Кітап жаршысы
07.10.2025
331
0

       «Абай және Тәкен»

Қансейіт Әбдезұлының аталған әдеби-сын және зерттеу еңбегінде Хакім Абайдың шығармашылығы мен Абай мектебінен өткен қазақтың басқа да айтулы ақындары, қаламгерлерінің туындыларындағы көркемдік ізденістер, авторлық қолтаңба, стильдік ерекшеліктер мәселесі жан-жақты қарастырылады.
Сонымен бірге казіргі қазақ прозасы мен поэзиясындағы жаңашыл ізденістер, қазақ руханияты мен әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан әдебиет алыптарының, оның ішінде суреткер қаламгер Тәкен Әлімқұловтың туындылары да бүгінгі ғасыр биігінен жаңаша бағаланады.
Кітап қалың оқырманға және жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студент жастарға арналады.
«Атамұра» баспасы, 2025 жыл.

«Нұртас Оңдасынов»

Гүлсім Оразалықызы құрастырған бұл кітап халқымыздың ардақты ұлдарының бірі, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновқа арналған. Кітап екі бөлімнен тұрады.
Бірінші бөлімге ұлтжанды азаматтың өзі жазып кеткен өмірбаяндық деректері мен тіл туралы ғылыми-зерттеу мақалалары және ұлттық салт-дәстүр жайындағы толғаныстары енгізілген.
Екінші бөлімге Н.Оңдасыновтың көзін көрген, кезінде қызметтес болған, өнегесін, тағылымын алған азаматтар мен өзінің ет жақын туыстарының естеліктері топтастырылған.
Кітап «Полиграфкомбинат» ЖШС-інде басылды, 2025 жыл.

«Тыңда мені, замана!»

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Шешенстан мемлекеттік сыйлығының және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Рафаэль Ниязбектің (1943-2021) «Тыңда мені, замана!» деген өлеңдер жинағы жарыққа шықты. Бұл жинақ «Бақытым да байлығым – халқым ғана», «Әкім тірек – ақын жүрек», «Мұнар да мұнар, мұнар күн», «Ақын Рафаэль Ниязбектің жары Гүлжанға арналған» өлеңдер топтамасы болып 4 бөлімнен тұрады. Жинақтың көлемі – 16,5 баспа табақ.
Кітапта халқымыздың нарықтық экономика тұсындағы хал-ахуалы мен тұрмыс-тіршілігі, яғни әлеуметтік жағдайы көркем суреттелген. Жинақ оқырмандарына ой да батыл пікірлерімен ерекше көңіл-күй сыйлайды. Жинақ өлең сүйер көпшілік қауымға арналған.
Бұл кітаптың шығуына ат салысып, жағдай жасап, қол ұшын берген «Мектеп» баспасының басшысы, қазақтың бауырмал, мейірімді, сөзінде, уәдесінде тұратын, халқына аянбай қызмет көрсетіп жүрген аптал-азамат Ерлан Әбенұлы Сатыбалдиевке зор ризашылығымызды білдіріп, рақмет айтамыз.

«Тасаралым – тағдырым»

Жинақ авторы Болат Әбенов – ұзақ жылдар білім, ғылым саласында жемісті еңбек етіп жүрген азамат. Университетте физика пәнінен дәріс береді. «Ақын болу шарт емес, азамат болу парызың» десек те, рухани құндылықтарды басты назарда ұстайтын азамат поэзияға да қалам тартып келеді. Туған жер, адамгершілік, достық тақырыптарындағы өлеңдерінде елге, жерге деген перзенттік болмысы айқын көрініс тапқан. Ақынжанды азаматтың өлеңдерін «Үш қиян» баспасы шығарған, 2025 жыл

«Түс көрмейтін кісі»

Белгілі жазушы Қуаныш Жиенбайдың «Түс көрмейтін кісі» жинағына соңғы жылдары жазылған көркем әңгімелері топтастырылған. Шығармаларының өзегі: жаңа дәуірге бет алған біз өмір сүрген осы қоғамның беталыс бағдары, замандастарымыздың күрделі психологиялық хал-ахуалы, тіршіліктеріндегі күрмеуі көп күрсіністер мен шат-шадыман көңіл күйлері.
Кейіпкерлері дараланған, тілі көркем. Жинақ көпшілік оқырман қауымға арналған. «Алматы-Болашақ» АҚ баспасы, 2025 жыл.

«Әлемге әйгілі Әлихан»

Жазушы Сүйіндік Жанысбайдың бұл кітабы қазақтың біртуар ұлы, Алаш көсемі, сан қырлы талант иесі болған, халқымыз қадірлеген, туғанына 150 жыл толуы 2016 жылы ЮНЕСКО тарапынан аталып өтілген Әлихан Нұрмұхамбетұлы Бөкейханның бейнетке толы өмір жолын оқырман қауымға жеткізуді мақсат тұтады. Қайраткердің өмірі мен қызметі туралы көптеген деректі оқиғаларға толы бұл кітаптың оқырман жүрегіне жылы жол табары сөзсіз.
«TENGRI Ltd» баспасы, 2025 жыл

«Құс ұясы»

Қазіргі қазақ балалар әдебиетінің белді өкілі, көрнекті прозаик Толымбек Әбдірайымның бұл жинағына балалардың жан дүниесін тереңнен ашқан шығармалары енгізілген. Бүгінгі күні жас оқырманның тілін табу мен талғампаз танымына бойлау оңай емес, талантқа бала жанын бағбандай сезінетін аса шетін шеберлік керек. Жазушы шебер суреткер екені сөзсіз. Қазіргі компастай құбылған кезеңнің ұшқыр ойлы, айнымалы сезімді баласының ой-санасына оймақтай болып қона кететін шығармаларында сырбаз жазушы бала жанын тербей жөнелетін нәзік оқиғаларды талғампаздықпен бейнелейді
Ең ғажабы, қазіргідей қазақ қоғамында «балалар кітап оқы-майды» дейтін түсінікті жоққа шығарған көркем дүниелеріне тәнті боламыз. Туындылардың тақырыбы әр алуан, оқиғасы тағылымды, бала қиялын байытарлықтай қызықты болып келеді.
Кітап балалар мен жасөспірімдерге арналған.
«Арда» баспасынан жарық көрді, 2025 жыл.

«Қарғаш»

Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Ла Скалада екі жыл тағылымдамадан өткен тұңғыш қазақ, теңдессіз тенор Аманкелді Сембин ән өнерінде тек ұлттық емес, әлемдік деңгейдегі құбылыс болған еді. Қали Сәрсенбайдың «Қарғаш» атты бұл кітабындағы естелік, эсселерде, әңгіме, хикаятта сахнада аз ғана өмір сүрсе де аты аңызға айналған әншінің өмір мен өнердегі жолы, жеңістері мен жеңілістері, сүйініші мен күйініші бекзат баяндалады.
«Тұлғатану» сериясымен жарық көріп отырған сегізінші кітапта бір әншінің тағдыры арқылы жалпы талант, тұлға, кезеңдер туралы көзқарасқа негізделген терең ой-толғаныстар берілген. Бұрынғы жарияланымдар қайта қаралып, жаңа жазбалармен толықтырылды. Кітап бұған дейін мерейтойлары атаусыз қалған әншінің 80 жылдығына орай, отбасының қаржылай демеушілігімен шығарылып отыр.
Кітап «Арна» баспасының өнімі, 2025 жыл.

Әзірлеген
Арнұр ТОЛЫБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір