ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА БАСТАР СЕНІМДІ ЖОЛ
Мақпал МЫСА, ақын:
Конституция – қоғамның айнасы
Кез келген елдің Конституциясы – жай ғана заңдар жиынтығы емес, ол – ұлттың бүгінгі болмысы мен ертеңгі мұратын бейнелейтін қоғамдық келісім. Жаңа Конституцияның күшіне енуі Қазақстанның даму жолындағы маңызды белес болды. Бұл – жаңа құқықтық нормалардың қабылдануы ғана емес, қоғамның жаңаша ойлауға, азаматтың мемлекет алдындағы ғана емес, мемлекеттің де азамат алдындағы жауапкершілігін күшейтуге бағытталған тарихи қадам.
Біз көбіне Конституцияны заңгерлердің құжаты ретінде қабылдаймыз. Шын мәнінде, оның өміршеңдігі әр адамның күнделікті әрекетінен басталады. Заңға құрмет, әділдікке ұмтылыс, қоғамдық пікірге жауапкершілік, өзгенің құқығын сыйлау – Конституцияның ең маңызды қағидаттары.
Мәдениет саласында жүрген азамат ретінде мен қоғамның жаңаруы, алдымен, рухани жаңарудан басталады деп есептеймін. Заң үстемдігі мен мәдениет үстемдігі бір-бірінен алшақ ұғымдар емес. Өйткені мәдениеті биік қоғам ғана заңды құрметтейді, ал заң үстемдік құрған елде өнер де, ғылым да, шығармашылық та еркін дамиды.
Конституцияның құндылығы оның мәтінінде емес, өмірде жүзеге асуында. Әділетті қоғамды бір ғана заң жасап бермейді. Оны күн сайын өзінің адал еңбегімен, азаматтық ұстанымымен, ел тағдырына бей-жай қарамайтын әрбір адам қалыптастырады.
Жаңа Конституция бізге жаңа мүмкіндік ұсынды. Ендігі міндет – сол мүмкіндікті елдің игілігіне айналдыру. Сонда ғана бүгінгі тарихи кезең келешек ұрпақ үшін ел дамуының жаңа дәуірі ретінде бағаланары сөзсіз.
Өміртай ЕДІЛХАН, ақын:
Ата Заң – азат елдің айбыны
Ел тарихындағы елеулі күндердің бірі – жаңа Ата заңның күшіне енуі. 15 наурызда жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданған Конституцияның 1 шілдеден бастап өз күшіне енуі – мемлекетіміздің болашағын айқындайтын маңызды тарихи шешім. Бұл – халықтың таңдауы мен ел ертеңіне деген сенімінен туған тағдырлы қадам.
Конституция – Тәуелсіз Қазақстанның темірқазығы, мемлекетіміздің берік тұғыры. Ол – ел бірлігінің ұстыны, Заң үстемдігі мен қоғамдық тұрақтылықтың кепілі. Ата заңда азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, мемлекет қызметінің негізгі қағидаттары айқын көрініс тапқан. Сондықтан Ата заңды құрметтеу – заңға ғана емес, елдің ертеңіне деген құрмет пен нық сенім.
Қазақ халқы қай заманда да бірлікті ту етіп, елдік мүддені бәрінен биік қойған. Бабалар аманаттаған осы қасиетті жолдан жаңылмай, Ата заңымыздың асыл қағидаттарын берік ұстана білсек, заң мен тәртіп үстемдік еткен, әділдік салтанат құрған қоғамды бірге қалыптастыра аламыз.
Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанды бірге құрайық!» деген бастамасы әр азаматтың жүрегінен орын табуы тиіс. Өйткені әділетті қоғам – тек мемлекеттің ғана емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі мен адал еңбегінің нәтижесі. Ел тағдырына бей-жай қарамай, қоғамдық келісім мен татулықты сақтап, Заң талаптарын құрметтеу – жарқын болашаққа бастар сенімді жол.
Бірлігі бекем елдің тірегі мықты, заңы үстем елдің келешегі жарқын. Ендеше, азаттығымыздың айбыны болған Ата заңды ардақтап, Тәуелсіз Қазақстанның өсіп-өркендеуі жолында жұдырықтай жұмылайық. Әділетті Қазақстанды құру жолындағы игі бастамаларды қолдап, ел игілігі үшін аянбай еңбек етейік!
Қазақ елінің Тәуелсіздігі баянды, тұғыры биік, болашағы жарқын, мәңгі болсын! Көк Туымыз көгімізде желбіреп, Ата заңымыз халқымыздың береке-бірлігі мен жарқын болашағына қызмет ете берсін!