Жаңа белес
19.05.2026
42
0

2 мамыр күні М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен М.О.Әуезовтің мемориалды мұражай-үйінде «Мұхтар Әуезов және Шыңғыс Айтматов – екі елдің мәдени дәнекерлері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Шара Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясы Ш.Айт­ма­тов атын­дағы институт дирек­­торы, академик Абдылдажан Амантұр­ұлы Акматалиевтің 70 жылдық мерей­тойына арналды. Ф.ғ.д., академик Кенжехан Матыжанов жоғары деңгейде жүргізген шараға белгілі ғалымдар З.Бейсенғалиев, Д.Ысқақ, Қ.Мәдібаева, Б.Жақып, Г.Піралиева бастаған қазақ зиялылары мен қызғыз елінен арнайы келген делегация қатысты.
Әуезов музейіндегі экскурсиямен басталған іс-шара тағылымы терең, мазмұны бай рухани конференцияға ұласты. Баяндамаларда қазақ-қырғыз әдеби байланыстарының тарихи негіз­дері мен бүгінгі даму бағыттары жан-жақты сараланды. Екі халық арасындағы ғылыми, мәдени және шығармашылық сабақтастықтың үзілмес желісі, оның түркі әлемі гуманитарлық ғылымындағы маңызы кеңінен талқыланды. Кон­фе­ренция аясында көрнекті ғалым Абдыл­дажан Амантұрұлына қазақстандық әріптес­тері шынайы лебіздерін біл­діріп, оның ғылым мен мәдени ынты­мақтас­тықты дамытудағы сүбелі үлесін айрықша атап өтті.


Абай атындағы Қазақ ұлттық педаго­ги­калық университеті филология фа­куль­теті деканының м.а. Б.Тілеубекова мерейтой иесіне ректор атынан «Абай» төсбелгісін тапсырды.
Жиын барысында сөз алған Абдыл­дажан аға: «Тағдырыма екі нәрсе үшін аса ризамын. Бірі – Шыңғыс Айматовпен табыстырғанына, екіншісі – қазақ халқымен тоғыстырғанына. Айтматовпен танысып, табысуыма себеп болған да қазақ зиялылары», – деп жетпіс жастың белесінен ыстық ықыласын білдірді. Алдыңғы толқын ағаларын сағынышпен еске алды.
Жиын барысында академик А.Акмата­лиев­тің жарық көрген еңбектерінің тұсаукесері өткізіліп, ғалымның ғылыми-шығармашылық жолын айғақтайтын фотокөрме, бейнефильм ұсынылды.
Шыңғыс Айтматов пен Мұхтар Әуезов арасындағы рухани әрі шығарма­шылық байланыс – қазақ пен қырғыз халықтарының ортақ әдеби-мәдени үндес­тікті айқындайтын жарқын үлгі. Бұл сабақтастық тек өткеннің мұ­расы емес, бүгінгі және болашақ ғы­лыми ықпалдастықтың берік негізі болып қала береді. Сондықтан шара қорытындысында қатысушылар екі ел арасындағы әдеби, ғылыми және рухани байланыстар одан әрі жалғасын тауып, түркі дүниесі бірлігінің нығая береріне сенім білдіріп тарқасты.
Динара Қожабаева

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір