ЖАСАМПАЗДЫҚҚА БАСТАР ЖОЛ
Жасампаздыққа жол алғашқы қадамдардан басталады. Ұрпақ тәрбиесіне арнаған алғашқы өлеңдерінің бірінде ұлы Абай «Талап, еңбек, терең ой, /Қанағат, рақым, ойлап қой, /Бес асыл іс, көнсеңіз» деп айтқандай, отбасындағы тәрбие, мектеп қабырғасында алған білім мен тәлім-тәрбие негізінде адам баласын жасампаздыққа бастар асыл қасиеттер қалыптасады. Бойына осындай жақсы қасиеттерді сіңірген жасампаз ұрпақ өз идеяларын жүзеге асырудан қорықпайды, өйткені ол қоғамды алға бастайтын, жақсы істерге бағыттайтын жаңа мүмкіндіктерге ашық, өзгерістерге дайын болады.

Еліміздің өркендеуіне өз идеясы, білімі, еңбегі арқылы өзіндік үлес қосар ұрпақ тәрбиесінде атқарылып жатқан мақсатты іс-шаралардың қатарында «Қазақстан Республикасы колледждерінің топ-100 студенті» республикалық байқауы – атап айтарлық нәтижелерімен жалпы орта және арнаулы кәсіптік білім беру саласында кеңінен танылып, көптің қолдауына ие болған игілікті істің бірі. Бұл байқау оқу үлгерімі жоғары, таңдаған кәсібін терең меңгеріп, өз жобаларын жүзеге асыратын және қоғамдық өмірде белсенділік танытатын студенттерді анықтауға бағытталған. Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрды: алдымен колледждер арасында өткізіліп, кейін республикалық деңгейде қорытындыланды. Таяуда аяқталған осы республикалық байқаудың қорытындысында Қарағанды облысынан алты студент жеңімпаз атанды. Олардың қатарында джиу-джитсудан әлем чемпионы, өнеркәсіптік газдарды тазарту жобасын әзірлеген болашақ металлург және көру қабілеті бұзылған балаларға арналған жобаның авторлары, атап айтқанда, Айдана Ақмағанбетова, Ілияс Балтағазы, Ахмад Кәрібеков, Бүркіт Олжабай, Сергей Спиридопуло, Әли Әбіловтер бар.
Олардың әрқайсысының жетістікке жету жолы өзінше ерекше. Мәселен, Bolashaq Қарағанды жоғары колледжінің үшінші курс студенті Ілияс Балтағазы оқуды кәсіби спортпен қатар алып жүр. Джиу-джитсудан спорт шеберіне үміткер атанған ол бірнеше рет әлем чемпионы болып, Азия және Орталық Азия чемпионаттарында топ жарып, жүлделі орындарға ие болған. Сондай-ақ спортшының қоржынында беделді Abu Dhabi Grand Slam турнирінің күміс және Бахрейнде өткен Азия жастар ойындарының қола медальдары бар. Биыл ол Қырғызстанда өткен AJP Tour өңірлік турнирінде алтын, ал Әбу-Дабиде ұйымдастырылған Азия чемпионатында қола медаль жеңіп алды. Ілияс дене шынықтыру пәнінің мұғалім-жаттықтырушысы мамандығы бойынша білім алуда. Жетекшісі – Анар Сәбитова.
Ал теміртаулық Сергей Спиридопуло инженерлік мамандықты меңгерумен қатар, ғылыми ізденіс барысында қазақстандық қара металлургияның орталығы болып саналатын өңірде өндірісті экологиялық тұрғыдан таза ету жолдарын ойластырып, кәсіпорындардан шығатын газдарды тазарту жүйесінің 3D-моделін әзірледі. Бұл ауыр индустрия кәсіпорындары шоғырланған өндірісті өңірде ауаның ластану деңгейін төмендетуге әсер етіп, экологиялық жағдайдың жақсаруына ықпал етеді. Биыл Сергей «Металлургия» құзыреттілігі бойынша халықаралық чемпион атанып, республикалық олимпиадалардың жеңімпазы болды. Жетекшісі – Мақпал Баймендинова.
Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінде педагог мамандығы бойынша білім алып жүрген Бүркіт Олжабай өз болашағын мектеп қабырғасында жеткіншектерге сапалы білім, саналы тәрбие беру ісімен байланыстырады. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің болашақ ұстазы «Абай оқулары» және «Мұқағали оқулары» республикалық байқауларында бас жүлдені иеленген. Сондай-ақ Қанипа Бітібаева атындағы олимпиаданың облыстық кезеңінде жеңімпаз атанып, республикалық кезеңде I дәрежелі дипломмен марапатталған. Оқуын аяқтаған соң Бүркіт Қарағандыдағы Абай Құнанбаев атындағы №104 мектеп-гимназиясында еңбек жолын бастай алады. Жетекшісі – Әлия Қасымова.
Bolashaq Қарағанды жоғары колледжінің студенті Айдана Ақмағанбетова да болашағын педагогика саласымен байланыстырмақ. Ол бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша білім алуда. Болашақ педагогтерге арналған облыстық байқауларда бұған дейін де жеңіске жеткен Bolashaq колледжінің студенті «Қазақстан Республикасы колледждерінің топ-100 студенті» байқауына «Саусақ ұшындағы Қазақстан» жобасын ұсынды. Бұл – көру қабілеті бұзылған балаларға туған елінің тарихы мен ерекшеліктерін танып-білуге көмектесетін тактильді макет. Жетекшісі – Әйгерім Бейсенова.
Ал IT саласының маманы болуды таңдаған IT&Business Қарағанды колледжінің студенті Ахмад Кәрібеков мамандықты меңгерумен қатар, өзінің шығармашылық қабілетін де дамытып келеді. Ахмал WorldSkills өңірлік чемпионатында бейнемонтаж құзыреттілігі бойынша жеңімпаз атанған. Сондай-ақ Qaragandy StudentFest фестиваліне қатысқан IT&Business колледжінің студенті жүргізушілер байқауында үшінші орын алып, «Экоквиз» сайысында жеңіске жеткен. Сонымен қатар ол облыстық дебат турнирінде жүлдегер атанды. Жетекшісі – Нұрасыл Нұрланов.
«Қазақмыс» корпорациясының политехникалық колледжінде оқитын Әли Әбілов болашақ мамандығын меңгеруді білім ордасындағы қоғамдық қызметпен ұштастырып жүр. Ол «Қазақмыс» корпорациясының политехникалық колледжіндегі студенттік парламентті басқарады. Болашақ электрмеханик зияткерлік сайыстарда да жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Әли тарих пәнінен өткен республикалық олимпиадада бірінші орын алса, «Кітап оқитын колледж» облыстық байқауында да жеңісті болды. Сондай-ақ оның жетістіктері қатарында халықаралық ғылыми конференцияның жүлдегері атанғанын айта кеткен жөн. Жетекшісі – Нұржан Бектаев.
Байқаудың бірнеше іріктеу кезеңінен өтіп, жеңімпаз атанған қарағандылық студенттердің таңдаған мамандығы бойынша адал еңбек етіп, еліміздің өркендеуі жолындағы жасампаз істерге қомақты үлес қосар азамат болып қалыптасарына сенім мол.