Түркістан – ұлы мекенім! Ерекше мәртебе өңірдің дамуына оң серпін береді
24.09.2024
212
0

Мұсылман әлемі қастерлеген, түркі жұрты «түп қазығымыз» деп ерекше құрмет­теп, кие санаған Түркістан бүгінде тынысы қайта ашылып, қарқынды даму үстінде. Қазақстан Президентінің 2018 жылғы Жарлығымен бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан облысы болып қайта құрылып, Түркістан қаласы облыс орталығына айналды. Содан бері Түркістанның қайнаған тіршілігі еселене түсуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласына рухани және тарихи орталық ретіндегі ерекше мәртебе беру мәселесін көтеріп, тиісті тапсырма берген болатын. Осыған байланысты, күні кеше ҚР Парламенті Мәжілісінде «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заң жобасы таныстырылды. Аталған заң жобасын депутат­тарға Ұлт­тық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков таныстырып, халық қалаулыларының сұрақтарына жауап берді. Аталған заң жобасын талқылауға арналған маңызды жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев бастаған жұмысшы топ өкілдері қатысты.
«Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген…» – деп Жұбан ақын жырлағандай, қаншама қилы тағдырды бастан өткерген рухани орталығымыз – Түркістанның тарихы тым тереңде. Түркістанның өткені мен бүгініне көз салып, ой елегінен өткізіп, зерделер болсақ, қай кезде болса да ұлт­тық құндылықтар мен қазақы болмысымыздан ажырамай келе жатыр деп толықтай айта аламыз.
Иә, Түркістан бір замандарда өркениеті тасып, ілімі мен ғылымы, руханияты және тұрмыстық әуелеті дамып, нағыз қайнаған тіршілігімен әлемді тамсандырған болса, енді бірде жан-жақтан көз алартқан жаулардың қасиет­ті мекенді басып алу үшін жасаған түрлі басқыншылық қитұрқысынан қиындықты бастан өткерген сәт­тері көп болды. Алайда Ұлы Жібек жолының ірі орталығы болған шаһардың тіршілігі әсте тұралаған емес.
Өзіндік тамаша табиғатымен әлемді тамсандырған киелі шаһардың тіршілігі ежелден әртүрлі бағыт­та дамыған. Көшпенділер мен отырықшы жұртқа тән тұрмысты тең ұстаған ата-бабаларымыз көрші мемлекет­термен де тығыз қарым-қатынастағы байланысын үзбей, өркениет­тің озық үлгісін көрсете білген. Мұнда дін саласымен қатар рухани құндылықтар, мал шаруашылығы, егін шаруашылығы, өнеркәсіп жақсы өркендеп, сауданың ең ірі орталығына айналған.
Ықылым заманнан бері түрлі атау­лармен аталып келген Түркістан қаласында халық арасында Әзірет (Хазірет) Сұлтан атымен танымал болған, ортаазиялық философ, ислам уағызшысы, сопылық ақын Қожа Ахмет Ясауи XI–XII ғасырларда өмір сүріп, адамзат­ты ынтымаққа, бейбітшілікке шақырып, артында өшпес мұра қалдырған. Оның хикімет­терінің өзі терең ұғымдағы философиялық рухани, құнды дүниелер болып саналады.
Қожа Ахмет Ясауи дүние салғаннан кейін ол өзіне арнап соғылған кішкене мазарға жерленеді. Мұсылмандардың жаппай тәу ету орнына айналған ескі мазарының орнына Орталық Азияның билеушісі Ақсақ Темір 1396 жылы жаңа кесене салу жайлы бұйрық береді.
Қаншама ғасырлардан бері халыққа рухани дем беріп, қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан Қожа Ахмет Ясауи кесенесі 2003 жылы ЮНЕСКО-ның Әлемдік мұралар тізіміне енгізілді. Сондықтан бұл кесене халқымыздың тарихын, тілі мен дінін, дәстүрі мен мәдениетін зерт­теп, зерделеуде баға жетпес құнды дерек болып табылады.
Айта кетейік, туристер көп қызығушылық танытатын өңірде бүгінде жалпы саны 1780 тарихи-мәдени мұра нысаны болса, оның 1500-ден астамы – археологиялық зерт­телген және зерт­теуді қажет ететін обалар қорымы мен төбешіктер. 167 нысан халық көп шоғырланатын, туристердің келуіне ынғайластырылған, зиярат ететін, мемлекет­тік тізімге алынған тарихи-мәдени мұра объктілері болып саналады.
Иә, Түркістанға келуші қонақтар мен туристер тек кесенені көру үшін ғана келмейді. Олар өңірдегі тарихи жерлерді тамашалаудан өзге, қасиет­ті мекенде мәңгілік тыныс тапқан ұлы ойшыл Ясауи бастаған тұлғаларға зиярат етіп, тағзым жасауға келетіні рас. Өйткені арысын айтпағанда, берісі бірнеше ғасыр бойы Қазақ хандығының астанасы болған Түркістанда қазақтың 21 ханы, 8 сұлтаны, елуден астам қол бастаған батырлары, 23 биі бастаған ұзын саны 280-нен астам ұлтымыздың жақсылары мен жайсаңдары т.б жерленген. Археолог-ғалым Марат Тұяқбаевтың зерт­теулеріне сүйенсек, Түркістан мен оның маңа­йында 70-ке жуық үлкен қорым бар екен.
Бұдан өзге, Түркістанда о заман мен бұл кезеңдерде де тарихымыздағы тағдыршешті шешімдер қабылданған.
Шыны керек, бір кезеңдерде көрші хандықтар мен Ресей патшалығының ықпалына түскен Түркістан қаласына көп қиянат жасалды. Соның бірін айтар болсақ, 1864 жылы Черняев бастаған Ресей патшалығының әскерлері Түркістан қаласын алған кезде, полковник Веревкин қала қорғаушылары бас сауғалаған Қожа Ахмет Ясауи кесенесін зеңбірек оғының астына алады. Оның снарядтары кесенені 11 жерден опырып кеткен еді.
Түркі жұртына тарихи-мәдени және рухани орталық болған Түркістанның өткерген қиын және керемет кезеңдері жайында, оның ғажайып мекен екені туралы толғанып жырлаған ақын-шайыр­лар, құдірет­ті қаламымен том-том құнды жазбалар қалдырған қаламгерлер, терең шежірелі тарихынан кітаптар жазған ғалымдар тек қазақ даласында ғана емес, тіптен шетелде де жеткілікті.
Айталық, Түркістанның жылнамасы өте ауқымды және әріден басталатынын көрсетіп кеткен Мағжан Жұмабаевтың «Түркістан – екі дүние есігі ғой» ат­ты жырында былай дейді.
Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған,
Түріктің Тәңірі берген несібі ғой.

Ертеде Түркістанды – Тұран дескен,
Тұранда ер түрігім туып-өскен.
Тұранның тағдыры бар толқымалы,
Басынан көп тамаша күндер кешкен… – деп ұзағынан толғаған ақын Тұран даласындағы ұрпақ сабақтастығы мен тіршілігін сан мыңдаған жылдарға жалғастырып келе жатқан ата-бабалардың тіршілігін жырлайды.
Айтса айтқандай, ақын отарлау­шылардың темір құрсауында қалып, түп қазығынан ажырап қала жаздаған төл тарихымызды, ұлан-байтақ жерді пайым-парасатымен, батырлығымен ұстап, ұрпақтан-ұрпаққа аманат­тап келген ата-бабалар ерлігін еске салып, елге төнген қауіп-қатерді меңзейді.
Ал ел аузында екінші Мекке атанған шаһар туралы түркістандық ақын Қаныбек Сарыбаев былай деген еді:
Меккеге тете мекенім,
Қадіріңе қайтсем жетемін?…
Ең үлкен менің бақытым –
Құдайдың құлы екенім,
Түркістан – ұлы мекенім! –
деп қалам тербеді.
Қылышынан қан тамған Кеңес дәуірінде «Дін – апиын!», – деп ұрандатқан Ленин бастаған ізбасарлары қазақ даласындағы медреселерді жауып, діни сауат­ты азамат­тарды қуғын-сүргінге салып, қанша жерден қыспаққа алса да ата-бабаларымыз ұстанған дәстүрлі дінінен безбеді. Сол кездің өзінде Түркістанды «екінші Мекке» деп құрмет­теген жергілікті тұрғындар, Орталық Азиядағы республикалардан келген көптеген мұсылмандар зиярат жасап, Алла алдындағы құлшылығын жасаған кездерін көзіміз де көрген еді.
Ал қазақтың арқалы ақыны, этнограф қаламгер Қасымхан Бегманов жастайынан Түркістанның мәдениет саласында қызмет етіп, руханиятының дамуына елеулі үлес қоса жүріп, басқасын айтпағанда Түркістан қаласына арнап жазған «Шерлі Түркістан» дастаны мен «Төрт қақпалы Түркістанға тағзым», «Түркiстан ием», «О, Түркiстан» т.б., өлеңдерін ерекше атап өтер едік.
Ол сондай-ақ ұлтымыздың ардақты тұлғасы, қазақтың мұңын мұңдаған, әсіресе Түркістан үшін өзін қатерге тіккен Мұстафа Шоқайды зертеп, оның жүрген жолымен жүріп, ол туралы «Мұстафа Шоқай жолымен» ат­ты екі томдық кітап пен төрт бөлімнен тұратын деректі фильм дайындады.
Мұстафа Шоқайдың күрескерлік жолын тереңінен жырлаған ақынның:
Жүзжылдықтар ағады,
Құранның асыл парақтарында,
Ғасырдың қатал сабақтарында.
Домбыралардың сағақтарында,
Қазақтың тартқан табақтарында.

Жүзжылдықтар ағады,
Аэропорт­тардың кассаларында,
Самолет­тердің қанат­тарында.
Әлемнің алуан баспаларында,
Шенеуніктердің қабақтарында,
Париждің түнгі кабактарында,
Жүзжылдықтар ағады.

…Түнгі Париж,
Қаңғыдым жалғыз,
Шанзелия көшесіменен,
Шарапты тарт­ты шайырлар
кесесіменен,
Жоғалған уақыт…
Толады есесі немен.
Мұстафа Шоқай сан жүрген
жабырқап жалғыз,
Шеллде Мариям,
Берлинде Мұстафа…
Қабыр қап жалғыз.
Жүзжылдықтар…
Жанымды ауырт­ты менің,
Арманын оның дос түгіл жау ұқты дедім.
Қайран Түркістан бөлшек боп
бөлініп кеткен,
Анталап келіп, жан-жақтан желігіп жеткен», –
деп басталатын «Шерлі Түркістан» ат­ты поэмасына алаштанушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді жоғары бағасын берді.
Тағы сондай қазақтың тума талант лирик ақыны Өмірбай Сәуірбаев: «Түркістанда тумақ түгіл адамдар, Түркістанда болғанына мақтанған», – деп жұрт­тың қасиет­ті қалаға деген сүйіспеншілігін, құрметін арт­тыратын тамаша өлең жолдарын арнады.
Ал саналы ғұмырында Түркістан үшін көп еңбек еткен, бірқатар өлеңдерді арнаған Нұрмахан Назаров ағамыз да былай деп мұңын шағады.

ӘЗІРЕТІ ТҮРКІСТАН
Құдайдың нұры жауған жер,
Екенің шын, Түркістан!
Құл Қожахмет Ясауи,
Мекенісің, Түркістан!
Жанға шипа желің де,
Әзіреті Түркістан!
Аз болған жоқ сенің де,
Қасіретің Түркістан! –
деп күрсіне жырлапты. Иә, Түркістанға қатысты қалам тербеген ақындар мен жазушыларды тізбелей берсек, әрине, соңына жету мүмкін емес.
Міне, содан бері қаншама жыл өт­ті, Түркістан сол қадір-қасиетінен ажыраған жоқ. Тәуелсіздіктің арқасында жоғалтқанымызды іздеп, жақсымызбен қайта қауышып жатқан елміз. Әрине, Түркістан үшін алда атқарар іс шаш етектен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей тапсырмасымен Үкімет­тен бастап, министрліктер, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған жергілікті атқарушы билік тарапынан көптеген игі істер атқарылуда.
Бүгінгі Түркістан тек әлеумет­тік-экономикалық жағынан ғана дамып қоймай, мәдени-идеологиялық жағынан да қатар дамуда. Түркістан қаласы тоты құстай таранған әсем келбетімен күн санап сұлулана түсуде. Жоғарыда айтып өткендей, Президентіміздің Түркістанға ерекше мәртебе беру бастамасымен жаңа заң жобасы дайын болып, Үкімет­тегілер оны Парламентке талқылауға ұсынып, бекіту үшін жолдады. Ендеше, Мәжілісте талқыға түскен жаңа заң несімен ерекше, қандай өзгерістер болады, саралап көрелік.
Облыс әкімдігінің берген мәліметіне сүйенсек, жаңа заң жобасы Мемлекет басшысының 2022 жылғы 27 қыркүйек­тегі Түркістан облысына сапарында берген тапсырмасына және 2023 жылғы 10 сәуірдегі қарарына сәйкес әзірленген. Оны әзірлеуге Түркістан қаласының Түркі мемлекет­тері ұйымы мен түркі әлемінің рухани астанасы ретінде танылуы да негіз болды. Сонымен бірге қаланың тарихи келбетін және оның аумағында орналасқан тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау қажет­тігі, Түркістан қаласының халық санының тез өсуі де негіз болған. Соңғы 6 жылда халық саны 60 мыңға өсіп, қазір 233 мыңнан асты. Заң жобасын әзірлеу барысында Англия, Италия, Өзбекстан, Әзербайжан және тағы басқа мемлекет­тердің тарихи ескерткіштерін сақтап қалу бойынша тәжірибелері зерт­телген. Министрліктің өкілдері Заң жобасы бойынша Түркістан қаласына іссапарға шығып, халықпен кездескен, онда Заң жобасының ережелері, нормалары талқыланды. Мұнда басты ерекшеліктің бірі – Түркістандағы тарихи ескерткіштер мен мұраларды қорғау жұмыстары күшейтілмек.
Заң жобасы 4 тараудан және 15 баптан тұрады. Мақсат­тары мен міндет­тері – Қазақстан Республикасының рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде Түркістан қаласының қалыптасуы, дамуы және жұмыс істеуі үшін құқықтық шарт­тар құру, сондай-ақ жалпы мемлекет­тік маңыздылығын тану, қаланың тарихи-мәдени маңызы бар, соның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бүкіләлемдік мұра объектісінің қорғау аумағында орналасқан ескерткіштер мен объектілерді басқару мен сақтаудың оңтайлы жүйесін құру. Тарихи-мәдени мұраны сақтау, қорғау және рухани объектілердің киелілігін сақтау – Заң жобасының негізгі қағидат­тары.
Осы бастама арқылы Түркістан қаласының археология ескерткіштерінің резерватын құру, ұлт­тық қолөнер саласындағы шеберлерге қолдау көрсету, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің айналасындағы құрылысты шектеу, құрылыстың бөгде элемент­теріне жол бермеу және оның бірегейлігін сақтау көзделген. Атап айтқанда, кесененің қорғау аймағының шекарасына іргелес жатқан жүз метрлік қашықтықта биіктігі жеті метрден асатын, сондай-ақ ауқымы, түсі және құрылыс материалдары бойынша тарихи ескерткіштермен сәйкес келмейтін объектілер салуға жол берілмейді.
Аталған заңда көрсетілген жұмыстарды атқаруға жергілікті әкімдік пен мәслихат­тың құзырет­тері кеңейеді.Тарқатып айтсақ, Түркістан қаласының әкімдігі мен мәслихатына қосымша 34 құзырет­ті беру көзделген. Осылайша, қала мәслихатына 7 құзырет берілмек, яғни қала құрылысы регламентін мен қаланың дизайн кодын, сәулет келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау қағидаларын, тарихи, ландшафт­тық-табиғи, функционалдық, жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, қаланың сәулет келбетін қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау тәртібін айқындайды.
Тағы бір белгілі болғаны, ұлт­тық қолөнер саласындағы шеберлер шығындарының белгілі бір бөлігін бюджет­тен өтеу қағидаларын (өтемақы мөлшері 10%-дан 25%-ға дейін) қарастырады. Бейнебақылау мониторингін жүргізу қағидаларын, көпшілікті тамақтандыру, сауда және қызмет көрсету стационарлық емес объектілерін, жазғы алаңдарды орнату қағидаларын айқындайды. Түркістан қаласының аумағында нышанды (қаланың эмблемасы мен таңбасы) пайдалану тәртібін бекітеді.
Қала әкімдігіне 27 құзырет беріледі, олар негізгі 3 бағытқа бөлінген. Бірінші бағыт – қаланың мәдени игілігі мен рухани дамуын сақтау мәселелерін рет­теуге, сондай-ақ тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталуын қамтамасыз етуге бағдарланған. Осы міндет­терді іске асыру үшін Түркістан қаласының әкімдігіне құзырет­тер беріледі. Мәселен, қала әкімдігі маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштердің пайдаланылуына және оларды күтіп-ұстау тәртібіне мемлекет­тік бақылауды жүргізеді. Жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің пайдаланылуын және оларды күтіп-ұстау тәртібін; жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстардың және архео­логиялық жұмыстардың жүргізілуін бақылауды қамтиды. Жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштердің ғылыми реставрация жұмыстары бойын­ша ғылыми-жобалау құжат­тамасын келісу және тағы басқа мәселелерді рет­тейді. Ал екінші бағыт бойынша, кесене айналасындағы құрылыс стандарт­тарын және қала аумағында бірыңғай құрылыс стилін қолдануға бағдарланған. Қала әкімдігі қаланың дизайн кодын және қала құрылысы регламентін әзірлейді. Қаланың дизайн коды әзірленіп, сәулетіндегі бірізділік сақталады.
Үшінші бағыт – туристік қызметке жәрдемдесу мәселелерін рет­теуге және оны дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға, туристік орындардың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін көлік және инженерлік инфрақұрылымды бейімдеуге бағдарланған. Кәсіпкерлік субъектілерінің туристік қызмет объектілерін салу және реконструкциялау, сондай-ақ жол бойындағы сервис бойынша шығындарының бір бөлігін өтеу қаралады. Туристік қызмет субъектілеріне әдістемелік және консультативтік көмек көрсету, туризм инфрақұрылымын дамыту шаралары қабылданады.
Сонымен қатар Министрлік мүдделі мемлекет­тік органдармен бірлесіп, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе Заң жобасын әзірледі. Заң жобасымен Жер кодексіне, «ҚР сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы», «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы», «ҚР туристік қызмет туралы» ҚР заңдарына өзгертулер мен толықтырулар енгізу көзделген.
Заң мақұлданып пайдалануға берілгенде, бұл ерекше мәртебе Түркістанның дамуына оң серпін береді деп жоспарланып отыр.

Тельман БЕЙСЕНОВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір