Кітап жаршысы
09.09.2025
433
3

«Абай жолы» энциклопедиясы

Бұл энциклопедия қазақтың классик жазушысы, драматург, абайтанушы, ойшыл, ғалым Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің төрттомдық «Абай жолы» роман-эпопея­сының негізінде жазылған. Онда қазақ халқының ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қоғамдық-саяси өмірі барлық жағынан көркемдікпен суреттеліп, олардың тыныс-тіршілігінің түкпірінде жатқан тарихи процестер кеңінен айқын көрсетілген; қоғам дамуының басты-басты заңдылықтары ашылып, жарты ғасырлық тарихи дәуірдің рухы жіті бейнеленген.
Сондай-ақ роман-эпопеяға қатысты адебиеттану терминдері, осы ұлы туынды туралы ғылыми зерртеулер жазып, келелі де кеңесті ой-пікірлер айтқан біраз қаламгерлер энциклопедиялық талапқа сәйкес әліпби тәртібімен берілген. Аталмыш энциклопедия көркем шығарма жөніндегі тұңғыш ғылыми басылым болып табылады. Кітапқа үлкенді-кішілі 1400-дей мақала енгізілген. «Абай жолы» энциклопедиясы «Арда» баспасының өнімі.

Кітап кейіпкері – осы заман адамдары

«Тағзым», «Жүлделі жүйріктер» атты қос кітаптың авторы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, 2002 жылы Түркістан қаласында ұйымдастырылған Дүниежүзі қазақтары ІІI кұрылтайының аясында өткен халықаралық жыр мүшайрасының бас жүлдегері Сәли Садуақасұлы. Қос кітап «Домбыра-күй», «Бір уыс топырақ» атты поэма-дастандарынан кейін жарық көрген туынды.
Аталған кітапқа ақынның 75 жасынан кейін жазған поэма-дастандары топтастырылған. Кітаптағы поэма-дастандардың бәрі де осы заман адамдарының нақтылы ісін, болмыс-бітімін жырлауды өзек еткен, кітаптың негізгі құндылығы да осы ерекшелігінде деп білеміз.
Екі кітап та «Үшқиян» баспасынан шықты. «Тағызым» 38 баспа табақ,
«Жүлделі жүйріктер» 12.5 баспа табақ.

Оқырманды бейтарап қалдырмайды

Журналистік қызметін облыстық «Ақтөбе» газетінде бастаған белгілі қаламгер, ғалым-дипломат, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның құрметті жур­налисі, Қазақстан Журналистика академиясы­ның академигі, Жалпыұлттық «Алтын жұлдыз» дипло­мының иегері, Қазақ­стан Жазушылар одағының және Журналистер одағы­ның мүшесі, Ресей Аудармашылар одағының мүшесі Серікқали Байменшенің 2024 жылы жарық көрген «Уақыт тәжі», 2025 жылы шыққан «Тары тарихы», «Тілге тілмәш» ат­ты кітабында ғасырлық ғұмырға жеткен газет тарихының беймәлім әрі тағылымды деректері баяндалған.
Жүз жасаған басылым­ның бейтаныс кызметкерлері жайында алғаш рет сөз болып, газетпен бірге өскен танымал жур­налистер тобының шығар­машылық портреті жасал­ған. Бұған қоса, автордың осы газетте еңбек еткен жылдары жарияланған бірқатар эссе, очерк, әңгі­мелері жинақталып берілген.

«Тары тарихы» – тары өсіруден дүниежүзілік рекордқа қол жеткізген қайталанбас тарихи тұлға, даңқты диқан Шығанақ Берсеұлына қатысты бүгінгі ұрпақ назарынан тыс қалған белгісіз һәм маңызды жарияланымдар енгізілді. Қаламгер танымнан тыс жатқан жарияланымдарды іздеп тауып, тарихи-ғылыми айналымға қосып, жұрт­шылық назарына жеткізіп отыр.

«Тілге тілмәш» – мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру жолында атқарылу­ға тиіс көкейкесті мәселелерді ортаға салып, бүгінгі аударма жайын сөз етеді; сөзжасам практикасына, термин түзуге қатысты нақты ұсыныс-пікірлерін білдіреді. Жазушының пікір толғауларының бір­қа­тары кезінде республикалық «Егемен Қазақс­тан», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Түркістан» газеттерінде жарияланып, оқырман жұртшылық ықыласына бөленгенін атап өткен ләзім.
Уақыттың пәтуалы сөзін айтқан басы­лым тарихының өнегелі мағлұматы мен журналист қолтаңбасының бірегей бірлігі кітаптардың мазмұнын байытып, оқырманды бейтарап қалдырмайды деген ойдамыз.

«Көз көрген еді»

Өткен ғасырдың 60-жылдары әдебиетімізге талантты топ келіп қосылды. Ахат Жақсыбаев сол шоғырда уақыт өте есімі елге танылған, белгілі қаламгерлердің біріне айналды. Оқырмандары кезінде «Егес», «Бөгет», «Қорған», «Қайтпас қайсар», «Иса ақын» (1, 2 кітабы) сынды романдары мен повестерін жылы қабылдады. «Жұлдыз», «Қазақ әдебиеті», «Жас өркен» басылымдарында басшылық қызметтер атқарған жазушының 85 жылдығына орай әзірленген бұл кітапқа алғашқы туындыларының бірінен саналатын «Бозарал» повесі және «Жаны жайсаң жақсылар» атты топтамамен елге белгілі тұлғалар жөнінде естеліктері енгізілді.

«Сөйле, ғұмыр-дариям!»

Таңатар Дәрелұлының бұл кітабында да ұлтымыздың ұлы кұндылығы Тәуелсіздік бас тақырыбы. Еркіндікпен келген еңсе көтерерлік жаңаруларға елжірей қуанып, сендер де қуаныңдар, бірге қуанайық, бағалай білейік, дейді ақын жүрегі. Әрине, басымызға қонған бақыттың қадірін түсіретін түрлі тоғышарлық жайттарды да ақындық көзқараспен көптің санасына тоқуды өз борышы сезінеді.
Дастандары, балладалары өмірдің өзінен алынған, сыршыл, оқырман ойын үйіріп әкетердей қуатты. Лайықты жандардың есімі арнаулармен ұлықтанса, ән мәтіндері де жүрек үнімен өз үйлесімін тапқан.

 

ПІКІРЛЕР3
Аноним 10.09.2025 | 20:49

Жаңа заманғы қазақ романы байқауы өз жеңімпаздарын өздері жасырын тағайындайтын болған ба. «Абай» кз порталында Думан Рамазан деген не оттап отыр 7 «жеңімпаздардыңә» бірі екенін бүгін білдік. байқау шартында 5 жеңімпаз болу керек емес пе, әділдік қайда, ағайын. Мынау 100 бет жазып тастадым деп мақтанып отыр,романдарын бітіріп қалғандар құр қалатын түрі бар. бүйткен әділқазылары арам қатсын!

Аноним 10.09.2025 | 23:03

«Жеңімпаздың» есімін күні бұрын жариялауға болмайды. құпия құлыпта ұсталады. «Ұрының арты қуыс» дегендей бір кәкірі болып тұр-ау.

Аноним 04.11.2025 | 09:29

Мешанат бәйгесінде 45 бет «роман» жазған біреу жеңімпаз болды дей ме,

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір