«КӨРКЕМ СӨЗДІҢ БАҒБАНЫ, КӨРКЕМ ОЙДЫҢ АБАДАНЫ»
09.06.2025
73
0

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының және Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен көрнекті жазушы, сыншы, драматург, аудармашы Қалихан Ысқақтың 90 жылдығына арналған «Көркем сөздің бағбаны, көркем ойдың абаданы» атты дөңгелек үстел өтті.

Шараны Қазақстан Жазушылар одағы­ның Басқарма төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы ашып беріп, қаламгердің қазақ әдебиетіне сіңірген ерен еңбегі туралы естелік айтты. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан «Қалихан Ысқақ сөзі­нің сазы» атты мазмұнды баяндама жасап, жазушы тіліндегі ауызша сөз үлгілері мен тілдік табиғатқа тән ерекшеліктерді ғылы­ми-лингвистикалық тұрғыдан саралады.
Қазақстанның халық жазушысы Ахметжан Ашири Қалихан шығармаларының күллі түркі әлеміне ортақ рухани мұра екенін атап өтті. Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов та өз сөзінде Қалихан Ысқақ туралы жылы естеліктерімен бөлісіп, қаламгерлік келбетіне жан-жақты тоқталып өтті.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Құралай Күдеринова «Қалихан Ысқақ: мінез бен стиль» тақырыбында, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері, ф.ғ.к. Жанар Жұмабаева «Қазақ ауызша сөзіндегі ерін үндесімі» тақырыбында, институттың кіші ғылыми қызметкерлері Қымбат Слямбек «Қалихан Ысқақ әңгімелері негізінде қазақ тілінің дәстүрлі сөзсаптамының грамматикалық белгілері» және Ұлбану Кемелхан «60–90-жылдардағы қазақ орфоэпиясы» тақырыптарында баяндама жасады.
Жазушының шығармашылық даралығы мен тілдік-стильдік айшықтарына тоқталған баяндамалардан кейін Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ақұштап Бақтыгереева Қалихан Ысқақ мұрасын қазіргі заманда оқырманмен қайта табыстыру қажеттігіне назар аударып, оның туындыларынан бүгінгі ұрпақтың алатын тағылымы туралы ой қозғады. Сөз соңында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Сейфолла Оспанов сөз сөйлеп, жазушы мұрасының әдебиет пен ұлттық дүниетанымдағы маңызына тоқталды.
Қалихан Ысқақтың бай шығармашылық мұрасын жаңа қырынан тануға бағытталған бұл ғылыми-рухани шара – қаламгер еңбегіне деген құрмет пен тағзымның айғағы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір