Кітап жаршысы
Көзіқарақты оқырман 1966 жылдан бастап КСРО Министрлер Кеңесінің жанындағы Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі Мемлекеттік комитеттің апталық баспа органы ретінде «Книжное обозрение» газетінің жарық көріп тұрғанын жақсы білуі тиіс. Бастапқыда 100 мың дана болып шығып, кейін таралымы 200 мың данаға дейін жеткен газет сол тұстағы жаңадан жарық көріп жатқан кітаптарды тұрақты түрде оқырман қауымға таныстырып отырды. Кейін, дүние аунаған тұста осы бір жақсы үрдіс үзіліп қалды. Дегенмен, сол жақсы дәстүрді жаңғырту мақсатында «Қазақ әдебиеті» газетінің бетінде «Кітап жаршысы» айдарын арнайы ашып отырмыз. Бұл айдарда жоғарыда атап өткеніміздей, жанр талғамастан жаңа кітаптарды оқырман назарына ұсынып, оларды тұрақты түрде мейлінше қысқа да нұсқа таныстырып отырмақпыз. Бұған қоса, алдағы уақытта кітаптардың сатылымдағы бағасы мен оқырмандардың бұл кітаптарды қай дүкендерден ала алатындығы туралы толық мәліметті де ұсынып отырамыз.

Қуандық Түменбайдың қос жинағы
Биыл Қуандық Түменбайдың «Менің көзім арқылы» және «Жан әуендері» атты қос кітабы жарық көрді. Жаңа жинақтарда қаламгердің көсемсөздері, танымдық мақалалары мен эсселері топтастырылған. Кітаптарда өткен тарих пен бүгінгі күннің ең өзекті мәселелері, ана тіліміздің тағдыры мен ұлт болашағы туралы сөз қозғалады. Мұндағы очерктер мен эсселер оқырманның таным-түсінігін кеңейтіп, көңіл көкжиегін кеңейтуге үлес қосары сөзсіз. «Менің көзім арқылы» жинағы атақты диқан Ы. Жақаев пен шопан Ж. Қуанышбаевтың еңбекке деген адалдығын, қаламгер-қайраткер Ш.Мұртаза мен қайраткер А.Сәрсенбаевтың кісілік келбетін паш етеді. «Жан әуендерінде» диқан мен шопанның қара кетпен мен ақ таяққа адалдығы, кемелденген социализм кезеңіндегі тұлғалардың шынайы бейнесі сомдалады. Қос кітап та «Тоғанай Т» баспасынан жарық көрген.
«Әбілқайыр хан және оның Қазақстан тарихындағы орны»
Тарихшы, Мадрид университетінің профессоры Самат Өтениязов «Әбілқайыр хан және оның Қазақстан тарихындағы орны» атты тарихи зерттеулер еңбегін жарыққа шығарды. Кітаптың атауы айтып тұрғандай, бұл – ХVІІІ ғасырдағы Қазақстан тарихындағы аса ұлы тұлға, әскери қолбасшы, мемлекет қайраткері
Әбілқайыр ханның өмірі мен қызметіне арналған зерттеу. Биыл Әбілқайыр ханның туғанына 340 жыл толып отыр. Аталмыш зерттеу осы мерейлі дата қарсаңында қазақ тарихын зерттеу саласына қосылып отырған үлес десек болады. Кітапта даңқты қолбасшының ерлікке толы өмірі, әскери және саяси қызметі баяндалады. Сол дәуірдің тарихи тұлғаларымен бірге әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-мәдени және геосаяси контексінде кең қаралып зерттелген. Бұған қоса, тарихи еңбек оқырман қауымды Әбілқайырдың әйгілі ұрпақтарымен де кең көлемде таныстырады.
Шағыну. Арылу. Сағыну
Белгілі композитор, әнші, ақын Роза Әлқожа «Ақсұңқар-арман» атты кезекті жыр жинағының тұсауын кесті. Жаңа кітапта автордың кейінгі жылдарда жазған өлеңдері мен арнаулары топтастырылған. Сонымен қатар автордың өз қаламынан туған ән мәтіндері де қоса берілген. «Ақсұңқар-арман» «Шағыну», «Арылу», «Сағыну» деген үш бөлімнен тұрады. Кітап Астана қаласындағы «Профи Медиа» баспасынан жарық көрген. Жалпы, өлең сүйер қауымға, автордың әндерін сүйіп тыңдайтын жандарға арналған.
«Абыралы аңыздары»
Бұл – ақын, журналист Қайырбек Шағырдың «Тарту» баспасынан жарық көрген оқырмандарға кезекті тартуы. Кітаптың бірінші бөліміне бұрынғы Семей облысы, Абыралы ауданының тарихына, танымал тұлғаларына қатысты зерттеу мақалалар, қызықты мағлұматтар топтастырылған. Атом полигонынан зардап шеккен Абыралы өңірі қазақ тарихында ерекше орны бар қасиетті өлке екені белгілі. Осы жинақта өмір жолдары баяндалған Алаш қайраткерлері, әйгілі ақын-жазушы, әнші-актер т.б. ұлт мақтаныштары бұған дәлел. Екінші бөлімінен автордың әр жылдардағы жолжазба, эсселерін, Огиньский, Бетховен, Паганин т.б. ұлы композиторлар туралы танымдық мақалаларын, қазақтың белгілі тұлғалары жайындағы естеліктері мен сұхбаттарын оқи аласыз.
«Жұртым» деп жортқан жалғыз
Биыл қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын, жазушы, публицист Ғабиден Құлахметтің туғанына 70 жыл. Мерейтой қарсаңында қаламгердің достары мен замандастарының естеліктері топтастырылған «Ғабе» атты жинақ жарық көрді. Оқырман қауым бұл еңбектен ХХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ әдеби кеңістігіндегі ірі тұлғалардың бірі болған Ғабиден Құлахметтің қалам қуаты мен рухани биігін танып, оның шығармашылық әлеміне үңіле алады. Кітапта қаламгердің өмірі мен өнері, болмыс-бітімі жайлы сыр шертетін естеліктер топтастырылған. Бұған қоса, қаламгердің «Жұртым деп жортқан бір жалғыз» хикаяты да оқырманға жол тартты. Бұл хикая – елдік пен ерлік, намыс пен парасат жайлы кесек туынды. Көне дәуірдің көреген биі – Қарға тұлғасы арқылы автор ұлттың рухани келбетін, сөздің, ойдың салмағын суреттейді. Қос кітап та Алматыдағы «Arna-b» баспасынан жарық көрген.
«Тутасқан тәғдирлер»
Осындай атаумен «Үш қиян» баспасынан Қарақалпақ топырағында туған жалынға толы жүрек иесі Төлеген Айбергеновтің өмірі мен шығармашылығы жайлы жинақ жарық көрді. Кітаптың авторы – ақынның қызы Салтанат Айбергенова. Қарақалпақ тіліне аударған – Өзбекстан және Қарақалпақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Аллаяр Дарменов. Кітапта Төлеген Айбергеновтің ата-тегі, өмірбаяны туралы тың деректер берілген. Ақын дүниеден өткеннен кейін жары Үрниса Оспанқызы көп естелікті қағазға түсіріп кеткен. Бұл кітап сол қолжазба естеліктердің бір ізге түсірілген кітап нұсқасы десек те болады. Бұған қоса кітапта қазақтың көрнекті қаламгерлерінің, қаламгер достары мен замандастарының естеліктерінен үзінділер ұтымды пайдаланылған.
Қаламгер рухына құрмет
Ақын, журналист, абайтанушы Мұратбек Оспановтың поэзиялық мұрасы жинақталған «Абай мұрасының шырақшысы» кітабы жарық көрді. Қоғам өміріне бей-жай қарамаған, жүрегінің ыстығымен жазған өлеңдері арқылы мыңдаған оқырманның көңілінен орын алған қаламгердің жарқын бейнесі бұл жинақта поэзиямен қайта жаңғырған. Кітапта Мұратбектің әріптестері мен қаламдас достарының, замандастарының шығармашылығы мен шәкірттерінің адами болмысы мен шеберлігін бағалаған шынайы пікірлері топтастырылған. «Arna-b» баспасынан жарық көрген бұл жинақ қаламгер рухына деген құрметтің көрінісі ғана емес, өлеңге, адалдыққа, азаматтық ұстанымға тағзым іспеттес.
«Казахское дело»
Белгілі жазушы-публицист, зерттеуші Көлбай Адырбекұлы Желтоқсан тақырыбында «Казахское дело» деген жалпы атпен әйгілі саяси көтерілістің артынша бірқатар арнайы зерттеу жұмыстарын жариялағаны мәлім. Бұл кітапта Желтоқсан қозғалысына қатысушылар мен билік әрекетіне орай, Жоғарғы Кеңестегі партия жиналысында сыни сөз сөйлегені үшін репрессияға ұшыраған жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың ұстанымы мен көзқарасы, азаматтардың тоталитарлық дәуірдегі қилы іс-әрекеттері сөз болады. Кітап – «Рух БГ» баспасының өнімі.
Сыр сүлейін сомдаған
Қазақ жазба әдебиетінің дамуына сүбелі үлес қосқан, Сыр шайырларының көрнекті өкілі Ерімбет ақынның (Ерімбет Көлдейбекұлы, 1850–1910) туғанына биыл 175 жыл. Шайырдың мерейтойы қарсаңында ерімбеттанушы һәм өлкетанушы журналист-қаламгар Қараша Қараманның құрастыруы әрі авторлық жобасымен «Сыр сүлейі Ерімбет» («Тоғанай Т», 2025) тарихи-танымдық кітабы жарық көрді. «Шайыр сөздің дүрі», «Тозаң тұтпас тұлға», «Дерек пен дәйек», «Жырдың кені – Ерімбет» атты төрт бөлімнен тұратын туынды бұған дейін мемлекеттік тапсырыспен баспадан шыққан «Қарасақал Ерімбет шайыр» («Тоғанай Т», 2022) кітабының толықтырған нұсқасы. Ерімбет шайырдың поэзиядағы өнегесін үлгі етуді мақсат тұтқан бұл шығарма жалпы әдебиет сүйер қауымға, ақын есімін қастерлеп, қадір тұтатын жандарға арналған.
Дайындаған
Нұржан ДУМАНҚЫЗЫ
ПІКІРЛЕР2