Қали СӘРСЕНБАЙ. 47 АКАДЕМИК. СУСЛОВ және СҮЛЕЙМЕНОВ
06.08.2026
46
0

Қазақтың ұлы ақыны Қадыр Мырза Әли Олжас Сүлейменовті аударды. Жай аударып қана қойған жоқ, өте сәтті аударды. Демек, талантты түсіну үшін де талант керек деген мұндайда жай сөз болып  қалады, ол – талантты, көзі ашық оқырманның ісі. Ал мына жолы талантты адам талантты адамды мүлде басқаша танып отыр, жай түсініп қою емес. Атағы онсыз да жер жарып тұрған Қадырға Олжасты аудармаса да қадірі кеміп қалмайды. Демек, Олжас та көп таланттың бірі емес, аса талантты болып тұр ғой. Оны аудару – әдебиетімізге де үлкен олжа. Онсыз рухани олжамыз олқы, орта.

Оның үстіне ақындығы өз алдына, ұшан-теңіз білімнің иесі. Демек біз оны аудару арқылы ой-санамызды биіктете түсеміз, рухымызды көтереміз. Ақынның «Арғымақтары», «Қыш кітабы», «Аз и Я»-сы – тек биік туынды емес, тұнып тұрған тарих, шешен шежіре. Ал енді «1001 сөзі» ше? Автордың өзі оны өміріне нүкте қойылғанша жазыла беретін  ғұмырының  бас кітабы санайды. Бейнетқор. Жанкешті… Бұл жағынан да Қадырға жақын. Өзі де асқан білімді Қадырға Олжас осы қырымен ұнауы әбден мүмкін. Мүмкін дейміз, Қадағаң «Иірімінде» бұл турасында иін қандырып жазады.
«…Олжас – шынында да ғасырда бір туа­тын азамат. Талант десең – талант, білімді десең – білімді, ақылды десең – ақылды. Димекең оны байқады. Баласындай жақсы көрді. Кейбіреулердің айтуына қарағанда, оны Орталық Партия Комитетінің идео­логия жағын басқаратын хатшысы етіп те қоймақ болған. Бірақ ол – Мәскеудің билігіндегі орын. Бекітетін солар. Олжас болса, өте парасатты жігіт. Ал ондай адам қоғам үшін қашан да қауіпті. Сондықтан да Олжастай адамды аса жауапты қызметке әкелу оңай соқпаса керек.
…Мен бұрын да тиіп-қашып аударма жасап жүретінмін. Бұл жолы Олжас өлеңдерін тәржімалауға белімді бекем буып, білекті сыбанып, құшырлана  кірістім. Аудармашы құл емес. Жуковский айтқандай, бәсекелесің.Менің түсінігімде аударма дегенің, ең кемінде түпнұсқаның деңгейінде болуы тиіс! Ал түпнұсқадан асып түссе,  тіптен жақсы! Алдыма осындай биік мақсат қойған соң, аянбай еңбек ету керек болды. Олжас өлеңдерін қазақшалау үстінде екі бірдей қиындық байқадым. Олжастың тілі орысша болғанмен, рухы қазақ. Ол өзінің осы қасиетімен орыс оқырмандарын баурап алды. Олжастың пайдалануындағы «Аруақ», «Айналайын»  деген мүлде бейтаныс жұмбақ сөздер оқырмандарын құпиялық қасиеттерімен  бірден елеңдетіп, дуалап тастағандай болды. Ал қазақтар үшін құдірет-күш, ең бастысы оқыс әсері жоқ. Еттері үйренген.
Олжас жай ақын емес, психолог ақын. Ол орыс оқырмандарына не керек екенін  өте жақсы біледі. Сондықтан ол қазақтар, қазақ даласы, қазақ тарихы, қазақтың өткен өмірі, керек жерде экзотикадан да тартынбайды. Мысалы, Махамбет туралы өлеңінде батыр бір отырғанда бір қойдың етін бір өзі жеп қоятын еді дейді. Басқа халықтар үшін бұл, әрине, қызықты, әсерлі. Бірақ қазақтарды онымен елеңдете алмайсың. Сондықтан басқаша сурет, басқаша бейне, басқаша әрекет, бір сөзбен айтқанда, көркем балама іздейсің, яки түпнұсқадан саналы  түрде ауытқисың. Сол өлеңнің тұсын мен:
О даланың жолбарысы,
Көкжалы,
Көкжал бөрі қай кезде де олжалы! – деп қазақшаладым».
Қалай десек те жүйріктің аты – жүйрік. Басқасының бәрін былай қойғанда ол – ғажап  сценарист. Бір ғана өлеңі арқау болған «Атамекен» көркемфильмі бар. Сламбек  Тәуекел қойған  «Махамбет» ше? Оның осы фильмге жазған сценарийін оқып, аударғандағы Қадыр ақынның көңіл күйіне тап келгенім бар. «Әй, мынау Олжас исключительный талант, «Махамбетті» сондай бір қуанып отырып аудардым» деп еді.
Қайран, Қадаға! Оқырманның Олжас жөніндегі жалпылама түсінігін қалай тереңдетіп жібереді. Рас. Олжастың тілі орысша. Ал рухы ше? Неге ол дала даналығына бас ие береді? Неге ол даладағы әнге құмар? Неге ол аттан түспейді? Неге ол қыпшақтарды әуезе етеді?! Неге ол сонау эллиндер, шумерлер, көне түркі, қыпшақтар кезеңіне үңіліп, көз майын тауысып, сөз төркінінен туыстық іздейді? Неге ол орыс тіліндегі түркизмдерді түрткілей береді? Неге ол Махамбетсіз сөйлемейді? Поэзиясында неге жыраулық дәстүр сарыны басым? Осының бәрін ойға тоқыған сайын Олжас орысша жазады деген ойдан алыстап кетесің. Оны  осы кезге дейін де  өз биігінен түсірмей,  қорғап келе жатқан да сол дала рухы, болмысы шығар. Тәуелсіздікке дейін де, кейін де биіктеп бара жатқан бұл не деген бүтін болмыс, неғылған бөлінбейтін бітім?! Парасаты, пайымы ұлттық өреден, деңгейден  асып, планетарлық  аяға шығып, шығандап кеткен адамзаттың ақынын кім не десе де дүниежүзі бәрібір қазақ деп таниды.
Абай айтқан ақыл, біліммен озған сол Олжастың ордалы ойлары кейде қазақы ұғымға қырын келіп жатса, жата келіп жер тепкілеп, артынша тез басыла   қалатынымыз қалай? Ол Олжас қой дейміз. Кешегі кеңес тұсында (қазір бәрі батыр) ерліктің көкесін көрсетіп, ұлт рухын аспандатқан Олжас көз алдымызға келіп, Абылай ханның күн-түн жорықта жан серігі болған Олжабай батырдың, Жаяу Мұсаның ұрпағына Олжас қой бұл дейміз де, сол ойға іле-шала өзімізді жеңдіреміз. Сөйтеміз де Олжас болмаса қайтер едік дейміз. Олжас болмаса рухани олжамыз ортайып қалмас па еді дейміз.
Бірде осы «Алматы ақшамы» да бұл кісіні бір шымшып өткен. «Осы кісі де қарап жүрмейді. Алматының байырғы атауында несі бар?» деп ренжігенбіз. Гәп былай: Қазақтың бір ұлтжанды азаматы Мақсұт Оразай «Аргументы и факты» апталығымен Алматы атауын Алма-Ата деп жазғаны үшін соттасады. Әлгі азамат сотта жеңді. Осылай деп жүргенде бір күні Олжекең:  «Алматыны орыс құжаттарында  «Алма-Ата» деп жазса болады, қазақша Алматы дей берсін» деп сұхбат берді. Біз оған жат та келіп, ашуландық әрине. Олжекеңнің кейде осындайы да бар. Оның қазақ тіліне байланысты әр жылдарда айтып қалатын кереғар ойларына ұлт зиялылары да қарсылық білдіріп жататын. Алайда оған да сол баяғы ол енді Олжас қой деп қоя салатын. «Қателік деп, түзетілмейтін қателікті айт» деген Конфуций қағидасын ойлағанда  өзін-өзі өзге емес, өзі түзетіп жүретін Олжасты ойлайсың. Кешегі бір «орыс орманы», «орыс қаласы», «орыс қысы»; «орыс қа­йыңы», тіпті «орыс арағы» деген тіркестер қаптаған заманда соның бәріне бүкіл түркілік рухты қарсы қойып, әлемдік масштабта сөйлеген  тағы да биік Олжас келеді көз алдыңа. Заманында өзге ұлттың ұлық тұлғаларының бірлі-жарымы болмаса, төріне шықпақ түгілі, есігінен сығалай алмайтын «Останкиноның» атшаптырым залында қырық жасында жасындай жарқылдап, үш жарым сағаттан астам уақыт авторлық кешін өткізген Олжасты ойлағанда сол кездегі бодан халқымыздың тағдыры келеді көз алдыңа. Жиырмасыншы ғасырдың соңында Парижде әлемнің он ақыны таңдалды. Соның бірі Олжас болды. Болып қана қоймай, өлеңдері Париждің метроларына, көшелеріне ілінді. Ал енді осы таңдауға Олжастың пара беріп кірмегені анық.
Олжасты енді жақсы көріп келе жатқанда тағы бірдеңе деп қоймаса екен дейсің. Бунтарлық болмыс, махамбетшіл мінез жай қойсын ба!?  Бірақ бәрібір бірдеңе демей тұрмайды.
Олжасты бәрібір жақсы көріп тұрасың. Бір магиясы, магниті бар. Шәкен Аймановты тілдеген атақты орыс ақынын, Мереке Майлинді әбіржіткен солдаттарды итше тепкілегенін, Қонаевтың өзін, ескерткішін құлатпау, қорғау үшін жан ұшырғанын, желтоқсандықтарға пана болғанын қалай ұмытуға болады? Зиялылардың бет пердесін сыпырған  Колбин қатысқан атақты жиында Жұбанның сөз сөйлеуіне де түрткі болған Олжас деседі. Мүмкін. Егер лауазымын ойлаған жарамсақ біреу болса, Жұбағаңның орнына басқа біреуді табу қиын емес еді. Курс жұмысынан басталып, дүниені дүр сілкіндірген сұрапылға айналған «Аз и Я»-ны жерден алып, жерге салып, ұлтшыл дегенді қойып, «пантюркист» деп айыптап, ұлыдержавалық өркөкіректікті ту етіп 9 сағат бойына жиын өткізген орыстың Лихачев (бұл кісі аз ұлттардың тағдырына көп араша түсіп еді, бұл жағдайға Кремль мәжбүрледі) бастаған 47 академигі жабылғанда да жабырқамаған, сұр кардинал Сусловтың өзін селт еткізіп, Желтоқсанның кезінде Юлиан Семеновтің саяжайынан пана тапқан, ғазиз басы не көрмеген Олжас бұл!?  Соның бәрі кім үшін еді-ау!?
Сонымен қай кезеңде де, қай тұста да баба болмысымен, ұлт мінезімен өмір сүру ұстанымына айналған тұлға («достойные люди, застойного периода» – К.Смайылов) туралы көрнекті қаламгер Сауытбек Абдрахмановтың «Жиырмасыншы ғасыр жырлайды» авторлық антологиясында айтылған мына бір сұңғыла сөзі күні бойы әр қиырға алып қашқан ойымыздың аптығын басып бергендей болды.
«…Әлемде бір ұлт өкілінің екінші тілде жазып, сол ұлт әдебиетінің  өкілі болып кеткен мысалдар аз емес. Мысалы, молдаван Антиох Кантемир орыс поэзиясының бастауында тұрған тұлғалардың бірі саналады, поляк Юзеф Теодор Конрад Коженевский болса Джозеф Конрад деген атпен ағылшын прозасының шебері ретінде мәлім, тағы бір поляк азаматы Гийом Альбер Владимир Александр Аполлинарий Костровицкий француз поэзиясының даңқын Гийом Аполлинарий деген атпен шығарса, украин  Николай Васильевич Гогольдің туындылары орыс прозасының мақтанышы, тіпті бертінге түссек Булат Окуджаваның да, Фазиль Искандердің де жазғандары орыс әдебиетінің игілігі делінеді…
Алайда ұлттық әдебиет ұғымын екшеу­дің классикалық өлшемдері солай сөйлей тұрғанмен, ешкім де орыс тілінде жазатын Олжас Сүлейменов жырларын орыс әдебиетіне теліп көрген емес. Олжас Сүлейменов – орыс тілінде жазатын қазақ ақыны деген байламға жұрттың бәрі тақ тұрады. Тақ тұрғызған Олжас өлеңдеріндегі көне дәуірлерден жетіп жатқан қыпшақы қайырым-қағыстар, ұлттық қанық бояулар, жер-жаһандағы құбылыстың қай-қайсысына да тек қазақтың көзімен қарайтын қымбат қасиеті, ең бастысы, қай кезеңде де алтын басының азаттығын сақтай алған алаштық асқақ айбыны, өршіл рухы. Ұлы ақын, ұлы редактор Твардовскийді «Новый мирден» кетіріп, бір жылдан кейін көрге тығып тынған сұр кардинал Сусловтың өзі Сүлейменовтің сағын сындыра алған жоқ. Ақын досы Андрей Вознесенскийге арнаған өлеңінде: «Аз и Я» – Азия деп оқталып, Жаңылдым ба? Жатпаймын мен ақталып… Танып-біліп өзімізді өзгеден, Көшеміз біз өзімізді бетке алып», – деп жазғанындай, Олжас жырының көші өзімізді өзімізге бетке алдыртқан күйі бір ғасырдан бір ғасырға ауысып барады. Олжастың кешегі кеңестік кезеңде бір одаққа біріккен халықтар арасындағы бадырайтылмағанымен байқалмай да тұрмайтын бәйге-бәсекеде алғашқы «Арғымақтарымен»-ақ арындап шығып, «Қазақтар осындай болады екен ғой» дегізген, ұлтымызды мойындамасқа, құрметтемеске қойғызбаған еңбегін біз ешқашан ұмытпауға тиіспіз. Суреткер Сүлейменовтің халықтың абыройын асырған сырлы сөзі саясаткер Сүлейменовтің әр кезде әр түрлі себеппен әрқилы айтып қалған артық-кемді пікірлерін жуып-шайып кете беретінін біз білмейді емеспіз».
«Қоғамда тұлға бар ма, жоқ па?» деген сауал сирек болса да,  кеше де айтылатын, ал қазір айқайлап айтамыз. Әрине болған. Бұрын қырағылық күшті болды ма, «бар болса,  қайда?» дейтін дауыс естіле бермейтін. Ал қазір бұл қырағылық келмеске кеткен. Бар тұлғаның өзіне көзқарас әр түрлі. Олжасқа да солай. «Ұлтшыл емес, қазақы емес, ұлттық мәселелерге көп араласа бермейді» деп жатады. Олжас бұл пікірді де бірқалыпты қабылдайды. Бірақ бір күні бұрқ еткізеді. «Сүлейменов синдромының» сырын саралап берген сұңғыла Сәукеңнің жоғарыдағы пікіріне бекер жүгінбегенімізді енді шамалап отырған боларсыз.
Адам ақыл-ойының кемелдене беруінің бірден бір көзі ғылымда дәлелденгеніндей, үнемі шығармашылық, шабандоз шабыт қалпында болу, интеллектуальдық еңбектің үздіксіз жалғасуында және бұл қарттыққа бой алдырмаудың да амалы болып саналады. Олжекеңнің тоқсанның төріне сәл шаршау, шау тартып келгені болмаса, әлі де сол таңырқата беретін ақыл-ой биігінде, тұлғалық тұғырында.
Борис Ряховский деген кісі «Олжас өзінің кейіпкерлері – Шоқанның, Гагариннің, Махамбеттің жалғасы іспетті» депті. Бұл пікірде  де қисын бар. Қазір біреуді кешегі өткен тұлғаларға теңесең, бұлқан-талқан болатындар жетіп, артылады. Бүгінгі күннің Шоқан, Махамбеттері неге жоқ болсын? Бар. Әбіш Шерханды неге Махамбетке теңеді? Ол неге қабылданбауы керек?  Жарайды, ешкімге тең көрмей-ақ қой. Бірақ  қазақта фамилиясын айтпасаңыз да тек атының өзі-ақ айқайлап тұратын тұлғалар аз ба? Олжас та – соның бірі, бірегейі. Жұрт Олжас Омарұлы Сүлейменов деп ресмилеп  отырмайды. Үлкен де, кіші де Олжас, Олжеке дейді.  Демек, жақсы көру, ішке тартудың еш түсіндіруді қажет етпейтін түрі бұл. Шераға, Гераға, Әбе деген тәрізді. Шындап келгенде өзі бұдан артық атақ та, титул да болмайды.
Сабыр Абдолло айтқандайын, Олжас бірде: «Орыс әдебиетін сүйемін, орыс халқын құрметтеймін. Бірақ тізерлеп отырып құрметтеп,  сүйе алмаймын» депті. Тізерлеп отырып кімді сүюі мүмкін!? Әрине өз елін, өз әдебиетін.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір