысты әсем әндерімен тербеп келе жатқан Ілекең әлі де бәз-баяғы қалпында өнер төгеді. Композитордың ән әлемін әспеттеу үшін новелла, эссе сипатындағы бірнеше дүниелер жазу керек болар. Әзірге бірсыпыра мысалмен ғана шектелейік.
Ильяның ел ішіне кең тарап кеткен алғашқы әні «Аққайыңға» Шәмші өлердей ғашық болған деседі. «Шіркін, осындай бір романс жазу керек еді» дейді екен вальс королі. Бұл қу тірлікте қызғаныш деген қызыл иттің кейбір дарындар арасында жүгіріп өтетіні де бар ғой. Ал осынау екі жүйріктің өмірдегі, өнердегі достығының өзі бір таусылмас хикая. Шәмшінің «Ақсұңқарым», «Ақмаңдайлым», «Қайықтағысы», Ильяның «Ақ­қайыңы», «Алматы кешіндесі», «Жалғыз қайығы» бір-бірін іздеттірмей-ақ қосқан. Қазақ зиялыларының деніне жуығы бастан өткерген пәтерде бұлар да тұрды. Ол күндердің әңгімесін айтсақ ұзаққа кетесің. Біріне-бірі арқа сүйеген, бірін-бірі байытқан шуағы мол, көркем кезең еді ол. Шәмшімен өткен күндерін өмірінің ең нұрлы сәтіне балайды. Екеуi жұрт аузында бiрге  аталып‚ әндері бiрге мақталып жатты. Бұған бір мысал: соноу бір жылдары Шәмші  Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығына ұсынылғанда Композиторлар одағындағы бір  әріптестері оған іштарлық жасап,  қарсы насихат жүргізе бастағанда,  Илья  «Социалистік Қазақстан» газетіне көлдей ғып үлкен мақала жазды. Пендешілік жөніне қалды. Көп ұзамай Шәмшінің жұлдызы жанды. Лауреат атанды. Сол қуанышты күндерде  Шәмші  Ильяны  қатты қысып: «Әлбетте, менің жанымды  да, әнімді де сендей ешкім түсінбейді. Достық пейіліңе құлдық!» деп разылық сезімін білдірген екен.


1961 жылы 12 сәуірде Ілекең үйленді. Жетінші маусым күні Алматыда тойы болды. Қазақ таланттары атағы болмаса қай кезде асып-тасып алақанына ақша толған дейсіз. Тойдан үш-төрт күн бұрын Шәмші келіп, досын құттықтап, ықыласты тілегін айтып: «Тойдың аты той, үлкен қуаныш, ол! Сендерден аянатын ештеңем жоқ. Өздеріңе аян, менде әннен басқа не бар? Мен сендердің осы тойларыңа арнап, жаңа әнімді әкелемін. Жазып жатырмын. Илья, Тиыш келінге арнаған өз әнің бар екен, естіп-білдім, соның нотасын бер, маған. Екеуміздің әніміз той үстінде қатар шырқалсын», – деді. Шәмшінің Тиыш келіннің сүйкімді келбетіне сүйініп шығарған «Бәрінен де сен сұлуы» мен Ильяның «Меңдіқызы» сол тойдың беташарындай болып, бар жүректі ерекше толқытты. Бұған күні бүгінге дейін осы тойға қатысқан жандар куә.
– Бұл әннің сөзі Мағжандікі, – деді үзілісте академик Серік Қирабаев.
Рас. Секеңнің сұңғыла көңілі қателеспепті. Сөздің авторы Мақсұтбек Майшекин кейіннен: «Ол рас еді. Бірақ сөзі тұтасымен Мағжандікі емес, осы бір ұлы адамның «Бәрінен де сен сұлу» деген сөзі өлмесін деп, сұлулықты жырлаған ойын образ етіп алып едім», – депті Шәмшіге. Біз бұл сәтті неге тәптіштеп айтып отырмыз? Кеше ғана туған осы бір әннің тарихы бүгінгі күні көпе-көрінеу бұрмаланып жүр. Ол әннің осылай туғанын Ілекеңнің көзі тірі достары жақсы біледі. Шәмшінің өз аузымен айтылған ән-хикаясы жазушы Оразбек Бодықовтың кітабында ап-анық жазылған-ды. Ондай шындық жеме-жемге келгенде, ешуақытта өлмейді де. Пендешілік сөздер жайына қалады.
Шәмші мен Ильяның арасындағы достыққа ешқандай қылау түскен емес. Оған дәлел Ильяның «Шәмшінің жүрегі» деген кітабы бүгіндері аспай- саспай жазылып жатыр. Оған кірген біраз новеллалар баспасөз бетінде жарық та көрді. Шәмші Ильяның ән салатын болмысына тәнті. Ол өмірінің соңғы күндеріне дейін Ілекеңе Ақан серінің «Шырмауығын», өзінің сонау бір жылдары шығарған «Арманын» айтқызғанды жаны сүйіп өтті. Алапат сезімді, анау-мынауды менсіне бермейтін паң көкірек,  жойқын композитор Сыдық Мұхамеджанов: «Илья, сен, радиоға неге ән жаздырмайсың? Ты же поющий композитор!» – дейтін еді. Рухың шат болғыр Сыдық ағаның сол тұстағы жас композиторға қанат бітірген мына бір сәулетті сөзін де бір жаңғырта кетудің сәті түсіп тұр. «Тербеледі тың дала», «Шаттық отаны» секілді дүниені дүр сілкіндірген туындылардың авторы, «қазақтың Бетховені» атанған аса
кірпияз, талғампаз талант Сыдық Мұхамед­жанов кілең жас перілермен кездесу кезінде «Илья – терең лирик» депті. Бұл биік бағаны өз құлағымен естіген Шәмшінің сондағы ессіз қуанғаны-ай! Кейіннен ұлы композитордың осы бір жүрекжарды лебізін ол өзінен бетер қуанып Ильяға жеткізеді. Бірақ бір қызығы осы сөз күні бүгінге дейін жұрт аузында Шәмшінің сөзі болып тарап кетті.
Халқымыздың біртуар азаматтары шығармашылығы толысып, жарқырап көріне бастаған Илья Жақановтың бағасын білді және онысын ашық айтып та жүрді.

«Ән мен күйдің Марғұланы»

1978–79 жылдары Ілекең Егіндіб­ұлақ, Қарқаралыда Балқантауды зерттеп жүргенде қазақтың ірі ғалымы, тағдырдан аз соққы көрмеген сұрапыл тұлғасы Ебіней Бөкетовпен кездеседі. Университетте өткен бір жиында Ильяның әндері айтылады. Концерттің соңы ән жайындағы үлкен мәслихатқа ұласады. Сонда төгіліп бір сөйлеген атақты академик композитордың «Толағай», «Жайлаукөл кештері» атты әндері жөнінде толғана келіп, сөзінің соңын «Илья қыста көктемді гүлдетті, Илья Жақанов ХІХ ғасырдың екінші жартысының композиторы. Композитор – консерватор» деп қорытындылайды. Демек консерватор деп отырғаны ұлттық құндылықтарды қадірлеп, сақтай біледі дегені ғой. Сол кездің өзінде Илья бойындағы өзгеде жоқ өзгешелікті қалай байқаған десеңші. Ал енді кемеңгер Әбіш Кекілбаевтың «Ильяны көрсем, Зұлқарнайынды көргендей боламын» деуі қалай ғажап және ұтқыр айтылған. Зұлқарнайын әлемді жауласа, Илья да ұлт руханиятының әр саласында жан-жақты талантымен төңкеріс жасап, жұрт жүрегін жаулап жүретінін меңзеп айтқаны ғой.


Атақты Ахаң – Ақселеу Сейдімбек «ән іздеген Асан қайғы» деп бағалаған композитордың шығармашылығы жөнінде айта қалса, әр кез шырайын келтіріп, терең тебіреніп жүреді. Әбіштің әлгі сөзін де талай мәрте толғанып еске алуы да тегін болмаса керек.
Илья Жақанов шығармашылығына кірпияздық, тәкаппарлық тән. Онда әлдекімге елп ете түсу, болмашы нәрсеге тамсану, таңғалу деген әсте болмайды. Бірде Фариза Оңғарсынова Жақановтың осы қасиетіне қызығушылық білдіріп: «Сіздің Мырзатай Жолдасбеков шығармашылығына соншалықты сұрапыл кітап жазғаныңызға, біз байқай бермеген қасиетін тап басқаныңызға қайран қалып жүрмін» дегені бар. Бұл жөнінде «Мырзатай музасы» атты эссемде айтып өттім.
Биіктің бағасын білу осылай жалғаса береді. Егер бұл ойымызға ерік беретін болсақ, оны тоқтату да мүмкін емес-ау. Ойымызды Бибігүл Төлегенованың «Илья, сенің «Еділ-Жайығың» гимнге айналды ғой. Мен оны айтқанда, өзімді-өзім ұмытып, қанаттанып кетемін, қайта туғандай күй кешемін. Кейінгі жылдардағы қазақ әндерінің ішінде бұл ән менің айрықша аңсарымды аударып, тұла бойымды жаулап алды ғой. Не сиқыр бар онда?!» – деп қолын кеудесіне қойып сөйлегені де қалай ұмытылар.
Ән серкесі Серкебаев Ильяның романстарын өз орындауында тыңдап: «Ты у кого учился по  вокалу?» деп таңғалғаны бар. Осы әңгіменің басы-қасында болған атақты әнші  Әлібек Дінішев  туған нағашысы Ришад және Мүслім Абдуллиндердің жұмсақ әзіліне басып: «Он учился  у Бекен Бекеновича Жылысбаева!» – деп лып еткізіпті. Әлбетте,  мұның бәрі  жай ғана сөз емес, асылы, композитордың ән салуы қазақтың өз болмысында бар, сал, серілерден жалғасып келе жатқан дәстүр ғой. Соны  Илья сияқты жандар өлтірмейді, өшірмейді. Мәселе,  радио мен теледидарда,  концерттерде ән салу ғана ма, екен? Ән бүкіл тұрмыс-тіршілігіміздің, өміріміздің сәні, бар кем-кетігімізді, қиын сәттерімізді ән ғана жеңілдетеді. Әнсіз өмір жоқ. Бұл ретте Ильяның өзімен сырласа кетсеңіз: «Мен әнге де, сөзге де зәру емеспін! Құдайға шүкір, әндерім ел аузында жүр, ал,  өзімнің алдымдағы аға буын – Нұрғиса‚ Әбілахат, Сыдықтардың терең толғанысты тамаша әндері айтылмай, таралмай жатқанда бір асыл дүнием  жоғалғандай жүрегім ауырады. Сол үшін сол жайсаңдардың өмірін, шығармаларының тарихын жазумен, концерттерде дәріптеумен келе жатырмын», – дейді. Рас, бүгінде біздің көз алдымызда осы бір ғажап композиторлар ұмытылып бара жатқандай. Илья олар жайлы небір тебіреністі хикаялар айтқанда тек қана ауыз ашып тыңдай бересің, тыңдай бересің. Бұл – хас суреткердің адалдығы, тазалығы,  бекзаттығы!
Жалпы, Ілекеңнің өзінен гөрі өзге туралы айтқанда тым тереңдеп, тебіреніс күйін кешетіні бар. Бұл кейінгілерге ұстап қалар жұғысты қасиет болса дейміз. Әсіресе Шәмші туралы айтқанда, теңіздейін тебіреніп, айдындайын шалқып кетеді. Өмірінің соңғы күндерін еске алса еңсесін ауыр мұң басады. Ал Нұрғиса, Әбілахат, Сыдықтар жайлы айтқанда, тек қана ауыз ашып отырасың.
Илья әндерінің шынайылығы сонда – ол халықтық дәстүрдің нұрлы қайнарларынан бастау алып жатыр. Композитордың ішкі сезім қуаты мен көңіл көзі көреген. «Толағайдай» кең тынысты, «Еділ-Жайықтай» асқақ патетикалы
қуатты ән жазу үшін алдымен, сол объекті­ні көретін көңіл көзі керек қой адамға. Ол кешегі салқар да көркем көш – Біржан сал, Ақан сері, Естай, Үкілі Ыбырай, тағы да басқа кереметтердің үрдісін бүгінгі күнмен керемет қиюластырып, дәстүрлі өнердің алтын желісін алға апарушылардың бірі. Елуінші, алпысыншы жылдар қазақ әнінің қанаттанған, рухтанған кезеңі. Ильяның композиторлығы сол жылдардан басталады. Композитордың кейінгі кезде туған «Кеңгірдің қоңыр кештері», «Доссор вальсі», «Оралдың ерке самалы», «Ағады, Жайық ағады» әндері сол кезеңді көз алдыңа қайта әкелгендей болады.
Қазақта «Құлды бәрекелді өлтіреді» деген сөз бар. Илья Жақановтың шығармашылығына осы сөз тұрғысынан қарасақ, өнерді науқаншылыққа айналдыру, әлдебіреулерге көңіл үшін ән арнай салу деген болмапты. Ол не жазса да жүрекпен жазды. Халықты ауызбен емес, азаматтық жүрекпен сүйді. Бұл ретте кешегі күні сәні мен салтанатын жоғалтып бара жатқан ел мен жердің тағдырына жүрегі сыздап туған әндерінің жөні бір бөлек, әрине. Мұндайда сан қырлы суреткер үнінің асқақ естілуі үшін тек қана әнмен жауап қату аздық етері сөзсіз. Алуан дарын иесі бұл ретте қалам қарымдылығын да танытып, бірінен-бірі өткен нұрлы дүниелер жазды. «Қайта оралған ән», «Қош бол, вальс», «Екі жирен», «Бірінші концерт», «Махаббат вальсі», «Аққулар қонған айдын көл» секілді көркем кітаптарын оқыдық. Ахмет Жұбановтай музыка корифейі салған дәстүрді тереңдете отырып, ұлттық музыканың шежіресін жасауда көл-көсір еңбек етті. Қазақ әні тарихының арғы-бергі жылнамасын онсыз көзге елестету мүмкін емес. Басқасын былай қойғанда, соңғы жылдар бедеріндегі энциклопедиялық аядағы «Мың бір ән» атты жинағын қазақ әнінің шежіресі деуге болар еді. Ол әлі де толықтырылу үстінде. Халықтың өзі сүйіктісіне ат тауып қоюға шебер ғой. Музыкалық қобдишасыңда бүкіл қазақ даласы ән салған Ілекеңді Ақселеудей феномен «Ән іздеген Асан қайғы» десе, енді біреулер «Ән мен күйдің Марғұланы», «Қазақтың Затаевичі», «Қазақ әнінің археологы» деп те жазып жүр. Біз де сол сөздің құлымыз. Ол жыл он екі айдың жартысында жарғақ құлағы жастыққа тимей, Қазақстанның бар түкпірін шарлап келіп, аядай бөлмесінде отырып ұзақты күнге өткен тарихты парақтайды. Барша қазақтың әншіл жүрегі тұла бойын ұйытады, халқының ұлылығына, дарқандылығына тамсанады. Сонан соң сол әсерді ел-жұртқа жеткізгенше асығып, қолына қалам алады. Шабыттанған кезде көкірегінен шартарапқа аққу әнін ұшырады. Сөйтіп, Илья Жақанов ұлтының жоғын тауып, кеудесін күй кернеп балаша мәз боп отырады. Ал бұған Тиыш тәтеміздің қуанышын қосыңыз. Ине-жіптен енді шыққан ғажап жауһарларды компьютерге жедел түсіріп жатады.
Ильяның әндері шетелдегі қандастарымыздың ортасында да жиі орындалады. Ана бір жылдары Алматыға келген Пакистанның ұлы ақыны, Мұхтар Әуезовтің досы Файз Ахмад Файздың «Даниярдың әнін» тыңдап көңілі босағаны секілді, шеттегі бауырларымыз да Ильяның сыршыл әндерін тыңдаған сайын ел жаққа қарап елеңдеп, сағыныш сезімі арта түсетін көрінеді.
Ол өрімші секілді. Бір мезгілде бірнеше шаруаны қатар жүргізеді. Зерттеулерден сәл қол босаған сәтте осынау сабақтас дүниенің ықпалы ма екен көкейге кейде ән келеді. Әйтеуір көңілдің байыз таппайтын сәттері көп. Қазірдің өзінде Сарыарқа, Оңтүстік өлкеміз, Батыс өңірінен жазған ән-циклдарының өзі көзімізге сала-сала боп ерекше көрінеді. Бұған қырғыз циклын, классик ақындарға жазған ән-романстарын қосыңыз. Бәрі де бір жүректің лүпілі.
Илья – радио мен теледидардың көркіне, эфирдің еркесіне айналған жүйрік жүргізуші. Ондаған радио пьесалар, инсценировкалар, телехабарлар алтын қорда сақтаулы. Әрине, рухани тарихымыздың арғы-бергісін таразылап, оның тағдырына шырылдап, ара түсіп зерделеуде Илья Жақановтың жасап келе жатқан өлшеусіз еңбегі – бір мақаланың аясына сыймайды, сала-сала әңгімеге желі болатын байтақ әлем.

Бір өзі – бір рухани университет

Ол жылдар бойына халқының рухани жоғын іздеп үнсіз еңбек ете берді. Кешегі стахановшылар идеалға айналып, «төк жырды Алексейдің көміріндей» деп әндетіп жатқан заманда да ешбір ағымның аясында кетпей, күні бүгінге дейін өзінің бәз қалпынан айнымай халқының ең аяулы қасиеттерін тек өз жүрегінің лүпіліне ғана салып толғаған таланттың бірі де осы Илья. Сірә, Құдайдың өзі әу баста қабілет, талантты әркімге өлшеп, пішіп берсе керек. Тәңірінің де бұған деген алабөтен сыйы мен оң қабақ танытуын халқының кәдесіне жұмсап келе жатқан Илья Жақанов – шын мәнінде, бақытты жан. Таланттың ең үздік баламасының бірі – бекзаттық болар. Ендеше, оның шығармаларындағы кісі баурағыштық қасиеттің сырына үңілгенде, ең алдымен, осы бекзат болмыстың түп төркініне ден қойған жөн-ау…
Қадыр Мырза Әли: «Мен жақсы ақын болмағанда, жақсы оқырман болар едім» деуші еді. Сол кісі айтпақшы, жақсы оқырман, жақсы тыңдаушы болсаң, Жақанов туралы жазу қиынға соқпайды. Өзі сені жетелеп отырады. Содан кейін басыңды анда-санда сілкіп қой да жаза бер. Жақановтың ерекшелігі сол, оны жазу үшін оқырман да, тыңдаушы да болуға тура келеді. Өйткені ол – екі ананы – сөз бен сазды тел емген талант. Саз бен сөз сәулеткері.
Бір заманда «Аққулар қонған айдын көлді» жазған Ілекеңнің өзі қазір сол шалқып жатқан айдынға айналды. Жатқан бір шалқар кеңістік. Жазуының өзі де жатқан бір саз. Сөзде саз болады дегенді Ілекеңді оқығандар растайтын болар. Сондықтан, оның ұшы-қиырына көз жетпейтін байтақ әлеміне ену биік өре, деңгейді, пайым-парасатты қажетсінеді. Мына пақырыңыз да сол өре биігінен көрінуге әлденеше рет талпыныс жасап, кішкентай ғана сәттіліктермен шектелген. Эссе, новелла, элегия дегендерді Ильядай құйрық-жалы төгілген жүйріктей жұтындырып жазатындар сирек. Әсіресе өнердің өзін өнерге арқау етудің қанша азап екенін жаның жәннат­та болғыр Әбіш, Ақселеу мен Әшірбек Ілекеңнің осы бір болмысын тебірене жазып еді. Әлгі жанрларды қомсынсаңыз роман, повестердің небір нәзира үлгілерін де осы кісіден табасыз. Ал енді қазақ радиосының мұрағатынан арагідік берілетін радионовелла, эсселерді жайбарақат тыңдау мүмкін емес. Кей-кейде жол үстінде келе жатып, мәшинені тоқтатып қойып тыңдайтын жағдайға жеттік. Халқымыздың рухани алтын бастауларын былай қойғанда, сонау Моцарт, Шопен, Бах, Бетховен, Чайковскийдің өзін сол заманда жүргендей дәйекті толғаныспен жазатынын айтсаңшы. Небір диалог, монологтарды тыңдағанда, таңдайыңыздың суын жұтып, тамсана бересіз.
Қысқасы, бүгінде бір өзі бір рухани университетке айналған аңыздай адамның әлеуетін біз қалай пайдаланып жүрміз деген сауал да осындайда тіл ұшында тұрады. Баяғыда Алматыда халық университеті деген қоғамдық мекеме болушы еді. Онда әркез әдеби-музыкалы қоңыр кештер өтіп жататын. Оның қонақтары: бір күні ғұлама ғалымдар Әлкей Марғұлан, Ақжан Машанов, тағы бір күні, сонау Созақтан келген күйші Төлеген Момбеков… тағы басқалар… біздің тәрбиеміздегі осы университеттің орны ерекше болды. Білімге тойымсыз кезімізде соған баратынбыз, білімпаздарды тыңдайтынбыз. Ал қазір сол университеттің рөлін неге Ильялар атқармайды? Ұлт өресін биіктету үшін мұндай ұсынысқа Ілекең бір тиын сұрамай қуанып барар еді. Сонда біз де қазіргі қаптап жүрген адам танымайтын, мәселен, Меруерт Өтекешоваға барып: «Сіз қандай киноға түстіңіз?» дейтін ұрпақтың алдын алған болар едік. Ильялардың лекциясын тыңдау ғажап қой. Егер осы үрдіс қолға алынатын болса, Ильяны «бір кісідей білеміз» деп жүрген біздің өзіміз «біршама білеміз» демес едік. Оны үзбей тыңдаған қазіргі ұрпақ енді он-он бес жылдан кейін біршама білеміз деп айта бастаса, жетістік деген осы емес пе?! Ильялар кешеден гөрі бүгінге көбірек керек. Интеллектуалды ұлт тәрбиелеудің төте жолы осы емес пе? Тіпті әлгі жыпырлаған «жұлдыздардың» бәрін бір жерге жинап, Ілекеңді тыңдатса солардың талайы жерге түсіп, талайы өшкен болар ма еді?! Өзі үнемі қайталайтын Шопеннің «сөз біткен жерден саз басталады» деген құдіретті сөзін Илья қалай сабақтар еді дейсің. Бойындағы бар болмысын сөзбен де сомдауға қабілетті Ілекең бір сәт сөздің қадірін ойлағанда музыкаға ауысып, сөз бен сазды қатар шапқан қас жүйріктей шалқытар еді.
Осыдан біраз уақыт бұрын Қарағандыда көзіне сәтті жасалған операциядан кейін ахуал сұрап, арасында Атырауға бір жолымыз түсіп, ағыл-тегіл әңгімелесіп, сол баяғы қазақ өнері мен мәдениеті туралы ұзақ-ұзақ ойға берілгеніміз және еске түсіп отыр. Сол жолы бір құшақ кітап алып қайттым. Ғажайып қолтаңбалар берді. Ғажайып дейтін себебім, Ілекеңнің қолтаңбасының өзі шағын тәмсіл секілді оқылады. Алыста жүрген ағамыз рухани ағалары мен інілерін де қатты сағынады екен. Сағынышпен өмір сүру шын өнер адамына ғана тән шығар. Сол жолғы атақты Әшірбек Сығайға жазған қолтаңбасының өзі бір тамсандырар тақырып.

 

«Музыканың динозавры»

Шәкен   Айманов  қайтыс   болған   жылы   туған   балалар ұлы өнерпаз туралы естелік айтатын мына заманда біреуді таңғалдырып бірдеңе жазу да қиындау. Бұл ойымыздан қандай қорытынды жасауға болады? «Өзің білмейтін тұлға, тақырып туралы айтпақ түгілі, жазбақ түгілі, тіс жаруға болмайды» деп бекерге безілдемейді екен жатқан жерің жарық болғыр, жайсаң ұстаздарымыз. Өйткені күлкіге қаласың. Ал күлкіге қалғаннан артық қасірет жоқ. Демек, тым болмаса күні кеше кездесіп, ұшырасқан, бірер сағат болса да әңгімесін тыңдаған адамың жайлы жазған жөн. Онда да тереңдей алмайсың. Бірақ жазуға хақың бар. Ал енді таңдап, талғап жазу деген басқа әңгіме.
Журналистік   өміріміздің   өткен   күндеріне   қайырылып қарар болсақ, мұндай сәттердің аз болмағаны да еске түседі. Мәселенки, Өзбекәлі Жәнібековпен әлденеше мәрте кездестім. Жарықтық өте талапшыл, еңбекқор адам еді. Есесіне бірнеше рет толғақты мәселелерді қозғаған терең, тағылымды, сериялы сұхбаттар жарияладық. Сол сұхбаттардың негізінде кейінірек бір-бір тақырыпқа айналған мақалалар жаздым. Талай мәрте ой, пікір, идеялардың тууына қозғау салды.
Демек, журналист үшін жақсы кейіпкер –  жарты бақыт, үлкен тақырып.
Сондай көркем кейіпкердің, тау­сылмас терең тақырыптың бірі – Илья Жақанов.
Атырауға ұшып бар да әбден мейі­рің қанғанша әңгімелес. Мейіріңді  қандыратынына,  егер  қаламыңның  қауқары, қарымы болса тақырыптың тоқсан тоғызын тауып беретініне мен кәмілмін. Кірпияздығы да бар. Ол мінезіне тап келсең, қайырылмайды. Ілекеңмен қаншама жыл аралас-құралас болсақ та, тіпті талай мәрте сырласып, пікірлессек те біршама білеміз деп сөйлейміз.
Демек, білетін адамың туралы жаз.
Атырау дегеннен еске түседі. Қайсыбір жылы қазақ руханиятының шын жанашыры Иманғали Тасмағамбетовтің шақыруымен Тиыш апамызды қолтықтап, бір чемоданы мен тіс щеткасын ғана алып Атырауға бет түзеген Илья аға қазір осы жердің тұрақты тұрғынына айналды. Әу баста «мынау батыста шашылып жатқан мол рухани мұраға ие болсаңыз, бір жүйеге салып берсеңіз» деген Имекеңнің ұлы мақсаты, ұлы мұратын қазір бұл кісі асыра орындаған күйде. Оған дәлел ретінде Батыс өлкенің тұмадай тұнып жатқан ән-хикаясы шертілген «Зәуреш» атты толымды еңбегін атасақ та жетіп жатыр. Ол – кешегі ғұлама Ахмет Жұбановтың қолы тимеген, назарына ілікпеген беймәлім тарих. Қазақтың жерасты байлығы қанша болса, оның төрт бұрышы, бар алабы да өнерге тұнып тұр. Әзелден осы тақырыпқа түрен тартып, алдына қара салмаған Ілекең осынау байтақ әлемге құныға кірісті. Қазақтың дәстүрлі музыкасының, оның ішінде ән өнерінің асқан білгірі, қадірін бірде біліп, бірде білмейтін, үнемі жоқ іздеп жүретін Жақановтың соңғы жылдары тапқан асылдарын жүйелеп жазып айтатын адам табылса бұл заманда бір бақыт сол болар еді. Біреу арғы-бергі тарихтан бірдеңе тауып алса, жанын қоярға жер таппай безілдеп кетсе, Ілекең үн-түнсіз, аспай-таспай, өзін-өзі жарнамаламай, өзін де, өзгені де таңғалдырып, тамсандырып еңбек ете береді. Іші толған толғанысқа, қазынаға айналған бірінен-бірі өтетін кітаптар шыға береді. Бірақ солай екен деп қарап жатпай, тіпті демін алмастан келесі бір сырлы әлемге соқа салады. Мұндай рухани тойымсыз адамды көрмедім.
Алматы мен Астанадан алыста жүрсе де, сол Атыраудың өзінде де мұның бағасын білетіндер жетіп артылады. Рухани шежіре дәл қасына келіп жантайып жатса жұрт неге қуанбасын, неге бағаламасын?! Ілекеңді әр жерде кездесуге шақырып жатады. Сондай кездесудің бірі бірде мұнай зерттеу ғылыми институтының ғалымдарымен өтеді.
– Сол кездесуде кең тынысты, биік әндерді көп айттым. Әр кездесуден бір әсер алып қайтасың, иә, өзің күтпеген керемет жайға тап боласың ғой. Осы кез­десуде бір еңселі, көркем жігіт, елулер шамасындағы грек пішіндес азамат соншалықты ынтызар, ойлы күйде отырды. Бір кезде әлгі Никколо деген азамат «Мен итальяндықпын. Мәскеуде оқыдым. Мұнайшымын. Біздің итальяндықтар да әнді осылай шырқап салып айтады. Кең тынысты, биік әндерді жақсы көреді. Сіз ән шырқағанда өз халқымды ойлап, кеудемді қуаныш сезімі кернеді. Сіздің соншалықты жүрекпен айтқан әндеріңіз өз халқыңызды қалай сүйетініңізді байқатып кетті. Сіз, сірә, «музыканың динозаврысыз» деп қатты толқыды, – дейді Ілекең сол кездесу туралы.
Көкірегі ояу, көзі ашық адам қашанда байқампаз, талғампаз келеді. Әлгі итальяндық азамат Ілекеңнің болмысын қалай тап басып таныған. Бір бойына бірнеше өнер жиғанын қалай бағамдаған?! Шіркін, осындай тыңдаушысы, бағалаушысы бар ел екі есе бақытты ғой.

Кітапқа ән жазатын композитор

Ілекеңмен әр кезде сәтімен болған сұхбаттардың негізінде талай мәрте портрет­тер жазған едім. Сондықтан бұл жолы ол дүниелерде көп қамтылмаған тұстарды айтуға талпындым.
Еділді келіп алғаны – етекке қолды
                                                       салғаны,
Жайықты келіп алғаны – жағаға қолды
                                                          салғаны,
Ойылды келіп алғаны – ойдағысы
                                                         болғаны, –   
деп жырлаған Мұрат ақынның мұң-зары жылдар бойына жүрегінде жүретін Ілекең үшін сол зар заман сарыны қазір бүкіл ел тік тұрып айтатын «Еділ-Жайық» атты рухты ән-панорамаға айналды. Бұл керемет жанкешті Жұбан мен табанды Ілекеңнің тандемінің арқасында мүмкін болды. Кезінде Ілекеңнің әбден илеуіне түскен Жұбағаң кейіннен: «Әу баста осы әннен азап көріп едім, енді рақатын көріп жүрмін», – депті. Рас. Бұл әнді бейжай тыңдау мүмкін емес. Жеке адам өз алдына, ал хор мен оркестр қосылғанда алапат. Әсіресе бозторғайдай шырылдап бір топ қарадомалақ айтқанда («Ертөстік» балалар хоры) жаныңды қоярға жер таппай, тыпыршып кетесің. Осындай ән жазып та «тірі жүруге» болады екен.
Өзіңізді былай қойғанда бұл туындының өзге елдердің, әсіресе орыстың тарихындағы Дунаевскийдің «Широка страна моя родная», Блантердің «Катюшасы», Соловьев-Седойдың «Подмосковные вечера», Фрадкиннің «Течет река Волга» тәрізді әндерімен қатар тұратынын қалай мақтан етсек де жарасады.
Илья Жақанов шығармашылығының шоқтығы биік бір саласы – қырғыз тақырыбы. Задында кітап әсерімен ән жазу – дүниелік руханият тарихында сирек кездесетін құбылыс. (Хамаңның – Хамит Ерғалиевтің «Айжан қыз» күйіне сөз жазғаны бар еді). Бұл ретте Шыңғыс Айтматов Ілекеңнің ішкі сезім қуатының жаңа көздерін ашуда үлкен қозғаушы күшке айналды. Ұлы суреткердің шығармасын оқыған сайын композитордың алдынан ұдайы бір көгілдір кеңістік ашылғандай болатын. Өткенге сәл шегініс жасайық.
1963 жылдың 10 қазанында Ш.Айтматовқа «Повести гор и степей» кітабы үшін Лениндік сыйлық берілді. Радиодан дәл осы бір қуанышты хабарды естіген күні теледидарда редактор болып қызмет ететін 25 жастағы Илья түскі ас кезінде дүние дидарын өзіне жалт қаратқан «Жәмила» повесіне қайта бір беріле үңілді. Өйткені  «Жәмиләдағы» оқиға қайсыбір ауылда болмасын кездесетін ұқсас тағдыр, ұқсас жағдай болатын. Біздің әкелеріміздің өмірі еді. Әсіресе повестегі Сейіт – сол буынның, сол кездің көкірегінде арман оты жанған жастарының жүрегіне жақын тұтқан бейнесі болды. Әр ауылда бір-бір Сейіт бар-тын. Әрине, осы бір сыршыл лиризм мен психологизмге толы туынды мен жазушының қуанышы өнер әлемінде есімі әлі белгісіз, бірақ жүрегі өне бойы күйге толып жүретін Ильяны да қатты толқытты. Соның нәтижесінде, дүниеге «Даниярдың әні» атты жаңа ән келді. Арада бір күн өткен соң Алматы теледидарында Шыңғыс Айтматовпен тікелей пресс-конференция өтті. Осы оқиғаның үстінде әнші Мәдеш Ниязбековтің орындауында «Даниярдың әні» шырқалды. Сол күннен бастап, бұл құдіретті ән дүние­ні шарлап кетті. Арада бір жыл өтер-өтпесте «Жәмиланың әні» өмірге келді. Осы арада Ықылас заманын көктей шолуға тура келеді. Қазекем көше берген ғой. Қанша көшсе де бір жақсысы қырғыздан қашық кетпеген. Бұл тағдыр екі халықтың басын амалын тауып өзі қосып отырған. Ілгеріде Талас бойы, Тоқмақ, Бішкекке дейін (күні бүгінге дейін солай ғой) қоңсы қонған қазақ-қырғыздың арасындағы құда-құдандалық, бауырмалдықты одан әрі тереңдеткен Ықылас пен қырғыздың атақты күйшісі Күренкей заманынан бері қайырсақ, бұл ойымызға мысал көп. Сол жарықтықтардың көзін көрген Ильяның туысы Садық атаның жары Жәмилә (қырғыз қызы) деген үлкен шешеміз екі елдің арасына алтын көпір салды. Әлкен әкеміздің қосағы Сәбиға, одан кейін келін боп түскен Бәтима сынды қырғыздың көркем қыздары Алатау мен Қаратауға сыбызғыдай сызылған қырғыз әнін алып келді. Бұл Ильяның бес-алты жасар кезі. Ауыл-аймақ таңның атысы мен күннің батысы қырғыз әнін айтады. Бала Илья соның бәрін өз әніміз деп қабылдай берген. Бүгінде ойлап отырсақ, қырғыз әні мен Шыңғыс әлемі Ильяның шығармашылығына табиғи түрде ықпал етуі сол кезден бастау алған екен. Демек, мәселе – негізде. Хас өнер осындай негізден туады. Бұдан кейін «Даниярдың әніне» жауап ретінде «Жәмиланың әні» тууы да заңдылық қой. 1964 жылы қырғыздың «Алатоо» журналында Гүлсайра Момынованың аударуымен Ильяның «Қайта оралған ән» атты повесі жарияланды. Ол кезде басылымның бас редакторы – Төлеген Қасымбеков, жауапты хатшысы – Жәлел Садықов. Қырғыз бауырлардың бұл шығармаға ынтызар болғаны соншалықты, тіпті парақтап, бір-бірінен қызғанып, жыртып алып оқыған да жағдай кездескен. Қырғыз әдебиетінің жыл қорытындысында Түгелбай Сыдықбеков ақсақал: «Біздің қырғыз әдебиетіне бір талантты жас келді» деп шаттанған.
Жыл өткен сайын Шыңғыспен арадағы байланыс Ильяның өмірінде бетбұрыс жасай бастады. Санасын сәулелендірді, жанын жадыратты. Шыңғыс шуағына шомылып, шапағатына бөленді. Арада «Қош бол, вальс» деген повесть туды, қырғыздар оны «Қайран, вальс» деген атпен жариялады. Содан көп ұзамай қырғыз тілінде «Қайра таңшыған обон» деген кітабы жарық көрді. Ильяның көңілі бұған да көншімеді. Сол аралықта сөзін Жұбан Молдағалиев жазып, қырғыз тақырыбына «Айнагүл» деген әні шықты. Бұдан кейін Арқаны жайлаған қырғыздардың бірсыпырасының Ыстықкөл жаққа, елге көшуіне себепші болған атақты «Әсел», одан соң «Асылым» өмірге келді. Ендігі жерде қырғыздар оны Шықаңның «Қызыл орамалды шырайлымындағы» Хадишаның әні деп атап кетті. Осынау үздік үрдіс тереңге тарта берді. Илья Ықылас пен Күреңкей, жалпы қазақ пен қырғыздың көркем тарихына арналған «Ықылас» атты әсем роман жазды. Бұл роман Шыңғыстың көмегімен, ең алдымен, қырғыз тілінде «Қырғызстан» баспасынан 1988 жылы «Кертолғау» деген атпен жарық көрді. Сол жылы қырғыздың әдеби жыл қорытындысында ең үздік шығарма аталды.

 

 

 

 

 

 

Шыңғыс шуағы
немесе «Даниярдың әні» ашқан даңғыл жол

…Қайсыбір жылы Шыңғыс Айт­матовқа Қазақстан Президентінің арнаулы сыйлығы берілді. Осы салтанат­тың алдында Ілекеңе телефон шалған қырғыздың даңқты дирижері Асанхан Жұмахматов бүгін Республика сарайында жаңа әннің премьерасы болатынын айтты. Ілекең аң-таң. Қайдағы ән. Бірақ іші бірдеңені сезді. Қырғыздардың әйтеуір ойламаған жерден жақсы істің бастаушысы болып жүретінін білетін. Салтанатты кеш соңындағы концертте қырғыздың ел әртісі Дариға Жалғасынова «Жәмиланың әнін» орындады. Бұл ән араға 25 жыл салып Алматыда тұңғыш рет шырқалды. Ғажайып ән осыншама жылдар айтушысын күтіп жатқан екен ғой. Осы бір оқиғаның біздің баспасөздің назарынан тыс қалғанына мен әлі күнге таңғаламын. Әннің қайырмасында «Даниярым, жан-жарым» деген жол бар. Ән де сұлу, Дариға да сұлу. Араға жиырма бес жыл салып барып тыңдаушысымен қайта табысқан әсем әнмен бірге асқар таулар мен сайын даланың ұлы махаббатын жазған Шыңғыс та ария іспетті сырлы әннің әуезіне бөленіп, шат-шадыман сезім құшағына енді. Ән тағдыры деген де кейде осылай болып келеді. Жалпы Илья әндерінің шығу тарихы қызық. Әрқайсы бір-бір кесек туындыға, одан да күрделі жанрдағы шығармаларға арқау боларлық дүниелер.
Сол күннің ертесіне Нұрағаң бастап қасында Шыңғыс пен Әбіш бар Алатау ауданында тігілген үйге қонаққа келді. Сол кездесуде Ілекең «Әселден» ке­йін «Қош бол, Гүлсарының» әсерімен туған «Бибіжанды» шырқады. Композитор осының алдында ғана Кельнде тұратын Еуропа мұсылмандары одағы лидерінің орынбасары Мұртаза деген кісіден Шыңғысқа осы әннің таспасын беріп жіберген. Егер ұнай қалса осы әнмен елге, жерге деген сағынышын бассын деп сәлем жолдаған. Бұл жолы да Шыңғыстың разы көңілін көрді. Орыстар «Как никогда» дейді ғой. Ілекеңді қатты қысып құшағына алды Шыңғыс. Ол рухани інісіне деген көңілін ұдайы осылай білдіруді әдетке айналдырған еді.
Ықылас пен Күреңкей, Жамбыл мен Тоқтоғұл, Мұхтар мен Шыңғыс, Ыдырыс пен Сүйменқұл… Қазақ пен қырғыздың рухани дүние кеңістігін осынау тұлғаларсыз көзге елестете алмайсың. Бұл тізім айта берсең таусылмақ емес. Шықаңның рухани інісі Ильямен арадағы байланысының осынау бір үзік-үзік сәттері де соның дәлелі. Бұл өзі алда табандатып жазуды қажет ететін қызық та күрделі тақырып. Тұрсынбек Кәкішев айтқандай, «Қырғызстан Республикасының мәдениетке еңбек сіңірген қайраткері», Қазақстанның мәдениет қызметкері Ілекеңді бауырлас қырғыз елімен байланыстыратын сабақтастықтың бір үзігі осы.
«– Әселім» қалай туды? 1965 жылы күзде ол Ыстықкөлдегі Рыбачье қаласында прокурор қайынағасы Қарпулланың үйіне барып демалады. Алматыға қайтар сәтінде жол үстінде келе жатқан Илья ғажайып бір көрініске тап болып, көңілі алай-дүлей күйге түсіп, іле машинаны Ыстықкөлге бұрғызады. Қырғызда кәдімгі уілдеген қара желдің «Ұлан» деген бір сүйікті аты бар. Ол сол жолы Ыстықкөлдің буырқанған мінезін, тулағанын, шулағанын, «ұланның» уілдегенін, көлдің сұрапыл суретін көрді. Көз алдына Айвазовский де, Хемингуэй де емес, Шыңғыс келді. «Прощай, Иссы­куль! Прощай, Асель! Прощай, песня моя недопетая» деген Ілиястың сөзі жүрегін толқытып жіберді. Ән туды. Іле Бішкектегі композитор досы Алтынбектің үйіне жетті. Әнді нотаға түсірді. Содан арада алты жылдан кейін әбден ой сүзгісінен өткен соң барып, ән 1973 жылы эфирге шықты. Ән жұртшылықка тез тарап кетті. Әдеттегідей қуанышын жасыра алмай қырғыз еліне телефон шалды. Шықаңды саяжайдан тапты. Жазушының қоңыр даусы естілді.
– Шыңғыс аға, көптен бері толғандырып жүрген бір ән туды. Жаңа ғана эфирден берілді.
– Ооба, ооба, қандай болды, ырдап қойшы.
Ілекең қоңыр даусымен жайлап қана ыңылдады.
– Уқмуш боп шыққан екен, абдан жақшы, сен, Илья бір себебін тауып келсеңші, – деді жазушы.
Үнінен тілеулес інісін сағынғандық сезіледі. Осы бір әнде тек сүйген жарға ғана емес, адам жүрегін қозғайтын елге, жерге деген рухты сүйіспеншілік жатты. Ән құдіреті деген осы. Бұл атақты «Әсел» әні еді.
Осыдан соң-ақ қазақ-қырғыз арасында Данияр мен Әсел, Жәмилә есімді балалар көбейді. Осы аралықта сағынышты жүректен «Асылым» туды. Ендігі жерде қырғыздар оны әлгінде айтқанымыздай, Шықаңның «Қызыл орамалды шырайлымындағы» Хадишаның әні деп атап кетті.
Жылдар өткен сайын ұлы суреткермен кездесу осылайша жалғаса берді. Шыңғыс қазақтан жанына жақын тағы бір іні таптым деп қуанды. Бірін-бірі ұзақ көрмесе сағынысып қалатын жағдайға жетті. Жазушының   жетпіс   жылдығында   «Тавро   кассандры» атты кітабына берген қолтаңбасында екі елдің қатар шапқан телқоңыры екенін білдіріп «Әсел, Данияр, Жәмилә ани – мен үчүн өз дабышым!» депті. Бұдан артық қандай баға болады!?
Енді «Ықылас» романының туу себебіне байланысты кеңірек толғасақ деймін. 1986 жылдың 29 желтоқсаны. Ильяны Ықылас пен Күреңкей арасындағы байланыс көптен қызықтыратын. Содан материал жинау үшін жолға шығады. Бішкекке келеді. «Арашан» шығармашылық үйіне жайғасады. Сол күні қасында досы, қырғыздың үлкен жазушысы, «Сынған қылыш» дилогиясының (оны қазақ тіліне аударған осы Ілекеңнің өзі еді) авторы Төлеген Қасымбеков бар, екеуі Шықаңмен кездеседі. Әңгіме бірден үйлесе кетеді. Шықаң «Сынған қылыш» романын өте сәтті аударғанын біледі екен. Ильяның жазушылығына қызықты. Әңгіме емін-еркін басталған сәттен:
– Шықа, мына Илья «Кертолғау» деген повесть жазбақшы, – деді Төлеген.
Илья бұл кітап жайында өз ойын кеңінен толғады. Шыңғыс бұл сөзді беріле тыңдап:
– Илья, сен бұл тақырыпты еш жалтақтамай тереңнен толғап, роман етіп жазуға шамаң жете ме? Айтқан оқиғаң кең де терең екен. Біз өзіміздің ел тұтқасы болған асыл арыстарымыздың атын атау­ға да батылымыз бармайды. Кітабыңа өзек болып тартылатын оқиғаларда біздің ел мен жер үшін жойқын күрестер жасап, еңіреп өткен сол асылдарымызды бір қырдың астында жатып, еліміздің жүрегінде сақталған тарихи жағдайлармен жақсылап тұрып, шындық аясында жазып қойсаң мына Төлегеннің «Сынған қылыш» дилогиясы секілді санамызға сәуле түсер еді, – деп төгіліп отырып тілек етті.
Осы әңгімеден кейін Илья қырғыз өмірін жан-жақты зерттеді. Романды үш айда жазып бітті. Екі халықтың екі музыканты Ықылас пен Күреңкей арқылы көп өмірдің сыры шертілді. Содан бұл роман Шыңғыстың көмегімен тез арада, ең алдымен, қырғыз тілінде «Қырғызстан» баспасынан 1988 жылы «Кертолғау» деген атпен жарық көріп, сол жылдың әдеби жыл қорытындысында ең үздік шығарма атанды. Шыңғыс осы роман туралы сол жолы сүйсініп айтты. Осындай рухани байланыстардың бізді байыта түсетініне қуанып ағынан жарылып ұзақ сөйледі. Сол жылы ұлы жазушының 60 жылдығында Ильяның «Обон» атты лирикалық эссесі «Даниярдың әні», «Жәмиланың әні», «Әсел», «Асылым», «Бибіжан» әндерінің жазылу тарихын жыр қылып «Алатоо» журналында жарияланды. Жалпы, Ильяның қырғыздың өзі айта алмаған Шыңғыс өміріне қатысты әлі де беті ашылмаған шындықтарды жазғаны, «Шыңғыс және музыка» атты тақырыпта фестиваль өткізуге мұрындық болғаны, осы өнер тойы үстінде бұған көрсетілген құрметтің өзі де арнайы әңгімеге арқау болатын терең бір хиқаялар.


Шыңғыс Айтматов десе, Ілекеңің өнердегі жолын ашқан «Даниярдың әні» еске түсе береді. Осы әнге көңілі құлағаны соншалық, ұлы жазушы оны әркез себеп тауып әңгімесіне қосып отырған. Қайсыбір жылы жазушы Ташкентке барған бір сапарында «Даниярдың әнінің» нотасын өзбектің Науайы атындағы опера және балет театрының бір дирижеріне табыс етіпті. Әнді сол театрдың актері, Жұмағұл есімді қарақалпақ жігіті халық­аралық әншілер конкурсында орындап, үшінші дәрежелі сыйлық алыпты. Міне, сөйтіп, даланың үнін, махаббатын әлемге паш еткен ән дүниені шарлап жүр.
Илья Жақановты қырғыз халқына сүйікті еткен әндердің құдіреттілігі сонша, арамызға қылау түспейтін елдігіміздің ынтымағын жарастыра береді. Сол ықылас-пейілдің бір айғағы 1999 жылдың қоңыр күзінде Ілекеңе Шыңғыс Айтматов атындағы халықаралық сыйлық берілді. Бұл оқиға Бішкекте екі-үш күн бойы қырғыз жұртын шаттыққа бөлеген ұлан-асыр концерт болып өтті. Егіз елдің осы бір сүйінішті туыстығына Шыңғыстың өзі де мәз-мейрам боп қуанғаны есімізде.
2004 жылдың маусым айының төртінші жұлдызында Алматының Республика сарайында Илья Жақановтың үлкен концерті болды. Міне, осы концерттің көркі Шыңғыс Айтматов шығармалары негізінде жазылған әндер, оны орындаған қырғыздың екі бұлбұлы – Дариға Жалғасынова мен Керим Тұрапов қазақ композиторының атағы мен беделін мүлде асқақтатып жіберді. Сол жылдың желтоқсан айының бірінші жұлдызында Астанада «Конгресс-Холл» залында өткен осы концертте де қырғыз бен қазақтың мызғымас туыстығының белгісі ретінде сүйсіне ардақтап отырған әндер тағы да шалқыды. Илья Жақанов осы қуаныш үстінде қырғыздың «Данекер» орденімен марапатталды. Осы жарастықты өмір осылайша жалғасып жатыр.
Өте шығар дүние-ай! «Илья, жүрегімді ұйытып жүрген бір лирикалық повесті жазып бітірдім, соған музыка жазшы» деп үні жан жылытар лебізге толып шығатын ұлы қаламгердің дана дидарын қара жер жасырғалы да жылдар өтіп барады.
Сол «Даниярдың әніне» тенор біткендер әлі күнге жабылып жатыр. Неге жабылмасын?! Көңіліңді шалқытып, асқақтататын бір байтақ әлем ғой ол. Өзіміздің Ермек Серкебаевтан бастап, Әлібек Дінішев, Суат Әбусейітов, Рашид Мұсабаев, Юрий Якунин, сонау қытайдың Шыңжан өлкесіндегі қандастарымыздың атақты әншісі Хамит Ысқақ, қырғыз Тоқтаналы Сейталиев, Керим Тұраповтар, Ташкентте Фарух Садықов есімді дирижер басқаратын «интероркестрдің» әншілері күллі әлемде шырқап, әннің бағын одан сайын аша түсті. Себебі, әннің ішіне кіріп, болмысына еніп, түсініп айтатын әнші осындай ән іздейді ғой. Әр әнші оған өзінше жанр тақты. Біреу ария, енді біреу романс түрінде көңіл қалауына қарай шырқады. Бір әннің өзі бір спектакль көргендей әсер қалдырды. Шынында бұл әнді жайбарақат отырып тыңдау мүмкін емес. Ұлы дала махаббаты, даланың дариға даусы, қайталанбас үні, лебі бар онда. Кіл бір аяулы сезімдер мен нұрлы ағыстар беу-беулеп жаныңды тербейді де отырады. Соңғы жылдары жас әнші Қайыржан Бердібаев «Даниярдың әні» деген фильмге бергісіз бейнебаян түсірді. Қысқасы, біреу білді, біреу білмеді «Даниярдың әнінің» таңғажайып екінші өмірі басталды. Бізді бір ғана «Даниярдың әні» осылай баурай береді. Не құдірет бар онда? Ілекеңнің қырғыз тақырыбындағы әр әні аңыз-әңгіме болып бара жатыр. «Даниярдың әні» сол рухани төлдің көшбасы, арналы өзеннің мөлдір бастауы еді.
Таяуда бір үлкен тойда атақты әнші Кенжеғали Мыржықбаймен сағынысып қауыштық. Көп әңгімелестік. Өткен күндер, ғажайып концерттер еске түсті. Кенжеғали тойда ән салды. Сол баяғы жан жүйеңді босатар қоңыр дауыс. Бірақ «Даниярдың әнін» айтқан жоқ. Айтпағаны да дұрыс болды. Тойдың аты – той. Біреу мас, біреу жас дегендей. Бұл әнді үлкен дайындықпен келіп тыңдаса ғой, шіркін!
– «Даниярдың әнін» бір естігім келіп жүр, – деп едім, әншінің жүзі нұрланып кетті.
– Алдағы уақытта Ілағаның әндерінен бір компакт диск дайындамақ ойым бар. Соған кіргіземін, өзім де сағынып жүрмін сол әнді, – деді Кенжеғали.
Қазақта «Ақылбайдың әніндей» болып қалған «Даниярдың әніндей» ән көп емес қой. Ол сирек орындалады. Сонысы да жақсы. Ондай ән өлмейді, бірақ әсіресе мынау тірі дауыстар жұтылып бара жатқан заманда жүрек толы асқақ сезіммен, биік үнмен айтылғаны да керек-ақ! Сөйтіп, даланың дариға дауысын, ұлы махаббатын әлемге паш еткен әннің дүниені шарлағанына 50 жыл толды. Әлемді дүр сілкіндірген бір әннің мерейтойын атап өтуді дәстүрге айналдырса, бұл да бір ғанибет болар еді-ау. Мәселен, Нұрғисаның «Құстар әні», Блантердің «Тырналары» тәрізді.
…Созақ деген қасиетті жер бар, онда Қожахмет Ясауидай мұсылман әлемінің пірін өз қолымен арулап қойған Қарабура әулиенің кесенесінің төңірегі бүгінде құдіретті пантеонға айналды. Осы қауымда мұсылман жұрағатының ұлылары мен асылдарына қара граниттен ескерткіш тастар қойылады. Сондай тастардың бірін Илья Жақанов Шыңғыс Айтматовтай ұлы ағасының рухына арнап қойғанын жұртшылық біліп жатыр. Бұл – мәңгі достықтың дара, дана белгісі!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір