ҚИЫНДЫҚТАН ЖОЛ ТАПҚАН ЖЫЛДАР
2018 жылдың мамыр айының басында өткен Құрылтайда Қазақстан Жазушылар одағының төрағалығына сайландым. Бұл өте қиын кезең болғанын мойындау керек. Одақ қызметкерлері, оған қарасты үш басылымның қызметкерлері бір жарым жылға жуық айлық алмаған. Баспаханаға, коммуналдық мекемелерге, салық орындарына төленбеген қыруар қарыздар бас салып, кеңірдектен қысқан кез болды. «Жығылғанға – жұдырық» дегендей, бірер күннен кейін жарығымыз бен суымызды қиып, менің келуімді күткендей есепшотымызды жауып тастады. Ал жұмыс істеп көр!
Жұмысымызды классик қаламгерлердің зираттарына жас ақын-жазушыларды ертіп апарып, тағзым етуден бастадық. Қоржынымызда көк тиынымыз болмаса да демеушілер тауып, Жазушылар ордасының алдына қос ақ боз үй тігіп, жазушыларды шақырып, Секен Тұрысбековтің «Ақ жауын» оркестрін ойнатып, көже пісіріп, палау бастырып, Наурызды мерекеледік, Құран оқытып, ата дәстүрімізбен дастарқанға бас тартып, ақсақалдардың батасын алдық. Сөйтіп, жұмысымыз біртіндеп алға басты. Сол айдың аяғында Талдықорған қаласында Алматы облыстық тілдерді дамыту басқармасымен бірлесе отырып, жас әдебиетшілердің республикалық «Жетісу көктемі» фестивалін ұйымдастырдық.
Дәл сол тұста «2018 жылғы 2-3 шілде күндері Жібек жолы бойындағы астаналар әкімдерінің форумы өтеді» деген хабарды ұйымдастырушылардың бірінен естіп, оларға қолқа салдым, нәтижесінде сол халықаралық шараның аясында, Астана әкімдігінің қолдауымен «Жібек жолы бойындағы астаналар қаламгерлерінің халықаралық форумын» жедел ұйымдастырдық. Егер ежелгі Жібек жолы бойындағы көне шаһарлардан бүгінгі күні есен-сау өркендеп отырған 100-дің үстінде астана болса, біздің шақыруымызбен соның 25 астанасынан жазушылар келді. Бұл шарамыздың шұғыл өткендігі сондай, көптеген қонақтардың визасын ұшып келген бетте, жолын тауып, әуежайда соқтырдық. Бұл халықаралық маңызды басқосуды Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов, Ғаділбек Шалахметов, Есенғали Раушанов, Сейдахмет Құттықадам бастаған қазақ қаламгерлері басқарып, жүргіздік.
Ал сол 2018 жылдың 26-30 тамыз күндері Астананың 20 жылдық мерейтойына орай «Ақ ордалы Астанам» атты халықаралық поэзия фестивалін өткіздік. Фестивальдің модераторлары Бақытжан Қанапиянов пен Есенғали Раушанов және мен үшеуміз болдық. Бұл поэзиялық шараға әлемнің түкпір-түкпірінен 30 шақты белгілі ақындар келді. Бес күнге созылған Халықаралық поэзия фестивалінде әр ақынға өз өлеңдерін оқытып, арнайы телеарналарға бейне роликтер жасақталды. Фестиваль нәтижесінде «Әлем ақындары Қазақстанды жырлайды» атты жыр жинағы жарыққа шықты.
Содан жиырмашақты күн өткенде, 2018 жылғы 20–21 қыркүйекте «Қазіргі заманғы сөз энергиясы» атты Еуразиялық әдеби форумын өткіздік. Бұл форумға Ұлыбритания, Ресей, Иран, Әзербайжан, Түркия, Моңғолия, Тәжікстан, Латвия, Молдова, Башқұртстан, Қырғызстан, Өзбекстан сынды Еуразия құрлығының 30 мемлекетінен 40-қа жуық қаламгер қатысты. Сонымен қатар Қазақстанның барлық аймағынан 100-ге жуық жазушы келді.
Елордамыз Астанада тұратын 150-ге тарта қаламгердің барлығы да осы Еуразиялық әдеби форумға қатынасты.
2018 жылы Қазақстан Жазушылар одағы «Әдеби өлкетануды дамыту» жобасын жасап, барлық облыстар әкімдіктерін тартып, іске асырдық. Нұр-Сұлтан, Алматы, Семей қалалары мен Ақмола, Қызылорда, Жамбыл, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан, Атырау, Ақтөбе, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облысы, т.б. облыстарда біздің жазушылар 3 кісілік шағын топтарға бөлініп, ел мен жерді, ауыл-ауылды аралап, оқырмандармен кездесті, болашақ шығармаларына арқау болатын тақырыптар мен кейіпкерлер тапты, ізденіс жұмыстарын жүргізді. «Әдеби өлкетануды дамыту» жобасының нәтижесінде, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен 27 жазушының шығармаларын топтастырған 9 кітап жарық көрді. Ал жарық көрмеген 8 қолжазба Мәдениет министрлігінің қоржынында сарғайып әлі жатыр деп естимін. Сол жылы ҚР Кәсіподақтар федерациясымен жасасқан меморандум негізінде зейнеткер қаламгерлердің 50 пайыздық жеңілдікпен санаторилерде ем қабылдауына қол жеткізілді.
Қазақстан Жазушылар одағы Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханамен бірлесіп, Ұлыбритания, Америка Құрама Штаттары, Германия, Жапония сынды мемлекеттерде әдеби шаралар өткізді және әдеби-мәдени-ұлттық көрмелер ұйымдастырды. Бұл шараларға аталмыш кітапхананың шақыруымен Ғарифолла Есім, Шөмішбай Сариев, Тұрсын Жұртбай, Баянғали Әлімжанов, Оңайгүл Тұржан, Ғаділбек Шалахметов, Сәуле Досжан, т.б. қаламгерлер барып қатысып қайтты.
Испанияның астанасы Мадрид қаласында «Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы» классик ақын Хусто Хорхе Падронның аудармасымен испан тілінде жарық көрді. Ол кітапқа енген 60 ақынның әрқайсысының өлеңдерін талдап, авторына мінездеме беріп, көлемді алғысөз жазды. Жазушылар одағының ұйымдастыруымен 20 жас ақын демеушілік қаржымен Испанияға барып, тұсаукесерге қатысып қайтты.
Біздің бұл халықаралық шараларымыздың барлығы Қазақстан тарихындағы ең үлкен әдеби басқосудың біріне жасалған дайындық сияқты болып қалды. 2019 жылғы 4–6 қыркүйекте Қазақстан Жазушылар одағы Президент Әкімшілігінің қолдауымен «Азия елдері қаламгерлерінің І форумын» өткізді. Форум қарсаңында Президент Қ.К.Тоқаевтың алғысөзімен «Қазақ поэзиясының інжу-маржандары» атты Абайдан Шахановқа дейінгі 13 ақыннан тұратын антология жарық көрді. 1973 жылдан бері елімізде өтіп көрмеген мұндай халықаралық аса ірі форум Қазақстанның халықаралық имиджінің өсуіне ықпал етті. «Жаңа Қазақстан Жазушылар одағының осы форумдарынан басталды» деп айтуға да болар еді! Азияда 45 мемлекет болса, соның 38 елінің белгілі қаламгерлері мен Нобель сыйлығының 5 номинанты қатысқан бұл аса ауқымды Азия форумының ашылуында еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау сөз сөйледі, әдебиет туралы келелі ойларымен бөлісті. «Үлкен Азия» сыйлығы тағайындалды.
2019 жылдан бастап, Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен «Қарағанды көктемі» деген атпен жас әдебиетшілер форумы өткізілуі дәстүрге айналды. Форумда белгілі жазушыларға стипендия төленіп, талантты жас қаламгерлерді Одаққа қабылдап, бірнеше шеберлік сабақтары – мастеркластар ұйымдастырылатын.
2019–2020 жылдарда ҚР Президентінің тапсырмасы бойынша, Алматы қаласының әкімдігі өршіп тұрған пандемияға қарамастан қазақ қаламгерлерінің қасиетті ордасы – Қазақстан Жазушылар одағының негізгі ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмысын жасап берді. Қарқынды басталған жөндеу жұмысы карантин кезінде шекара жабылғандықтан құрылыс материалдарының жетіспеуінен біраз уақыт тоқтап, үздік-создық жүргізілді. Ал Жазушылар одағының Мәжіліс залы орналасқан жағы қосымша «пристройка» ретінде мәдени-тарихи нысан тізімінде болмағандықтан жөндеуге қаржы бөлінбеді. Мәжіліс залының техникалық төлқұжаты жоқтығы (жоғалғандығы) анықталып, тіпті архивтен де табылмағандықтан, оны қайта жасатуға алты айдан астам уақыт жоғалттық. Мәжіліс залын күрделі жөндеудің бүгінгі заманға лайық жобасын әкімдіктің арнаулы комиссиясымен бірге қарап бекіттік. 2019 жылы Қазақстан Жазушылар одағының 85 жылдығын Опера-балет театрында салтанатты түрде атап өттік, осы қарсаңда «Әдеби өмір: фото-шежіре» альбомын, көлемі 75 баспа табақ болатын үлкен «Қазақстан жазушылары анықтамалығын» жарыққа шығардық.
2019 жылғы 12-14 наурыз күндері Парижде, Лондонда, Мадридте, Мәскеуде және Каирде қазіргі қазақ прозасы мен поэзиясының 2 томдық антологиясы БҰҰ-ның жетекші алты тілінде шығарылып, сол қалаларда тұсаукесері өтті. Бұл тұсаукесерлерге жоба жетекшісі А.Ғ.Балаева (ПӘ), А.Елгезек (ҚЖО), Р.Кенжеханұлы («Ұлттық аударма бюросы») қатынасып қайтты. Ал мен Каир қаласында болған тұсаукесерге қатыстым. Пандемияға байланысты Пекиндегі тұсаукесері өтпей қалды. 2020 жылы 14 ақпанда «Қазіргі қазақ поэзиясы мен прозасының» алты тілдегі антологиясының тұсаукесері ҚР Мемлекеттік хатшысының қатысуымен Алматы қаласындағы Достық үйінде өтті. 2020-2021 жылдар аралығында бүкіл әлемді жайлаған коронавирус індетіне байланысты Жазушылар одағына қарасты жиындар онлайн форматта өтті.
Мен осы бес жылда шамам келгенше облыстық филиалдарымыздың беделін көтеруге жұмыс істедім. Олардың басшылығына негізінен жастарды тарттым және облыстық әкімдер олармен санасатын деңгейге жеткізуге тырыстым. Қартайып кеткен Жазушылар одағының мүшелік құрамын жасартып, тамырына жас қан жүргізуге ұмтылдым. Жастарды қабылдауға, олардың жолын ашуға күш салдым. Ол үшін облыстық филиал басшыларының ұсыныстарына көбірек көңіл бөлдім.
2020 жылдан бастап, Қазақстан Жазушылар одағының қатысуымен Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен «Әдебиет. Рух. Қоғам» атты республикалық форум өтіп келеді. Форумда 10 номинация бойынша сыйлық тағайындалуы дәстүрге айналды. Жазушылар одағының ұсынысымен Семей әуежайына Абай аты берілді. Жазушылар одағы ұсынысы бойынша, Президент Қ.К.Тоқаев өз Жарлығымен «Абай күнін» белгіледі. Қазір Абай облысында, бүкіл Қазақстан мектептері мен кітапханаларында Абай оқулары дәстүрлі түрде өтетін болды.
Біздің Одақтың ұсынысымен Петропавл қаласында Мағжан күндері, Жетісу облысында Ілияс оқулары, Қарағанды облысында Қасым оқулары, Нарынқол мен басқа қалаларда, аудандарда Мұқағали оқулары өткізілді. Мұндай шаралар барлық облыстар мен аудандарда ұйымдастырылды. Астанада «Қаламгерлер аллеясын» ашу, сол жерде Үш арыс – Сәкен, Ілияс, Бейімбетке және Алаш көсемдері – Әлихан, Ахмет, Міржақып ескерткіштерін қоюға да Жазушылар одағы мұрындық болды. Алматыдағы А.Байтұрсынұлының тозып кеткен мұражай үйін жеке меншіктен қала әкімдігінің құзырына өтуіне, күрделі жөндеу жасалуына да түрткі, себепші болдық. Алматыда тұратын 400 жазушының кітаптарын шығару, әрқайсысына жыл сайын қала әкімінің дәстүрлі түрде 500 мыңнан стипендиясы берілуі де – біздің бастамамызбен, Жазушылар одағының ұсынысымен іске асқан игіліктер.
Жастарға арналған републикалық «Алтын тобылғы», «Алтын сақа», «Айтұмар», «Ұлы дала» («Аманат» партиясымен бірге) конкурстарын жыл сайын өткізіп отырдық. «Ұлы дала» конкурсы «Аманат» партиясының қолдауымен еліміздің аудандарынан басталып, облыстарында өтіп, республикалық байқаумен аяқталып жүрді. Бұл жарыстар арқылы көптеген ең талантты жас қаламгерлер қомақты қаржылай жүлделерге ие болды. Біздің бастамамызбен Мәдениет министрлігімен бірлесіп іске асырған жобамыз – әрқайсысы 5 млн теңгелік, 8 номинациядан тұратын «Айбоз» конкурсын өткізу қазіргі кезеңде дәстүрге айналды.
Бір өкініштісі, Президент әкімшілігі мақұлдаған жастарға арналған Әдебиет академиясын ашу жобасы қаржы тапшылығынан қолдау таппай, кітапханалардағы коворкинг деңгейінде қалып қойды.
Сол бес жылда біздің басымыздан небір аласапыран кезең өтті. Бізге бөлінген бес жылдың пандемиясыз өткен үш жылында жан аямай жұмыс істедік деуге болады. Атқарған шараларымыздың басты-бастыларын санамалап, тізбелеп бердім. Ал пандемия кезінде басымыздан өткен екі жыл бойғы КОВИД-19 эпидемиясы, коронавирус, пневмония, локдаун, ПЦР-тест, маска-бетперде, карантин сияқты жексұрын терминдерді құр естіп қана қоймай, солардың құрбаны болған сұм күндер мен айлар қорқынышты түстей есіме түссе, әлі денем тітіркенеді. Бір күнде бірнеше қаламгердің жұқпалы кеселге шалдыққаны туралы хабар алдымен маған, Жазушылар одағына жетеді, оларды ауруханаға жатқызу, емдету мәселесі мойнымызда болды. Осы жағдайларда қасымыздан табылып, Жазушылар одағына қолдау көрсеткен Алматы қаласы әкімдігінің азаматтарына алғысым шексіз.
Үзеңгілес орынбасарларым Ақберен Елгезек, Мереке Құлкенов, Бауыржан Жақып, Бақыт Беделханмен бірге белшеден қарызға батып, тұралап қалған Одақты аяғынан тік тұрғыздық, еңсесін көтердік. Сонымен қоса, сол 2019 жылы демеушілер көмегімен басылымдарымыздың компьютерлерін жаңартып бердік. Әдебиетке шын жаны ашитын үлкен жүректі меценат азаматтардың арқасында «Алматы-Болашақ» баспаханасына, Одақ қызметкерлеріне, «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз», «Простор» – үш басылымның қызметкерлеріне төленбеген қарыздарды, айлықтарды, қаламақыларды төлеп, жабумен айналыстық.
Осыдан екі жылға жуық уақыт бұрын Анкарада Түрксой ұйымы өзіне мүше елдердің Жазушылар одақтары төрағаларын шақырып, Құрылтай өткізіп, тарихта тұңғыш рет Түркі елдері Жазушылар одағын құрды. Оған төрағалыққа бірауыздан сайландым. Қазір бұл қызметімде Түрік дүниесі әдеби әлемінің есігін қазақ әдебиетіне айқара ашу жолында күш-жігерімді жұмсап келемін. Биылғы жылы басқа халықаралық шаралармен қатар, Мәдениет және ақпарат министрі А.Ғ.Балаева ханымның тікелей қолдауымен «Әлем әдебиеті» журналын қазақ, түрік, ағылшын, орыс тілінде шығаруды қолға алдық. Талантты ақын, аудармашы Ержан Алаштуған басқарып отырған тәржіма журналының 3 саны жарыққа шығып, қазақ әдебиетін әлемге, әлем әдебиетін қазақ оқырманына танытуға кірісті.
Біз жаңа Қазақстанның, әділетті Қазақстанның табалдырығынан аттадық. Авторитарлық жүйеден бас тартып, мықты мемлекет, игілікті, қайырымды, құқықтық, азаматтық қоғам құрудың жолын таңдадық. Ендеше, осы бағыттағы саяси-экономикалық, рухани реформаларға қаламымызбен, қарым-қабілет, талант-дарынымызбен, шабытты шығармаларымызбен атсалысайық!
Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының
2018–2023 жылдардағы төрағасы