Мұнайлы өңірдің жаңа капиталы
24.09.2026
133
0

Атырау деген сөзді естіген жанның ойына, ең алдымен, мұнай келеді. Бір ғасырдан астам уақыт бойы өңірдің экономикалық бейнесін қара алтын қалыптастырды. Доссор мен Мақаттан басталған өндіріс тарихы бүгінде Теңіз бен Қашағанға ұласты. Сондықтан Атырауды өнермен, дизайнмен, сәнмен немесе шығармашылық кәсіппен байланыстыра қою әлі де тосындау көрінуі мүмкін.

Алайда қыркүйектің 19–20 күндері Астанада өткен Atyrau Creative Days басқа бір Атырауды көрсетті. Екі күн ішінде елордадағы Qazaq Creative Hub алаңына 10 мыңға жуық адам келіп, атыраулық креаторлар 15 миллион теңгеге жуық өнім сатты. Жәрмеңкеге өңірден 20-ға жуық шебер мен шығармашылық индустрия өкілі қатысты. Бір қарағанда, бұл – кезекті жәрмеңкенің статистикасы. Ал сәл тереңірек қарасақ, мәселе сатылған бұйымдар санынан әлдеқайда ауқымды. Бұл шара шығармашылықтың тек рухани құндылық емес, нақты экономикалық өнімге айнала алатынын көрсетті.
Atyrau Creative Days республикалық Creative Aimaq жобасы аясында ұйымдастырылды. Жобаның мақсаты – өңірлердегі креативті индустрия өкілдерін қолдау, жергілікті брендтерді кең аудиторияға шығару және шығармашылық өнімдерді өткізуге жаңа мүмкіндік жасау. Жәрмеңкеде сәндік-қолданбалы өнер туындылары, қолдан жасалған зергерлік әшекейлер, ағаштан, былғарыдан, сүйек пен металдан жасалған бұйымдар, керамика, атыраулық дизайнерлердің киім топтамалары және жергілікті суретшілердің жұмыстары ұсынылды, яғни әңгіме дәстүрлі түсініктегі «шеберлер көрмесімен» ғана шектелмейді. Бағдарламаға Fashion Design сән көрсетілімі, Атырау Жастар театрының бағдарламасы, шеберлік сабақтары, театрландырылған қойылымдар, 3D технологиялар, Creative Talks кездесулері, SARMAD этно-фольклорлық ансамблі мен JAIYQ.CORP тәуелсіз арт-кеңістігінің бағдарламасы енді. Демек, бір кеңістікте дәстүрлі қолөнер мен цифрлық технология, ұлттық музыка мен заманауи өнер, сән мен кәсіпкерлік қатар кездесті. Креативті индустрияның ерекшелігі де осында. Оның негізгі шикізаты – мұнай да, металл да емес. Идея.
Адамның білімі, талғамы, шеберлігі, қиялы мен интеллектуалдық еңбегі экономикалық құндылыққа айналады. Суретші картина сатады. Дизайнер киім үлгісін ойлап табады. Зергер авторлық әшекей ұсынады. Режиссер фильм түсіреді. Музыкант музыка жазады. IT маманы цифрлық өнім жасайды. Архитектор кеңістік жобалайды. Бұлардың бәрін біріктіретін нәрсе – адамның шығармашылық қабілетінің нарықта құны бар өнімге айналуы.
Atyrau Creative Days-тың ең қызықты көрсеткіштерінің бірі – келушілер саны. Алғашқы күні атыраулық дизайнерлер, суретшілер мен қолданбалы өнер шеберлерінің жұмыстарын үш мыңға жуық адам көрген. Екі күннің қорытындысында келушілер саны 10 мыңға жетті, ал сатылған өнімдердің жалпы сомасы 15 миллион теңгеге жуықтады. Бұл жерде 15 миллион теңгенің өзі ғана маңызды емес. Маңыздысы – авторлық өнімге деген сұраныстың болуы. Авторлық бұйымды жасаудың бір қиындығы – оны өндіру болса, екінші қиындығы – сатып алушысын табу. Өңірдегі дизайнер немесе зергер қаншалықты талантты болғанымен, оның нарығы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасы мен жергілікті аудитория шеңберінде қалып қоюы мүмкін. Ал мұндай жәрмеңке авторды басқа нарықпен бетпе-бет кездестіреді. Астанадағы адам Атырауда жасалған бұйым­ды көреді. Ұнатып жатса, сатып алады. Автормен танысады. Оның әлеуметтік желісіне жазылады. Кейін тағы тапсырыс беруі мүмкін. Осылайша бір бұйыммен бірге өңірдің аты да тарайды. Бұл – креативті экономиканың қарапайым механизмі.
Атырау үшін бұл мәселенің тағы бір маңызды қыры бар. Өңірдің экономикалық бренді ондаған жыл бойы мұнаймен қалыптасты. Бұл – тарихи шындық әрі облыстың басты экономикалық артықшылықтарының бірі. Бірақ өңірдің келбеті тек бір өндіріс саласымен шектелуі міндетті емес. Атыраудың өз мәдени коды бар. Жеті жұрт кеткен Еділ мен Жайық арасы, құм Нарын бар. Жағасын көгілдір толқын ұрған Каспий бар, аты аңызға айналған ғашықтар өзені Ақ Жайық бар. Хан ордалы Сарайшық бар. Дулығалы Махамбет пен күй атасы Құрманғазының қайталанбас рухани мұрасы бар. Батыс Қазақстанға тән зергерлік дәстүр, домбыра мектебі, қолөнер, киім үлгілері, ою-өрнек жүйесі бар. Бұлардың бәрі музей экспонаты болып қана қалмай, заманауи өнімге айнала алады. Дәстүрлі оюды дизайнер жаңа киімге енгізеді. Зергер көне форманы қазіргі әшекейге айналдырады. Суретші Каспий мен Жайықтың образын жаңа визуалды тілмен береді. Музыкант дәстүрлі әуенді электронды музыкамен ұштастырады. Режиссер жергілікті тарихтан фильм жасайды. Сонда тарих өткен шақта қалып қоймайды. Ол экономикалық құндылық өндіре бастайды.
Креативті индустрияның алдында тұрған күрделі мәселелердің бірі де осы. Біз өнер адамы мен кәсіпкерді екі бөлек әлемнің адамы ретінде қабылдауға үйренгенбіз. Бірі – шығармашылықпен айналысады. Екіншісі – ақша табады. Ал қазіргі креативті экономика бұл екі ұғымды бір-біріне жақындатады. Жақсы дизайнер тек жақсы киім тігуді емес, өз брендін қалыптастыруды да білуі керек. Шебер бұйым жасаумен бірге оны дұрыс таныстыруды, бағалауды, сатуды үйренеді. Музыкант шығармасын жазумен қатар аудиториясын қалыптастырады. Atyrau Creative Days аясындағы Creative Talks кездесулерінде осы жаңа ортаның сипаты анық көрінді.
Кездесуде креативті продюсер Бекболат Ізім, AMA Foundation негізін қалаушы Малика Уразгалиева, режиссер әрі VFX-креатор Аман Ергазиев және Kilen Creative Hub негізін қалаушы, продюсер Нұрсұлтан Зиядаев сөз сөйледі. Олар event индустриясы, шығармашылық саладағы кәсіби даму, жасанды интеллект мүмкіндіктері және креативті жобаларды дамыту туралы тәжірибелерімен бөлісті. Бұл тізімнің өзі «креативті индустрия» ұғымының қаншалықты кеңейгенін көрсетеді. Оның ішінде қолөнерші де, продюсер де, режиссер де, VFX маманы да бар. Бүгін шығармашылық пен технологияның арасындағы шекара барған сайын көмескіленіп келеді.
Дегенмен бір ғана жәрмеңкенің қортындысымен Атырауда толыққанды креативті экономика қалыптасты деуге асықпаған жөн. Жәрмеңке – екі күн. Ал индустрия – жыл бойы жұмыс істейтін жүйе. Шығармашылық кәсіп иесіне өнім жасайтын орын, құрал-жабдық, білім, маркетинг, заңгерлік кеңес, авторлық құқықты қорғау, қаржыландыру және ең бастысы – тұрақты нарық қажет. Бір реттік көрме авторға танылуға мүмкіндік береді. Бірақ одан кейінгі маңызды сұрақтар басталады. Астанада сатып алушы тапқан атыраулық бренд ертең сол нарыққа қайта шыға ала ма? Өнім көлемін арттыра ала ма? Интернет арқылы Қазақстанның басқа өңірлеріне сата ала ма? Шетелдік нарыққа шығуға дайын ба? Дизайнердің немесе шебердің шағын кәсібі бес жылдан кейін де өмір сүре ме? Креативті экономиканың шынайы нәтижесі осындай сұрақтарға берілетін жауаппен өлшенеді.
Креативті индустрия туралы сөз болғанда оны кейде дәстүрлі экономикаға балама ретінде көрсетуге бейімбіз. Атырау жағдайында мәселені бұлай қоюдың қажеті жоқ. Креативті экономика мұнай өндірісінің орнын ертең басады деген сөз емес. Экономикалық ауқымдары да әзірге салыстыруға келмейді. Мәселе – экономиканы әртараптандыруда және адам капиталына жаңа мүмкіндік беруде. Егер өңірде олардың идеясын өнімге, өнімін кәсіпке айналдыратын орта болса, талантты адамның туған қаласынан кетпей-ақ өзін жүзеге асыру мүмкіндігі көбейеді. Сондықтан креативті индустрияны тек мәдени шара ретінде қабылдау жеткіліксіз. Бұл – жұмыс орны, шағын бизнес, технология, туризм, қаланың имиджі және түптеп келгенде, бұл – адам капиталы.
Atyrau Creative Days аяқталды. Екі күнде 10 мың адам келді. 15 миллион теңгеге жуық өнім сатылды. Атыраудың жиырмаға жуық шебері мен креаторы елордалық аудиторияға өзін таныстырды. Бұл – жақсы нәтиже. Бірақ ең маңызды мәселе де бұл емес. Осы жиырма адамның артынан тағы жүз адам келе ме? Бүгін жәрмеңкеде тұрған шағын брендтердің арасынан ертең бүкіл Қазақстан танитын марка шыға ма? Атыраулық режиссерлер, дизайнерлер, музыканттар мен цифрлық өнер мамандары өз қаласында қалып, кәсібін дамыта ала ма? Егер осы сұрақтарға уақыт өте келе «иә» деп жауап бере алсақ, онда Астанада өткен екі күндік жәрмеңкенің шынайы нәтижесі 15 миллион теңгемен өлшенбейді. Оның нәтижесі жаңа орта қалыптасуымен өлшенеді. Бір ғасыр бұрын Атыраудың экономикалық тарихын жер астынан табылған мұнай өзгертті.
Ал XXI ғасырда өңірдің тағы бір байлығы жер астында емес, адамдардың ойында, қиялында және талантында жатуы мүмкін. Оны өндіру үшін бұрғылау қондырғысы қажет емес. Ол үшін шығармашыл тұлғаларға деген сенім мен олардың идеясын жүзеге асыруға мүмкіндік қажет.
                                                                                                                                                                                                                                                                                                Лия БЕКЕЖАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір