«БІРЛІК КӨПІРІ»: Достық үйімен таныстыру экскурсиясы
05.11.2026
47
0

30 қазанда Астана қаласындағы Достық үйінде «Бірлік көпірі» мәдени-ағартушылық жобасы аясында Менеджмент, бизнес және білім беру колледжінің Маркетинг мамандығы бойынша білім алатын студенттеріне таныстыру экскурсиясы ұйымдастырылды.


Іс-шараны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Этносаралық қатынастарды дамыту комитетіне қарасты «Қоғамдық келісім» РММ және Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырды.


Экскурсияда студенттер елордалық Достық үйінің қызметімен танысып, этно-мәдени бірлестіктердің жұмысы туралы ақпарат алды және олардың өкілдерімен пікір алмасты.
Кездесу барысында «Қазақстан қырғыздарының этно-мәдени бірлестігі» ЗТБ төрағасы Шавкат Исмаилов, «ВАН» армян этномәдени бірлестігінің төрағасы Саак Салумян және Астана қаласының «Пойтахт» өзбек этно-мәдени бірлестігі ҚБ мүшесі Ихтиера Ходжаева өз халықтарының ұлттық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары, мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігінің ерекшеліктері туралы әңгімеледі. Студенттер көкейіндегі сұрақтарын қойып, Қазақстанның мәдени әралуандығы туралы кеңірек мағлұмат алды. Достық үйі – этно-мәдени бірлестіктердің, қоғамдық құрылымдар мен Елорда тұрғындарының өзара байланысы мен ынтымақтастығын нығайтуға арналған маңызды алаң. Осындай кездесулер жастардың таным көкжиегін кеңейтіп, түрлі мәдениеттерге құрметпен қарауға, өзара түсіністік пен қоғамдық келісім құндылықтарын қалыптастыруға ықпал етеді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір