Сәкен СЫБАНБАЙ: КӨРКЕМ ТІЛДІҢ ҚАРАБАЙЫРЛАНЫП БАРА ЖАТҚАНЫ – ҚАСІРЕТ
03.11.2026
202
2

Әдебиетті алға жетелейтін негізгі тетіктердің бірі – сын жанры. Аталған жанрда қалам тербеудің жауапкершілігімен қатар өзіндік салмағы да орасан. Белгілі журналист, жазушы Сәкен Сыбанбай әңгіме барысында сын тезіне алу мен сын жанрында жазудың арасалмағы, көркем туындыға тән қасиеттер турасындағы ойларын ортаға салды.

Өнер өмірден бір саты жоғары тұруға тиіс

– Аға, өткір сындарыңызды оқырман кеңінен қолдап оқып жатыр. Жалпы, сіздіңше, сын дегеніміз не? Қалай жазылғаны жөн?
– Әдебиет пен өнер сынының қалай жазылуы керек екеніне төрелік айтатындай кәсіби сыншы емеспін. Менің жазып жүргенім – көркем туындылардағы өзім байқаған кейбір қате тұстарды көрсету ғана. Сол бағыттағы жай талпыныстар.
Әйтсе де, Әшірбек Сығай, Әмірхан Меңдеке, Қажығали Мұханбетқалиұлы ағалардан аз-кем пікірлесуден жұққан жұқана тұрғысынан келсем, сын – ең алдымен, әділ болуы керек дер едім. Өйткені сын – кемшілік іздеу емес, «сол кете қалған кемшілікті түзесек» деген ойдан туған жанашырлық. «Қап, мына шығарманың сол тұсын жөндеп жібергенде тіптен жөн болар ма еді» деген достық лебіз. Одан «дұшпандық», «көре алмастық» іздеу – өресі биік адамның сөзі бола қоймас. Сын авторды сындыру үшін емес, кем-кетігін өңдеп, одан бетер өсе түсуі үшін жазылуға тиіс.
Сын тек «мына шығарма жақсы екен» немесе «анау туынды нашар екен» дегенмен шектелмеуі қажет деп түсінемін. «Сол туынды несімен үздік, несімен осал?» деген сұраққа тура және ашық жауап айтылғаны абзал. Талдап, ұғынықты тілмен жұртшылыққа түсіндіріп берілуге тиіс. Сол сын-мақала арқылы шығарманы оқыған адамның, бәрінің болмаса да (бұл жалпы өреге қатысты дүние ғой), талғамы сәл де болсын жоғарылауы, өсуі қажет. Сын сапалы оқырман-көрермен қалыптастыруға ұмтылғаны жөн. Сыншы өзге жан аңғармаған ұңғыл-шұңғылға тереңдеп барып, «мына тұста автор осыны меңзеп, біздің қатып қалған қалыпты көзқарасымызды өзгертуге, мүмкіндігінше дамыта түсуге, тақырыпқа басқаша қырынан қарауға да болатынын көрсетуге тырысқан» деп, сол бағытта ойлантуға талпынғаны, еліктіре жетелегені жақсы. Сонда ғана белгілі бір деңгейде танымымыз толығып, шын көркем әдебиетті, нағыз кітапты «шөп те – өлең, шөңге де – өлеңнен» ажырата алатындай халге жетеміз.
Ақыры көркем туынды жаздың ба, сол көркем туындыға қойылар талаптарға жауап бер. Роман қандай болуы керек, повесть қандай болуы керек, әңгіме қандай болуы керек, өлең мен дастан қандай болуы керек әрбірінің деңгейін анықтар әдеби өлшемдер бар. Сыншы авторға талап қоя алуға, сол дәрежеге жетуге тырысуы қажет. Автордан артық білмесе, кем білмеуге тиіс. Әдебиет пен өнер – орташа оқырман-көрермен-тыңдарманның деңгейіне түссе, онда біттік деген сөз. Сол шамада қала береміз. Көркем фильм, спектакль, сурет, ән, әдеби шығарма адамды ойландырып, оның өресін сәл де болсын биіктетіп, талғамын өсіріп, тұлғалық қасиетіне қасиет қоспаса, оның несі өнер?
Арада ғасырлар өтсе де, елдің Гомерді, Гетені, Толстойды, Абайды, Әуезовті ұмытпайтыны сол. «Илиада» мен «Махабхаратаға», «Шахнама» мен «Алпамысқа» ықыласы басылмайтыны да содан.
Өнер, сөз өнері өмірді бейнелеп бере отырып, сол өмірден бір саты болсын жоғары тұруға тиіс. Адамды тоқтап қалмауға, үнемі алға талпынуға, өзін жетілдіруге жетелеуі керек. «Адам баласының «Неге бұлай?» деген сұраққа жауап іздеу арқылы санасы өсті, саралады, білмегенін білуге ұмтылды, сөйтіп, осы деңгейге жетті» дейді емес пе философтар.
– «Әрбірінің әдеби өлшемі бар» деп қалдыңыз. Көркем шығарма қандай болуы керек деп есептейсіз?
– Жанр ерекшеліктері сақталуы керек. Қазір, физилогиялық дефектілерге ұшырап, жетіле алмай жер басып отырып қалған мешел бала секілді, Ғаббас Қабышұлы ақсақалдың бір кейіпкері айтқандай, «ересек повесть» деңгейіндегі шағын романдар көптеп жазыла бастады. Жанры роман деп жазылып тұрады, оқысаң, талайы роман талаптарына сай келе бермейді, қым-қиғаш тағдырлардың тоғысуы арқылы дәуір тынысына, замана лебіне ұласа алмайды. Немесе «повесть» (хикаят) деп беріледі, дегенмен, байқасаң, әңгіме жүгінің өзін тәлтіректеп әрең көтеріп тұрады. Тағы да қайталап айтамын, мен сыншы емеспін, бірақ сыншыларымыз осы жағына жіті мән бергені абзал болар еді.
Қандай шығарма болса да, өзі жазылған кезеңнің үнін танытуы қажет деп ойлаймын. Лев Толстой 1812 жылғы соғысты көрген жоқ. Бірақ сол соғыс дәуіріндегі адам мінезін бере алды. «Соғыс пен бейбітшілікте» онша соғыс көріністері де жоқ қой. Дегенмен сондай қиын замандағы адамдардың пенделік келбетін ашады, кейбірінің азаматтығын танытады. Тыныштықтың, бейбіт дәуірдің қадірін білуге үндейді. Болконскийдің майдан алаңында жараланып жатқан кезінде теңбіл көк аспанға аңсай телміретін сәті қандай ғажап? Жаумен жағаласа кетуді қалап жүрген адам кенет… өзінің басына бәле түскенде, ашық аспанды жаңа көргендей қызыға қарап, азат өмірдің ғажабын сезінуге тырысады.
Жазушы сонымен қатар өз ұлтының бойындағы ұлы қасиеттерді ұсақ деталь, бірер сөздің өзімен ғана бере алар шебер болуы керек-ау деп білемін. Мәселен, Дулат Исабековтің «Гауһартасында» көп адам байқай бермеуі ықтимал бір ой бар. Қайыркен айтады: «Апам айтқандай, Әзірет сұлтанның аруағы қолдап, бағым жанса, оқуға түсемін, түспесем, қайтып келемін. Іс қып, ден сау болсын».
Қазір қарапайым қазақтар да, шамасына қарамай, шаты айрылғанша байларға теңесуге тырысатын болып барады. Жалақысы 200 мың теңге адам 2 жарым миллионға той өткізетін болды. Сосын сол үйленген ұлының баласы он жасқа толғанша қарызын өтеп жүргені.
Индуизм дінінде: «Бүгін қарнымыз тоқ па? Болды. Ал ертеңгі тамақтың уайымын бүгін емес, азанда ойлармыз» деген философия үстем. «Құдай бәрібір нәпақасыз қалдырмас» деген ұғым. Жалғыз нанын әрең тауып отырып, көршісі кеп өтінсе, сол жалғыз наннан бір жапырақ үзіп беруге бар.
Мұны қазіргі қазақтар «кедейдің психологиясы» дейтін болыпты. Өздері бай-міш.
Бірақ бұл – қанағат философиясы ғой!
Әйтпесе қанағат, шүкіршілік, өзі аса жетіспей отырса да, жағдайы жоққа болыса кету қазаққа да тән емес пе еді. Осыны ұмытып барамыз. Қазақы ананың аузына «Іс қып, ден сау болсын» деген сөзді сала отырып Дүкең қазақтың қанағатшылдығын берген. Қиындықты өз басынан өткерген адам ғана өзгенің жағдайын ойлай жүреді, мейлінше түсінуге бейім келеді. Осы ұлттық ұстаным, егер кеңірек байыптасаң, адамзат дүниетанымының, жалпы адам баласының бойындағы ізгілік қасиетінің қайнарымен ұштасып жатады. Әдебиет пен өнер адамның жанын ізгілендіру үшін ауадай қажет десек, дүниеде мейірім мен жанашырлықтан, қанағатшылдық пен қарапайымдықтан асқан ізгілік болуы мүмкін бе?
Ал Төлен Әбдіктің «Әкесі» ше? Бір әулеттің бес ұлының төртеуі төрт түрлі жағдайда қазаға ұшырайды: екеуі репрессияда, бірі аштықта, бірі ақ пен қызыл айқасқан азаматтық соғыста… Аман қалған жалғыз Сейсеннің мінезін жазушы қалай шебер береді? Сондай қилы қырғынға қарамастан, сақталып қалған ұлттың болмысы. Бір әулеттің тағдырына бүкіл ұлт тағдырын сыйғызып жіберген осындай шығарма бар ма қазір?
Осындай ерекше туындылар Сайын Мұратбековте, Қабдеш Жұмаділовте, Әкім Таразиде, Тынымбай Нұрмағамбетовте, Рахымжан Отарбаевта, Мархабат Байғұтта, т.б. жазушыларда жетеді. Көрер көз, таныр таным қажет тек. Талдау қажет.

Оқиға қуып жаза салу – жауапсыздық

– Ал әдеби туынды нендей талаптар үдесінен шығуы қажет?
– Сырт көзге ұсақтау саналуы мүмкін мәселенің өзі ұлт мұратына ұласып жатуы керек деп есептейтінімді айттым ғой. Мықты қаламгерлеріміздің бәрі осы ұстанымнан айнымады. Былайғы жұрт Тынымбай Нұрмағамбетовті «ауылдың қызық хикаяларының баяндаушысы» деп ойлап қалуы да ғажап емес. Дегенмен ол кісінің бүкіл шығармасының астарында, сөз соңында, әңгіме ақырында адам алаңы, адамзат уайымы, түптеп келгенде, ұлттың мүддесі жатады.
Қайбір жылы «Рамазан мен Жұлдызай» деген хикаят жаздым. «Жұлдыз» журналында жарияланды. Жазар алдында өзім ұстаз тұтатын, ғажап туындыларымен мені жазуға қызықтырған Төлен Әбдікпен ойластым. Шығармада екі жастың бейкүнә махаббаты үлкен кедергіге жолығады: қыздың әкесі – желтоқсаншы, ал жігіттің әкесі – сол желтоқсаншыны соттаған, соққыға жыққан жендет. Ұлтшыл мен сатқын құда болуы мүмкін бе? Бұл қандай адамшылыққа сыяды?
«Жеке адамдардың тағдырлары ұлт басындағы қилы оқиғалармен қиюласып, оқырманды содан сабақ алуға шақыруы – әдебиетімізге әлі де жетіңкіремей жүрген нәрселер. Жаз!» – деп батасын берген.
Көркем шығарма, меніңше, сюжеті байырғы тарихтан бастау тартса да, 70-80-90 жылдардағы ойнақы оқиғалардан бері ұласса да, тіпті бүгінгі заман хикмет-халін беруге талпынса да, бәрібір түбінде астарлы түрде «біздің, кеше кім болғанымызға қарамастан, қазіргі болмысымыз қалай өзгеріп жатыр, болашағымыз не болмақ, көбімізге білінер-білінбес бұл өзгерістер түбі игілік пе өзі?» деген үлкен сауалдарға қарапайым оқиғалар арқылы-ақ психологиялық-философиялық тұрғыдан жауап іздегені жөн шығар деп ойлаймын.
Қазір оқиғаны әдемі қиыстыратын, оқырманды жетелеп алып кететін жазушыларымыз аз емес. Дегенмен кейде не идея әлсіз, кейде не орындау нашар, кейде осы екеуі де олқы соғып жататын тұстар баршылық.
Кейбір жас жазушылар жазып жүр: «90-жылдары «Юпи» деген су ішуші едік, базарда ұн сатып күн көрдік, пәтер жағаладық» деп. Естелік айту – жөн, бірақ бұл әдебиет пе? Қазақтың қайсысының басынан өтпеді ондай қиындық, ондай хикмет? Құр «үйттік-сүйттіктен» әдебиет шыға ма? Менде де мұндай хикая мың-сан. Сенде де. Соның бәрін «өзімізге қызық хикаялар өзгені де қызықтырады» деп сүйкей салсақ, не болады? Ал сол бастан кешкендерді байыппен, оқырманды қызықтыра суреттей отыра, былайғы жұртқа бірден байқатпай, сол жылдардағы қазақ болмысының қызықты айшықтарына, қарапайым адам жанындағы қилы қайшылықтардың сырына үңілмей, оқиға қуып жаза салу – сөз өнері алдындағы жауапсыздық емес пе? Онысын әлеуметтік желіге әдепкі жазба ретінде жаза салсын да, әдебиет деген киелі әлемге араластырмауға тырысса екен деймін.
Бүгінгі кей қаламгерге қайран қаламын. Оқиға ауылда өтеді. Бас кейіпкер мектепте оқиды және өте жақсы оқиды. Сондай білімпаз бала. Аяқ астынан қаладан бір аппақ қыз келе қалады. Ауылға. Оқитын боп. Әкесі әлдебір қызметпен осында ауысқан. Оны (әкесін емес, қызды) мектеп директоры ертіп әкеліп, бүкіл сыныпқа таныстырады. Сосын о қыз да басқа отыратын орын таппағандай, тура басты кейіпкердің – әлгі білімпаз баланың жанына жайғаса қалады.
Басталды, бүкіл сынып ұлдары ана аппақ қызға ғашық болады. Сол класта кемінде 15 қыз бар шығар, бұлар соларға қарамайды да, жаңағы үлкен қаладан келген үлбіреген біреуге ынтыға салады. Әлгі 15 қыздың бәрі қап-қара емес шығар? Болса – болсын, бірақ қара қыздың бәрі әдемі емес деп кім айтты? Қара қызды жақсы көрмеу керек дегенді кім ойлап тапқан жалпы? Адам деген тек аппақ қызға ғашық болуы керек пе?
Жарайды, бәрі ғашық бола берсін. Бірақ ана қызда да бір «талғам» болсайшы. Бой десе бойы бар, ой десе ойы бар, сабақ оқып қарық қылмаса да, сыныпта әжептәуір абыройға ие, мінезді жігіттерге қарамай, құлағы қалқайған, жұт көргендей рабайсыз арық, алдыңғы жылы мектеп бітіріп кеткен ағасынан қалған кең киімді қолпылдатып киіп жүрген жаңағы оқымысты балаға (сірә, жазушының өзі-ау) ықыласты бола қалады.
Бұл да, әрине, мәз. Екеуі сырласа кетеді. Сұмдық пікірлесулер болады. Жылайтын тұстар бар дегендей (әрине, баяғы «Бармысың, бауырым!» деген хабарды үнемі көретін көңілі бостар үшін). Аппақ қыздың әкесі де шаруасы ауысқыш шошаңдап қалған біреу екен, тағы көшіп кететін болады. «Қызметі тұрақсыз» қыдырымпаз ағайдың қызы мен мындағы мың болғыр оқымысты баланың қимай-қимай қош­тасатын әсерлі-міс сәттері тағы бар…
Осыдан жалығатын уақыт болған жоқ па?
«Партадағы махаббат», «мектеп кезіндегі өзіміз үшін ғана тартымды оқиғалар» бәріміздің басымызда болды. Бола да береді. Жасамыс өтеді, жас өседі. Бірақ оларды (қызықтарды, сезімдерді) – егер елді (оқырманды) тосын тәсілмен ойландыра еліктіріп алып кетер ерекше шеберлікпен шымқай орап бермесең, жай ғана жалаң ностальгия болып қалатынын жазушыларымыз қашан ұғынады? Түсінбеймін…
– Сын мақалаларыңызды әрі авторға, әрі әдебиетке деген жанашырлықпен жазып жүргеніңізді білеміз. Дегенмен «қарсы тарапты» көбейтіп алмаймын ба деген алаңдаушылық та қылаң бермей ме?
– Мен кімнің шығармасын сынасам да, жеке пендешілік көзқараспен жазбаймын. Түсінбей қалғандар болса, айып етпесін. Түпкі мақсатым – өзің меңзегендей, «дұрыс жазылса, қате кетпесе, көркем өнер, нағыз әдебиет деген ұғымға зиян келмесе екен» деймін.
Әшірбек Сығай ұстазымның мына сөзін қайталаудан жалықпаймын: «Шығармашылыққа келгенде, ұлтқа, халыққа, өнерге пайда-зиянына қатысты әңгімеге келгенде, «екі туып, бір қалғаным» болса да, қатып қалам. Өйткені мен үшін сол сәтінде айтылмаған пікірдің құны көк тиын. Не, кемшілікті дер кезінде айту айып па? Бұл – жанашырлық. Бір адамның көңіліне қарап, бүкіл қоғамды ластау – қылмыс! Көмейге келген пікірді кері жұту менде болмайды, ол – мәкүрік. Ал жекелеген адамдардың реніші екі-үш күннен кейін басылады, оңаша қалып ойланады, таразылайды. Кейбіреуі сыртымнан ғайбаттайды. Ол әркімнің арына байланысты».
Қажығали Мұханбетқалиұлы ағам айтатын: «Бізде полемика мәдениеті дамымаған ғой, сыналған адам да, былайғы жұрт та бұған әдебиеттің ісі деп емес, жеке бастың мәселесі деп қарайды, дұрыс түсінбейді», – дейді. «Сонда сіз не үшін әуре боласыз? Мұның сізге не керегі бар?» деп сұрағанымда: «Маған түкке де керегі жоқ, тек «жұрттың құлағы үйрене берсінші, жастар өз ойын ашық айтудан қорықпауға болатынын түсінсінші» деп пікірлерімді жасырмай айтып жүрем», – деген еді.
Менікі де – сол ұстаным. Қазір ақын-жазушымыздың көбі, қайнағасының атын атамайтын әдепті келінше, «А в остальном… прекрасная маркиза» боп жүр ғой. «Шыбық тимес шыңқ етер» болып бара жатқандай.
Ұлттық кітапхананың баспасөз мұрағатына жиі бас сұғамын. Бірде «Қазақ әдебиеті» газетінің 1985 жылғы тігіндісін қарап отырсам, жазушы Рамазан Тоқтаровтың «Ғасыр наны» деген романын Ақселеу Сейдімбек, Кәдірбек Сегізбай, Дүкенбай Досжан – үшеуі әжептәуір сынап тастапты. Оқып отырсаңыз, енді Рамазан Тоқтаров қайтып туынды жазбайтындай.
Газеттің келесі санында Р.Тоқтаровтың жауабы шығыпты. Сыпайы. Еш реніш жоқ. «Алдағы уақытта ескерермін» деген мәнде. Ескерер-ескермес, өзі біледі ғой. Дегенмен сын мәдениеті болғаны аңғарылады.
Қазір жұрт сын көтеруден қалды. Мақтанға – мастан! «Жаза түсші, жаным! Сенен ғажап ешкім жоқ!». Өздерін осыған сендіріп алғандай.
Үлкендерден үйренеріміз көп деп есептеймін. «Қарсы тарап» қанша көбейсе де, өз пікірімде қаламын.
– Бүгінгі әдебиеттің жалпы сипаттамасы туралы не айтар едіңіз?
– Тұтас сипаттамасын бере алуға халім де, хақым да жоқ. Жеке көзқарасым тұрғысынан айтайын: жақсы жазушыларымыз, мықты ақындарымыз бар. Ұларбек Дәлейұлы, Жәди Шәкенұлы, т.б. бауырларымыз тарихи тақырыптарға батыл барды. Есболат Айдабосын інімнің қалам сілтеуіне тәнтімін. Дәурен Қуат, Дәурен Берікқажы, Қанағат Әбілқайыр, Ерлан Жүніс, Мирас Асан, Жадыра Байбұланова, Жанат Жанқашұлы, Досхан Жылқыбай, Қуаныш Жазай, т.б. қыз-жігіттерді оқып, сүйсініп жүремін.
Бірақ бізге жетпей жататыны – бағалау, талдау, қадіріне жету ғой. Мақтай қалсаң, «досы, жақыны, пікірлесі» деп санайды. Сынасаң, «мінездері келіспей қалған шығар» дей салады. Әйтеуір «ардың ісіне араласты ғой» деген алғыс естіп көрген емеспін. Естуге ұмтылмаймын да.
Сыншыларымыз, әдебиеттанушыларымыз Әуезов пен Мүсірепов заманындағы қаламгерлерді талдаудан қолы босамай жүр. Жарайды, одан бергі Шерхан мен Әкім, Дулат пен Төлен, Тынымбай мен Темірхан, т.б. аз-кем таразыланды деп есептейік. Бірақ содан кейін де қазақ әдебиет жасап жүрген жоқ па? Жүрсін Ерман, Светқали Нұржан, Қуандық Түменбай, Серік Асылбекұлы, Тұрсынжан Шапай, Таласбек Әсемқұлов, Бауыржан Жақып буынын түбегейлі зерттеген адам бар ма? Кейінгілерді қоя бер.
«Сын керек, талдау керек» дейтінім сол. Өткенде бір жігіт: «Қызыл жебеден» соң әдеби кітап оқып көргенім жоқ», – дейді. Осындай ұрпақ келе жатыр. Бұларға Ерлан мен Мирастың әдебиет жасап жүргенін ұқтырмақ түгілі, әлгі Жүрсін мен Светқалидың да санатта бар екенін қайтіп түсіндірерсің?
– Классиктердің балаң шақтағы тырнақалды туындысының өзі көркем тілге тұнып тұрғанын айтып келесіз. Қазіргі кезеңдегі шығармаларды ой елегінен өткізе отырып, тілдік қолданыстар туралы не айтар едіңіз?
– Бұл, яғни, көркем тілдің біртіндеп қарапайымданып қана емес, қарабайырланып бара жатуы – қаламгерлердің ғана емес, тұтас қазақтың қасіреті. Өйткені бұрынғы ақын-жазушыларымыз (елуден асқан менің қатарымдағы қаламгерлерді де қосқанда) «Мұңлық-Зарлықты», «Қобыландыны», «Алпамысты», «Рүстем-Дастанды», «Тарғынды» оқып өсті. Ата-әжелерімізге дауыстап, мақамдап оқып беріп жарысатынбыз. Содан ба, әйтеуір түпсанамызға сіңіп, жадымызға тұтылды. Тіл қалыптасты. Ал қазіргі жастардың бәрі демеймін, көбі осы жауһарлардан мақұрым өскендей көрінеді. Сөзден сүрінетіні де сол.
Мәселен, Рахымжан Отарбаев қазақ тілінің бар шұрайы мен шырайын артық ағызып-тамызбай да, кем ғып қақтап-қаңсытпай да, орын-орнымен, жөн-жосығымен мүлтіксіз қолданады ғой. Сөздік қорының, тіл байлығының көл-көсірлігі, сюжет сыпат­таудағы, образ жасаудағы көркемдік шеберлігі таңдай қақтыратыны сонша, оның шығармасын оқығаннан кейін кейбір басқа кітаптарға көңілім шаппай, қоңылтақсып қаламын. Былайғы жұрт жадағай шолып, жалаң баяндаумен шектелетін тұстарды, асығыс айтып, жай сөзбен судыратып өте шығатын көріністерді ол басқаша кестелейді, қазақы нақышпен әдіптеп, сөзбен сурет салады. Ол кісінің жазуында пойыз күншығысқа бет түземейді, «…қайыстай созылып күнге маңдай төсейді» («Атырау-Алматы пойызы»), күн батып бара жатпайды, «батысқа еңбектей жығылады» («Жасырынбақ»), ауыл теңіз жағасына қоныс теппейді, «теңіз тамағына төніп отырады» («Біздің ауылдың амазонкалары»), үйге кіріп келген кісі жай «малдас құра» салмайды, «екі бұтын құшақтастырып отыра кетеді» («Американың ұлттық байлығы»).
Яғни Рахымжан Отарбаев әбден көз үйреніп, қалам қалыптасып кеткен бейнелеу әдістерінен, сіңісті суреттеулерден, дағдылы сөз тіркестерінен әдейі қашады. Таптаурын тәсілдерден үнемі іргесін аулақ салады. Тың теңеу, соны сипат іздейді. Мұның бәрі – сөз өнерінің киесін ұққан, кепиетін бойына сіңірген, сол кие алдындағы жауапкершілікті «бұлжытпай орындауға тиіс қасиетті борышым» деп санаған көркем әдебиеттің адал құлына ғана тән ұмтылыстар. Соқталы тілдік құнардан гөрі сыпырта баяндап шығуға әуестік жеңіп бара жатқан кейінгі кезеңде Рахымжан аға өзін «табиғаттағы ақ қарға» сезініп қалған да секілді көрінді.
Әдебиетке, өнерге осындай адалдық керек. Мен Р.Отарбаевты сол өз буынының үлгісі ретінде келтіріп отырмын.
Бүгінде жас қана емес, орта буын, тіпті жасамыстау жазушыларымыздың арасында да: «Ең бастысы – сюжетті құра алу, кейіпкерлердің қақтығысын беру, күрделі ой айту, постмодернизм идеяларына бару, ал тіл – соншалықты маңызды фактор емес» деген көзқарас күшейе бастапты. Өздері қазақтың тілін қатырып меңгермеген соң, басқа амал-айлаға көшкендердің шығарып жүргені ме, кім білсін. Тіл маңызды болмаса, жаңағы оқиғасы мен қақтығысын, кейіпкер мінезі мен идеясын өзге тәсілмен – бояумен, сазбен, сахнамен, дауыспен, т.б. беруге тырысса да болар ма еді, яғни өзінің әлі келетін өзге өнер түрінде. Ал әдебиет – сөз өнері. Сөз өнерінде тіл маңызды болмаса, не болғаны?
Қазіргі кей жас қаламгерлердің кітаптарында қате қаптап жүреді. Әріп қатесі емес! Оған түбі көндігіп тынатын түріміз бар ғой. Қазақ сөзін дұрыс қолдана алмау – өте көп, халықаралық сөздердің, қарапайым ғана ғылыми терминдердің қалай берілетінін білмеу (білмесе неменеге қосады екен) – тіптен масқара «деңгейде», тіпті жай ғана күнделікті ауызекі қолданылып жүрген «жабайы жаргон сөздердің» жазылуынан да қара басып алжасады да жатады.
Өйткені, біріншіден, біздің баспалардың көбі баяғы әдеби редактордың көмегінен ада-күде құтылды, керек етпеуге көшті. Екіншіден, жасыратыны жоқ, көптеген жазушыларымыздың өзінде өре төмен, сауат аз. Бұл екінші кемшілікті байғұс корректорларға жаба салу – бейшаралықтан басқа түк те емес.
Бір-екі сондай кемшілікті ескертіп жазып едім (мен ол жазғандарымды сын деп емес, дәл осылай – жай ғана ескертпелер деп есептеймін, ал авторлар өздері «ойбай, маған қарсы әдеби сын жазылды» деп әбігер боп жүр, «қара пиар – ол да пиар»), «ондай-ондай ханның қызында да болмай ма, бастысы, шығарма шындығы!» деген секілді ескі әуендерін қайталай бастады.
«Көркем туындыдағы стилистикалық қателер – нейлон көйлектегі бит тәрізді» дейді Василий Шукшин. Онда мынаны анықтап алайық: бізге керегі қайсысы – 1) өңірінде биті өріп, сіркесі тайып жығылып жүрген сатал-сатал нейлок көйлек пе? 2) әлде биттен әбден тазартылып, жұтынып, жайнап тұрған әсем нейлон көйлек пе?
Енді… әркім өзіне ұнайтынын таңдар.
– Көрнекті жазушы Төлен Әбдік сіздің шығармашылығыңызға: «Сәкен Сыбанбайдың өмірге, әдебиетке деген көзқарасы – тап бүгінгі заманның көзқарасы. Жазушыларымыз бүгінгі уақыттың адамы бола білгені дұрыс», – деп баға берген болатын. Расымен, қай туындыңызда болсын, қазіргі уақыттың көріністері, шындығы мен шырғалаңы, ақиқаты бейнеленген. Мақсатты түрде бүгінгі заман жайлы жазғыңыз келе ме, жалпы, шығармашылықта уақыт, заман қандай маңызға ие?
– Өз заманымыздың үнін, дәуір тынысын, осы уақыттағы адам жанының қайшылықтарын қазір беруге тырысқан жөн деп ойлайтыным рас. Ұстанымым сондай. 2000-жылдар бедерінде болып жатқан ситуацияларды, адамның дүниетанымындағы, мінезіндегі өзгерістерді, ішкі арпалыстарды жетпіс жылдан кейін жазсаң, қанша оқырман қызығуы мүмкін? Мәңгілік дүние тудырсаң, әрине, оқыр. Бірақ екінің бірінің жауһар жасай береріне кім кепілдік бере алады.
Қайсыбір жазушыларымыз 80-жылдардағы жастық шағының кей бояуларын осы кезеңге алып келіп, қиюластыруға тырысады. Онысы үйлесе бермейді. Қырық жыл бұрынғы қазақ пен бүгінгі қазақтың мінезінің арасындағы алшақтық ұзап кетті ғой. Баяғыда бақшалық арқылы, әлжуаз арықтан аттай салып, көрші үйдің ауласына кіріп, қарнымыз ашса, сол үйден ас жеп, одан арғы әулетке өтіп кете беретінбіз. Шешеміз шарқ ұрып іздеп, шақырып алғанша. Қазіргі ауылда жұрттың көбі Қытай қорғанын тұрғызып алған. Кіре алмайсың. Қоңырау шалып, рұқсат сұрап, әрең өтесің. Қалада да сол. Әлдебір қылмыс жасап қойып, полициядан қашып-пысып жүргендей, түрлі код, қалың шифр қойып тастаған. Тіпті туған бауырыңның үйінің есігін баяғыша теуіп ашып, жайраңдап кіріп бара алмайсың. Бүгінгі қала қазағы мен ауыл қазағының арасында аса айырмашылық та жоқ.
Мұның бәрін жаман дей алмаймын, тіпті әбден дұрыс та болуы мүмкін, ұлт осылай тұтастануы да керек шығар, бірақ осындай қазақ қалыбындағы, ұлт тіршілігіндегі, адам санасындағы өзгерістерді осы кезеңнің өзінде зерттеген жөн деп санаймын.
– Сіздің өз шығармаларыңызға сын айтылды ма?
– Айтылды. Жазған кісінің аты-жөнін атамай-ақ қояйын, өйткені ол кісі қазір өмірде жоқ. «Мұңлық» деген әңгімемді сынапты. «Сынапты» дегенде… Мен аз-кем өз пікірімді білдіре жүретін (кәсіби әдеби сын болмаса да) адам ретінде өзгенің маған айтқан сынын да қабылдай алуым керек қой деп ойлаймын. Соған дайын болуға да тырысамын. Бірақ сыншы, тіпті сыншы емес, мен сияқты қарапайым журналист-ақ бола қойсын, шығармамның өзім аңғармаған кемшілігін көрсетіп, оны маған нақты дәлелдей алса.
Ал әлгі кісінің жазғанын мүлде сын деуге келмейді.
«Мұңлықта» мынадай тұс бар: «Жорғасынан жаңылмай жүйткіп келе жатқан көлігіміз көп ұзамай жүрісін күрт баяулатты да, солға бұрылды. Ернеуін қамыс-құрақ басқан өзеншені жағалай тағы біршама жүрген соң, мыңға тарта шақырымды артқа тастап, алыс жолдан жеткен біз діттеген ауылымызға келіп кірдік».
Сондағы «сыншының» маған – яғни авторға қоятын сұрағы: «Бұлар ауылға қандай көлікпен келген? Жазушы неге нақтылап көрсетпеген?».
Апыр-ай, осы ма еді сыншының жұмысы? «Өзеншені жағалай жүретін» көлік – өлгенде трактор болар, экскаватор болар, мотоцикл, құрығанда ат-арба, тіпті есек болар. Дегенмен… «мыңға тарта шақырымды артқа тастап…», арып-ашып жеткеніне қарағанда, олар емес-ау. Осы өзін қатты алаңдатқан көлігі түскірдің айырплан емес, автомобиль екенін айыруға әлі жетпейтін адамның біреуді сынауға хақы бар ма?
Құдды Тұрсынжан Шапайдың «Әдеби айтысындағы» үш мысалдың төртіншісі болуға сұранып тұрған «сын».
Тек бұл емес, әңгіменің тағы бірнеше жеріне «сын садағын аямай сұққан». Нобайы – осы шамалас.
Осы мақаланы оқып алған бір жүрегі нәзік ізгі ниетті інілерім аяқ астынан ашуға булығып, маған хабарлассын: «Ойбай-ау, сізді сойып жатыр ана жақта! Аузын буған өгіздей болмай, бірдеңе десеңізші!». «Неге бірдеңе деуім керек?» деймін таңғалып. «Енді… енді оның айтып тұрғаны сын емес, былжырақ қой!». «Дұрыс, сын емес, былжырақ. Ал сын емес, былжыраққа жауап беруде не мән бар?». Ізгі ниетті інілерім іркіліп қалды. Солардың ойланғанына да қуандым.
Ал бізде қазір: «Туындыңыздың бас жағындағы «хикаят» деген сөздің соңындағы «т» әрпі түсіп қалыпты», – десең де, басыңа хикмет тілеп алу – қалыпты жағдай.

Спектакльде жазушылық тәсіл рөл ойнамайды екен

– Жан-жақтысыз. Кино хақында, спорт түрлерінің де, сахна саңлақтары мен қоғамдағы түрлі ахуалдың да мән-мазмұнын жетік біліп қана қоймай, оны халықтың да терең түйсінуіне жол ашып келесіз. Осындай көп қырлылығыңыздың сыры неде?
– Спортқа елдің бәрі қызығады ғой. Мен тек «жанкүйерлік» түрімен ғана «айныласамын». 1984 жылы Несіп Жүнісбайұлының «Футболмен тыныстаған Испания» деген кітабы шықты. Әлем чемпионатына «Лениншіл жастың» атынан барып, ойындарды өз көзімен көріп, сол елді толық аралап шығып, футбол тойын ғана емес, испан халқының салт-дәстүрін, болмыс-бітімін суреттеген керемет кітап. Тіпті кітап оқымайды деген балалардың өзі менің қызықтыруыммен сұрап алып, әлгі кітаптың түте-түтесін шығарып, жабыла оқыды. «Бұл да автордың бақыты шығар» деп ойлаймын осы күні… Содан кейін Сейдахмет Бердіқұловтың кітаптарына қолым жетті. Олар, әрине, бұрынырақ шыққан. «Осы кісілер секілді журналист болсам, олимпиадаға, әлем чемпионаттарына барып, ойындарды, жарыс өткен елді өз көзіммен көріп, соны әсерлі етіп жазсам» деп армандай бастадым. «Ол үшін не істеу керек?» деп ойланамын. Сұрастырсам, ол үшін Алматыға барып, ҚазҰУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсу, мақала жазу керек екен. Солай қызығушылық басталып кетті. Футбол, спорт туралы жазып жүретінім сол.
Кино өнеріне де солай бала кезден қызықтым. Фильм де, кез келген көркем туынды секілді, өмірдің, қоғамның, адам мінездерінің айнасы ғой. Соны шебер аша білген ескі фильмдерге әуеспін. Қазіргі жаңа туындылардың бәріне бірдей қызыға бермеймін. 90-жылдары қазақша білетін, қазақтың жанын ұғатын режиссер аз болды. Жартылай орысша, жартылай қазақша фильмдер қаптап кетті. Бүгінде, Құдайға шүкір, Мұрат Есжан қатарлы қазақы режиссерлер шығып жатыр.
– Осы жылы алғашқы драмалық туындыңыз сахналанып, үш күн қатарынан аншлагпен өтті. Бұл жанрға қалай қадам бастыңыз? «Балам, қашан келесің?» сахналық шығармаңызды жазу барысында қандай күй кештіңіз? Бұл жанрдың ерекшелігі қандай екен?
– Бұл пьесаны жазуға түрткі болған – қазіргі мықты режиссерлердің бірі Жұлдызбек Жұманбай (2025 жылдың ең үздік театр режиссері атанды). 2022 жылы мен шығармашылық кеш жасадым. Бекзат Смадияр деген ақын, режиссер інім: «Аға, әңгімелеріңіздің бірінен шағын қойылым жасасақ қайтеді?» – деп ақыл салды. Жұлдызбекті ертіп кеп таныстырды. «Ғаламтордағы махаббат» деген прозалық жинағымды бердім Жұлдызбекке.
Екі күннен соң келіп тұр:
– «Үміт үйі» әңгімеңіз бен «Рамазан мен Жұлдызай» повесіңіз ұнады, сахнаға икемдеуге болады екен. Уақыт тығыз, бұл жолы «Үміт үйінен» шағын көрініс жасайық, кейін бұл тақырыпқа қайтып оралармыз, иә? Жалпы, алдағы уақытта үлкен спектакль жасауға болады, – деді.
«Балам, қашан келесің?..» пьесасының түпнұсқасы – «Үміт үйі» деген әңгіме сол. 8-9 жыл бұрын жазылған еді. Бірақ пьеса әңгіменің желісі бойынша жазылғанымен, мүлде басқа шығармаға айналды. Әңгімеде жоқ кейіпкерлер қостым, жаңа диалогтар, тыңнан алты бірдей монолог жазып шықтым. Алты кемпір-шал. Алты түрлі тағдыр. Әрқайсысын жазып отырып, бір-бір жылап алдым. Өйткені пьесада, спектакльде жазушылық тәсіл рөл ойнамайды екен. Сен әрі көрермен, әрі режиссер, әрі актер боп отырып жазуың керек екен. Кейіпкер қай жақтан шығады, қалай сөйлейді, қай сөзге акцент береді, ол ана сөзді орнынан атып тұрып айта ма, әлде жай мойнын бұрып, елеусіздеу жеткізе салуы керек пе?
Пьесаны жазу барысында әңгімемен шектеліп қалмау керек екенін ұқтым. Авторлық баяндау тәсілімен бере салатын әдіс сахнаға өтпейді. Міндетті түрде екі немесе одан да көп кейіпкердің диалогы, айтысуы, шарпысуы… әйтеуір сөз қақтығысы мен мінез қақтығысы, шиеленіс қажет. Сахнада алты актер отырып, оның екеуі ғана сөйлесіп, төртеуі тымырайып отыруы керек пе? Жоқ, әрине. Бәрі шарпысып жатуы шарт. Жаңа диалог, жаңа қақтығыстар сол қажеттіліктен өрбіді.
Пьесаны жазу барысында өзімді театрдың қақ ортасында, жалғыз өзім спектакль көріп отырғандай елестетіп жаздым. Қалай көремін эпизодты, солай бердім. Анау алты тағдырдың әрқайсысын жүрегіңнен өткізіп, сезініп жазбасаң, әсерсіз болады. Мен тіпті дауыстап, өзімше актерларша ойнап, дауыс құбылтып, интонация іздеп, айғайлап сөйлеп отырып жаздым. Сырттан қараған адамға жынды боп көрінуің түк емес. Әжем тірі болса, «піссімілдә» деші дейтіндей. Сөздер, оқиғалар, айтыс-тартыс – бәрі барынша шынайы шықса дегеннен туған әрекеттер ғой.
– Туындыларыңызда кейіпкерлеріңіздің психологиялық күйін терең суреттейсіз. Жалпы, шығармаңыздың желісін, әр болмыс иесінің кейпін әуелі ойша образдап жасап аласыз ба, әлде жазу барысында сомдала ма?
– Бәрін алдын ала басымда пісіріп аламын. Бастау, ширықтыру, шарықтау, түйін, тіпті кейіп­керлердің кей сөздеріне дейін ойымда пісіріп алмай, жазу үстеліне отыра алмайтын «дертім» бар. Дегенмен кейде жазу үстінде өзгеретін оқиға, қосылатын қисын, ойға келетін диалогтар болады. Бірақ идея әу баста мида піскен күйі өзгермейді.
«Рамазан мен Жұлдызай» хикаятының финалын көп уақыт бойы шеше алмай жүрдім. Ақырында қос ғашық өлуі керек деп шештім. Бірақ оқырманға ой қалдырғым келді: екеуінің қалай қаза тапқанын жұмбақтадым. Біреулер ойлайды, «Рамазан мен Жұлдызай әке-шешелеріне ызаланып суицид жасады» деп. Екінші біреулер «кездейсоқ жол апаты» деп санайды. Әркімнің өзінше ой қорытқаны жөн.
– Жазушы ретінде сізді қандай образдар қызықтырады?
– Әже, ана, әйел бейнелеріне үйірмін. Алты қыздың ортасында өстім. Үндінің бір ойшылының сөзі бар: «Біздің ұлтты сари сақтап қалды ғой» дейтін. Үнді әйелінің ұлттық киімін айтады. Сол секілді, қазақтың қазақы қалпын сақтап қалуда әже, ана, әйелдердің маңызы ерекше болды. Сондай аяулы бейнелер, адам елжіретер қызық мінездерді сомдағым келеді.
Сосын философияға қызығамын. Ұлттық аударма бюросында жұмыс істеген жылдары Батыстың да, Шығыстың да философиясына үңілуге тырыстым. Төлен Әбдіктің шығармаларындағы ойлы түйіндерге қызықтым. «Ғаламтордағы махаббат» деген әңгімем бар. Телефон мен компьютерге қадалып, ақыры адаммен сөйлесуден қалған бала туралы. Соның жалғасы да жазылып жатыр. Әрине, техниканы, технологияны, оның адам өміріне көл-көсір пайдасын жоққа шығармаймын. Бірақ бұл – сол «виртуал әлемге тәуелділік» деген тақырыпты одан әрі тереңдеп қазуға талпынысы бар шығарма деп отырмын. Ол – «біздің осы телефон-гаджет деген әлемге арбалуымыздың түбі нендей апатқа апарып соғуы мүмкін?» деген сауалға жауап іздеу… Апат дегенде – техногендік, ядролық апат емес қой, адамды өзінің табиғи арнасынан, арқауынан адастырып, робот тектес бір тіршілік иесіне айналдырып алмаймыз ба деген өзгеше алаң, жандүниенің, болмыстың апаты. «Осы техника, технология жетістіктерінің барлығы да адамның ойлануы арқылы пайда болды… Енді неге осы адам баласының ойлануы арқылы жасалған игіліктер қазір адамды ойландырудан айыр­ып бара жатыр?» деген мәселе сырына үңілу.
– Әңгімеңізге көп рақмет!

             Сұхбаттасқан Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІРЛЕР2
Аноним 03.11.2026 | 23:06

Ұғына білген оқырманға терең ой салатын, «ардың ісіне» араласқан қаламгерді қамшылайтын сүбелі сұхбат екен!
Тоқ етері, қазіргі қазақ әдебиетінің көркемдік деңгейін көтеруге, шынайы шығармалардың ұлттық бояуын ұмытпауға, адами құндылықтарды ұлықтауға үндейтін парасатты пікірлері мен даналық пайымдаулары үшін «әмбебап» Сәкен Сыбанбайдың қаламгерлік қарым-қабілеті мен жазушылық жауапкершілігіне тәнті болдым!

Аноним 03.11.2026 | 23:47

Ұғына білген оқырманға терең ой салатын, «ардың ісіне» араласқан қаламгерді қамшылайтын сүбелі сұхбат екен!
Тоқ етері, қазіргі қазақ әдебиетінің көркемдік деңгейін көтеруге, шынайы шығармалардың ұлттық бояуын ұмытпауға, адами құндылықтарды ұлықтауға үндейтін парасатты пікірлері мен даналық пайымдаулары үшін «әмбебап» тұлға — Сәкен Сыбанбайдың қаламгерлік қарым-қабілеті мен жазушылық жауапкершілігіне тәнті болдым!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір