Ерлерім аман болсыншы ел бастар адал…
06.12.2025
64
0

Әсет АМАНЖОЛОВ

РУХТЫ АҢСАУ
(Сәкенге арнау)

Бүгін түсіме енді:
АҚБОЗ аттың кісінегені,
Шырқырап шыққан дауысы.
Түйсігімді тінтіп,
Жүрегімнің ішіне енді.

Арғымағым-ай,
Неліктен қарғыды бұлай?!
Құйындай ұшып,
құйғытып шаппайды неге,
Асау ағынды тау бұлағындай.

Қарадым
әлсіреп секіргеніне.
Соңғы әлін сарқуға бекінгені ме.
Алысқа көзін тастайды қимылсыз қалып,
…асыл тұяғы асаудың кетілгені ме?!

Нұрсыз жанары…
Неліктен мұңды,
Сөгіліп еті көп іске көндіккен сынды.
Дауысын естіп тамырым шымшылайды кеп,
Жалынға төсеп шабытқа еліткен жырды.

Айта алмас,
сауыры желге тілінбейді деп
Тарпаң мінезі асаудың көзге ілінбейді көп
Құйрық-жал қылы сөгілмей, кірпігі семіп,
Дірілдейді кеп…

…шаршады ма екен
Ауасы тар заманда аңсары бөтен.
Әлде…
тау ішін тап-таза дауыспен елткен
ИЕСІН аңсады ма екен…

Қызыл сақа

Ауылымда – мендік рақат бейіште,
Ешкім білмес елден ерек еңісте.
Құлдыраңдап жүретінбіз бала боп,
Бала болып, сәби болып періште.

Сол ауылда кездерімнен ес білген,
Достарыммен асық ойнап өстім мен.
Он кенейге алған қызыл сақаммен,
Жеңілуді білмейтінмін ешкімнен.

Қына бояу қызыл сақам керемет,
Алшысынан тік түсудің шебері ет.
Шиырып кеп атқан кезде дәл тиіп,
Шаттыққа бөлеп жіберетін не керек!

Жеңілгендер келтірсе де сан күдік,
Бәрін ұтып қайтатынмын паң күліп.
Қызыл сақам қызықтырып қолымда
Жүретұғын естен бәрін тандырып.

Мақтанышым сонда менің сақа анық,
Ұтылғанға жүрем түрді қатал ғып.
Кердең бастым бала арманы асыққа
Ауылдағы ең бай бала атанып.

Балалық-ай!

Бала көңіл, балаң шақ,
Асық өмір асықтырды жан аңсап.
Ауылым да қалды қырдың астында,
Асық емес қазір қолда қаламсап.

Қазір ойын шын өмірге жалғасты,
Асық күндер ғашық түнмен алмасты.
Қызыл сақа түскен шақта қолымнан,
Қызылшақа өлең жаздым алғашқы.

Қызық күндер көз алдымда зырлапты,
Уақыттарым көп нәрсені ұрлапты.
Қиялымның сағымына айналған,
Ауылдағы сол бір күндер тым тәтті,

…Мына өмір – туындаған көп сұрақ,
Асықтардың ойынындай боп тұрат.
Бәрін бірдей ұтып алғым келеді,
Әттең, оған қызыл сақам жоқ бірақ…

Өмір

Өмір деген – өлімнің баяулаған процесі
Автор

Уақыт, уақыт…
өліп бара жатырмыз,
күнімізді түнімізбен жұбатып,
көміп қана жатырмыз.
Ажалына
асығады бәзбіреу…
кейде өмір азабына,
төзе алмайтын пақырмыз.
Сіз не дейсіз, Ақын қыз?

Зырылдамай,
тоқта уақыт!.. (тілдеймін)
Өлімдерін кімнің, қалай?
күтетінін білмеймін.
Күресемін
күнде өлмеу үшін мен
Жыр кешемін…
үмітімді өз әлімше үрлеймін.
Кешеуілдеп жүрмейін.

Сабылыс…
Біріміздің артымызда біріміз.
Өлгенімде өлең мені жарып ұш,
жарамайды-ау басқа ертеңге түгіміз.
Алда мың ой,
Өлең мені жетелейді мәңгіге
(арманым ғой)
Бола жатар… жоғалмаса тіліміз,
белгісіздеу күніміз…

Жағалайды неге осы күзде Мұң?!
Сансыз ойлар мазалайды,
Қалса бо-о-олды іздерім.
Кел төрлегін,
Аласұрған шабытым.
Мен өлген күн,
Жарқырасын жырдан соққан күмбезім.
үмітімді үзбедім…

P.S.
Дүниеде қалу үшін дерегі,
Өлеңменен өмір сүріп жатырмыз.
Менің қатты-ы-ы өмір сүргім келеді…
Сіз не дейсіз, Ақын қыз?

Сүю

Сені сүю – бақыт дәмін сезіну,
Ерік беріп, ет-жүрегің езілу.
Бір түн үшін тозағында күл болып,
Күлкің үшін бейіштен де безіну.

Сені көру – қуанышы жанардың,
Құлын тәнге қарай-қарай талармын.
Сендік жүрек – тағдырымның сағаты.
Тағатымды тауысқанша санармын.

Сені өбу – тоқтап қалған бір мезет,
Тоқтай тұру жетіспейді бізге тек.
Сағынышты сезу үшін мендегі,
Сары мұңға батыратын күз керек.

Сені сүю – алқымыңда тұншығу,
Өмір деген ғаламатқа құлшыну.
Түні бойы дегбіріңді қашырып,
Таң атқанда бір әдемі жыр шығу.

Тәтті у

Сағындым дейсің…
Жылауға сәл-сәл аз қалып,
Үніңнен іңкәр саз тамып.
Қамбар-жүректі жібіткен,
Назымнан бетер назданып.

Сүйемін дейсің…
Жанарың нұрдан жанғандай,
Тылсымың тағы бар қандай?!
Хор қызы сенің қасында,
Көлеңкең болып қалғандай.

Аңсадым дейсің…
Суындай тұма тұнықтың,
Ардағым, аппақ қылықтым.
Ләйліні құшып жынданған,
Мәжнүннің жайын шын ұқтым.

Не дейсің жаным тағы да?
Сабыр бер аздап жаныңа.
САҒЫНЫП, СҮЙІП, АҢСАҒАН,
Аңсай да аңсай шаршаған,
Келіп тұр ЖҮРЕК алдыңа…

Шындық

«Шындық қайда?!» деп сұрайсың жас бала!
Жанды ауыртып жас көңілді ластама.
Әп-әдемі деп жүре бер әлемді,
Керегі не басты ауыртып басқаға.

Ізденгенің – жүрегіңнің талабы,
Жанарларың ұшқын атып жанады.
Өтінемін, іздемеші шындықты,
Керек кезде өзі-ақ іздеп табады.

Артық не бар таза, мөлдір арманнан,
Ләззат алып оянудан таңдардан.
Бар ғұмырың қаланғанмен шындықтан,
Іргетасы тұрады екен жалғаннан.

Шындық, шындық…
оны мен де іздегем,
Ол бар екен деп үмітімді үзбегем.
Бар болғаны…
ШЫНДЫҚ деген – ӨМІРДІҢ
Сұмдық ойын ойнауы екен бізбенен.

Ескі үй

Ескірген үй.
Ескі тақтай, бөрене,
Ескі кірпіш, шатыр да жоқ төбеде.
Жылдан жылға еңкіш тартып, мүжілдің
Мойынсұнып уақыт деген төреге.

Қарлығаштың ұясындай бос қалған,
Жоғалдың-ау, өмір деген жоспардан.
Өткен күндер сенде қалды қамалып,
Бізді жаңа арман күтіп, тосты алдан.

Ордадан зор орны бөлек еңселім,
Маңдайыма жазылған бақ, енші едің.
Қалай ғана өшіремін жадымнан,
Қасиетіңнен жаралдым ғой мен сенің.

Сенде алғаш жанарыма нұр сіңді,
Сәби жүрек дүрсіл қағып құлшынды.
Есігіңнен тұңғыш аттап әлемге,
Қабылдадым тағдыр деген тылсымды.

Естеліксің қалған бала кезімнен,
Есіме алсам бауыр етім езілген.
Сенен алғаш ұзап сыртқа шыққанда,
Сағыныштың не екенін сезінгем.

Бала елес әлі ойнап жүр сенде,
Тастап шығып тап болдым ғой мұң-шерге.
Сендегідей жылылықты сезем бе,
Хан сарайды салып алып кірсем де.

Ескі ошақ, ескірген үй – қимасым,
Бүкіл өмір мәні сенде, сыйласым.
Шөге, шөге жоғаларсың түбінде,
Жалған дүние-ай!
Жүрекке жүк, миға сын.

Салбурын

Мен жаралы қасқырмын,
Тағдырымды Тәңіріге тапсырдым.
Кез келгенге бұра бермес кеудемді,
Келмейді енді тексіздерге бастырғым.

Жан-жағымнан анталайды антұрған,
Не қылса да танбадым өз қалпымнан.
Даңқым қайда талай-талай белді асып,
Дақпыртымен дүниені таң қылған.

Даңқым қайда көрінгенде көлеңкем,
Дұшпан жылап, көздің жасын көл еткен.
Абыройым асқақ еді асқардай,
Тұрған жерін төр еткен.

Ол шақ менің заманым ед, заманым,
Бүгін, міне, құрып тұр ғой амалым.
Жұлынымды жұлмаласа өз еркі,
Жамандардың жаламаспын табанын.

Мен осылай жаратылдым әу бастан,
Содан бері жағама жұрт жармасқан.
Келе жатыр мені ішке тықсырып,
Ниетсіздер жең ұшынан жалғасқан.

Біреулерге ұнамады түр-тұлғам,
Біреуге арым биік тұрған құлқыннан.
Тік келуге жетпеген соң шамасы,
Тор құрумен шектеледі сыртымнан.

Еркіндігім ерсі болды біреуге,
Ит тірлікке көнбедің деп мінеуде.
Бөрі текті болмысымнан айырылып,
Көше аламын қалай мысық тілеуге.

Қайтем енді қаша алмастай қамалдым,
Шыныменен түскені ме бағамның.
Тобырлар-ай, айыра алмас арасын,
Жақсы менен жаманның.

Дәрменсіздік,
Ыза буды, санам – сыз,
Өз жарамды өзім қаптым амалсыз.
Ең жаманы осы екен ғой жалғанда,
Қасиетіңнің қалғандығы жарамсыз.

Не қылса да өте шығар өмірім,
Жан емеспін жатқа сыйлар өлімін.
Себебі мен көрінгенге бас имес,
Бөрімін!!!

Мәңгілік ел – мәңгілік мұрат
Түп тегім –Түркі,
тамырын Сақ, Ғұннан алған,
Болмысым –бөрі,
намысым қасқырдан қалған.
Кеудесін керген дұшпанның
талайын басып,
Тізесін бүгіп жұмарлап астыма салғам.

Сол болмыс бүгін әлемді қаратқан бері,
Батпандай бақты бұйыртып қазаққа берді.
Алмайтын шыңым қалмайды, әлі де алда
Жар болып өзі бастаса Жаратқан елді.

Ұнайды маған қарқынды тыныс бүгінгі,
Мәңгілік еткей береке ырыс күнімді.
Құдайдан тілер тілегім жалғыз-ақ қана,
Бұзбасын ешкім орнаған тыныштығымды.

Ақтаңдақ талай тарихта өткерген бастан,
Қадірім шексіз қазақтай текті елге асқан.
Сабыр бер елге,
өтпелі өліара шақта,
Сана бер ұлға
өскелең өкшемнен басқан.

Қазағым елім,
Ғажабым,
Данасың терең,
Бітімің бөлек,
тұлғаң да,
дарасың ерен.
Ерлерім аман болсыншы ел бастар адал,
Қазағым деген жүрегі,
Алашым деген!

Не жетсін шіркін ешкімге бағынбағанға,
От болып көкте лапылдап жалындағанға.
Азаттығымның қастерлі бір күні үшін,
Мың күнім құнсыз,
бас құрбан,
жаным садаға!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір