Шархан ҚАЗЫҒҰЛ. «Қаракөз-айым»: арман әлдилеген ән кеші
Жуырда Республика сарайында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қаракөз Сүлейменованың «Қаракөз-айым» атты жеке концерті зор табыспен өтті. Бұл кеш өнерпаздың жүрегінде жылдар бойы сақталған асыл арманының ақиқатқа айналған сәті болумен қатар ән мен адам жанының, өнер мен өмірдің өзара үндестігін танытқан рухани мерекеге айналғанын – айту парыз. Өйткені жүрек қалауы өнермен табысқанда жеке адамның қуанышы көпшіліктің ортақ сезіміне ұласып, оның мәні онан әрі тереңдей түседі. Қаракөз Асқарқызы жиырмаға жуық шығарма орындап, көрерменін қазақ ән өнерінің сан алуан сырлы әлеміне жетеледі. Кештің қадірін орындалған әндердің санымен немесе сахнаның салтанатымен ғана өлшеу аздық етер еді. Оның шынайы бағасын өнерге деген адалдықтан, жүрекке жақын әндерді халықпен бөліскен қуаныштан, жылдар бойы аялап келген арманға жетудің шаттығынан іздеген абзал.

Бағдарламаға енген шығармалардың әрқайсысының өзіндік тарихы, көркемдік болмысы мен музыкалық өрнегі бар. Бірі туған өлкенің кеңдігін елестетсе, екіншісі жүрекке сағыныш ұялатты. Енді бірі өмірдің өткінші сәттеріне ой жүгіртсе, тағы бірі ұлттық өнердің терең тамырын сезіндірді. Әртүрлі кезең мен көркемдік сипаттағы әндердің бір концерт аясында тоғысуы кештің мазмұнын байытып, көрерменді сезім мен ойдың сан алуан кеңістігіне жетеледі.
Концерттің көркемдік мазмұнын байытқан шығармалардың қатарында Сегіз серінің «Алқоңыр» және Ақан серінің «Маңмаңгер» әндері болды. Бұл туындылар – қазақтың дәстүрлі ән өнеріндегі көркемдік талғамның, сыршыл сезім мен орындаушылық мәдениеттің биік үлгілері. Олардың бойында тұтас бір дәуірдің үні, халықтың өмірге көзқарасы мен сұлулық туралы түсінігі сақталған. «Алқоңыр» мен «Маңмаңгердің» сахнада қайта жаңғыруы өткен мен бүгінді жалғаған рухани сабақтастықтың айқын көрінісі болды десек, қателеспейміз. Осындай шығармалар ұлттық музыкалық мұраның өміршеңдігін тағы бір мәрте танытты.
Қазақ ән өнерінде Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына соқпай кету мүмкін емес. Қаракөз Сүлейменованың орындауындағы «Мойынқұмда», «Тамды аруы» әндері концертке ерекше көркемдік реңк берді. «Мойынқұмда» кең даланың табиғи көркемдігін сезіндірсе, «Тамды аруы» сұлулыққа деген іңкәрлікті, адам мен туған өлке арасындағы нәзік байланысты аңғартты. Шәмші әндерінің өміршеңдігі де осында: олар белгілі бір кезеңнің шеңберінде қалып қоймай, әр тыңдаушының жеке естелігімен, сағынышымен, өмірлік тәжірибесімен астасып жатады. Осылайша әуенмен бірге алыста қалған күндер оралып, көңілде көмескі тартқан сезімдер қайта жаңғырды.
«Көктемді сағындым ғой» әні де осындай сыршыл әсерге бөледі. Көктем – табиғаттың жаңарып, тіршіліктің қайта түлейтін шағы. Ал адам жүрегіндегі көктем – үміттің оянуы, көңілдің жаңғыруы, өмірге деген құштарлықтың қайта күшеюі. Сондықтан көктемді сағыну – жүректегі жарықты, жан дүниедегі жасампаздықты қайта сезінуге деген ұмтылыс. Әннің нәзік лирикалық болмысы осы ойды тереңдете түсті.
Сыдық Мұхаметжановтың «Тербеледі тың дала» әні концерттің кең ауқымды туындыларының бірі ретінде есте қалды. Тың игеру дәуірінің музыкалық символына айналған бұл шығармада табиғат тылсымы мен адамның еңбекке деген жігері астасып жатыр. Дала – қазақ үшін оның болмысы мен рухының, еркіндікке деген құштарлығының көрінісі. Сондықтан ән шырқалғанда тыңдаушы ұлттық мінезді де сезінді.
Белгілі ақын әрі сазгер Елена Әбдіхалықованың «Сыр елім» әні де туған жерге деген сүйіспеншілікті тереңнен толғайды. Адамның өз тамырын тануы, өскен ортасының қадірін білуі, сол рухани негізден күш алып, болашаққа сеніммен қарауы – ән өзегіндегі мәңгілік тақырып. Қаракөздің орындауында бұл шығарма туған өлкенің адам жүрегінде қалдырған ізін де ойға оралтты.

Талантты композитор Әділбек Нысанбаевтың «Тырналар тізбегі» әні тыңдаушы көңілін алабөтен сезім әлеміне жетеледі. Көк жүзінде тізбектеле ұшқан тырналар бейнесі алыста қалған күндерді, сағынышқа айналған сәттерді, қайта оралмас уақытты еске түсіргендей. Адам кейде белгілі бір мекенде бастан кешкен бақытты шағын, көңіліне ұялаған аяулы сезімдерді аңсайды. Әннің сыршыл табиғаты да осындай нәзік көңіл күйлерін қозғап, әр тыңдаушының өз естелігімен тілдескендей әсер қалдырды.
Әнші репертуарындағы жаңа әндер де шырқалды. Талғат Атшыбаевтың «Шалқыма» және Толқын Ақанұлының «Угай, угай» әндері де концерттің музыкалық аясын кеңейте түсті. Әр шығарманың өзіне тән мінезі мен әуездік өрнегі тыңдаушының көңіл күйіне әсер етіп, бағдарламаның бірсарынды сипат алуына жол бермеді.
Ал «Қашпаңдар қара бояудан» әнінің атауының өзі ойлануға жетелейді. Өмірді тек жарқын сәттерден тұратын құбылыс ретінде қабылдау мүмкін емес. Қуаныш пен мұң, үміт пен күдік, жеңіс пен қиындық – адам ғұмырының ажырамас бөлігі. Қараңғылық жарықтың қадірін ұғындырса, сынақ сабырдың мәнін тереңдете түседі. Ән астарынан өмірдің күрделі болмысын тұтас қабылдап, әрбір сәттің бағасын білуге шақыратын философиялық ой аңғарылды.
Әннің көркемдік қуаты орындаушының дауысымен ғана емес, оның ішкі мазмұнын қаншалықты терең сезініп, тыңдаушыға жеткізе алуымен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, Қаракөз Сүлейменованың орындаушылық болмысы кештің көркемдік өзегіне айналды. Әншінің дауыс тембріндегі жұмсақтық, дыбыстың ашықтығы, әуендік иірімдерді табиғи жеткізуі мен сөз мағынасына мән беруі орындалған шығармалардың мазмұнын аша түсті. Ол бірде сыршыл лирикаға бойлап, сағыныштың мұңлы сарынын жеткізсе, енді бірде әннің жігерлі тынысын сезіндіре білді. Әр шығарманың өзіндік мінезін сақтай отырып, оның көркемдік болмысын дауыс арқылы танытуды терең меңгерген Қаракөз музыкалық мәдениетпен қатар терең сезімталдық қасиетін де аңғартты. Дау жоқ, Қаракөз Асқарқызының ән айту мәнерінен вокалдық мәдениетке деген жауапкершілікті де сезуге болады. Музыкалық фразалардың өзара сабақтастығы мен әуеннің ішкі динамикасын сезіну оның орындаушылық нанымы мен тұтастығын байқатты. Қаракөздің сахналық болмысында әнді ішкі жан дүниесімен сабақтастыруға деген ұмтылыс байқалды. Тыңдарманның ыстық ықыласы мен үздіксіз қол соғуы да шығармашылық байланыстың орнағанын тайға таңба басқандай білдіріп тұрды.
«Қаракөз-айым» кешінің тағы бір әсерлі қыры сахнадағы өнердің отбасы жылуымен астасуы болды. Концертті әншінің жұбайы, Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Досхан Жолжақсынов жүргізді. Қазақ өнерінің көрнекті өкілінің осындай маңызды сәтте өмірлік серігінің жанынан табылуы кешке ерекше жылылық ұялатты. Өнер жолында өзіндік орны бар тұлғаның сүйікті жарының көптен күткен арманына ортақтасуы – терең мағынаға ие көрініс. Өйткені адамның жетістікке жетуі – бір басқа да, сол қуанышты жақындарымен бірге сезіну – бір басқа. Өмірлік серігіңнің қуанышын бөлісу, оның талпынысына куә болу, көптен күткен сәтінде жанынан табылу – адамдық қарым-қатынастың қадірін арттыратын асыл қасиет.

Ал қыздары Ділдәнің сахнаға шығып, екі ән орындауы кештің тағы бір есте қаларлық сәтіне ұласты. Басқаша кестелесек, бір сахнада ата-ана мен баланың өнер арқылы тоғысуы – ұрпақтар сабақтастығының әдемі фишкасы. Өнерге деген құрмет, рухани құндылықтарды бағалау, өмірлік ұстанымға адалдық ұрпаққа күнделікті іс-әрекетпен де беріледі. Шынында да, Ділдәнің сахнаға шығуы концерттің мазмұнын отбасылық жарасым мен рухани жалғастықтың мәнімен толықтырды. Айтары жоқ, «Қаракөз-айым» авторлық кеші жеке әншінің шығармашылық жетістігі аясынан шығып, өнерге деген ортақ құрметті, отбасы бірлігін және рухани мұраның ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуын танытқан тағылымды оқиғаға айналды.
Талас жоқ, адам өмірінде арманның орны ерекше. Арман алға жетелейді, бағыт береді, кейде қиындыққа мойымауға күш сыйлайды. Алайда арманның орындалуы үшін үміттің өзі жеткіліксіз. Оған табандылық, еңбек, сенім және уақыт қажет. Кейде тіршіліктің қамы мен күнделікті міндеттер жүрекке жақын тілектердің орындалуын кейінге ысырады. Бірақ, шын мәнінде, асыл арман адамның жан дүниесінде өмір сүруін тоқтатпайды. Ол жүректің түкпірінде сақталып, өз сәтін күтеді. Қаракөз Асқарқызының Республика сарайындағы жеке концерті осы ойды терең сезіндірді. Бұл – көптен күткен тілектің орындалуы ғана емес, өнерге деген сүйіспеншіліктің, өз жолына адалдықтың және жүрек қалауын жүзеге асыруға деген сенімнің нышаны. Арман орындалған сәтте адам өзінің қаншама жыл бойы сақтап келген үмітіне қайта үңіліп, жүріп өткен жолының мәнін тереңірек сезінетіндей. Өнердің құдіреті де осындай сәттерде айқын көрінеді. Әнші сахнаға шығып, өз жүрегінен туған сезімдерді ән арқылы жеткізді. Ал тыңдаушы сол әуеннен өзінің өмірін, сағынышын, қуанышы мен арманын тапты. Сөйтіп, жеке адамның шығармашылық толғанысы көпшіліктің ортақ сезіміне жалғасты. Қысқасы, «Қаракөз-айым» концерті осындай үндестіктің жарқын үлгісі болды. Жүрекке жақын әуендерден бастап, дәстүрлі ән өнерінің асыл мұраларына, туған жер туралы туындылардан сағыныш пен үмітті толғаған шығармаларға дейінгі музыкалық вояж көрерменді қазақ әнінің бай әлемімен қауыштырды. Әр әннің өзіндік көркемдік болмысы болғанымен, олардың басын біріктірген ортақ арқау – адам жүрегіндегі сұлулыққа құштарлық, өмірге деген сүйіспеншілік және рухани тамырға деген құрмет. Ән кешінен кейін біз осыны түсіндік.
Концерт аяқталды. Сахна шамдары сөнді. Көрермендер үйлеріне тарады. Бірақ шынайы өнердің ғұмыры сахна шымылдығымен бірге тоқтамайды. Әуен жүректе қалады, ән естелікте жаңғырады. Уақыт талай сәтті алыстатып, талай көріністі көмескілендіруі мүмкін. Алайда жүректі селт еткізген әннің әсерін, көптен күткен арманның қуанышын, өнер арқылы жалғасқан рухани энергетиканың мәнін ешқашан өшіре алмайды.