ҚИҒАШТЫҢ ҚЫЗҒЫЛТ ГҮЛІ Лотостың мыңжылдық тарихы және Атыраудағы жаңа ғұмыры
Лотос гүлін алғаш көрген адам оның Атырауда өсетініне бірден сене қоймас. Өйткені санада лотос дегенде Үндістанның көне ғибадатханалары, Будда мүсіндері, Қытайдың дәстүрлі кескіндемесі, тропикалық Азияның жылы сулары елестейді. Ал біздің көз алдымызға мұнайлы өлкенің аптап даласы, Каспийдің жағасы, Жайық пен оның алуан өлшемді арналары келеді. Бірақ табиғат кейде адамның қалыптасқан түсінігін өзгертіп жібереді. Атыраудың Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзенінің сағасына барсаңыз, жаз ортасында су бетінің қызғылт гүлдерге көмкерілгенін көресіз. Бір қарағанда, бұл көрініс Қазақстаннан гөрі Үндістанға немесе Қытайға жақынырақ сияқты. Алайда бұл – өз жеріміздің табиғаты. Қиғаштың суы мен қамысының арасында тамыр жайған Nelumbo nucifera – қасиетті лотос. Оның біздегі тарихы гүлдің өзінен де қызық.

Тамыры лайда, гүлі жарықта
Лотостың табиғи болмысында адамзаттың мыңдаған жыл бойы оған ерекше мән беруінің себебі жатқандай. Өсімдіктің тамырсабағы су түбіндегі лайға бекиді. Сабағы суды жарып өтіп, гүлін аспанға көтереді. Жапырақтары судың үстінде немесе одан жоғары орналасады. Ал жаңбыр тамшысы жапырақ бетіне түскенде сіңіп кетпей, домалап барып шаң-тозаңды өзімен бірге алып кетеді. Ғылым бұл құбылысты «лотос эффектісі» деп атайды. Жапырақтың микроскопиялық құрылымы судың бетке жайылуына мүмкіндік бермейді. Ал ежелгі адамдар мұның ғылыми себебін білмеді. Бірақ табиғаттың осы бір құбылысын көріп, өзінше түсінді. Лайдың арасынан шығып, бірақ лайға былғанбайтын гүл тазалықтың белгісіне айналды. Сондықтан лотос Үндістаннан Қытайға, одан әрі буддалық мәдениет тараған кеңістіктерге дейін тазалықтың, жаңарудың, рухани кемелдіктің нышаны ретінде қабылданды. Гүлдің өмірі адамның тағдырына ұқсайды: тамыры – қараңғыда, жолы – суда, ал мақсаты – жарықта.
Құдайлар мен Буддаға серік болған гүл
Лотостың мәдени тарихын бір ғана елдің шеңберіне сыйғызу мүмкін емес. Оның адамзат өркениетіндегі жолы бірнеше мыңжылдықты қамтиды. Әсіресе үнді өркениетінде оның орны бөлек. Индуизмде лотос құдайлық күшпен, сұлулықпен, тазалықпен және құнарлылықпен сабақтасады. Брахма лотос гүлімен байланысты бейнеленсе, Вишну мен Лакшми туралы дәстүрлі сюжеттерде де бұл гүл жиі кездеседі. Лотос осылайша табиғаттағы өсімдіктен жаратылыстың, молшылықтың және жаңарудың көркем символына айналды. Буддизмде оның мағынасы одан әрі тереңдей түсті.
Адам қараңғылықтан жарыққа ұмтылғандай, лотос та су түбіндегі лайдан көтеріліп, суды жарып, жарыққа қарай гүл жарады. Сондықтан Будда бейнелерінде лотос ерекше орын алады. Көне үнді өнерінің ескерткіштерінен де оның тазарудың қасиетті нышаны болғанын көруге болады. Бір гүлдің табиғи тіршілігінен адамзат рухани жолдың бейнесін тапты. Бұл – табиғат пен мәдениеттің ең көне үндестіктерінің бірі.
Қытай мәдениетінде де лотостың орны айрықша. Бұл елде ол үш мың жылдан астам уақыт бойы өсіріліп келеді. Лотостың тамырсабағы мен тұқымы тағам ретінде қолданылса, өсімдіктің әр бөлігі дәстүрлі медицинада пайдаланылған. Қытай мәдениетінде лотосқа қатысты тағы бір әдемі түсінік бар. Бір өсімдіктің бойынан бір мезетте бүршікті, толық ашылған гүлді және тұқым қауашағын көруге болады. Сондықтан ол кейбір дәстүрлерде өткенді, бүгінді және болашақты байланыстыратын бейне ретінде қабылданған. Шынында да, лотосқа қарап тұрып уақыттың өзін көруге болатын секілді. Тамыры – өткені, гүлі – бүгіні, тұқымы – келешегі. Мүмкін, сондықтан адамзат бұл гүлден әр дәуірде өзіне қажет мағынаны тапқан шығар.
Лотос Қиғашқа қалай келді?
Лотостың атағы соншалық кең тарағандықтан, тарихта оның басқа су өсімдіктерімен шатастырылған кездері де бар. Мәселен, ежелгі Египет өнеріндегі көгілдір «лотос» деп жиі аталатын гүл, шын мәнінде, Nymphaea туысына жататын су лалагүлі. Ал Қиғаш суында өсетін өсімдік – Nelumbo nucifera, яғни қасиетті лотос. Айырмашылығы сырт көзге де байқалады: су лалагүлінің жапырағы мен гүлі көбіне су бетінде жатса, лотостың гүлі мен жапырағы судан жоғары көтеріліп тұрады. Демек, Қиғаштағы қызғылт гүл жай ғана «су гүлі» емес. Ол – адамзаттың діни, философиялық және көркемдік санасында мыңдаған жыл бойы өзіндік орны бар өсімдік.
Лотос Қиғашқа қалай келді? Ең қызық сұрақтың бірі осы. Қиғаштағы лотостың дәл қашан және қандай жолмен пайда болғаны жөнінде түрлі болжамдар бар. Оның тұқымы су ағысымен келген болуы мүмкін. Су құстары арқылы таралуы да ықтимал. Адамдардың ықпалы болған деген болжамды да біржақты жоққа шығаруға болмайды. Алайда бұл жерде асығыс тұжырымнан гөрі ғылыми дәлдік қажет. Өйткені Nelumbo nucifera табиғатта өте кең аумақта таралған өсімдік. Оның табиғи ареалы Украинадан Солтүстік Иранға, Ресейдің Қиыр Шығысынан тропикалық Азияға, Солтүстік және Солтүстік-шығыс Австралияға дейін созылады. Тайыз көлдер, өзен жайылмалары, батпақты аумақтар мен лагуналар – оның табиғи ортасы. Осы кеңістіктің Каспий маңындағы бір нүктесі – Қиғаш сағасы.
Сондықтан Қиғаштағы лотостың пайда болуын міндетті түрде бір ғана «келу оқиғасымен» түсіндіру дұрыс болмауы мүмкін. Ол табиғи ареалдың осы өңірдегі шеткі таралымдарының бірі болуы ықтимал. Ал халық арасында айтылатын аңыздар мен әңгімелердің жөні басқа. Ғылым өсімдіктің қалай таралғанын зерттейді. Аңыз адамның сол өсімдікке қандай мағына бергенін сақтайды. Екеуін шатастырмаған жағдайда ғана табиғаттың тарихы да, адам жадындағы тарихы да өз орнында қалады.
Қиғаш пен Шарон өзендерінің арналары бойындағы лотос шілде мен тамыз айларында гүлдейді. Осы кезеңде су беті жасыл жапырақтар мен алқызыл гүлдерге толады. Бұл – Атыраудың көпшілік біле бермейтін екінші бейнесі. Бір жағында мұнай мұнаралары мен өндірістік нысандар тұрса, екінші жағында су бетіне гүлін көтерген нәзік лотос өседі. Атырау туралы қалыптасқан түсініктердің арасында бұл ерекше контраст. Өңірдің бір символы – жер қойнауынан алынатын қара алтын болса, екінші бір символы – су бетінен бой көтеретін қызғылт гүл. Бірі – өндірістің қуатын көрсетсе, бірі – табиғаттың нәзіктігін еске салады.
Гүлден туристік брендке дейін
Қиғаш лотосы соңғы жылдары табиғи нысан шеңберінен шығып, өңірдің туристік тартымдылығына айнала бастады. Гүлдеу маусымында мұнда арнайы қайықтармен саяхат ұйымдастырылады. Лотос алқабына барған адам тек гүлді ғана емес, Қиғаштың тұтас табиғи әлемін көреді. Аққу, аққұтан және басқа да су құстары кездеседі. Өзен арналарының тыныштығы мен су бетіндегі гүлдер турист үшін әдеттен тыс көрініс қалыптастырады. Осылайша лотос бір өсімдік ретінде емес, тұтас экожүйенің бір бөлігі ретінде бағалануы тиіс.
2025 жылы бұл табиғи нысанның жаңа тарихы басталды. Құрманғазы ауданының Теңіз ауылында Қазақстанда алғаш рет Lotus Fest халықаралық мәдени-туристік фестивалі ұйымдастырылды. Оған Қазақстанның әр өңірінен және шетелден 10 мыңнан астам турист қатысты. Теңізде этноауыл құрылып, киіз үйлер тігілді. Ұлттық ойындар, қолөнер жәрмеңкесі, театрландырылған қойылымдар, атпен серуендеу, қайықпен саяхат, гастрономиялық және фото байқаулар өткізілді, яғни алыстан келген адам Қиғашта тек үнді өркениетінің көне символын көріп қайтпайды. Ол қазақтың киіз үйіне кіреді. Домбыра үнін естиді. Ұлттық тағамнан дәм татады. Сөйтіп, әлемнің әр түкпірінде мыңдаған жыл бойы қасиетті саналған гүл қазақ мәдениетінің кеңістігіне енеді. Бұл жерде лотос – мәдениеттер арасындағы көрінбейтін көпір іспетті.
Биыл Қиғаш лотосы тағы да көпшіліктің назарында болды. Lotus Fest – 2026 фестиваліне 40 мыңнан астам адамның қатысуы бұл табиғи нысанның туристік әлеуетінің қаншалықты өскенін көрсетті. Екі күндік шара барысында жәрмеңке, фотоалаңқайлар, фудкорттар мен ойын алаңдары ұйымдастырылып, сахнада жергілікті өнерпаздармен бірге белгілі эстрада өкілдері өнер көрсетті. Шілде айынан бері лотос алқабына 10 мыңға жуық турист пен қонақ барғаны да хабарланды. Биылғы маусым қыркүйектің алғашқы аптасына дейін жалғасады деп күтілуде. Келушілер санының өсуімен қатар, яғни табиғатқа қызығушылық артқан сайын, оны қорғау қажеттілігі де күшейеді.
Лотос – жұлу үшін өсетін гүл емес. Қорғалатын табиғи аумақта туристердің кейде гүлдерді жұлып кеткен жағдайлары болғаны бұрын да айтылған. Ал мұндай әрекет сырт көзге болмашы көрінгенімен, табиғи популяцияға әсер етуі мүмкін. Биыл Қиғашта тағы бір назар аударарлық жағдай байқалды. 17 шілдеде гүлдеу маусымы басталғанымен, лотос гүлдерінің саны алдыңғы жылдарға қарағанда аз болғаны туралы ақпарат тарады. Су бетінде гүлден гөрі жапырақтың көбірек болғаны байқалған. Мұның нақты себебін бір маусымдық бақылауға қарап айтуға болмайды. Бірақ табиғаттың осындай өзгерістері бізге бір нәрсені еске салады: табиғи мұраны туристік брендке айналдырумен қатар, оның жағдайын тұрақты бақылау да қажет. Қызығы, дәл осы 2026 жылдың шілдесінде Атырау маңынан лотостың тағы бір табиғи мекені анықталды. Ақжайық мемлекеттік табиғи резерватының мамандары Тасқала ауылы маңындағы Перетаска каналы бойынан табиғи жағдайда өсіп тұрған жаңа лотос популяциясын тапты. Бұл жаңалық Қиғаш лотосының тарихын одан әрі қызықты ете түседі. Бәлкім, біз Атырау жеріндегі лотостың табиғи таралу картасын әлі толық білмейтін шығармыз.
Мыңжылдық гүл және бүгінгі Атырау
Лотостың адамзат тарихындағы жолына көз жүгіртсек, оның мағынасы әр жерде әртүрлі болғанын көреміз. Үндістанда – құдайлықтың белгісі. Буддизмде – рухани тазарудың символы. Қытайда – мәдениет пен тұрмыстың бір бөлігі. Ғылымда – табиғаттың өзін-өзі тазарту қасиетін түсіндіретін ерекше құбылыстың үлгісі. Ал Қиғашта – Атырау табиғатының тосын сыйы. Бүгінде ол туристерді Құрманғазыға шақыратын табиғи брендке айналып келеді. Оның атымен фестивальдер ұйымдастырылып, мыңдаған адам өзен бойына жол тартады. Бірақ лотостың құндылығын тек туристер санымен өлшеуге болмайды. Оның шын мәніндегі мәні – табиғаттың кейбір ғажайыптары көзге көрінгенімен, өте нәзік болатынын түсіндіруінде.
Лотос лай судың ішінде өседі. Бірақ оның гүлі жарыққа ұмтылады. Мыңдаған жыл бұрын үнді ойшылы одан рухани тазаруды көрді. Будда ілімін ұстанғандар одан қараңғылықтан жарыққа шығудың жолын таныды. Қытай мәдениеті оны уақытпен байланыстырды. Ал біз бүгін Қиғаштың жағасында осы гүлге қарап тұрып, одан өз өлкеміздің табиғи байлығын көреміз. Мүмкін, лотостың адамзатқа айтатын ең қарапайым әрі ең терең сөзі осы шығар: тамырың қай жерде жатқанын ұмытпа. Бірақ жүзіңді жарыққа қарат. Қиғаштың қызғылт гүлі әр жаз сайын қайта ашылады. Ендігі міндет – оның келесі көктемге ғана емес, келесі ұрпаққа жетуіне жағдай жасау.
Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА