ӨНЕР ЖӘНЕ ЖАУАПКЕРШІЛІК: театр қоғамды өзгерте ала ма?
Театр адамды тәрбиелеуі керек пе, әлде ойландыруы керек пе? Киноның міндеті көрермен жинап, табыс табу ғана ма? Ал өнердің қоғамдық тәртіп пен азаматтық жауапкершілікке қандай қатысы бар? Атырауда белгілі өнер қайраткерлерінің қатысуымен өткен кездесу осы сауалдардың төңірегінде өрбіді. Әңгіме сахна мен экранның ғана емес, қоғамның бүгінгі рухани сұранысының жайына ойысты.

Атырауда «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Қазақ қоғамындағы кино мен театрдың рөлі» атты рухани-танымдық кездесу өтті. Махамбет атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры басшысының шаруашылық және көрермендермен байланыс жөніндегі орынбасары Архат Мухамажитовтың ұйытқы болуымен ұйымдастырылған жиынға Қазақстанның халық артистері Бахтияр Қожа мен Дулыға Ақмолда, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Асхат Маемиров пен Еркебұлан Дайыров, сондай-ақ облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Аманжол Жұмалиев қатысты.
Кездесудің басты мақсаты – жастардың өнерге қызығушылығын арттырумен қатар, азаматтық жауапкершілік, қоғамдық тәртіп, салауатты өмір салты және ұлттық құндылықтар туралы түсінігін кеңейту. Алайда басқосудағы әңгіме тек тәрбие мәселесімен шектелмей, қазіргі қазақ киносының шығармашылық бағыты, көрермен талғамы мен коммерциялық мүдде төңірегінде де өрбіді.
Кездесуде Қазақстанның халық артисі Бахтияр Қожа өнердің тәрбиелік міндетіне қатысты маңызды пікір білдірді. «Өнер адамдарының міндеті – халыққа ақыл айтып, уағыз жүргізу емес». Актердің пайымынша, театр мен кино көрерменге дайын ақиқатты ұсынып, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін тікелей үйретуді мақсат етпейді. Өнердің міндеті – кейіпкерлердің тағдыры мен іс-әрекеті арқылы өмір шындығын бейнелеу, адамды ойландыру. Бұл пікір өнердің қоғамдық қызметіне өзгеше қырынан қарауға мүмкіндік береді. Шынында, сахнадағы кейіпкер міндетті түрде өнегелі болуы керек пе? Әлде оның қателігі, қайшылығы, ар алдындағы күресі көрерменге әлдеқайда терең әсер ете ме?
Әлем әдебиеті мен драматургиясының тарихына үңілсек, ең әсерлі шығармалардың көпшілігі адам мінезінің күрделілігін ашуға құрылған. Достоевскийдің Раскольниковы да, Шекспирдің Гамлеті де көрерменге дайын мораль ұсынбайды. Олар адамды таңдау, жауапкершілік, ар-ождан мәселелерімен бетпе-бет қалдырады. Қазақ драматургиясында да мұндай мысалдар жеткілікті. Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясында жеке адамның еркіндігі мен қоғамдық түсініктердің қайшылығы көрініс табады. Бұл шығарма бүгінгі көрерменді де әділдік, дәстүр және адам тағдыры туралы ойландыруы мүмкін. Демек, өнердің тәрбиелік ықпалы оның тікелей насихат жүргізуінде емес, адамның ішкі дүниесіне әсер ете алуында.
Кездесудің тағы бір маңызды тұсы – қазіргі қазақ киносының даму бағыты туралы пікірталас. Көрермендер кино өндірісіндегі коммерциялық мүдде, комедия жанрының кең таралуы, көркемдік сапа және шығармашылық еркіндік мәселелерін көтерді. Бұл – бүгінгі отандық кино үшін өзекті тақырып.
Соңғы жылдары қазақстандық кинематографияда көпшілік көрерменге арналған коммерциялық фильмдердің орны айқындала түсті. Киноның табыс әкелуі, әрине, оның көркемдік құндылығы төмен дегенді білдірмейді. Бірақ кассалық табыс пен көркемдік сапа әрдайым бір өлшем емес.
Кездесуде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еркебұлан Дайыров киноның тақырыптық бағыты мен көркемдік болмысына продюсер мен режиссердің ұстанымы айтарлықтай ықпал ететінін атап өтті. Оның пікірінше, кино тек көрермен сұранысын қанағаттандырып, табыс табумен шектелмей, ұлттық құндылықтарды танытып, қоғамның рухани қажеттілігіне де жауап беруі керек. Актер шығармашылық мақсат пен қаржылық мүдденің арасындағы үйлесімді сақтаудың маңызын қозғады.
Шынында, кино өндірісі қомақты қаражатты талап етеді. Продюсер салған инвестициясының қайтарымын ойлайды. Режиссер көркемдік шешім іздейді. Ал көрермен қызықты оқиға мен сапалы туынды күтеді. Осы үш мүдденің үйлесуі оңай емес. Дегенмен киноның мүмкіндігін тек кассалық көрсеткішпен бағалау оның мәдени ықпалын назардан тыс қалдырады. Бір фильм көп табыс әкелуі мүмкін, бірақ көрермен жадында ұзақ сақталмауы ықтимал. Ал басқа туынды алғашқыда кең аудитория жинамаса да, уақыт өте қоғам үшін маңызды мәдени құбылысқа айналуы мүмкін. Сондықтан қазақ киносына тек жанрлық әртүрлілік емес, тақырыптық батылдық, сенімді сценарий және адам болмысын терең бейнелейтін шығармалар қажет.
Кездесудің «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында ұйымдастырылуы да кездейсоқ емес. Өйткені құқықтық мәдениет тек заң талаптарын білумен шектелмейді. Ол адамның өз әрекетінің салдарын түсінуіне, өзгенің құқығын құрметтеуіне, қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінуіне де байланысты. Өнер осы құндылықтарды көркемдік тәсілдер арқылы жеткізе алады. Мәселен, қылмыс туралы фильм міндетті түрде құқықтық тәрбие беретін шығарма бола бермейді. Оның тәрбиелік ықпалы оқиғаның қалай баяндалғанына, кейіпкер әрекетінің себептері мен салдары қаншалықты ашылғанына байланысты. Кейде жағымсыз кейіпкердің тағдыры арқылы адам жауапкершілігінің мәнін әлдеқайда терең түсінуге болады. Бұл жерде өнердің міндеті заңның орнын басу емес. Ол адамға заң талаптарының ар жағында тұрған адамдық құндылықтарды сезіндіруге мүмкіндік береді. Әсіресе жастар тәрбиесінде осы айырмашылықты ескерген маңызды. Жасөспірімге ненің зиянды екенін қайта-қайта айту бір басқа, ал сол әрекеттің адам өміріне, отбасы мен қоғамға тигізетін зардабын шынайы көркем шығарма арқылы көрсету – басқа мәселе.
Сондықтан жастарды нашақорлықтан, зиянды әдеттерден сақтандыру, қоғамдық тәртіпке құрметпен қарауға тәрбиелеу ісінде кино мен театрдың мүмкіндігін пайдалануға болады. Бірақ мұндай шығармалар көркемдік сенімділігін жоғалтпауы тиіс.
Кездесуде ұлттық тарихты кино арқылы таныту, қоғамдағы өзгерістер мен адам мінезінің күрделі қырларын бейнелеу мәселелері де қозғалды. Бұл тақырыптың патриоттық тәрбиемен байланысы тікелей. Өз елінің тарихын білу, мәдени мұрасын тану, тарихи тұлғалардың өмірі мен еңбегін түсіну адамның туған жерге деген құрметін қалыптастыруға ықпал етеді. Алайда тарихи фильмнің құндылығы тек өткен дәуірді әдемі көрсетуімен өлшенбейді. Тарихи шындықты көркемдік тұрғыдан нанымды жеткізу, сол заман адамдарының дүниетанымы мен қайшылықтарын ашу да маңызды.
Өткен тарихты тек жеңістер мен ерліктер тізбегі ретінде көрсету оның күрделі табиғатын толық таныта алмайды. Ал тарихи оқиғаларға сындарлы көзқараспен қарайтын, тұлғалардың адамдық болмысын ашатын шығармалар көрерменге өткенді тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл — ұлттық тарихқа деген құрметті азайту емес, керісінше, оны саналы түрде танудың жолы.
Атыраудағы жүздесуде Дулыға Ақмолда мен Асхат Маемиров та өнердің қоғамдағы орны және шығармашылық жауапкершілік жөнінде пікірлерімен бөлісті. Көрермендердің ашық сұрақ қойып, киноның бүгінгі жай-күйін талқылауы басқосудың пікір алмасу сипатын айқындады. Мұндай кездесулердің құндылығы белгілі актерлермен жүздесуде ғана емес. Олар жастардың өнерге деген көзқарасын кеңейтіп, көркем шығарманы жай тамашалаудан оны түсінуге, талдауға жетелей алады. Театр мен киноны тәрбие құралы ретінде қарастыру олардың көркемдік табиғатын екінші орынға ысыру деген сөз емес. Керісінше, сапалы өнер адамның ішкі дүниесіне әсер ете отырып, оның қоғамға деген көзқарасын өзгертуі мүмкін.
Бірақ мұндай ықпалды бір спектакль немесе бір кездесудің нәтижесімен өлшеу қиын. Өнердің әсері көбіне уақыт өте байқалады. Көрерменнің жадында қалған бір кейіпкер, бір оқиға немесе бір сұрақ оның өмірлік ұстанымына ықпал етуі ықтимал. Сондықтан өнерді тәрбиенің дайын құралы емес, адамды ойлануға жетелейтін мәдени кеңістік ретінде қабылдаған жөн. Атырауда өткен кездесу де осы ойды алға шығарады.
Театр қоғамды бір күнде өзгерте алмайды. Бірақ ол адамның өзіне, өзгеге және қоғамға қоятын сұрақтарын өзгерте алады. Ал жауапкершілік көбіне сол сұрақтарға жауап іздеуден басталады.
Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА