Еріктілер – Игі істердің жаршысы
12.07.2024
409
0

Еріктілер – ешкімнің нұсқауынсыз, ақы-пұлсыз, жүрек қалауымен азаматтық қоғамның игілігі үшін іс-әрекет жасайтын, қиындыққа тап болғандардың жанынан бірінші кезекте табылатын қамқор көңіл, қайырымды жандар.
Бүгінде еріктілер қозғалысын дамыту мемлекеттік маңызы бар міндетке айналған. Әлемнің көптеген елдерінде волонтерлық бірлестіктердің рөлі өсіп келеді. Бауырмалдық, жанашырлық, қайырымдылық, қамқорлық сияқты адамзат баласы бойындағы ең асыл қасиеттер қанында бар біздің халқымыз үшін еріктілер қозғалысының мән-маңызын айтып жату артық деп ойлаймын. Қазақстандық еріктілер қандай да болмасын орын алған табиғи, техногендік апаттар, коронавирус эпидемиясы, күні кешегі көктемгі су тасқыны кезінде, сондай-ақ халықтың осал топтарын әлеу­меттік қолдау, басқа да қажеттіліктер туындаған жағдайларда алдыңғы лектен табылып, зардап шеккендерге көмек қолын созуда өздерін үздік көрсетті. Еріктілер «Күшіміз бірлікте», «Біз біргеміз», «Көмек жаныңда» акциялары аясында түрлі гуманитарлық, қайырымдылық шаралар арқылы қаншама мұқтаж адамның алғысына ие болды.
Шілденің екінші сейсенбісінде Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «Ұлттық волонтерлер желісі» заңды тұлғалар бірлестігі жалпы жұртшылықтың волонтерлік, қайырымдылық іспен айналысуына ықпал ететін «Игі істер марафоны» жобасы басталғанын хабарлады.
Ұйымдастырушылардың көздеген мақсаты бойынша, бұл жоба атының өзі айтып тұрғандай, халқымыздың қайырымдылық, жанашырлық, мейірімділік секілді кеңпейіл қасиеттерін көпке көрсететін, үлгі аларлық жақсы істердің жаршысы болмақ. Марафон болғандықтан жылдан-жылға жалғасып отыратын бұл игі істер жобасы аясында күнтізбедегі айтулы күндерге, халықаралық және әлеуметтік-мәдени тақырыптарға арналған «Жақсылық апталықтарын», жыл сайын тақырыптық іс-шаралар өткізу жоспарланған. Әлеуметтік жауапкершіліктің түрлі салалары бойынша өзекті мәселелердің кең ауқымын қамтитын болғандықтан, тақырыптар атауы жыл сайын өзгеріп отырады.
Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Игі істер марафонының» осы аптасы экология тақырыбына арналады. Жобаға қатысуды қалаған болсаңыз, жасаған игі ісіңіз туралы әлеуметтік желілерде ақпарат жариялап, Qazvolunteer.kz онлайн платформасында тіркеуден өтуіңіз керек.
Көпке үлгі болар жақсы істерімен марафон қорытындысында жұртшылықтың ризашылығына бөленген белсенді қатысушылар алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталады.


Дәрия БЕКЕТҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір