ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА БАСТАР СЕНІМДІ ЖОЛ
04.08.2026
21
0

1 шілде күні қазақ елінің жаңа Конституциясы өз жұмысын бастады. Бұл – ұлт тарихындағы елеулі кезең. Мемлекеттік инс­титуттардың жауапкершілігін күшейтіп, Әділетті Қазақстан қалыптастыруға, Тәуелсіздікті нығайтып, адамды басты құндылық ретінде тануға негіз болар жаңа Ата заңымыз күшіне енген тарихи күн қарсаңында қаламгерлер қауымы да үн қатты.

Смағұл ЕЛУБАЙ,
Қазақстанның халық жазушысы:
                                                                                                          Жаңа Конституцияның дәуірі басталды
1 шілде – Қазақстан тарихындағы ерекше күн, айтулы мереке болып отыр. Себебі еліміздің тарихыyда тұңғыш рет Конституциялық реформа орын алып жатыр. Жаңа Конституцияның дәуірі басталды.
Байырғы Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы, Әз Тәукенің Жеті жарғысы қазақ халқының мемлекеттігінің тамыры тереңде екенін, өз Конституциясы болғанын айғақтайды.
Жаңа Конституцияның күшіне енгені халықтың игілігіне жұмыс істейтініне, халық та өзі қабылдаған жаңа концепциялардың жүйелі түрде жүзеге асуына қолдау білдіретініне сенемін.
Жаңа Конституция жаңа Қазақстанның жаңа тарихына жол ашады. Жаңа Ата заңды жазуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбегі орасан болғаны айтылуда. Ендеше бұл жаңа Ата заңды Қасым-Жомарттың жарқын жолы деп айтуға толықтай негіз бар.
Заманға, әлемдік геосаяси ахуалдарға, ел қалауына сай жасақталған жаңа Конституциямыз жұмысын бастап кетті. Ендеше үмітке үміт жалғайық, ағайын! Мемлекетіміздің жаңа да жарқын тарихи кезеңіне куә болған біз бақыттымыз. Жаңа Конституцияның жаңа жолы даңғыл болғай!

Роза МҰҚАНОВА,
жазушы, драматург:
                                                                                                                    Ата заң – бұлжымас, сүріндірмес биік тұғыр
Қазақстан Республикасының Ата заңы барлық мемлекеттік және қоғамдық институттың жаңғыруына негіз болып отыр. Жаңа Конституция күшіне енді, әр қазақ баласының арқасүйер әділетті Заңы тарихтың жаңа кезеңіне қадам басты. Әділетті Қазақстанды құру жолында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саяси жүйенің формуласын айқындап берген болатын. Жаңа Конституцияның негізінде мемлекеттің жаңа құрылымдық жүйесіне өзгерістер мен толықтырулардың енгізілуі саяси реформаның оң нәтижесі деп білеміз. Жаңа Конституцияның жалпы халықтық қолдауға ие болуы да еліміздегі даму кезеңін, өрлеу кезеңін қолдағандығының бірден-бір нақты көрінісі. Осы уақыт аралығында жүргізіліп келген Мемлекет басшысының әділетті қоғам құру идеясы, «Әділетті Қазақстан» құндылықтары мен «Заң мен тәртіп» нығайтылған қағидалары жаңа қадам болып өмірімізге енді.
Ата заң азаматтардың жаңа қоғам құрудағы, әділетті қоғам құрудағы сенімді болашағына жол ашты. Қазақстан халқы, біз тарихи кезеңді бастан өткізіп жатырмыз. Ізгілікті қоғам құрудағы адал азамат, адал еңбек ұстанымы жай ғана айтыла салатын кезекті сөз емес, сенім мен жігерге қуат беретін ең жоғарғы, мәртебелі заң талабы. Қолымызға тиген Жаңа Конституция біздің бұлжымас, сүріндірмес биік тұғырымыз болып саналады.
Конституцияның алғашқы басылымы Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ерекше тілегімен, алғысымен, құттықтауымен ресми тапсырылды. Бұл Ата заңға деген, елге деген үлкен құрмет деп түсіндік. Ел игілігі жолында табанды еңбек, қажырлы қайрат шығаруға міндеттіміз.

Нұрдәулет АҚЫШ,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері:
                                                                                                                                  Ұлттық идеологияға басымдық берер тарихи кезең
Жаңа Конституция мемлекетімізге жаңа серпін әкеледі, қоғамдық, саяси өзгерістермен бірге әлеуметтік өзгерістерге негіз бола алады деп сенеміз. Мұнда көптеген жаңалықтар бар, әсіресе Президент міндетінің күшеюі, Вице-Президент лауазымының тағайындалуы, Құрылтайдың бекітілуі сынды заман талабына сәйкес өзгерістерістерді ерекше атауға болады. Жаңа Конституцияны құруға білімдар азаматтар, білікті заңгерлер атсалысқанын, дүниежүзіндегі озық Заңдар екшеліп, енгізілгенін БАҚ арқылы жақсы біліп отырдық.
Аса үлкен жауапкершілікпен құрылған жаңа Конституция мемлекетімізге, қазақ еліне, азаматтарымызға мол мүмкіндік береді. Парламенттің орнына Құрылтайдың келгені де дамудың жаңа белесіне бастайды.
Қазақ халқы үшін ұлттық идеология­ның маңызы зор. 35 жыл бұрын Тәуелсіздігімізді алғанда отарсыздандыру туралы заң қабылдануы керек еді. Осы бағыттағы жұмыстарды әлі де күшейте түсу қажет деп ойлаймын. Тілімізді, салт-дәстүрімізді, атамекеніміздің тұтастығын сақтау… Осының бәрі – ұлттық идеология негізінде назар аударылуға тиіс параметрлер. Жаңа Ата заңымыз осы бағытқа басымдық беретініне кәміл сенемін. Ұлттық идеологияға басымдық берер тарихи кезең Жаңа Конституциямыз құтты болсын! Жаңа Ата заң мемлекетіміздің іргесі берік, келешегі кемел болуына кепілдік бере алатыны көрініп тұр. Еліміз жасай берсін!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір