«ЖАЙДАРМАН ЖҮРЕК». ЖЫРМЕН ЖҮРЕККЕ ЖОЛ ТАПҚАН КЕЗДЕСУ
11.11.2026
125
0

 

Әсел ОСПАН,
Ақын, ҚЖО мүшесі, С.Қаниев атындағы ғылыми кітапхананың жетекші маманы

Адамның ғұмырын биіктететін – атақ пен абырой ғана емес, артында қалдырған өнегелі ізі. Қаламгердің қадірін арттыратын – жазған шығармалары ғана емес, сол шығармалар арқылы адам жанына үңіліп, ұлттың рухани әлеміне қосқан үлесі. Сөз өнерінің құдіреті де осында: уақыт өткен сайын көмескіленудің орнына, жүректен шыққан шынайы сөздің мәні тереңдеп, тағылымы арта түседі.

Осындай ойға жетелеген тағылымды жүздесу 2026 жылғы 20 қазанда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде өтті. «Парасатты ұлт – сапалы қоғам» жобасы аясында ұйымдастырылған «Жайдарман жүрек» атты әдеби-сазды кеш қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын, жазушы, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі – Камал Әбілқасымқызы Әлпейісованың шығармашылық әлемімен танысуға арналды.

Қыздар университетінің шаңырағында өткен кештің атауының өзі айрықша мағынаға ие. Жайдарман жүрек – айналасына жылу сыйлаған, ізгілікке ұмтылған, сөз бен саздың қадірін түсінген жанның болмысы. Бұл атау қаламгердің шығармашылық әлемімен де, жүздесудің рухани мазмұнымен де үйлесім тапты.

Қазақтың әр өңірінің өзіне тән рухы, тарихы мен тағылымы бар. Соның ішінде Торғай топырағы – талай дарынды түлеткен, қайсарлық пен рухтың, елдік пен ерліктің, жыр мен шежіренің киелі мекені. Осы қасиетті өлкеден түлеп ұшқан Камал Әбілқасымқызының өмір жолы да білімге, ізденіске және сөз өнеріне деген адалдықпен өрілген.

Камал Әлпейісова 1956 жылғы 10 наурызда Қостанай облысы Амангелді ауданының «Родник» кеңшарында дүниеге келген. 1973 жылы Арқалық қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы №1 орта мектепті тәмамдап, 1978 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.

Еңбек жолын баспасөз саласында бастаған қаламгер 1979 жылы «Лениншіл жас» газетінде корректор болып қызмет атқарса, 1981 жылы «Қазақстан әйелдері» журналында әдеби қызметкер болған. Журналистика мен әдеби ортадағы тәжірибе оның сөзге деген жауапкершілігін шыңдап, шығармашылық ізденісіне жол ашты.

Кейіннен жазушылық пен аудармашылықты қатар алып жүрген Камал Әбілқасымқызы қазақ тілінің бай мүмкіндіктерін танытуға, көркем ойды өзге тілден қазақша сөйлетуге, ал қазақтың рухани дүниесін басқа мәдениеттерге жеткізуге еңбек сіңірді.

Ол – Қазақстанда ілеспе, яғни синхронды аударма өнерін меңгерген алғашқы аудармашылардың бірі, республикалық «Үздік аудармашы» байқауының тұңғыш жеңімпазы. Бұл жетістік – тілдік шеберліктің ғана емес, терең білімнің, зерделі ойдың, жоғары жауапкершілік пен үздіксіз ізденістің нәтижесі.

Ілеспе аударма – сөзді бір тілден екінші тілге ауыстырумен шектелмейтін күрделі өнер. Ол тыңдаушының ойын, сөйлеушінің мақсатын, сөздің астарлы мағынасын сол сәтте түсініп, мазмұнын дәл әрі табиғи жеткізуді талап етеді. Мұнда тіл білу жеткіліксіз: білім, зерде, жылдамдық, мәдениет пен сезімталдық қатар жүруі керек. Камал Әлпейісованың осы саладағы еңбегі – кәсіби ізденістің және ана тіліне деген құрметтің жарқын үлгісі.

Қаламгердің шығармашылық болмысын бір ғана қырынан тану мүмкін емес. Ақындық – жүректің нәзік үнін аңғарту болса, жазушылық – өмір шындығын көркем оймен өрнектеу. Ал аудармашылық – бір халықтың рухани әлемін екінші халыққа жақындататын алтын көпір.

Камал Әбілқасымқызы осы үш арнаны өзара сабақтастыра отырып, әдебиет пен тіл әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды. Оның шығармашылық жолы сөздің қадірін білуге, ана тілінің көркемдік қуатын сезінуге, ұлттық болмысты бағалауға үндейді.

Әдебиеттің міндеті – оқырманға дайын жауап ұсыну ғана емес, оның жүрегіне сұрақ ұялатып, ойлануға жетелеу. Қаламгермен жүздесу де осы тұрғыдан маңызды. Өйткені кітап беттерінен таныған тұлғаны өз аузынан сыр тыңдап, өмірлік тәжірибесімен бөліскен сәтте тану – оқырман үшін де, жас буын үшін де айрықша әсерлі.

Университет қабырғасындағы кездесу барысында қаламгердің шығармашылық жолы, аударма өнерінің қыр-сыры, ана тілінің мәртебесі, қыз тәрбиесі мен ұлттық құндылықтар төңірегінде мазмұнды әңгіме өрбіді. Әсіресе, тілге құрмет, отбасындағы сыйластық, ұрпақ тәрбиесіндегі парасат пен жауапкершілік мәселелері жастардың ойына қозғау салатын маңызды тақырыптарға айналды.

Кештің шымылдығы ашылған сәттен бастап залда әдебиетке деген ықылас пен ерекше ілтипат сезілді. Қонақтар мен студенттер бас қосқан рухани жүздесу аға буынның өмірлік тәжірибесі мен жас ұрпақтың ізденісін тоғыстырды.

Университет атынан ізгі тілегін білдірген Ғылыми жұмыс және стратегиялық бастамалар жөніндегі проректор, Басқарма мүшесі – Ақтолқын Тұрлыханқызы Құлсариева құрметті мейманға ақжарма ықыласын жеткізіп, шығармашылық еңбегіне лайықты құрмет көрсетті.

Кешке Алаш сыйлығының иегері, жазушы – Заря Жұманова мен қоғам қайраткері, Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің мүшесі, Алматы қаласы әкімінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі – Сана Шайханқызы Жандай да қатысып, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Олардың құттықтау сөздері қаламгер еңбегіне деген құрметті айшықтап, кештің рухани мазмұнын байыта түсті.

Әдеби кештің Алматы қаласында, қыздар университетінің шаңырағында өтуіне қолдау білдірген Алматы қаласындағы Республикалық Достық үйінің басшысы – Нұрсәуле Әбдіқадырқызы Әлтеноваға да алғысымызды білдіреміз. Мұндай мәдени бастамаларға қолдау көрсету – қоғамдағы рухани байланысты нығайтып, әдебиет пен өнердің айналасына ізгі ниетті жандарды топтастырудың маңызды көрінісі.

Іс-шараның ұйымдастырылуына қолдау көрсеткен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің басшылығы мен ұжымына, С. Қаниев атындағы ғылыми кітапхана ұжымына да ризашылығымыз зор. Өйткені кітапхана – кітап сақтайтын орын ғана емес, оқырманды әдебиетпен табыстыратын, білім мен мәдениетті сабақтастыратын, рухани сұхбатқа жол ашатын орта.

Әдеби-сазды кештің ең әсерлі сәттерінің бірі – жастардың қаламгерге арнаған жырлары болды. Филология факультетінің бірінші курс студенті – Ақерке Ершат пен Жаратылыстану институты биология кафедрасының төртінші курс студенті – Сабина Өмірбек Камал апайға арналған арнауларын оқып, ақын жүректен шыққан сөздің үлкенге деген құрметпен астасқан көркем үлгісін көрсетті.

Жастардың арнау өлеңдерінен ізет те, ілтипат та, өнерге деген сүйіспеншілік те сезілді. Бұл – әдебиеттің ұрпақтар арасындағы рухани көпір бола алатынының айқын дәлелі. Қаламгерге арналған жырлар жас буынның сөз өнеріне жақындығын аңғартса, олардың сахнада өлең оқуы ұлттық поэзияның тәрбиелік мәнін тағы бір мәрте танытты.

Кештің музыкалық өрнегі де айрықша әсер қалдырды. Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі, дәстүрлі әнші – Жанқожа Аяпов «Арқалықтың ақ таңы», «Нұрикамал» әндерін орындап, ұлттық ән өнерінің әсем үнін залға жеткізді. Әуендер туған жерге деген сағынышты, өткен күндерге деген іңкәрлікті оятып, көрерменді сырлы сезімге бөледі.

Өткен дәуірдің әуендеріне арналған музыкалық сәттер де көрерменді жастық шақтың естеліктеріне жетеледі. Алматының сырлы кештері, студенттік шақтың албырт армандары мен мөлдір сезімдері әуен арқылы қайта жаңғырғандай болды. Өйткені ән – уақыттың үнін сақтайтын, адам жадындағы ең аяулы сәттерді тірілтетін ғажайып өнер.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті – білім мен тәрбиені, ғылым мен руханиятты қатар ұстанған білім ордасы. Мұнда әдебиет өкілдерімен кездесулер өткізу – студенттердің дүниетанымын кеңейтіп, ұлттық құндылықтарды тереңірек түсінуіне ықпал ететін маңызды мәдени жұмыс.

Әсіресе, қыз тәрбиесі, ана тілінің қадірі, отбасындағы сыйластық пен қоғамдық жауапкершілік туралы ой қозғайтын мұндай кездесулердің орны бөлек. Себебі бүгінгі қыз – ертеңгі маман, ұстаз, ана, қоғамның белсенді мүшесі. Оның бойындағы парасат пен ізгілік, тілге және мәдениетке деген құрмет рухани ортаның әсерімен де қалыптасады.

«Парасатты ұлт – сапалы қоғам» жобасы аясындағы «Жайдарман жүрек» кеші осы мақсатпен үндес болды. Қаламгердің өмір жолы жастарға еңбектің, ізденістің, табандылықтың мәнін танытса, оның шығармашылық тәжірибесі сөз өнеріне деген құрметті арттырды.

Кездесудің құндылығы – айтылған сөздер мен орындалған әндерде ғана емес, сол сәтте қалыптасқан рухани байланыста. Бір залда аға буынның өнегесін тыңдаған жастар, әдебиетке ықылас танытқан оқырмандар мен мәдениет жанашырлары ортақ құндылықтар төңірегінде тоғысты.

Камал Әбілқасымқызының шығармашылық жолы сөз өнеріне адалдықтың, тілге құрметтің, үздіксіз ізденістің үлгісін көрсетті. Оның өмір тәжірибесі мен аударма саласындағы еңбегі жас ұрпаққа білімнің қадірін ұғындырса, поэзия мен әдебиетке арналған кеш рухани сабақтастықтың маңызын айқындады.

Алматы төріндегі қыздар университетінде өткен бұл жүздесу қаламгерге көрсетілген құрмет қана емес, тұтас әдебиетке, ана тіліне, ұлттық руханиятқа деген ілтипаттың көрінісі болды.

Қадірлі Камал Әбілқасымқызына  Қыздар университетінің шаңырағына келіп, рухани кешіміздің шырайын кіргізгеніңіз үшін шынайы алғысымызды білдіреміз. Қаламгердің қаламы мұқалмасын, жүрегінен жыр, өмірінен шуақ кетпесін, оқырманыңыз көбейе берсін дегіміз келеді.

Жүректен шыққан жыр жүрекке жетеді. Ал жүрекке жеткен сөздің ғұмыры ұзақ. «Жайдарман жүрек» кешінің бізге қалдырған басты тағылымы да – осы. 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір