Жан шындығының жаршысы
«Ақындар провинцияда туып, Парижде өледі» деген сөз бар. Алайда осы қағиданы бұзып, саналы ғұмырын ауылда өткізсе де, сапалы өлеңдер жазып, оқырманды ойлантуға талпынған қаламгерлер жетерлік. Соның бірі – ақын, ұстаз Шынтемір Әмишаұлы. Оның қолға түскен жырларына көз жүгірткен сәтте тебіренгеніміз рас. Себебі оның өлеңдерінде ақынның өзі, қазақтың уайымы, қазақтың мұңы бар.

Шындығында Шынтемір Әмишаұлы – жан тереңіне, жүрегіне үңілген ақын. Оның «Ақ қағазын» оқысаңыз, соны байқайсыз. Жандағы мазасыздыққа, санадағы сансыз ойға жіті назар аударып, бар құпия-сырын ақ параққа ақтарды. Кейде сырласарға жан таппай, іштей булығып, аласұрды. Сөйтіп, Шынтемір өлеңмен қауышты, өлеңмен достасты. Өлеңді жан серігіне айналдырып, қағазға жүрек сөзін айта бастады. Оның төмендегі шумақтарына зер салыңыз:
«Маңайың күйкі, жырынды,
Төгерсің кімге сырыңды.
Дүлей ой жүрек бұлқынтып,
Түйіткілің ішке тығылды.
Сондықтан саған төгемін,
Жеңілтіп көңіл тегенін.
Сөзімді сыртқа шашпадың,
Жөнімді қисық демедің».
Міне, Шынтемір Әмишаұлы осылай өлең-жырмен көбірек тілдесті. Шығармашылыққа ден қойып, сөз өнеріне ерекше құрметпен қарады. Ол үшін өлең – Алланың берген сыйы. Ол үшін өлең – қайғы-мұңнан, алаңнан, өмірдің көлеңкелі тұстарынан құтқаратын жалғыз тірек. Оның «Жырым – өзім» өлеңінен соны аңғарамыз.
Расында, Шынтемір ақын өлеңге өтірік қоспады. Ол үшін өлең – өзі. Ол өзін-өзі алдаған жоқ.
«Өлеңге айтып қойыппын,
Өмірдің айтпа дегенін», – деп Қадыр Мырза Әлі жырлаған еді. Ал Абай:
«Өлең шіркін – өсекші, жұртқа жаяр,
Сырымды тоқтатайын айта бермей», – дейді бір өлеңінде. Біз бұдан ақындардың қойын дәптерге толғаныстарының бәрін жасырмай төгетінін байқаймыз. Жалпы, бұ –л қаламгер қауымның біразында кездесетін қасиет. Соның ішінде ақындарда. Ақындар өлеңді, көркем шығарманы досы санайды, оны сырласына, сенімді серігіне, оған қоса тұтас бір әлемге айналдырады. Сол әлемнің ішінде өмір сүріп, кейіпкерлермен сырласады.
«Жылындым, тоңдым, үгілдім,
Бәрін де үнсіз ұғындың,
Ақ қағаз – арым, абызым,
Жүгінсем саған жүгіндім.
Көңілдің мұңы, қошында
Айналдың жалғыз досыма.
…Ақын боп тусаң анадан
Сыбағаң, сірә, осы да…» – дейді Шынтемір Әмишаұлы. Бұл шумақтар сырласу, ішкі ауырлықты бөлісу идеясын тереңдете түседі. Өлеңнің өзегінде ақын мен қағаздың арасындағы ерекше рухани байланыс тұр. Ол өзінің сан алуан көңіл күйін – жылынуын, тоңуын, күйзелуін біреуге түсіндірудің қажеті жоқ екенін сезінген. Өйткені оның жанындағы ең сенімді сырласы – ақ қағаз. «Ақ қағаз – арым, абызым». Өлеңдегі ең салмақты әрі көркем жолдардың бірі осы.
Шынтемір ақын ақ қағазды, яғни өлеңді абызға теңеген. Абыз деген кім? Абыз – түркі халықтарының, соның ішінде қазақтың дәстүрлі дүниетанымындағы білімді, көреген, рухани беделді, елге ақыл айтатын қарт тұлға. Абыз ақылшы болған, болашақты болжаған, дәстүр мен тарихты сақтаған. Шынтемір Әмишаұлы өлеңге ақтарылды, өлеңнен өмір сүруді үйренді, өлеңмен бірге қалыптасты. Жоғарыдағы шумақтар осындай қорытындыға жетелейді. Оның жанының қағаз бетіндегі нұсқасы мен ақынның өзі біраз сөйлесіп, таласты, тартысты, терең тұжырымдарға барды. Осылайша, өз-өзіне төреші бола білді. Ең қызығы, бәрін ақ қағаз үнсіз ұғынды, яғни қағазға жан біткен, лирикалық кейіпкердің үнсіз сырласына айналған. Демек, ақ қағаз – ақын үшін жай ғана жазу құралы емес, ар алдындағы таразы, әрі рухани ұстаз.
Сөз өнеріне өмірінен орын берген адамға кітаптың оқылмауы, жүйелі сөздің тыңдалмауы, оған біреудің құрметсіздік танытуы, әділетсіздіктің орын алуы ауыр тиеді. Мұндай тұлғалар көркем шығарманың мән-мағынасына, оған жасырылған құпия-сырға сүңги алмағандарға өкпелеуі мүмкін. Өмірінің сондай бір мезетінде Шынтемір Әмишаұлы «Элегиясын» жазса керек. Элегия туралы оқырман қауым жақсы біледі, бұл – мұң мен сағынышқа негізделген лирикалық жанр. Көбіне мұндай жырлар қайғы, өкініш, жалғыздық, өткенді сағыну, өмірдің өткіншілігі сияқты тақырыптарға негізделеді. Шынтемір ақын осы бір өлеңін:
«Сөз дегеннің
Құны қашан кеткелі,
Сүлде деген
Сүмірейген ет-тері…» – деп аяқтапты. Ақын сөзге лайықты баға берілмеген шақта жанының жабырқап қалғанын жеткізіп тұр. Осындай ойға жетелейтін жолдар Шынтемір Әмишаұлының шығармашылығында көп-ақ.
Әдебиетте «көңіл» деген ауқымды ұғым бар. Көңіл – автордың ішкі жан дүниесін, сезімін, рухани күйін, ой-толғанысын білдіреді. Бұл ұғым адамның ішкі әлемін танытуға қызмет етеді. Қазақ ақындары «көңілді» қуанышы мен мұңын, сағынышы мен өкінішін, үміті мен күдігін, махаббаты мен ренішін бейнелеу үшін қолданады. Ал Шынтемір Әмишаұлы бұл ұғымды қалай пайдаланған? Жауап «Болмыс» атты өлеңінде:
«Дарқандық па?!
Өзгенің
Дәріптейсің көбігін.
Суалады өз көлің
Қуарады өз көгің.
Ғажабың да көңілің,
Азабың да көңілің». Бұл өлең шамасы «тағдырың – өз қолыңда» тұжырымына негізделіп жазылған. Себебі автордың алдында таңдау тұрды. Кез келген кездейсоқтықтың артында кезінде жасалған таңдау болады. Таңдаулар алдағанда, таңдаулар адастырғанда адамның қапаланатыны кәміл. Шынтемір ақын көңіл ұғымын көркем бейнелеген. Осы жырда ақын болмыс, кеңдік ұғымдарына да тоқталып өткен. Байқайтынымыз – ақын оқырманды өз-өзімен күресуге шақырады. Өзгені кінәламай, өзін ұғуға, өмірден өзін табуға жетелейді. Сөзімді «Біз» атты өлеңіндегі жолдар қуаттайды:
«Өз қадірін білмегенге
Өкпелеу де білместік».
Өмірде өзін таныған, өзін жан-жақты зерттеген адам ғана көп дүниенің байыбына барып, бағасын біледі. Өзінің өміріне бей-жай қарамайды.
Шынтемір Әмишаұлы – жасынан қисса-дастандарды санасына сіңіріп өскен тұлға. Оның өлеңдерінде туған жер суреттері де көрініс тауып отырады. Сонымен қатар ұлттың қазіргі кескін-келбеті, туған жер төсіндегі тағдырлар галереясы, образдар мен жаратылыс туралы ойлары кездеседі. Аралдың ауыр, қасіретті тағдырына нәзік ақын жүрегімен, перзенттік пәк сезіммен қатты қайғырған жанның бірі осы – Шынтемір Әмишаұлы. Ақынның өзі іштегі сезімнің шабытты оятатынын айтқан екен.
Ол теңіздің бұрынғы және кейінгі келбетін салыстырып, көп ойланған. Ұшан теңіздің ұшты-күйлі жоғалып, туған жер, торқалы топырағы Қасқақұлан аралының жер бетінен жойылуы да ақынның жыр дәптерінен көрініс тауыпты. Туған жерінен жырақ көшпей, елде қалған қаламгер Арал-Анаға деген махаббатын, мұң-шерін жыр ғып, сыр ғып төгеді. «Рас, бағың қас-қағым…» өлеңіндегі мына бір шумаққа назар аударайық:
«Ауылдан күдер неге үзгем?
(Жазмышың, сірә, анық-ты).
Бағы шын көшкен теңізден
Бақытым көшпей қалыпты…»
Осы шумақтың соңғы екі жолы арқылы ақын теңіз тағдырына қаншалықты деңгейде алаңдағанын көрсетіп отыр. Бар назары соған ауып, дел-сал күй кешіп отырғанын жасырмайды. Жалпы ақындар көркем шығармаларда табиғат суреттерін түрлі мақсатта қолданады. Бірі сөзбен сурет салса, бірі орын алған оқиғаның залал-зардабын жеткізу бағытында қолданады. Шынтемір Әмишаұлы осы тұста теңіз бейнесін жан дүниесіндегі сезімге байланыстыра жырлаған.
Табиғат суреттері сәтті бедерленген «Сәуір санаты» өлеңінің барлық жолы
«с» әрпінен басталады екен. Бұдан ақынның әдеби тілдің ажарын ашатын көркемдеуіш тәсілдерді орынды қолданғанын аңғардық.
«Сығыр қайғы – сұмырайды,
Сәскедегі шық ұрлайды.
Сипалаған сәулесімен,
Сеңгір көктің әуресі мен», – депті ақын Шынтемір. Жалпы, қазақ ақындарының арасында табиғат кескіндерін керемет бейнелеген ақын көп. Сәкен Сейфуллиннің «Аққудың айрылуы» поэмасы қандай жақсы! Тоқаш Бердияровта табиғат кескіндеріне қатысты керемет жолдар бар. Қуандық Шолақтың «Күзде гүлдеген тобылғы» кітабы тұтас табиғат суреттеріне арналған. Шынтемір Әмишаұлы да осы жолды жалғап, сәуір суретін өзінше бейнелепті.
Ол өмірді тануға талпынды. Тіршілікті, жаратылысты, қоғамды зерттеді. Өзінің жан әлеміне үңіліп, жан-жақты ізденді. «Таным термелерін» жазды. Осы циклды оқып отырып, Шынтемір Әмишаұлының ылғи ой үстінде болғанын сезіндік. Себебі аталған циклда түйдек-түйдек ой айтыпты. «Таным термелеріндегі» әрбір шумақ біздің қоғамдағы адамдар келбетін дәл суреттеген десек, артық айтқанымыз емес. Осы «Таным термелері» былай аяқталады:
«Жақсылардың жаны игі,
Жаман жерір қағынан.
Өзгені де таниды
Өзін-өзі таныған…»
Міне, көрдіңіз бе, Шынтемір Әмишаұлы ғұлама-ойшылдардың ұстанымдарын зерделеп, солардың философиясына тереңірек сүңгіп, өз-өзін тануға талпынған. Кейде біз адамның бүкіл өмірі дүниені және өзін танумен өтетін шығар деп ойлаймыз. Шынтемір ақын бұл тақырып аясында көп толғанған. Әйгілі Сократ та осы бағытта ой сабақтаған. «Кітапқа айналған адам» эссесінде неміс жазушысы Гессе Герман оқырманды өз-өзін тануға жетелеп отырады. Жалпы, адамның өзін-өзі іздеуі, тануы, жол табуы – көркем әдебиетте жиі кездесетін құбылыс.
Шынтемір Әмишаұлының елім деп өткен ер екенін айттық. Тіл үшін де талай шырылдады. Оны «Мәрттігіңмен мақтанам» өлеңіндегі мына шумақтардан байқаймыз:
«Ана тілім – асқағым,
Сенсіз ай мен күн өзге.
Қайрауың да лезде,
Байлауың да қас-қағым.
Сөзден мүсін құясың,
Досқа дархан жұртым-ай.
Жау желкесін қиясың,
Жалғыз сөзбен, шіркін-ай».
Ол қазақ тілін құрметтеді, биікке көтерді. Тілдің құдіретін өзінше жырлап, көркем кестеледі. Қазақтың сөзге тоқтаған ел екенін алға тартып, уәденің орындалуына, сенімнің ақталуына бей-жай қарауға болмайтынын жеткізді.
Ол өлеңді атақ немесе мансап іздеп жазбаған. Жанының рахаты үшін, көкейдегі ойды көпке жеткізу, оқырманды ойландыру мақсатында жазған. Мұны өлең-жырын біраз уақытқа дейін жарияламай жүргенінен-ақ байқаймыз. Оған қоса «Мен – ақынмын!» деп мақтанған адам емес. Бір жағынан бұл өлеңнің алдындағы, сөз өнерінің алдындағы жауапкершілігі шығар деп ұқтық.
Арал шабыттандырып, Қасқақұлан қуат берді. Қаратереңде ұстаз болды, жас жеткіншектерді білім нәрімен сусындатты. Әдеби шығарма да көп, кейіпкер де көп. Соларды оқушы санасына құю – үлкен еңбек. Осы тұрғыда Шынтемір Әмишаұлы әдеби шығармалардың біразымен таныс деп есептейміз. Соның әсері болар, өлеңдерінен тосын шешімдер, ұтқыр теңеулер аңғарылып қалады.
Ол ұлтын құрметтеді, ұлттық болмысты, құндылықтарды қашанда төрге шығарды. Көпшілікті жырымен, өнегелі істерімен ізгілікке ұмтылуға, жақсылық жасауға, игі шаруаларды бірлесе атқаруға, адал болуға шақырды. Ауылда мешіттің бой көтеруіне ұйытқы болды. Онымен бірге жұмыс істеген, біраз уақыт жанынан табылған жандар да, шәкірттері де іскерлігін, еңбекқорлығын алға тартып отырады.
Шынтемір Әмишаұлы – бар өмірін ұл-қыздарына арнаған адам. Солардың тәрбиесіне баса мән берді. Бүгінде ұрпағы өмірден өз жолын тауып, әке үмітін ақтауда.
«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп ұлы Абай айтпақшы, қазақтың жаны – ақын, қазақтың жаны – өлең-жырға жақын. Шынтемір Әмишаұлы да – сөз өнерін ерекше құрметтеген өнегелі тұлға. Жан шындығының жаршысы бола білген Шынтемір Әмишаұлы жырларының алдағы уақытта да оқылатынына сенеміз.
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,
ақын,
Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты