«Мыңжылдық есеппен» айналысқан математик
Адамзат баласы ес біле бастағаннан-ақ математиканың араласпайтын саласы жоқ. Көшпелі халықтың төлінен өсіріп мал санауы да – есеп-қисап, отырықшы елдің жер жыртып, егін егіп, өңірді бақшалыққа бөлеуі де, құрылыс салуға ұмтылыстары да төрт амалды есепсіз жүзеге асқан емес. Әлем мәдениетінің өркендеуіне байланысты ғарыш құпияларын ашу, жерүсті, жерасты байлықтарын игеру де – математика, математика ғылымынсыз ештеңе іргелі баса алған жоқ. Тіпті ақындардың жазған өлеңдері де буын санын есептеусіз көркемдік биігіне жете алмаған. Өмірдің кез келген саласындағы ілгерілі-кейінді қозғалыстар да өлшемдік есептеусіз түйінін таба алмаған. Міне, осылайша, өркениет қалыптаса келе қолданбалы әрі салыстырмалы сандар математика ғылымына ұласқан. Әлем зиялыларының: «Математика – ғылымның патшасы», – дейтіні де сондықтан. Бұл – еш талас тудырмайтын тұжырым.

Балқаш өңіріндегі қарапайым ғана балықшылар отбасында дүниеге келіп, мектеп бітірген алғашқы жылы оқуға түсе алмай қалып, үлкен өмірге деген қадамын балықшылықтан бастаған Шалтай Смағұловты «ғылымдардың патшайымы – математика» ғылымының шыңын игереді деп, дәл сол кезде ешкім де ойлаған жоқ еді. Дегенмен елгезек те кішіпейіл, алған бетінен қайтпайтын қайсар мінезді жастың ертеңінен үлкен үміт күткен ауыл ақсақалы – бригадир қарттың Шалтайға: «Талантты талап иесі тасты да жарады» дегендей, сенің ойлау қабілетің алыстарды болжайды. Түбінде ғалым болатын баласың. Алдыңнан жарқырап Алланың нұры жаусын!» – деп берген батасы оның білім-ғылым игеруге деген ынтасына қанат бітірген еді.
Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқандай, алдында толған мақсат, толған таңдау тұрған бозбала мектеп қабырғасында жүргенде-ақ шешуі қиын есептерді пән мұғалімдерінен бұрын шығарып, математикаға деген алғырлығын ерте танытқан. Ауылдың аты ауыл ғой, орыс тілінен сабақ беретін оқытушы білімінің әлсіздігінен бұл тілді жетік игерудің мүмкіндігі болмады. Соның әсерінен орта мектепті тәмәмдағанда қолға ілігіп тұрған «алтын медальдан» қағылды. Бірақ оған мойыған Шалтай жоқ. Өршелене ұмтылып, тілді игеруге бекем кірісті. Араға бір жыл салып, Алматыдағы еліміздің жоғары білімінің ұлы қара шаңырағы – Қазақ мемлекеттік университетінің механика-математика факультетіне оқуға түсті. Алдында бір жыл квалификациясыз қара жұмыстың не екенін көрген ол «білімсіз – өмір тұл» екенін барлап та үлгерген. «Болатын бала алысқа қарайды». Бар ынты-шынтысымен оқуға берілді. Қайсыбір тұрғыластарының сауық-сайранға үйірсектігі Шалтайды қызықтырмады. Сабақтан шыға сала кітапханаға жүгіретін. Ол жерден тапқандарын көңіліне түйе жүріп, И.Куроштың орыс тіліндегі «Жоғары алгебра курсы» оқулығынан түсіне алмағандарын тілге жүйіріктеу курстастарынан сұрап алу оның талпыныстарын ұштай түсетін. Оқу, үйрену барысындағы қиындықтарды ынтасымен жеңе жүріп Шалтай бірер жылдың ішінде-ақ ұстаздарының көзіне түседі. Оның нені болса да жылдам қабылдайтын алғырлығы әрі жігерін жанығыш қайсарлығы факультеттегі ғана емес, жоғары оқу орнындағы ғылыми ортаға белгілі бола бастады. Өйткені қоғамдық жұмыстарға да белсене араласатын. Көркемөнерпаздар үйірмесіне қатыса жүріп, спортпен шұғылдануды да ұмытпайды. Осы салалардағы факультетаралық байқауларда қабілет-қарымын дәлелдейтін.
Жас ізденушінің бойында бар талғам, таланты университеттің ғалым-оқытушылары мен басшылығы тарапынан ескеріліп, 1970 жылы Шалтай Смағұлов математика пәні бойынша факультеттегі үздік студент ретінде сол кездегі КСРО-дағы аталмыш ілімнің орталығы есептелетін Кеңестік Ғылым академиясының Сібір бөлімшесі орналасқан Новосібір қаласындағы университетке ауыстырылды. Оның ғылымға икемделіп, ғалым болып қалыптасуына осы шаңырақ кең жол ашады. Өйткені онда сабақ беретін ұстаздар Ғылым академиясымен бірлесе еңбек ететіндіктен, онда оқитын студенттер өздерінің тәжірибе жұмыстарын сонда өткізетін. Бұл дәстүр бойында таланты лаулаған жастарды ғылым иіріміне тарта түсетін.
Ш.Смағұлов Новосібір университетіндегі студент кезінде-ақ КСРО Ғылым академиясының Сібір бөлімшесі бойынша математикадан жас ғалымдардың ғылыми байқауына қатысып, бірінші орынды жеңіп алады. Бұл жеңіс оның ғылым шыңына өрлеудегі алғашқы баспалдағы еді. Алға қойған мақсатын қалай да орындауға ұмтылатын ізденімпаз жас талант игерген биігін бағамдай жүруді де ұмытпайтын. Оқуын бітірердегі бекітіліп берілген диплом жұмысын қорғау кезінде қайсыбір сұрақтармен мұны кібіртіктетпек болған емтихан төрағасы, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Т.И.Зеленякпен пікір таластырып, берген жауаптары бойынша өз ұстанымын дәлелдеп, оған мойындатуы сол жылдардағы әріптестерінің әлі есінде.
«Жақсы сөз айтсаң, отырған ортаңды мереке етесің, нәрсіз сөз айтсаң, сол ортаға өзіңді келеке етесің» демекші, Шалтай Смағұлұлы әзіл-қалжыңға ұста еді. Профессормен сөз сайысын меңзеген тұрғыластарының бірі:
– Студент басыңмен профессормен текетіресіп нең бар еді? – деп күлкіге бұра қыңыр сұрақ қояды. Шалтай езу тарта қозғалақтап:
– Не де болса жығылсам нардан жығылайын дедім. Өркештіні мөңкіткеніммен, бірақ құламадым. Ғалым-ұстаздың қиқаңдағаны рас, мен деңгейімді ұстап қалдым, – деп айналасындағыларды күлкіге бөлеген екен.
Диплом қолға тиген соң ізденімпаз жас жолдамамен сол тұста жаңадан ашылып, шаңырақ көтеріп жатқан Қарағанды мемлекеттік университетіне жіберіледі. Университет ректоры білім-ғылым саласына кеңінен танымал болған қайраткер Евней Букетов еді. Жас жігіттің от шашқан жанарынан оның ғылымға жаны жақын табиғатын аңғарған оқу ордасының басшысы біраз оқытушылар қатарлы Шалтайды да КСРО Ғылым академиясының ғылыми-зерттеу институтына тағылымдамадан өтуге Новосібірге қайта жібереді. Тағылымдамадан өту кезеңінде де зерттеушілік қабілетімен әріптестерінен озықтығын байқатқан Ш.Смағұлұлы аспирантураға қабылданды. Сөйтіп, ғылымның соқтықпалы-соқпақты жолына түседі. Сондағы Ғылым академиясының теориялық және қолданбалы механика институтына ғылыми қызметкер болып орналасады. Институт директоры, академик Н.Яненконың сеніміне кіріп, шешінген судан тайынбайтынын танытқан ол математика саласындағы бүгінгі таңда Американың Клей ғылыми-зерттеу институты «мыңжылдық проблемасы» атап, 1 миллион доллар сыйақы тағайындаған жеті проблеманың бірі – «Навье-Стокс» дифференциалдық теңдеулер жүйесін терең зерттеуге белін бекем буды. Айлар, жылдар бойы оның әр алуан шешімдерін түрлендіре жетілдірді. Шалтайдың таңдаған саласындағы биік мақсатты игеруге деген құлшынысын қолдаған замандасы, ҚР ҰҒА академигі Тынысбек Кәлменов: «Навье-Стокс» мәселесін теориялық және қолданбалы тұрғысынан жан-жақты зерттеп, әлемге танымал Смағұлов теориясын дәлелдеп шығып, Смағұлов әдісін тапты. Бұл нәтижелер математика ғылымының «Алтын қорына» кіріп, әлемдегі есептеу математикасының негізін қалаушы патриархы, КСРО академигі А.Самарский қатарлы әйгілі шетел ғалымдарын таңғалдырды»,– деп баспасөз арқылы қуана жария жасады.
1980 жылы кандидаттық диссертациясын қорғаған Шәкең институттың аға ғылыми қызметкерлігіне ілгерілейді. Оның табиғатына тән бір ерекшелігі – аса бауырмал, өзінен кейінгі жастарды қолдап, демеуге тым ықыласты еді. Ізбасарларының ғылымдағы сәл жетістіктерін көрсе, соны жалғастыра жаңартқызуға жетелеп отыратын. Оның дарын-қабілетін бағалаған Кеңес Одағына кеңінен танымал Н.Н. Яненко, А.А.Самарский, В.Н.Монахов, А.Н.Коновалов, Ю.И.Шокин сынды академиктер Ш.Смағұлұлының таза ғылым үшін жаратылған болмысын мойындайтын. Новосібірге ғылыми іс-сапармен келген, француз елінің мақтанышына айналған математик Жак-Луи Лионстың Шалтай сынды қазақ ғалымымен кездесіп, сұхбаттасқысы келгенін қызметтестерінен естіген едік.
Халқымыздың аңыз ғып айтар біртуар ұлдарының бірі, аса көрнекті ғалым, жастығына қарамай академиктік дәрежені еншілеген Өмірбек Арысланұлы Жолдасбеков Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің ректоры болған жылдары тарихы тереңде жатқан оқу ордасы білім мен ғылымның лапылдап жанған ошағына айналған еді. Өйткені, Өмекең сол кездері Мәскеу, Ленинград, Новосібір, Киев секілді қалалардың ірі ғылыми орталықтарында оқып, алғырлығымен, ізденімпаздығымен дараланған отандастарымызды өзі басқарған университетке шақырып, оларға әлеуметтік, тұрмыстық жағдай жасап, зерттеу тақырыптарын алаңсыз игеруіне барынша мүмкіндік туғызатын. Сол үрдіспен Шакең де 1983 жылы ҚазМУ-ға келіп, алғашында дифференциалдық теңдеулер кафедрасын, одан соң қолданбалы талдау кафедрасын басқарып, ондағы оқыту, тәрбие беру жұмыстарын таза ғылыммен ұштастырып, шәкірттерін білім тереңіне баулитын. Өзге кафедрадағылар: «Осы Шалтай іргелі ғылыммен де, қолданбалы ғылыммен де бірнеше бағытта жұмыс істейді. Соның бәріне уақытын қалай жеткізеді», – деп сыртынан қызыға қарайтын. Міне, бұл – оның математика ғылымына таза берілгендігінің, зерттеу ісіндегі шеберлігінің нәтижесі. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап», – деп ұлы Абай атамыз айтқандай, бұл Шакеңнің докторлықты қорғап үлгергеннен кейінгі іс-әрекеттері еді.
Өткен ғасырдың 90-жылдары Қазақстанның техникалық ғылымдарының, инженерлік ісінің өсіп-өркендеуі нәтижесінде академик Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековтың белсенді араласуымен Республикалық қоғамдық ұйым – Инженерлік академия ашылды. Академияны жоғары ғылыми деңгейге шығаруға мен де бар күш-жігерімді жұмсадым. Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы Ұлттық инженерлік академиясы деңгейіне жетіп, ғылым мен өндіріс арасын ұштастырушы, нық көпір болып еліміздің экономикасына өз үлесін қосып келеді. Шалтай Смағұлұлы осы академияның академигі болып сайланып, халық оны көзі тірісінде-ақ «академик Смағұлов, ғұлама ғалым» деп таныды. Инженерлік академияның есептеу орталығында академиктер В.Н.Монахов, Н.Зубов, Ш.Смағұловтың және менің жетекшілігіммен «Мұнай-газ саласындағы жаңа ақпараттық технологиялар» атты халықаралық үлкен ғылыми бағдарлама орындалды.
Сол кезеңде университеттің механика-математика факультеті жанында Механика-математика ғылыми-зерттеу институты құрылып, оның директорлығына Шакең тағайындалды. Институт академиямен бірлесіп өзекті мәселелерге бағытталған күрделі ғылыми бағдарламаларды жүзеге асырды. Бұл жобаға Қазақстанның және Ресейдің белгілі ғалымдары қатысты. Менің досым Қанай Байгелов кафедра жұмыстары мен ғылыми жобаларды орындау барысында ұстазымызға көп көмектесті. Академиктер Н.Т.Данаев пен Н.М.Темірбековтің де мұнай-газ саласының жаңа ақпараттық технологияларына, есептеу әдістерінің қорын жасауға арналған ғылыми-зерттеу бағдарламаларының орындалуына қосқан үлесі зор.
Механика-математика факультетінде менің бастамаммен «Мұнай-газ саласының есептерін сандық шешу» атты ғылыми-тәжірибелік зертхана ашылып, онда көптеген жас талантты ғалым еңбек етті. Осы зертханада ғылыми жұмыстар жасаған ғалымдар – бүгін елімізге танымал тұлғалар. Белгілі ғалым Болат Рысбайұлы қазір Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің профессоры, ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары, профессор Дархан Ахмед-Заки, Қуаныш Есекеев – «Қазақтелеком» басшысы, ал Хикметов Асқар – Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры және т.б.
Шалтай Смағұлұлы тұтқыр газдың теңдеулерінің Лагранж айнымалыларында қисындығын зерттеуде, «Навье-Стокс» теңдеулерін шешуге арналған әлсіз сығылу әдістерін жасауда, сызықтық емес «Навье-Стокс» теңдеулеріне арналған жалған аймақтар әдісімен күрделі шекара және қысымның шекаралық шарттарын модельдеу бағыттарында әлемдік деңгейдегі ғылыми нәтижелерге қол жеткізді. Осы зерттеулер барысында дәлелденген теоремалар бүгінгі зерттеулерге бастау болып отыр.
Академик Шалтай Смағұлұлының математика ғылымының әр алуан құпияларын шешудегі еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, 1994 жылы ғылым және техника саласы бойынша Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері атанды.
Ұстазым ғылымға таза берілген әрі өз мамандығына өте адал азамат еді. Зерделей-зерттей, тынбай іздене жүріп, 150-ден астам іргелі ғылыми мақала жариялап, 8 монография жарыққа шығарды. Зор ізденіспен математика ғылымының заман талабының сұранысына сай өркендеуіне кең даңғыл ашты. Сол 2000-жылдардың басында-ақ суперкомпьютерлердің болашағының зор екенін айтып жүрді. Оқушыларына өзекті тақырыптар таңдап бере жүріп 60-тан астам ғылым кандидатын, 10 ғылым докторын қорғатты.
Жайсаң жанды азамат үлкен-кішілігіне қарамай айналасындағылардың бәріне жақсылық жасауға ұмтылып тұратын. Ізбасар шәкірттерінің жағдайын көңіл-хоштарынан аңғарып, қайсыбір мәселелерін шешіп бергенше тыным таппайтын. Қажетті дегендерін отбасылық жатақханаларға орналастырып, ғылыммен алаңсыз айналысуларына мүмкіндік туғызатын.
Ұстазым әрі досым Шалтай Смағұлұлынан ертерек айырылып қалдық. Оның ғылымға бергенінен берері көп еді. Менің ұсынысыммен ұлы ғалымның аты ұрпақтар жадында сақталуы үшін Алматы қаласындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатына Шалтай Смағұлов есімі берілді. Оған арналған және жалпы математиктердің көптеген іс-шарасын ұйымдастырып, оның жоғары деңгейде өтуіне барынша ықпал жасап жүргенім Шакеңнің маған деген ерекше көңілінің, қамқорлығының бір бөлшегін ақтағаным деп білемін.
Өмір ағымында сирек кездесетін дария көңілділігі – бір басқа, дуалы ауыздылығы бар еді. Қызмет бабындағы пікір ортақтастырып, ой түйіндеулер барысында ағалық ризашылығын аңғартып: «Сенің болашағың жарқын, үлкен басшы боласың. Қолыңа билік тисе, бәрімізге де жақсы болар еді. Әріптестеріңе қол ұшын берер едің. Өйткені ғылым жолындағылардың ішкі проблемаларын көзіңмен көріп, іштей сезіп жүрсің», – деген еді. Ол кісі дүниеден өткен соң Қазақтың ғылым-білімінің қара шаңырағы – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне ректор болдым. Одан әрі Республикамыздың Білім және ғылым министрі қызметін абыроймен атқардым. Өмір жалғасып жатыр.
Профессор Шалтай Смағұлұлы есептеу математикасы, есептеу гидродинамикасы, мұнай-газ саласының ақпараттық технологиялары саласында мол мұра қалдырып кетті. Бұл ғылыми жұмыстар өміршең, себебі ақпараттық-коммуникациялық технологияларға негізделген. Бүгінгі таңда оның оқушылары осы ғылыми бағыттарда бірнеше ғылыми мектеп ашты, әрі қарай дамыту үстінде.
Елімізде «Навье-Стокс» теңдеулерінің дифференциалдық қасиеттерімен және айырымдық сұлбасының осы қасиеттерге сәйкестігімен, оны шешу жолдарымен айналысушы, қолданбалы есептерге пайдаланушы ғалымдар санының артуы Шалтай Смағұлұлының бастап кеткен жолы деп білемін. Бұрын басқа есептермен айналысқан ғұлама ғалымымыз, академик Мұқтарбай Өтелбаевтың өзі осы мыңжылдық есебінің шешімі табылатынына бой ұрып, оның тегістігі мәселесімен терең айналысу үстінде.
Жоғарыда атап өткен Шалтай Смағұлұлының мол ғылыми мұрасы жаңа заманға сай зерттелуде, көптеген әріптесіміз зор ізденіспен еңбек етіп жүр. Бұл бағытта алдағы уақытта әлемдік ғылымиметрикалық базаларға кіретін журналдарға мақалалар шығарамыз.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің механика-математика, ақпараттық технологиялар факультетінде студенттерге «Навье-Стокс» теңдеулерін сандық шешу, мұнай-газ саласының ақпараттық жүйелері пәндері оқылады. Бұл пәндер мен ғылыми жұмыстар әл-Фараби университетімен оқу бағдарламалары сәйкесетін университтерде де дамып келеді.
Шалтай Смағұлұлы көпбалалы үлкен отбасынан шыққан, сондықтан оның әкпесі, басқа да іні-қарындастары Шалтай есімімен мақтанады. Оның есімін халыққа ұмыттырмай жүрген бауыры Балқыбай – керемет азамат. Ол Шалтай Смағұлұлы атындағы оқушыларға арналған математикалық олимпиаданы ұйымдастыруға, университеттегі оның атындағы аудиторияны ашуға, Алматы қаласындағы Ш.Смағұлов атындағы мектепке қамқорлық жасауға ұйытқы болып жүр. Сондықтан «іні болсаң, Балқыбайдай бол» дегім келеді.
Ш.Смағұлұлының үйіндегі Қалимаш жеңгеміз балалары Нұрқанат пен Ақботаны қатарынан кем қылмай өсірді. Шакеңнің балалары отбасын құрып, бір-бір үй болып отыр, немерелері өсіп келеді.
Өркениеті дамыған мемлекеттердің дәстүріне қарасақ, олар белгілі тұлғаларын, ғалымдарын дәріптеп жұртшылыққа, әлемге насихаттайды. Сондықтан біз де академия тарапынан еліміздің ғұлама ғалымдарын, белгілі инженерлерін мектеп оқушылары арасында, студенттерге, жалпы халыққа насихаттауды қолға алып отырмыз. Осылайша, ғылымның жетістіктерін, инженерлік істің маңызын жастардың санасына сіңіруіміз керек. Бұл мақаланы екі мақсатпен жаздым. Біріншіден, ғұлама ғалым-математик Шалтай Смағұлұлы биыл наурыз айында 75 жасқа толар еді, яғни оның мерейлі жасы. Екінші мақсатым – оның ғылыми жұмыстарын, қалдырған ғылыми мұрасын жастарға, ғалымдарға насихаттау.
Мақаламның соңында: «Азаматты жылы сөз болбыратады, әділ сын ширатады», – деп өзіне қатаң талап қоятын Шалтай Смағұлұлы математика ғылымының биік шыңы екенін тағы да атап өткім келеді.
Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ,
ҚР ҰҒА академигі,
ҚР ҰИА президенті